Қалам-Жүрек

МҰҚАҒАЛИДІҢ ҚОМЫЗЫ

Жұматай ОСПАНҰЛЫ

Қарасаз ауылындағы ақын мұражайына құнды жәдігер тапсырылды. Ол – Мұқағали ағамның қомызы! Дұрыс оқып отырсыз. Қазақтың қобызы емес, айырқалпақты қырғыз ағайынның қомызы. Иә, орынды күдік! Санаңызға сынадай қағыла қалған “Қайдағы Мұқағалидың қомызы! Қобызы болса бір сәрі”, – деген күмәнді сауалыңызға жауап берейін.

Ақын тойына түрік, қырғыз ағайындар және Мұқағали ағам жырлаған “Атырау-Алтай” арасынан, қазақтың байтақ даласынан қаламгерлер келді. Солардың ішінде қарт Каспийдің жағасынан, Ақтау қаласынан келген Светқали Нұржан ағамыз үлкен аманат тапсырды.  Мұқағали ақынның қомызын Светқали Нұржанға аманаттаған абайтанушы ғалым, абыз ақсақалымыз Мекемтас Мырзахмет  екен. Қарасазға бара жатқан Светқали ақынға: “Мына қомызды Мұқағали өмірден өткеннен кейін бір кісі әкеліп беріп еді. (қомызды көруге ынтыққан жұрттың дабыр-дұбырынан кім екенін анық ести алмай қалдым). Мұражайына әне тапсырам, міне тапсырам деп жүріп тоқсан бірге келдім. Тоқсан жылдық тойына тарту сый болсын. Осы аманатымды ақынның еліне жеткіз деп маған тапсырды”, – деген Светқали ақын Мұқағалидың қомызын музейге берді. Сөйтіп ақиық ақынның тоқсан жылдық мерейтойына өте құнды жәдігер тапсырылды.

Мекемтас ақсақалдың жалған сөйлемейтіні белгілі. Тоқсаннан асқанда жоқ жерден жаңалық ашып, ат мініп, шапан киюді де көксемейтіні ақиқат. Ендеше бұл ақын тойына арналған тосын сый. Еш күмәнсіз қабылдаймыз һәм абыз ақсақал Мекемтас қарияға ғасыр тойдың төріне шығуын тілейміз!

 

ТАНЫСТЫРУ

Орақтілді ақын шыққан, батыр шыққан айбатты,

Қарасаз бен Шалкөде деп аталатын аймақты.

Ғұмыры өткен ат үстінде көшпенділер ұрпағы,

Менің ата-бабаларым қыс қыстау, жаз жайлапты.

 

Қарасаз деп аталатын Елшенбүйрек етегі,

Әлімсақтан ақындар мен батырлардың мекені.

Жолы түсіп бара қалған адам болса егерде,

Топырағын сүйіп оның, тағзым жасап өтеді.

 

Ажыраса бір-бірінен қалатындай адасып,

Қарасулар іркес-тіркес ағып жатыр таласып.

Көктем шықса сирен иісі жұпар шашып далаға,

Үйрек ұшып, қазы қонып, жатушы еді жарасып.

 

Өз көзіңмен көргің келсе мұндай жерді бауырлар,

Құшақ жайып қарсы алатын ағайын бар, барыңдар.

Елшенбүйрек етегінде, Қарасудың бойында,

Қарасаз деп аталатын қарапайым ауыл бар.

 

Мұқағали туып-өскен ауыл осы болады,

Қонақ болып бара қалсаң сенің орның жоғары.

Мұқағали өлеңдерін тыңдап жатып көз іліп,

Мұқағали өлеңімен оянады қонағы.

 

Бұл ауылға келдім бе деп ойламайсың бекерге,

Шабыттанып сен де оқисың бір өлеңін кетерде.

Жырын оқып қайтасың сен ғашық болып өмірге,

Ғашық болып, Мұқағали туып-өскен мекенге.

 

ҚАРА ӨЛЕҢ

Қарапайым Қарасазда осы күн,

Қасиетті қара өлеңнің көші жүр.

Қарасуға өлең болып оралды,

Қара жұртын қимай кеткен есіл ұл.

 

Қарасазға қайта оралған қара өлең,

Сырласып жүр данамен де баламен.

Сол өлеңге ұйып бір сәт қалғандай,

Ешнәрсеге илікпеген паң әлем.

 

Ақша бұлттар асқар шыңға ілініп,

Қырқаларда бүрін жарса гүл үміт.

Қасиетті қара өлеңге елітіп,

Қара тас та кететіндей үгіліп.

 

Аршаларым, шыршаларым, гүлдерім,

Жыр нөсерге шомылып жүр бір керім.

Өрісіне өлең өрген кең өлкем,

Қас-қағымда бөленіпті түрге мың.

 

Ай мен Күн де алма кезек ауысып,

Ынтық жүрек бір бірімен табысып,

Дүн-дүние өлең болып кеткендей,

Мұқағали Музасымен қауышып.

 

Тәңіртаудай асқақ бейне, нар тұлға,

Кеткенімен жыры қалды артында.

Қарасуға өлең болып қосылған,

Айналайын қасқа бұлақ сарқылма.

 

Қасиетті қара өлең, нұрлы жыр,

Сен арқылы әр кеудеге тұнды нұр.

Бар қазақтың мекен еткен жүрегін

Сен өлмейсің Жыр ~ Ғұмыр!

 

 

Осы айдарда

Back to top button