Қоғам және бізТаңдаулы

КҮРЕСЕ ЖҮРІП ЖЕҢУДЕН ЛӘЗЗАТ АЛУ – МІНЕ, ӨМІРДІҢ ҚҰНЫ…

Отыз алты жыл. Үш мүшел… Бір адамның өз өмірінің тең жартысына жуығын бір салаға арнауы ол тек өз мамандығына деген асқан махаббаттың  дәлелі шығар. Үсенбек Рахметұлы – университетті бітіргеннен бастап үздіксіз осы салада қызмет етіп келе жатқан сирек жандардың бірі.  «Бүкіл өмірім осы жоғары мектеппен байланысты» – дейді, өзі нағыз зиялы адамдарға тән қарапайым ғана мәнерімен. Зиялы десе, дейтіндей-ақ, ағамыз Мәскеуде үш жыл күндізгі аспирантурада оқып, диссертация қорғап елге оралған. Ол кездегі ғалымдардың қандай болғанын білеміз. Нағыз ғалымдар ғой. Өмірдегі басты құндылығы – дүние-байлық емес, білім! Сондықтан ол кісіден әңгімені ә дегенде құндылықтан бастағанды жөн көрдік.

 

Төбесінен су тамшылап тұрған ғимаратты алып, оны ретке келтіріп, білім ордасына айналдырғанда жұрт танымай қалды…

            – Алла Тағала адамды жарық дүниеге келтірген соң өмірді өзің қалай бағдарлап жоспарласаң, солай өткізуге тырысу керек. Материалдық құндылық өмірдегі ең маңызды нәрсе емес. Мысалы, мен осы жасымда өмірдің соншалықты күрестен тұратынына, онсыз ештеңеге де жете алмайтыныма көзім жетті. Күресе жүріп жеңу, одан ләззат алу – міне, өмірдің құны деген осы. Мысалы, біреулер барлығын ақшаға сатып алады да, «Мен барлығына жеттім!» дейді ғой? Айталық, биылғы жылы сайлау алды өткізілген Праймеризді алайық. Өзім соған қатысарда «Осы сайлауға үміткерлер не үшін түседі екен?» деп ойланып, біраз еңбектер мен мақалаларға көз жүгіртіп, талдау жасадым. Репортаждарда берген сұхбаттар мен әңгімелесулермен де таныстым. Сонда байқағаным, адамға сайлауға түсуге үш түрлі нәрсе түрткі болады екен. Біріншісі – демократиялық мотивке негізделген «халыққа қызмет жасасам» деген жағымды түрткінің болуы. Екіншісі – «өз бизнесіме көлеңкем түсер, оны әртүрлі нәрселерден қорғаштай жүрермін» деген жағымсыз түрткінің көрініс табуы. Мұндай мотив иесінің қоршаған ортаға да, қоғамға да ешқандай пайдасы тимейтіні анық, олардың тек жеке басының қамын ғана күйттеп, нәпсі қалауын ойлайтын адамдар екені белгілі. Ал енді үшіншісі – «мен осы өмірден барлығын алдым ғой, ақшам жетеді. Бірақ мынаны ғана алған жоқ едім, енді мұны да ала салайыншы» деген либерал түрткі. Оның да қоғамға ешқандай пайдасы жоқ. Ертең халыққа қызмет жасап, болмаса халықтың мұң-мұқтажын айтып, сөйлей алады деп айта алмаймын. Міне, осындай үш мотивтегі адамдар кеше Праймеризге түсті. Оның нәтижесін өзіңіз де естіп, біліп жатырсыз. Менің өзімнің негізгі ұстанған мотивім: осы алпысқа келіп, есейген шағымда халыққа қызмет еткім келді. Біреуге кішкене де болса, пайдамды тигізгім келді. Саясатқа араласу емес, жалпы  өмірден алған тәжірибем мен жинақтаған білімім, адамдармен ара-қатынаста ұстанған өзіндік позицияларым бар, осылардың барлығының бір пайдасы тиердей көрінді. Әйтпесе, кәсіпкер де болдым, онда да білім саласындағы кәсіпкерлік. Менің құрылтайшылығыммен жеке техникалық және кәсіптік білім беретін колледж аштық. Бүгінгі күні колледждің материалдық-техникалық базасы ешкімнен кем емес. 2000 жылдан бері қарай сол базаны құрап, қолымыздан келгенше дамытып келе жатырмыз. Ғимараттың төбесінен су ақпайтын жері жоқ еді. Білім беру саласындағы жаңалықтарға жанымыз құмар. Колледж алғаш құрылған кезде де әлі толық қалыптаспаған, көп нәрсені қажет ететін ғимарат болатын. Содан бері 20 жыл өтіпті. Біз ол ғимаратты жыл сайын шамамыз келгенше аздап болса да жамап-жасқап келеміз. Сол 20 жылдан бергі жұмсаған қаражатымызды есептер болсақ, дүниенің қаржысы кетті-ау деймін. Сол кездері Тұңғыш Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың «Бос тұрған обьектілерді кәсіпкерлерге сенімді басқаруға беру туралы» Қаулысы шыққан болатын. Шарты: жұмыс орнын ашып, соны сақтап қалу. Сол заңның негізінде біз сол ғимаратты алдық, қанша жұмыс орны ашылды, қазіргі таңда білімгерлер білім нәрімен сусындап, мамандық иесі болып, өмірлік бағытын тауып жатыр. 2020 жылға 9 жылда колледжді бітірген 722 жас қала, облыс, республика көлемінде түрлі өндіріс ошақтарында өз орындарын тауып еңбек етіп жатыр.

Үсенбек Рахметұлының айтса айтатынындай-ақ бар: сол тұста Кентау қаласында талай балабақша бұзылып та кетті. 90 жылдардың тоқырауы кезінде жұмыс тоқтап, ел күнкөріс қамымен жан-жаққа кеткен соң, құлазып, бос қалған ғимараттардың талайы болмашы тиын-тебенге сатылып та кетті. Міне, сондай кезеңде тұтас бір ғимаратты сақтап қалу ерлікке пара-пар іс еді. Бүгінде сондай ғимарат білім беретін оқу орнына айналып отыр. Ғалым әрі білікті басшы осы тұста әңгімені қайта еліміздегі білім мен ғылым саласына бұрды.

 

 

Кез келген қоғам инженерлік құрамсыз дами алмаған…

– Қазіргі ғылымдағы үлкен бір серпіліс – дуальды оқыту жүйесін енгізу. Оның негізгі мақсаты – өндіріс пен ғылымды бір-біріне жақындату. Мысалы біз оқу орындарында теориялық білім береміз.  Бірақ ол  практикалық біліммен тығыз байланыспай жатады. Кезінде Германияда осы дуальды оқыту жүйесі енгізіліп, сол арқылы білім саласы үлкен даму жолына түскен. Осы дуальды оқыту жүйесіне Германия мемлекеті кәсіпорындарының 25 пайызы қатысады екен. Тіпті, дуальды білім беру жүйесінің негізінде бұл елде студенттер кәсіби білім туралы диплом алып қана қоймайды, ұзақ мерзімді ақы төленетін өндірістік тәжірибеден өткізіледі және жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін кепілді жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.

Сол оқу орындарының тәжірибесіне жүгініп, дуальды оқыту жүйесін енгіздік. Оны облыстық білім басқармасында арнайы бекітіп алдық. Өзіңіз білесіз, мен қазір Қ. А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университеттінің Кентау бөлімінің директорымын. Ол жерде де осы дуальды білім беру идеясы жалғасын тапқан. Мысалы, біз Кентау Трансформатор зауытымен тікелей байланыста дуальды оқыту жүйесінің негізінде болашақ инженерлерді дайындап жатырмыз. Біздің Университетіміздің бұрынғы ректоры Болатбек Серікбайұлы Әбдірәсіловтің негізгі идеясы – Кентау қаласынан инженерлік мамандықтардың кластерін қалыптастыру еді. Бұл не деген сөз?  Біздің елімізде кешегі Кеңестік дәуірден кейін инженерлік мамандықтар бойынша мамандар дайындау мәселесі көп кедергілерге кездесіп, дағдарысқа ұшырады. Бұрынғы инженерлер дайындайтын оқу орындары елімізде өндірістің тоқтап қалуына байланысты қандай салада мамандар дайындаудың қажеттілігін анықтай алмаса, заман ағымына сәйкес инженер мамандар дайындауға қажетті техникалық базаны да қалыптастыра алмай жатты. Өз ретінде қазіргі заман талабына сәйкес келетін материалдық-техникалық базалар мен ғылыми лабораториялар ашу үлкен қаражатты талап етті. Міне, осы себепті қазіргі заманның талабы бойынша жабдықталған, соңғы технологиялар негізінде модернизацияланған Кентау трансформатор зауытымен әріптестік қатынаста ІТ және электроэнергетика инженерлерін бірлесе дайындауды қолға алдық. Өз кезегінде Кентау трансформатор зауыты да қол қусырып қарап отырмады, өз қаражаты есебінен үлкен екі ғылыми лабораторияны жабдықтап берді. Сапалы мамандар дайындау мақсатында университет тарапынан болып жатқан кез келген идеялар мен ұсыныстарымызды үнемі қолдап, мамандар дайындаудағы әріптес ретінде көмегін аямай келеді. Нәтижесі жаман емес

биылғы 2020-2021 оқу жылында 96 талапкер қызығушылық білдіріп, мемлекеттік грант иегері ретінде өздері келіп оқуға түсті. Бұл нәтиже инженерлік мамандыққа деген қызығушылық пен тартылыстың бар екенін көрсетеді. Инженер мамандар бізге не үшін керек деген сұрақ туындауы мүмкін. Кез келген қоғам өзінің дамуында инженерлер құрамысыз, инженерлер армиясының қалыптасуынсыз дами алмаған. Болашақтың негізі дамыған экономикамыз болса, сол экономиканы дамытып, ары қарай жылжытатын қозғаушы фактор осы инженерлер құрамы болса керек. Міне, сондықтан да инженерлер дайындайтын мамандықтар кластерін қалыптастырамыз деген ректордың идеясын көрегендік деп айта аламын.

Ол аз десеңіз, біз  Кентау институтының базасынан Технопарк ашып қойдық. Ол идея қайдан келді? АҚШ-да кезінде бюджеттік тапшылық болып, жоғары оқу орындары қиындықтарға ұшыраған кезеңдерде осы технопарк дегенді ойлап тапқан екен. Біріншіден, Технопарк дегеніміз – бұл техноло­гиялық бизнес идеялар негізінде қалыптастырылған бизнес-инкубатор арқылы  иннова­циялық  жобаларды  табу және дамыту, оларды іске асыруға бағытталған сервистік қызмет көрсету  орталығы. Технопарктың негізгі идеясы – үлкен өндіріс орындарында, жастардың арасында, халықтың арасында жүрген бизнес идеясы бар жобаларды жинақтау. Мұндай идеялар мен жобаларды жинақтағаннан кейін университет ол жобаларды қолдап, оларға арнайы офис беріп, интернет желісімен толық әрі тегін қамтамасыз етіп, ғылыми негіздеуге көмек береді, жобаларды басқару және қаржыландыру көздерін іздеу және жобаларды материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін де қарастырады. Сондай-ақ, жобаларды қолдау міндеттерінің ішіне кеңселік немесе өндірістік орын беру, телекомму­никациялық қызмет көрсету, зертханалық жабдықтарды пайдалануға және қолдануға мүмкіндіктер беру, сол сияқты, бухгалтерлік, құқықтық және аудармашылық жағынан қолдау, сынақтан өткізу, патенттеу, сертификаттау, тәжірибелік үлгі құрастыруға, инновациялық дамыту шараларын іске асыруға қолдау көрсе­ту, консультациялық қызмет көрсету, сарап­тамалық жобалар сияқты жұмыстар кіреді. Осы жобалардың негізінде құрылған стартап компаниялар арқылы олар өз идеясын дамытып, өнімді дайындап шығарып, кейін үлкен өндіріске айналады. Міне, осы себепті, ел арасындағы инновациялық бизнес идеялар мен жобаларды жинақтап, көмек беретін орталық осы технопарк болып табылады.

Бұл жобаны ары қарай дамытуда университетімізге жаңадан келіп жатқан ректорымыз Темірбекова Жанар Амангелдіқызының көзі қарақты ғалым ретінде қолдайтынына сенемін.

 

Үлгі боларлық өршілдік

Әдетте жұртшылық алпысты  алқымдаған жандарды «шаршаған адамдар»  санатына жатқызуы мүмкін. Әйтсе де, өмірде күш-қуаты мол, тау суындай арқыраған адамдар да кездеседі. Олар керісінше жыл өте келе өмір тәжірибесінен өтіп, байи түседі. Ұдайы бір тың идея келеді ойларына. «Бірнәрселерді ойлап тауып жүремін», – дейді ол жайлы Үсенбек Рахметұлының өзі. Өзіне ондай бір құдырет Жаратқаннан берілген деп санайды. Және күш-қуатты ол кісі әр нәрседен, табиғаттан, қандай да жұмыстан  алады. Солайша әрдайым өмірге деген құлшынысы артып отырады және өзгелерге де серпін береді. Өйткені табиғаты сондай.

– «Қойшының баласы қойшы болады» деген сөз бар емес пе халық арасында. Кеңес дәуірінде сол қойшының ала таяғын да дәріптеп, журналист біткен оларды  көкке көтере мақтап жазып жататын. «Тракторшының баласы да тракторшы болуы керек» деген де саясат болды. Менің де әкем қойшы болған. Сол баяғы ескіше көзқараспен мені де мектепті бітірген кезде әрі қарай білім қуып, оқымайды деген оймен ауылда қалып, қойшы болады деп топшылаған. Әрі кетсе, техниканы меңгеріп, тракторшы  болады деп болжаған. Солайша мұғалімдер аттестатыма үш деген баға қойып бере салған. Сол құжатыма қарап отырып, кейде күлкім келеді: дене шынықтырудан ғана «бес», қазақ тілі пәнінен «төрт», қалған сабақтың барлығында үш деген баға тұр. Ауылда мектептің директорынан бастап мені үлгі етіп оқушыларға «Кезінде мектепті үшке бітірген бала кейін Университетті қызыл дипломмен аяқтады. Одан қалса, Мәскеуге барып қорғап келді» деп айтып жүреді екен.

            Рас, басында ауылда қалдым, трактормен жер жырттым. Солай жүре берер де ме едім? Бір күні «ДТ 75» деген трактормен жер айдап келе жатсам, атыздың басына ақ көйлек киген екі-үш адам келіп тұр екен. Жақындап барып қарасам, сыныптастарым. Мектеп бітіргелі бес жыл өткен кез болатын. Мен әскерге барып келіп үлгерген едім. Әскерден кейін осылай ауылда тракторшы болып жұмыс істеп жүргенмін. Ал мына сыныптастарым оқуға түсіп, мемлекеттік тәжірибеден өтуге келген беттері болса керек. Ауылға келген бетте мені іздепті.  Ол кезде ауылдағы психологиямен жүрген кезім емес пе? Аналарға қыр көрсетіп, тракторды қалай айдау керектігін көрсеткім келіп, өзімше соқаны да айналдыра жерге қадап, жандарына жақындаған соң тоқтай қалдым. Күні бойы трактордың ішіне кірген шаң кірпігіңе дейін жабысып қалатын. Үстімнің барлығы май-май. Әлгі әппақ көйлекпен тұрған сыныптастарымды құшақтауға бата алмадым. Сол кезде менің санама: «Ее, егер оқымасаң, өмір бойы осылай шаң-шаң, май-май болып, трактор айдап өтесің!» деген импульс келді. Сол ойдың кіруінен соң күн өткен сайын тыныштығым кетіп, тыным таппадым. Ұйқым ұйқы болмады. Бір нәрсе алысқа шақырады да тұрады. Қайда шақырып жатыр? Басымда түк білім де жоқ. Қайда барып, кімге нені дәлелдеймін? Осылай тыным таппай жүргенімде, күз де келді. Сол кездері мемлекет бюджетінің есебінен білім беретін дайындық курстары болатын. Сол курстарға түсіп, сегіз ай оқып, ары қарай оқуға түсіп кететін. Міне, сол дайындық курсына түсуге бар күшімді салдым. Бір жақсы ағаларымыз бар еді. Сол кісілер де көмектесті. Осылай дайындық курсына түстім. Өзім есейіп келіп оқуға түсіп отыр емеспін бе? Мектеп бағдарламасы бойынша математикалық формулаларды түсіндіреді. Мен оны түсінбеймін. Үш деген бағаны да ала алмай жүрдім. Мұғалімдер де менің 5 жылдан кейін есейіп келіп білім алуға ұмтылысымды байқайтын болу керек, «ізденсін», «ұмтылсын» деп бағаны тартып қоятын. Жатақхананың ортасында ұзын дәліз болатын. Жанымдағылардың барлығы менен бес жас кіші ғой. Үстелді жылжытып алып келіп, сол дәліздің жарығымен сабақ оқитынмын. Түнімен отырамын. Ақтөбеден келген Марат деген жігіт бар еді. Менің досым. Соны түнжарымда сағат үште оятып алып: «Мына формуланы маған түсіндірші.

Менің миым жетпей жатыр» деп мазасын аламын. Ол ұйқысын қиып, ерінбей түсіндеріп беретін. Сөйтіп әлгі формулаларды әрең дегенде түсініп алып, айтып беретінмін. Сонымен мен жатақханада аңызға айнала бастадым. «Ойбай, бес жыл кешігіп оқуға түскен біреу бар екен. Түні бойы кітаптан бас алмай сабақ оқиды» деп ауыздан ауызға тарап жаттым. Уақыт өте, бірте-бірте сабағым дұрысталып, үш деген баға ала бастадым. Артынша төрт ала бастадым. Сегізінші аттестацияда төрт қойып берді. Содан емтихан тапсырып, институтқа түскен кезде кілең беспен тапсырып, түсіп кеттім. Содан институтты бітіргенше «өте жақсы» деген бағаға оқып, қызыл дипломмен аяқтап шықтым. Ол кезде «Ленин стипендиясы» деген болатын. Оған жүз сом беретін. Мен Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында білім алдым. Екінші курстан бастап студенттік құрылыс отрядтарында еңбек ететінбіз. Ол жерден қосымша қаражат табамыз. Осылай өз-өзімді қаржыландырып, құрылысшы да болып көрдім.

Менің үздік белгіге аяқтағаным ескеріліп жолдамамен институтта оқытушы қызметіне қалдырылдым. Бұл маған ғылыми ізденіске түсуіме жол ашты. Содан ҚазМУдің «Қазақ тілі» кафедрасына ізденуші болып тіркеліп, кафедра меңгерушісі М.Томанов ағаның жетекшілігімен үш жыл бойы қазақ тілінің проблемасы бойынша диссертация жазып жүрдім. Бірақ қанша әрекеттенсем де қазақ тілі бойынша күндізгі оқу формасы бойынша аспирантураға қол жеткізе алмадым. Сол кездері Қайта құру кезеңі басталып кетті. Мәскеуге баратын мүмкіндік те туындай қалды. Осы жерде өмірге құлшынысымды дәделдейтін бір оқиғаны айта кетейін. Мен өзіме 180 градусқа қарама-қарсы, Жоғарғы мектеп педагогикасы бағытын таңдап «13.00.01 – Педагогиканың теориясы мен тарихы» мамандығы бойынша 2 жылдық ғылыми-зерттеушілік тағылымдама ары қарай 3 жылдық аспирантура жолын таңдап, Мәскеуге кетіп қалдым. Барған оқу орным 1872 жылдан терең тарихы бар, ғылыми-педагогикалық мамандар дайындауда орасан зор бай тәжірибесі қалыптасқан, атақты В.И.Ленин атындағы Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институты болды.  Қазақ тілінде диссертация жазып жүрген маманның аяқ астынан орыстың ғылыми тілінде сөйлеп кетуінің қаншалықты қиын екенін білесіз ғой? Менің ойымнан кетпейтін бір керемет нәрсе бар. Мәскеудің Ленин атындағы кітаханасына таңғы сағат тоғызда кіремін. Содан кешкі сағат тоғызда бір ақ шығамын. Ол кезде ксерокөшірме деген атымен жоқ. Сурет те жоқ. Тек қана тоқтамай конспект жазасың. Мен өз саламда ешқандай еңбек қалдырмай, барлығын оқып шықтым. Небір ғалымдар мен профессорлардың еңбектерін көшіріп конспектілей бердім. Өзімнің зерттеу объектісіне айналдырып жүрген саламда әжептеуір білетіндей дәрежеге жеттім. Бірақ кейін байқағаным, айлап, жылдап орыс тіліндегі ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді оқып, зерделей берген сайын санамда орысша ғылыми ойлау қабілеті қалыптаса бастады, оны мен кез келген ғылыми проблема жөнінде ойлай бастасам, ойша орысша сөйлем құрай бастайтынымнан байқадым. Оған тіпті өзге түгілі өзім де таңғалдым. Кейін ғылыми орыс тілінде еркін сөйлеп кететін болдық ғой. Ю.П.Сокольников деген профессор бар еді. Өзі Ұлы Отан соғысының ардагері болатын. Сол кісі маған ғылыми жетекшілік етті. Бірақ «Сен мына жеріңді дамыт, мынаны былай істе» деп, ақыл айтпайтын. «Давай, работай дальше!» дейтін де қоятын. Содан мен тек қана өз-өзіме сеніп, кітапты ары қарай кеміре бердім. Бір күні В.И.Лениннің туған жері, Ульяновск деген қалаға конференцияға бардық. «Сонау Мәскеуден Сокольников келіпті, шәкірттерін де ерте келіпті!» дегеннен кейін, ол жақтың да тәжірибелі ғалым-профессорлары, ғылымға бой ұрып ізденіп жүрген жастары, аспиранттары олар да бізді тыңдауға келіпті. Соған дейін мен тілдік кедергіден қорқып, елдің алдына шығып сөйлей бермейтінмін. Тек қана аздаған баяндама жасап, мінберден тезірек кетіп қалуға тырысатынмын. Ал, мына жолы мен не өз-өзімді дәлелдеуім керек, не елге қайтуым керек. Өйткені 2 жылдық тағылымдама мерзімінің аяқталуына жақын уақыт қалған болатын. Не өзіңді, ғылымға бейінділігіңді дәлелдеп, ары қарай аспирантураға түсуің керек, не елге қайту керек. Конференцияда жасайтын  баяндамаға бары-жоғы жеті минут қана уақыт беріледі. Сөйтіп, конференция басталды. Ең әуелі мінберге біздің жоғарғы курс  аспиранттары шықты. Мәскеуден келді деген соң, жұрттың барлығы жапырлап сұрақтарды жаудырып жатыр. Кейбір сұрақтарға бірге келген достарым жоғары курс аспиранттары толық жауап бере алмай, қиналып қалған кездері де болып жатты. Қарасам, жетекшім қысылыңқырап отырғандай болып көрінді. Содан кезек маған келді. Баспалдақпен көтеріліп бара жатып, жетекшіме көзім түсіп кетті. Көзінен «Кідіріп қалма, көрсет шамаңның қандай екенін!» дегенді оқыдым. Азғантай күмәнды да байқадым. Шықтым да, зерттеу жұмысымның бастапқы параметрлерін, ғылыми методологиялық негіздерін, ғылыми-теориялық, перспективалық, практикалық маңыздарын, зерттеудің кезеңдері мен алар нәтижелерімді баяндап бердім. Әдеттегіше сұрақ қою басталды. Мен қызып кетіп, сұрақ қоюшылармен қызу тартысып, дәлелдемелер келтіріп, дискуссиялық пікірталаспен аудиторияны жеті минут емес, 27 минут бойы ұстап тұрғанмын ғой! Бір кезде барлығы жаппай қол соғып, ризашылықтарын білдірді. Мен де өз-өзіме риза болып, қуанышымда шек жоқ! Үзілісте бірінші рет жетекшім: «Усенбек! Ты молодец!» деп, қолымды қысып, құттықтады! Содан ары қарай 3 жыл күндізгі аспирантурада оқып, мерзімінен бұрын қорғап та шықтым. Былай қарасаңыз, осы оқиғаның өзі әлгі өмірге деген құлшынысым мен ұмтылысымды білдірсе керек. Мұны бәлкім өжеттік деу де керек шығар. Алла Тағала маған осындай бір қасиетті берген. Өмірімде осыны дәлелдеп келе жатырмын. Әйтпесе, мен ауылда жүрген кезде ешкім менен ғалым шығатынын, Мәскеуге барып оқитынымды ойлаған да жоқ. Міне, осылардың барлығын басымыздан өткіздік…

            Иә, айтса адам нанғысыз жағдай. Қойнаудағы қойшының баласы сондай дәрежеге жету деген естігенге ертегі де секілді. Әйтсе де, Үсенбек ағамыздың бойындағы намыс пен ұмтылыс мүмкін еместің өзін бағындырды. Бұл бір жағы отбасындағы тәрбие мен еркіндіктің әсері.

         – Әкем қатал адам еді. Бірақ мен жалғыз баласы болғандықтан, көп ұрыса бермейтін. Еркін ұстады. Әттең өмірі қысқа болды, мен тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезде қайтыс болып кетті. Ал, анам мен аспирантураның соңғы курсында оқып жүрген кезде көз жұмды. Білімге деген құштарлық, бәлкім, нағашыларымнан келген болар. Әкем де бірақ қара жаяу адам емес еді. Кешегі соғыс кезінде қан майданның ортасында жүріп, жараланып  қайтқан сарбаз ғой.  Елге келген соң да қарап отырмай, халыққа қызмет етті. Мүмкін әкемнен де берілген қасиет болар. «Кейде маған осы қасиеттер қайдан келді?» деп шынында ойланамын. Көз алдыма балалық шағымды елестетем, сонау бір кездерге ойша саяхаттап қайтамын. Әкем таңертең жұмысына кетеді. Ол кісі бригадир болды. Кейінірек қойшы болды. Малдың жағдайынан басқа ол кісілер не ойлады дейсіз? Мына Шиелінің тұсында тау бар емес пе? Біз сол тауда өстік. Ар жағындағы Ақсүмбеге жақын еді. Сол таудың арасында, таудың табиғатында жүргенде, ерекше бірдеңе дарыды ма?.. «Тау баласы тауға қарап өседі» деген сөз бар емес пе? Содан болар, таулы жер мені көбірек тартады да тұрады. Кентауға келгенімде де, ең әуелі осы тау мені көбірек тартты.

Мектепке көркем жазуды қайтару керек!..

       Өзінің осыншалық бойдағы дарыны мен қабілетін отбасы, ата-анасы, тіпті туған жерінің табиғатынан берілген деп білетін Үсенбек Рахметовтің алар асуы биік болды. Мәскеуде аспирантура бітірген оны Алматыға шақырды. Алматыдағы ҚазПИ де (қазіргі Абай атындағы Қаз ҰПУ) жұмыс істеді. Ол жерде жақсы қызметтерде болып, 1995 жылы Қ. А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетіне шақырылып, өзінің педагогикалық қызметін қасиетті Түркістанда жалғастырды. Мәскеуде оқыған байырғы достары қолдап жүріп, жоғары білім беруде алғашқылардың бірі боп қашықтан оқыту технологиясын енгізген Мәскеудің «Современный Гуманитарный Университет» филиалын Түркістаннан ашты. Кейін ол Қазақстан-Ресей университеті болып аталды. 2002 жылға дейін ол оқу орнынан қаншама түлектер бітірді. Бүгінде олардың барлығы республика бойынша түрлі қызметте жүр. Кешегі Праймеризде де бір қызығы, бір кездегі шәкірттерінің ел аралап жүргенде алдыңнан шығып ұшырасып жататынын мақтанышпен айтады.

– «Елдің бәрі ресторан, өндіріс орындарын ашып жатады. Неге сіз қаражатыңызды тек қана осы Білім саласына саласыз?» –  деген сұрақты көп қояды. Себебі білім саласы дұрыс жолға қойылмай, елімізде ештеңе де оңбайды. Сондықтан да мен бар тапқан қаражатымды білім саласына салып жатырмын. Соның арқасында менің құрылтайшылығыммен ашылған колледж де қазір ешкімнен ұялмайтындай дәрежеге жетіп қалды. Ал, қазіргі басшылық жасап отырған Кентау институтын үлкен деңгейге жеткіземіз деп жанталасып жатырмыз. Технопарк жұмыс істеп кетсе, жағдайымыз жақсарады деген үміттеміз. Соңғы кезде ол тіпті менің өмірімнің мәніне айналды десем де артық болмас.

Кейде Фэйсбук желісіне де шығып тұрамын. Сонда бір-екі рет «Қазір мектептерге көркем жазуды қайтару керек» дегенді де көтеріп жүрмін. Өйткені, университетте студенттерге лекция оқып жүріп, жазуларына, каллиграфиялық ерекшеліктеріне мән беріп қараймын. Байқағаным: мектепті жақсы-ақ оқып, мемлекеттік грантты жеңіп алған студент құрамының басым көпшілігінің каллиграфиялық жазуы, әсемдігі жоқтың қасы. Бұл мәселені тек мен ғана байқап жүрген жоқпын, менің әріптестерім де, тіпті басқа басқа жоғары оқу орындарында да педагогтар әңгімелеріне арқау етіп жүр. Бұл білім беру жүйесіндегі үлкен проблема, оны ретке келтіру қажет. Сондықтан да бастауыш мектепке «Көркем жазуды» қайтару керек деп есептеймін.

Біздің кезімізде қандай еді? Мектепте оқушылардың жазуы маржандай болатын. Әсіресе үздік оқушылардың. Тіпті аттестат толтыратын кезде сондай оқушыларды жинап алып, соларға жазғызатын. Қазір қыз  болсын, мейлі ер бала болсын, көркем жазу деген қалды. Ал шындап келсек, көркем жазу деген – эстетикалық әсемдік. Сұлу, көркем етіп жазу адамды қашанда бір әдемілікке, әсемдікке тәрбиелейді. Сонымен қатар қазір сол қолмен жазатын солақайлар көбейіп кетті. Баяғыда мұғалімдер солақайларлармен ерекше жұмыстар жүргізе отырып, тиянақты тәрбие жұмыстарының арқасында оң қолымен жаздыртатын. Соның арқасында Кеңес дәуірінде сол қолмен жазатын адамдар көп кездесе бермейтін. Ешкім далада қалған жоқ. Барлығы да жақсы білім алды. Ол кезеңді жамандай беруге де болмайды. Мектептің проблемалары көбірек ойландырады. Кеше мен Праймеризге қатысқан кезде де сол мектептің проблемаларын қозғап, соларға жанашыр болдым.

Бар саналы ғұмырын білімге арнап келе жатқан ағамыз осы тұста терең бір күрсініп алды. Соның өзі бүгінде білім саласының деңгейі мен қазіргі жастардың құндылыққа деген көзқарасының өзгеруіне қатысты көңілі толмайтын қаншама ойды білдіргендей.

– Қазір сондай заман болып кетті ғой: қолы боста кітап ұстайтын едік, оған да уақытың жоқ. Себебі басыңда одан да басқа мыңдаған ақпараттар легі толып жатыр, қорытып үлгере алмай жатасың. Әсіресе, біздің бастауыш мектеп оқушыларын оқыту бағдарламалары қандай ауыр, баланың психикалық дамуына артық жүктеме. Мысалы, Жапонияда бастауыш мектепті бітіргенше өз ана тілінен басқа тілді оқытпайды екен. Әбден бала өз тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін меңгермей тұрып, басқа тілді меңгеруге оқытылмайды. Ал біздің елімізде бірінші сыныпқа жетпей ақ ағылшын, орыс тілін үйретіп әуре. Адамның миы екі миллион клеткадан тұратын болса, соны әбден шаршатып, титықтатып, бастауыш мектептен негізгі орта білімге қарай көшіре саламыз. Мен бұл туралы жазып та, айтып та жүрмін. Бәлкім, баланың нағыз қазақ болып, ұлт болып қалыптасуы үшін, сана-сезімі дұрыс, елдің патриоты болуы үшін біздің де елімізде бастауыш мектеп деңгейінде басқа тілдің барлығын тоқтатып, тек қана ана тілімізді үйрету керек шығар? Қазір «Болашақпен» шетелде қанша жастар оқып келіп жатыр. Болмаса, шетелдерге өздері ақ барып, басқа да оқу орындарына түсіп кетіп жатыр. Бірақ оларға ешкім: «Сен мына ағылшын тілін үйрен немесе орыс тілін меңгер» деп, мәжбүрлеген жоқ. Мен бір-екі жанұялық достарым бар – балалары өз бетінше корей тілін үйреніп алған. Интернет деген ақпарат орталығы деп айтып кеттім емес пе? Сол төгіліп жатқан ақпараттан өздеріне керегін ала береді. Сондықтан да кітапты іздеуге, кітапты оқуға құмарлықтың болмауының бір себебі осында. Біз қазір өте ақпараттанған қоғамға айналып кеттік. Тіпті бір мақал іздесе де, интернетті аша салып, таба қояды. Ал мен сонда да болса айтар едім, «Абай жолын» оқымаған баланы жоғарғы оқу орнына түсірмеу керек деп. Қазақ болу үшін әуелі «Абай жолын» оқып шығу керек. Мен өзім оны екі ақ рет оқыдым. Енді мен үшінші немесе төртінші рет оқитын болсам, басқаша бір дүниені ашар едім-ау деп те ойлаймын. Соған әлі жете алмай жүрмін. Маған уақыт жетпейді.

Тұлға тәрбиелеу – маңызды мәселе!

Үсенбек Рахметовтың балалары түгел жоғарғы оқу орындарын бітірген. Солардың ішінде  тек Әселі ғана әке жолын қуып, педагог болыпты. Оның өзін отағасы балаларынан емес, өзінің кезінде жұмыс басты болып жүріп, оларға дұрыс көңіл бөле алмауынан көреді. Бірақ, әке жолын қумаса да, балалар жаман болған жоқ –  үлкен қызы – заңгер, кейінгісі – экономист. Ал осындай тұлғаның өзі бос уақытында аздап домбыра шертетіні бар. Бала кезінен сурет салуға деген құмарлығы тағы бар. Жалпы, бір сөзбен айтқанда эстетикалық талғамы жоғары адам. Ал ондай адамның сұлулықты жақсы көрмеуі мүмкін емес. Кез келген нәрсенің әдемі болғанын қалайды. Соңғы кездері өзі «Білімнің дәстүрлі емес әдістеріне» көбірек ден қойып жүрсе керек. Қоғамда болып жатқан құбылыстардың ешқайсысына бейжай  қарай алмайды.

– Теледидарда бірыңғай өнер адамдарын дәріптеу, шоу бизнес төңірегінде сөз қозғау маған еш ұнамайды. Бүгінгі заманның батырлары бар емес пе? Неге адамдарды лапылдаған өрттен аман алып шыққан өрт сөндірушіні, ерлік жасаған полиция қызметкерін, мыңдаған мамандық иелерінің ерекшеліктерін, түрлі өнертапқыштар, мықты кәсіпкерлер, ерекше педагогикалық технологияда білім беретін жаңашыл ұстаздарды, ерекше архитектуралық жоба авторын, құрылыс, ауылшаруашылық, жеңіл өнеркәсіп, көлік және байланыс, туризм салаларында бір жаңалығымен, ерекшелігімен көрініп жүрген тұлғалар неге көрсетілмейді? Сонда біздің елімізде тек қана әртістер ғана еленіп, солар ғана таныла беруі керек пе? Неге әртістер жастардың еліктейтін, тәрбие алатын үлгілік эталонына айналу керек? Неге мен құлағына сырға тағып, шашы мен бетін түрлі түске бояп алған әртістерге (бұл жерде ер жігіттерімізді айтып отырмын) қарап, соларды тұлғалық дамудың көрсеткіші, үлгісі етіп алуым керек? Біздің елде тұлғалыққа жетелейтін басқа мамандық иелері жоқ па? Міне, осы нәрсе мені қынжылтады, – деп түйіндеді сөзін ағамыз. 

 

 

 

Қыз бала барған жерін «бақытты етем»

деп қана ойлауы керек…

Алпыстың асқарына бет бұрған азаматтың аталы сөз айтуға қалай болғанда да қақы бар. Ағамызды дәл қазіргі заманда қыз-тәрбиесі көп ойлантады екен. Бәлкім, өзі қыз тәрбиелеп өсірген әке болғандығынан да шығар.

            – «Қыздар, сендер ертең тұрмысқа шыққан соң  сол елге тастай батып, судай сіңіп кетемін деген ұстаным негізгі қағидаттарыңның бірі болуы керек» деп айтамын. Қыз бала тәрбиесі қазіргі қоғамымызда көп құндылықтарымызды қайта қарап, ұлт ретінде елеулі өзгерістер жасауымызды талап етеді. Қазір жастардың арасында «ажырасу» өте көп.  Болмайтын кикілжіңнің өзінен жанұялық қатынас бұзылып жатады. Соғыс жоқ, басқа сұрапыл сүргін жоқ, бейбіт өмірде жүріп-ақ қаншама сәби әкесіз өсіп жатыр. Бұл – шешімі табылмай келе жатқан қоғамдық мәселе. Осы мәселеге байланысты мына бір жағдай көп нәрсеге толғандырып ой тастайды.  

 

Бірде достармен бас қосып отырып оларға: «Заман өзгеріп жатыр. Неге екінші әйел алмайсыңдар?» деп әзіл айттым. Сонда олардың ішінде бір досым: «Үйленгенімізге отыз жылдай болса да, әйелім бір рет бетіме қарсы келіп, бір жерде менің абыройымды аяқ асты еткен емес. Үнемі төбесіне көтерумен келеді. Мен адам ретінде оның алдында қарыздармын. Бала-шағамды өсіріп, жан-жақты дамуы үшін тыным таппай тәрбиелеп келе жатыр. Ендеше, екінші әйел алсам, адамгершіліктен безіп, оған опасыздық жасаған болмаймын ба? Менің адамдығым қайда қалады? Дәл қазір үріп ауызға салғандай жап-жас, сұлу, оншақты қызды қатар қойып қойса да, мен бір ғана әйеліме айырбастамаймын» деді. Мені бұл әңгіме терең толғандырып, «мұндай тұжырымды айту үшін әйел қандай болу керек» деген ой келді. Міне, ерлі-зайыптының арасында осындай сыйластық болуы керек. Сол кезде ғана жанұяда тұрақтылық болады. Біздің бабаларымыз текті елден тексіз адам шықпайды деп, бір-бірімен бесік құда болып, сөз байластырып отырған. Сосын ол ауылдан келін болып келген қыз да екі текті елдің арасын бұза алмаған. Оған дәті бармаған. Сондай бір құрметпен, сыймен барған. Қазір енді балаға қатысты жаңа заң шығарып жатыр. Балаңа сөз сөйлеу үшін де рұқсат сұрайтын заман келе жатыр. Біздің қазақы менталитетімізге ол нәрсе келеді ме, келмейді ме, білмеймін. Міне, осындай нәрселер біздің жастарымыздың санасын улап жатыр. Сондықтан жастар отбасын құруға шешім қабылдаған кезде тастай берік болып, қатып қалуы қажет. Әйел адамның ерін өзін сыйламауы мүмкін емес жағдайға дейін әкеліп қоюы – тұрақтылықтың өлшемі (критерий), бірлік пен сенімнің  белгісі екен-ау деп ой түйдім.

 

            Түйін: Кейде адамдардың тұтас өмірбаянын оқып шықсаң да, ішінен іліп алар бір нәрсе таба алмай дал боласың. Керісінше, кейбіреулердің буырқанып-тасып жатқан өміріне қарап, «қалайша осы әншейінде уақыт жеткізе алмай жанталасып жүретін өмірде, осының бәріне үлгерді екен?» деп ойлайсың… Шыны керек, Үсенбек ағамыз осы екінші санатқа жатады. Жыл өткен сайын жасарып бара жатқандай, жаңа бір іске құлшына кірісіп жатады. Оның қасында ұйықтап жүрген жастарды көріп, ұялып та қаласың. Ендеше, мен мұндай тұлғаға бір-ақ ауыз сөзбен «Өмірге өте сергек қарайтын жан» деген баға берер едім… Және ол кісінің әлі талай ірі істердің басынан көрінетініне зәредей күмәнім жоқ…

 

Гүлжаз ҚАРЫБЕК,

Кентау қаласы

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button