ТаңдаулыТүркі жұртында

ЯСАУИ ОҚУ ОРДАСЫ — ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ ЖОЛ БАСЫ

Түрленген Түркістан

Түркі жұртының рухани астанасы – Түркістан қаласы жаңа бастама, жарқын жасампаздықтың тағы бір туын көтерді. Кезекті келісті жасампаздықтың жол басшысы – Қожа Ахмет Ясауи  атындағы  Халықаралық қазақ-түрік университеті болды.

Мамыражай мамыр айының алтын кіндігі күні Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовтың тікелей бастамасымен қанат қағып, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев қызу қолдау көрсетіп, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің су жаңа ректоры Жанар Амангелдіқызы Темірбекованың ілкімді ұйымдастыруымен ғажап ғимарат «Түркістан-Арена» стадионында түндігін түрген Қазақстан Республикасының ХІ жазғы Универсиадасында еліміздің Бас мұғалімінің құттықтау сәлемін «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» Бас директоры Тастанбек Құтжанұлы Есентаев жеткізді.

«Жастардың дамуы мен қалыптасуында білім беру, мәдениет тану, спортпен шұғылдану тәрбиесінің мәні зор. Универсиада – жастардың қоғам өміріне белсене атсалысып, бұқаралық өзекті шараларға белсене қатысатын әрі 30 спорт түрінен еліміздің түкпір-түкпіріндегі марқасқа мықтыларды 37 жігерлі жарыс пен саңлақ сайыста біріктіретін ауқымды спорттық алаң, маңызды жобалардың бірі.

Елдіктің тұтқасы, халықтың ертеңі – жас ұрпақ болғандықтан, ғұлама ғалым Әл-Фарабидің «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет» деген даналық сөзі – жастардың мемлекетіміз үшін маңыздылығын анық айқындайды.

Халықаралық қазақ-түрік университетінің пәрменді әркетімен өтіп жатқан ХІ жазғы Универсиада – ерен еліміздің еңселі Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы құрметіне һәм «Түркістан түркі әлемінің рухани астанасы» атануы ардақты мәртебесіне және біздің Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті іргесінің қаланғанына 30 жыл толуы шарасына орайластырылып отыр» – деді Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Амангелдіқызы ТЕМІРБЕКОВА ХІ жазғы Универсиаданың ресми ашылу салтанатында.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ректорының өкілі Женгиз Томар құттықтау сөз сөйлеп, сайыс төрешілері ойын ережелерін қатаң сақтап, міндеттерін әділ атқаруға ант еткен соң, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әбдісадық Халилаев универсиада алауын алаулата тұтатты.

Қазақ елінің екпінді Әнұраны Түркістан төрінде шырқалып, қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрып, салт-дəстүрі, мəдениеті мен менталитетін айқын да жарқырата ұсынған театрландырылған қойылымдармен 20 жоғары оқу орны спортшылардың шеруі жарасымды үйлесім тауып, универсиаданың ұлықты тарихының бейне жазбасы көрсетілді.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «Спорт және Өнер» факультетінің талантты студенттерінің концерттік бағдарламасында «Би-Сұлтан» би ансамблі, «Қазына», «Шаттық», «Қарагөз» «Яссы» би топтары мың бұрала би билеп, алаштың өнер жұлдыздары мен AIZaBi тобы ән-шашуларын шашты.

Сөз жоқ, Универсиаданың басты мақсаты мен негізгі мәні – өскелең ұрпаққа сапалы білім беру бағытындағы ақыл-ойы зерек, дүниетанымы кең, салауатты ұрпақ қалыптастыру болғандықтан, жаңа буын басшыларының бірегейі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Амангелдіқызы ТЕМІРБЕКОВАның аталған шараның көшбасшыларының қатарында жүруі – табиғи сабақтасты заңдылық.

Жанар Амангелдіқызының өмір жолы мен еңбек тәлімдері өнегелі де өрісті. Жанар ТЕМІРБЕКОВА – Түркияның Хаджеттепе университетінің «Инженерлік» факультеті мен «Менеджмент» мамандығы бойынша магистратурасын тәмәмдаған. Қазақтың Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Экономика ғылымдарының кандидаты» ғылыми лауазымын қорғап, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Анкара қаласындағы Өкілетті Кеңес басқармасында, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымында еңбектеніп, атақты КИМЭП, ҚБТУ, СДУ оқу ордаларында студенттерге ұстаздық етіп, Еуразия Технологиялық университетінің ректоры, Алматы Менеджмент университеті Президентінің кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарған.

Ана тілі – қазақ тіліне қосып, ағылшын, түрік, орыс, тілдерін еркін меңгерген өркени бағыт басшысы Н.Назарбаев қорының Ғылым және техника саласындағы сыйлықтың лауреаты (2012 ж);БҒМ «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантының иегері (2013 ж);Халықаралық ғылыми журналдарда жарық көрген ғылыми мақалалардың, жалпы 40-тан астам ғылыми еңбектер мен бірнеше монографияның авторы; The International Journal of Entrepreneurship and Innovation; African Journal оf Business and Management; Gaziantep University Journal of Social Sciences халықаралық академиялық журналдарында рефериі; Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Ғылым кеңесінің мүшесі; АҚШ-тағы Халықаралық Көшбасшылық Ұйымының мүшесі; Халықаралық аналитикалық орталық Тиллотома қорының құрметті мүшесі (Science and Education Policy Group) болды.

Жанар Амангелдіқызының тұжырымынша: «Универсиада арқылы бұқаралық спортты дамыту – мектеп пен колледждерден басталған Ұлттық мектеп лигасы мен Спартакиада сынды жақсы үрдісті жүйелі жалғастырады. Түркістанда есігін ашқан ХІ жазғы Универсиадасындағы дүбірлі додасының биылғы жеңімпаздары 2022 жылы Қытайда өтетін Дүниежүзілік жазғы Универсиадаға Қазақстан Республикасы студенттер құрама командасы сапында қатысып, ел намысын қорғайтын болады».

Сәнді де мәнді, жасампаз да салтанатты ашылу рәсімі – уығын кеше ғана қадаған «Turkistan TV» телеарнасымен қатар, «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Yassawi TV» You Tube каналдарынан алты алаш пен текті түркі жұртына сүйіншілей тарады.  Жас буын басшысы Жанар Амангелдіқызының жеңістер мен жемістерге толы жұмысының жарқын жолбасы болғай, деп тіледік.

 

 

Гүлжаз ҚАРЫБЕКҚЫЗЫ,

Түркістан қаласы.

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close