ТаңдаулыТүркі жұртында

РУХАНИ ОРДАНЫҢ ЖҮРЕГІ

Өткен мен бүгінгінің тарихынан сыр шертетін, рухани білімнің киелі  ордасы кітапхана болса, ал рухани орданың жүрегі, әрине, кітапханашы. Ғаламтордың қарыштап дамыған заманында әрбір оқырманның жүрегіне кітап арқылы жол тауып, рухани азық сыйлау әр кітапханашының басты мақсаттарының бірі.

Кентау қаласындағы әрбір тұрғынның рухани білім алуына аянбай еңбек етіп жүрген жанның бірі Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Кокулова Гүлнар Исабекқызы. Қалың жұртшылыққа көркем мінезімен, байсалды қалпымен танылған Гүлнар Исабекқызы 1965 жылы Кентау қаласында дүниеге келген. 1983-1986 жылдар аралығында Ташкент мәдени-ағарту техникумының кітапханатану факультетінде білім алған. 1999-2000 жылдары Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің қазақ тілі және әдебиет мамандығы бойынша білімін әрі қарай жетілдіре түсті. Еңбек жолын 1986 жылдың қыркүйек айынан  бастап кітапханашы ретінде бастады. Өз мамандығын жаны сүйетін әрі іскер Гүлнар Исабекқызы жаңаша көзқарастарымен кітапхана жұмысын әрі қарай гүлдендіре түсті.

Тың идеяларды ұсынатын Кокулова Гүлнар кіші кітапханашы қызметінен аға кітапханашы одан әрі әдіскер, меңгеруші, басшылық қызметіне дейін көтерілді. Отыз жылдық еңбек жолында көптеген марапаттар мен алғыс хаттарға ие болды.  Атап айтқанда,  2007 жылы еліміздің Тәуелсіздік мерекесіне орай Кентау қаласы әкімі алғыс хатын табыстаса, араға төрт жыл салып Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениет басқармасы кітапхана саласына қосқан үлесі үшін арнайы алғыс хатын және Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығына орай өткізілген іс-шараларға белсене қатысқаны үшін «Болашақ» Республикалық қоғамдық саяси жастар газетінің бас редакторы «Болашақ» Республикалық қозғалысының лидері дипломымен марапаттады. 2011 жылы «Тарих тамшылары» «Капли истории» атты Кентау қаласының 50 жылдығына және 55 жылдығына арналған кітаптардың шығуына үлес қосып, арнайы алғыс хат пен медальға ие болды.

Туған жерінің дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосқаны үшін Кентау қаласының Құрмет тақтасына есімі жазылды. Кітапхана саласының дамуы жолында орасан еңбегі үшін А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың алғыс хатына ие болды.

Кітапхана ісін атқарып қана қоймай еліміздегі жетекші партиялардың қатарында болып, қоғамның дамуы үшін атқарылып жатқан жұмыстарға белсене араласқаны үшін Оңтүстік Қазақстан облысының «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Гүлнар Исабекқызына алғыс хат табыстады.

2018 жылы елорданың туған күніне  орай Санк-Петербург қаласының «Достояние Отчизны» коллегиясының президенті В.В.Ивонин өзінің арнайы Грамотасын табыстады.

2019 жылы Түркістан облыстық А.С.Пушкин атындағы әмбебап ғылыми кітапханасына 120 жыл толуына байланысты  «Мәңгілік елдің – мәңгілік кітапханасы» атты мәдени-әдеби іс-шараны жоғары деңгейде өтуіне атсалысқаны үшін арнайы алғыс хатпен марапатталды.

Қазіргі уақытта Гүлнар Исабекқызы құрамына 39 кітапхана енген орталықтандырылған кітапханалар жүйесін басқарып отыр.  Бүгінгі таңда кітапханада  590 мыңға жуық кітап қоры бар.  Кітапхана ұжымы оқырманның қолындағы смартфонын бір сәтке  болсын кітапқа алмастыру үшін көптеген жұмыстарды атқаруда. Мәселен, 2018 жылы кітапхана 1000 жуық іс-шараны ұйымдастырса, 2019 жылы 2000-ға тарта шараларды өткізген. Елімізде індеттің таралуына байланысты «Библиопостжобасы», «Кітапоқыпүйдебол» жобалары аясында «Менің сүйікті кітабым», «Kitap Fest», «Әдебиет ардың ісі», «Кентау 65» т.б жобалар жүзеге асқан.

«Кітап менің жан досым», «Күй менің өмірімде», «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе», «Менің өмірімдегі кітаптың орны», «Жанұямның бір мүшесі кітап», «Көк аспан астындағы тіршілік», «Имандылық ізгілікке бастар жол», «Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу», «Жеке тұлғаның даму қадамдарын трансформациялау», «Әлемнің үздік 100 жаңа оқулығын бірге оқимыз», «Білімді оқырман-болашағымыз»  атты тақырыпта 11 белгілі тұлғамен  Facebook әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфир өткізген.

Кітапхана ұжымы Әбу Насыр Әл-Фарабидің  1150 жылдығына   арналған   «Ғылымның әр саласына мол мұра қалдырған Әл-Фараби» және Абай Құнанбайұлының   175  жылдығына   арналған «Абай   Құнанбаев – қазақ   жазба  әдебиетінің  негізін  салушы»  атты іс-шараларды түрлі форматта оқырмандарға ұсынды.

Ел Президенті Қасым–Жомарт Тоқаевтың  «Абай және  ХХІ  ғасырдағы Қазақстан»  атты  мақаласын негізінде біршама жұмыстарды онлайн режимде атқарылды. 2007 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен жарияланған «Бір-ел, бір- кітап» атты акциясы бойынша Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман -эпопеясы және Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» негізінде бірнеше жұмыстар атқарылды.

Гүлнар Исабекқызының бастамасымен қолға алынған «Әжемнің ертегісі», «Кентау көшелері», «Саяхаттаушы кітаптар» жобалық бағдарламалары жыл бойы қалалық «Әжелер алқасымен» біріге жұмыс жасау арқылы бүлдіршіндердің рухани білім алуына өз септігін тигізді. Аталған жобалардың ішінде  «Кентау көшелері» өз нәтижесін жоғары деңгейде көрсетті. Жобаның арқасында әр көше тұрғындары өз көшелерінің аты жайлы көптеген қызықты мағлұматтар алып, алғыстарын білдірді.

Қазіргі уақытта кітапханада «Кітапханадан тыс қызмет көрсету бөлімі» ашылған. Бұл қызметті  өздігінен кітапханаға келе алмайтын тұрғындар, яғни, мүмкіндігі шектеулі жандар пайдалана алады.

Сонымен қатар, кітапханада Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Туған жер» бағдарламасы бойынша «Рухани жаңғыру орталығы» мен «Білім орталығы»  ашылған. Бұл орталықтарды ашудағы басты мақсат – қала тұрғындарының бос уақытының тиімді өтуіне жағдай жасау. Мұнда келген көпшілік  өзіне қажетті ақпаратын алып қана қоймай достарымен сұхбаттасуға да мүмкіндігі бар.

Осы жылы Гүлнар Исабекқызының басшылығымен «Бала шақтан болашаққа кітаппен» атты жоба өз шымылдығын түрді.

Қазіргі таңда оқырманның  талабы өте жоғары. Мемлекеттік тапсырыстан  және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға кітіапханадағы кітаптар қоры әр тоқсан сайын жаңарып отырады. Бүгінде қалың оқырманның сұранысы көркем әдебиетпен қатар, психологиялық кітаптарға да артуда. Сондай-ақ кәсіпкерлікке баулитын еңбектерде назардан тыс қалған емес.

Кітапханаға келген әрбір оқырманның талабы мен тілегін орындап, рухани бағыт-бағдар беріп жүрген  Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде Гүлнар Исабекқызымен бірге өз ісінің майталмандары Мархамат Хамитқызы, Бибінұр Бердібекқызы, Ділбар Шамшиддинқызы, Жанна Сайлаубекқызы,  Шолпан Аханқызы, Сах Гүлхан, Наргиза Ергешқызы, Сабира Өмірбекқызы және өзге де кітапханашылар  игі істердің қасынан табылып жүр.

Кітапқа жаны құмар Гүлнар Исабекқызы «Қаратау тәжі» әдеби-шығармашылық бірлестігінің мүшесі. Ақындар мен жазушылардың еңбектерін насихаттауға арналған іс-шараларға белсене араласады.

Бүгінде Гүлнар Исабекқызы жолдасы Қайрат мырзамен Жалғас есімді бір ұлды тәрбиелеп отыр.

Өз мамандығын шексіз жақсы көріп, әр ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын Кокулова Гүлнар Исабекқызы расымен де өз саласының үздігі.

 

Гүлсім Алтайқызы,

Түркістан қаласы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button
Close
Close