Алаш тағылымыТаңдаулы

ТҮРКІСТАНДА Мағжан Жұмабайұлына кісі бойы ескерткіш тұрғызылуы керек

Түрікстан қаласы әкімі Нұрбол Тұрашбековке!

Құрметті Нұрбол!

Түркістанға Мен 1992 жылы біржолата қоныс аударып келдім. Бақандай 25 жыл тұрған, жасыл желек жамылған Алматыдан Мені ешкім де қуған жоқ. Астанаға шақырғыштағаны бар.  Мырзатай Жолдасбеков, Ерлан Сыдықов (ЕНУ ректоры) Астанаға бірнеше рет шақырды. Жақсы қызмет, жайлы үй-жай уәде етілді. Барғаным жоқ. Бәлкім, Өзбекәлі Жәнібектің бір сөзі себепкер болды-ау. «Менің Орталық Комитеттің хатшысы болған немді алған? Түркістанға біржолата кетіп, жәдігер-шаһарды  музей-қалаға айналдыруым керек еді ғой. Сонда өлуім керек еді…» – деген әруағыңнан айналайын Өзекең. Қазақтың ұлттық мәдениетін жаңғыртушы еңсегей тұлғаның осы сөзі Маған аманаттай  ішіме кіріп жатып алды… Оның үстіне 1991 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан республикалары басшылары Түркістанда бас қосты. Туысқан халықтар басшылары әрбір  жылы Түркістанда кездесіп тұрамыз деп бәтуаласты. Оны Шерхан Мұртаза «Түркістан декларациясы» атап «Социалистік Қазақстан» газеті бетінде көлдей етіп жариялады. Ұрыста не тұрыс бар? Түркістанға тарттым да кеттім.

Содан бері Түркістанда әлденеше бірінші хатшы ауысты. Содан бері әлденеше әкім орынтақ алмастырды. Бүгінде өлісі, тірісі аралас. Тағдыр. Табиғат. Мәселе онда емес. Мәселе Түркістан гимнін жазған Мағжан Жұмабайұлының жағдайы! Бұл хаттың Саған арналып жазылу себебі – бүгінгі күні Сен Түркістанның әкімісің!

Мағжан Жұмабайұлы  ( 1893 – 1938 ж. )  аралығында өмір сүрген, коммунистік идея, жеке адамға табыну – сталинизм құрбанына айналған адам. Соңында жобамен, екі том еңбегі қалды. Әдебиет деген көлеммен өлшенбейді. Әлгі екі томда дүние-ғаламның сыры бар, қазақ деген халықтың мұңы бар. Ол тарих болып сөйлейді, ол Қорқыт болып күңіренеді, ойлайтыны – алты алаш қамы, іздейтіні – алаш азаттығы, ол – бүгінгі тәуелсіздікті аңсаған адам, егемен елдікті көксеген ұлы ақын. Рулық сана, ұлттық санадан ХХ ғасыр басында-ақ көтеріліп, ТҮРІКТІК ТҰТАСТЫҚ – түрікшілдік идея биігіне көтеріліп, сол биікте жыр қашап, ой толғап өткен эмблемамыз!

Ол Москвада В.Брюсов ашқан өнер институтында оқыған, оқи жүріп И.В.Сталин атындағы Күншығыс халықтары коммунистік университетінде сабақ берген, орыстың А.Блок, А.Белый, О.Мандельштам  секілді ұлы ақындарымен бір жүріп, бір тұрған достығы өз алдына, түрік (қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ, әзербайжан. т.б.) балаларына қазақ тілінен сабақ беріп, білім, өнер үйреткен ұстаз. Баланың ғана емес, тұтас қазақ халқының, қала берді дүйім түрік жұртының ынтымақ-бірлігін ойлаған түрікшіл жан. Түрікшілдік дегеніміз не?

Түрікшіл болу үшін алдымен ұлтшыл (қазақ – қазақшыл, өзбек – өзбекшіл, қырғыз – қырғызшыл. т.б.) болу керек, сосын әрбір түрік азаматы (қазақ, өзбек, қырғыз т.б.) мемлекетшіл болуы керек. Содан кейін ғана тұлға (адам) түрікшіл бола алады. Қ.К.Тоқаев  айта беретін «Түрік мемлекеттері саммитін» осы ыңғайда түсінсек құба-құп! «Түркістан – түрік халықтары рухани бас қаласы» (Қ.К.Тоқаев) ұғымын осындай түсінікпен қабылдасақ, шіркін!  Ал, Мағжан Жұмабайұлы ХХ ғасырдың басында-ақ түрікшіл биікке көтерілген жан. Олай болса күллі түрік дүниесінің ынтымақ-бірлігі жайында мәселе көтеріліп жатқан бүгінгі күні жер жүзінде  Мағжан Жұмабайұлына кісі бойы бір, немесе әртүрлі бірнеше ескерткіш орнатылса жарасады  Ол – ұрпағының – Сіз бен біздің ұлы рухқа адалдығымыз болып шығады. Ақын арманының жүзеге асуы болып шығады! Мағжан Жұмабайұлына ескерткіш орнатылып та жатыр.  Балташ Тұрсымбаев баяғыда Түркиеде елші болып жүргенде бұл істі жүзеге асырып бастап та кеткен еді. Алда да Мағжанға ескерткіш орнатыла да бермек. Өкініші Түркістанда әлі күнге Мағжанға арналған үлкен ескерткіш жоқ. Саған дейін қанша хатшы, Саған дейін қанша Әкім келді. Кетті. Жағым-жағыма тимей, сол басшылықтың бірін қалдырмай осы ұсынысты айтып, шаужайына жармасумен келемін. Әліпбек Өсербаев іске кірісіп-ақ еді. Үлгермеді. Түрткіштер түртті.Түртіп-түртіп басқа ауданға ауыстырып жіберді. Ақыры өліп тынды.

Сіз бен біз тіршілік етіп отырған мына көне шаһардың «Түрікстан» аталуы тектен-тек емес. Түрік халықтары әуелде бір атадан тараған, өсе келе енші алысып, бірақ ынтымақтаса ежелден бірге келе жатқан, өзара мидай араласып өмір сүрген халықтар. Басқасын былай қойып, бүгінде күллі дүние жұртын мойындатып отырған «Түркие Республикасын» құраған оғыздар да осы Түрікстан маңынан, Сырдария жағалауынан аттанып кеткен. Қасымыздағы «Шәуілдір» оғыз тайпасының аты,  Түрікстанға қарасты «Шорнақ» – оғыз тайпасының атауы. Ол жерді оғыздың «шор» тайпасы мекендеген. Бүгінде олар Түркиенің Әмет қаласына қоныс тепкен. 15 мыңдайы(кей деректе 4 мыңнан астам.) Новосібір маңын мекен етіп жатыр. Күннен күнге азайып, өліп бара жатқан түрік тайпасы, қазақпен алыс ағайынға айналған! Мағжан өлеңінде барша түрік тайпалары бір-бірінен енші алып тарасқанда Түрікстан – қара шаңырақ ретінде қазақтарда қалғаны әдемі айтылады. Ол үшін «Түрікстан» өлеңін оқысақ жетіп жатыр. Бар тарих бір өлеңге сыйған. Олай болса «Түрікстан» – күллі түрік дүниесінің рухани астанасы»-деген сөз өте орынды. Демек, күллі түрік дүниесінің рухани астанасы – бір кезде күллі түрік тайпалары тоқайласа келе, шоғылыса келе енші алысқан жер ретінде Түрікстан – күллі түрік халықтарына ортақ. Олай болса, осындай қалада түрік ынтымағын ойлаған, жырлаған Мағжан Жұмабайұлына ескерткіштің болмауы ұят-ақ. Қала әкімі ретінде бұл Сенің қабырғаңа батуға тиісті.

Түрік халықтары ынтымақ бірлігінің соңғы көрінісі – «Түрікстан республикасы!» (1920 -1925 ж.) Көріп отырсыз 1920 жылы құрылып, 1925 жылы ыдырады. Өзге түрік бұтағымен ынтымақтаса отырып құрған өзіміз – қазақтар, И.В.Сталинге донос жазып құлатқан, ыдыратқан тағы өзіміз – қазақтар! Біздің ойымызда «Түрікстан республикасы» жоқ. Жадысызбыз. Ұмыт болған. Есесіне біздің мойнымызда «Түрікстан мұхтарияты»- «Түркістан республикасы»  обал-сауабы бар. Оны донос авторына жауып қоя салу – құтылудың ең оңай жолы. Ал «Түрікстан республикасын» (мемлекетін) құрушының бірі – Мағжан Жұмабайұлы! Қолында қаламы жоқтары әлгіндей «доносымен» қалды тарихта, ал қолында қаламы, жүрегінде оты, жанында түріктік рухы бар Мағжан Жұмабайұлы асыл-ақық жырларымен қалды тарихта. Ол жырдың тамаша үлгісі – М.Жұмабайұылының «Түрікстан» өлеңі. Сіз бен біз Түрікстанда не үшін жүрміз, егер өлгенді тірілтіп, өшкенді жандыра алмасақ?! Түрікстан әкімі болу –  бір ескі шаһар экономикасына ғана жауапты болу деген сөз емес, Нұрбол! Түрікстан әкімі болу – ыдырап кеткен түрік дүниесі ынтымақ-бірлігінің жаңа жағдайда жаңаша қайта қалпына келуіне ықпалды болу, ыдырап кеткен (зорлықпен ыдыратылған) «Түрікстан республикасы»  (мемлекеті) рухын бүгінгі ұрпақ есіне салу, бүгінгі ұрпақтың жадын жаңғырту, соған лайық істер атқару! Бұл, бір жағынан уақыт талабы, бір жағынан Президенттің  түрік дүниесінің ынтымақ-бірлігі жайлы ойы (тапсырмасы деп білген жөн), идеясына іспен жауап беру.  Жаңалықты идеясына ілесе білушілік болып шығар еді.  Егер Түрікстанда қазақтың түрікшіл ұлы ақыны Мағжан Жұмабайұлына еңселі ескерткіш тұрғызылар болса – Президент  идеясын қолдау дегеніміз осы!

Әдебиет пен өнер – қашанда ұлттың, ұлт мұрындық болатын мемлекеттің жақсы істерінің көрсеткіші, тіпті  насихатшысы, жаршысы. Сырт жұрт, шет ел – біздің экономикаға қараса қарайды, қарамаса – қандай өнері бар – соған қарайды. Мағжан Жұмабайұлының «Түрікстан» аталатын өлеңі – өлең-өнерінің бір биік құзар шыңы. Қане, екеуміз сол  ұлы ақынның ұлы өлеңін ортаға алып, бірге оқып көрейікші.

 

ТҮРІКСТАН

Түрікстан – екі дүние есігі ғой,

Түрікстан – ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түрікстандай жерде туған

Түріктің тәңірі берген несібі ғой.

 

Ертеде Түрікстанды Тұран дескен,

Тұранда ер түрігім туып-өскен.

Тұранның тағдыры бар толқымалы,

Басынан көп тамаша күндер кешкен.

 

Тұранның тарихы бар отты желдей,

Заулаған қалың өрттей аспанға өрлей.

Тұранның  жері менен суы да жат,

Теңіздей терең, ауыр ой бергендей.

 

Тұранның егі-шексіз шөлі қандай,

Теңіздей кемері жоқ көлі қандай!

Тұранның дария аталған өзендері

Тасыса, шөлді басқан селі қандай!

 

Тұранның таулары бар аспанға асқан,

Мәңгіге басын  аппақ шаштар басқан.

Бауырында ерке бұлақ салады ойнақ,

Жаралып таудан аққан салқын жастан.

 

Шөлдер бар, жел де  жүрмес, сап-сары құм,

Моладай ешбір үн жоқ мәңгі тып-тын.

Болмақ па жан – жануар шексіз шөлде,

Сар құмда салар ойнақ пері мен жын.

 

Тұранның теңіз дерлік көлдері бар,

Шалқыған егі-шетсіз Теңіз, Арал.

Бір шетте қасиетті Ыстықкөлдің

Бауырында дүние көрген түрік көкжал.

 

Ертеде Оқыс, Яқсарт – Жейхун, Сейхун,

Түріктер бұл екеуін дария дейтін.

Киелі сол екі су жағасында

Табасың қасиетті бабаң бейітін.

 

Тұранның Тянь-Шаньдай тауы қалай,

Пар келмес Тянь-Шаньға таулар талай!

Еріксіз ер түрікті ойға аларсың

Көкке асқан Хантәңірі қарай-қарай.

 

Балқашты бауырына алған Тарбағатай,

Жоталы, жер кіндігі – Памир, Алай.

Қазықұрт қасиетті тау болмаса,

Топанда Нұқ кемесі тоқтар қалай?

 

Тұранның жері де жат, елі де жат,

Құйындай бастан кешкен күні де жат!

Тұранды түгелімен билеп тұрған

Ертеде ертегі хан Афрасияб.

 

Ежелден жер емес ол қарапайым,

Білесің, тарихты ашсаң, Тұран жайын.

Тұранға қасиетті құмар болған

Ертеде Кей-Қысырау мен Зұлқарнайын.

 

Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?

Түрікке адамзатта ел жеткен бе?

Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,

Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?!

 

Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,

Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер.

Шыңғыстай арыстанның құр аты да

Адамның жүрегіне жігер берер.

 

Шыңғыстан Шағатай, Үкітай, Жошы, Төле –

Атаға тартып туған бәрі бөрі.

Шыңғыстың қол бастаған екі көзі –

Жолбарыс Сұпытай мен көкжал Жебе.

 

Тұранның билері бар Тарағайдай,

Сол биден Темір туған от боп ойнай.

От шашып жер жүзіне Ақсақ Темір,

Жарқ етіп өте шыққан нажағайдай.

 

Тұранды мақтамаймын тіпті текке,

Онсыз-ақ Тұран таныс талай шетке.

Сырласқан үйде отырып аспан-көкпен

Білгіш аз жеткен жүйрік Ұлықбекке.

 

Асыл қан – қасиетті түрік қаны,

Сол қаннан – Ибн-Сина Әбуғали.

Молдығы білімің сиқыр дерлік,

Дүниеге мұндай адам туды ма әлі?

 

Түріктің кім кеміткен музыкасын,

Фараби тоғыз ішекті домбырасын

Шерткенде тоқсан тоғыз түрлендіріп,

Жұбанып, кім тыймаған көздің жасын?!

 

Тұранда түрік ойнаған ұсап отқа,

Түріктен басқа от болып жан туып па?

Көп түрік енші алысып тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?

 

Арыстан елге Отан болған Тұран,

Тұранда қазағым да хандық құрған.

Қазақтың қасқа жолды Қасым ханы

Тұранның талай жерін билеп тұрған.

 

Әділ хан аз болады Назардайын,

Алашқа Есім ханның жолы дайын.

Тәукедей данышпан хан құрған екен

Басында Күлтөбенің Құрылтайын.

 

Бұл Тұран ежелден-ақ алаш жері,

Тұрансыз тарқамаған алаш шері.

Тұранның топырағында тыныштық тапқан

Алаштың арыстаны – Абылай ері…

 

Тұраннан Сарыарқаны бөлек деме,

Түрікстан алты алашқа болған Кебе.

Тұранның топыраын құшып жатыр

Кешегі ердің ері көкжал Кене.

 

Шер батса – кім іздемес туған елін,

Тұлпар да көксемей ме туған жерін?

Арқаның ардагері – қалың алаш,

Тұран да, біле білсең, сенің жерің!

 

Қырағы Тянь-Шань мен Памир, Алтай,

Күтеді көптен сені қарай-қарай.

Кене мен Абылайдың жолын қумай,

Жапанда жайылудың мәні қалай?!

 

Ертеде Оқыс, Яқсарт – Жейхун, Сейхун,

Түріктер бұл екеуін дария дейтін.

Киелі  – сол екі су жағасына,

Болмаса, барсаңшы іздеп бабаң бейітін!

Тамаша емес пе? Тамаша! Бойыңда қаның ойнады ма? Ойнады ғой! Оқыдың-ақ өлең өзіне баурай жөнеледі. Оқыдың-ақ өлеңді талдай жөнелгің келіп, делебең қозады. Қаншама түрік тарихы қозғалып, нешеме астарлы ой айтылып жатыр. «Түрікстан» – түрік дүниесін ынтымаққа шақыратын өлең. Сондай кемел ойымен өлең уақытында маңызды болды, сол ойымен ақынның басына қатер төндірді, қауіп шақырды, сондай ойымен өлең «ақынның басын жұтты», сондай ойымен өлең бүгін де – тәуелсіздік алған бүгін де маңызды, тарих тегершігі кері айналып кетер болмаса Ертең де маңызын жоймайды. Жер бетінде кеңінен алып айтсақ түрік баласы аман тұрғанда (қазақ та түріктің бір баласы – бел баласы) Мағжандай ұлы ақынның  атойлаған өлеңі өлмейді, жасай береді. Мағжан Жұмабайұлының «Түрікстан» өлеңі – мына біздің Түрікстанның гимні дер едім. Біздің Түрікстан ғана емес,  Тұран ойпатын құт мекенге айналдырған күллі түрік дүниесінің мемлекеттері – Ұлы Түрікстанның гимні. Мағжан Жұмабайұлының «Түрікстан» өлеңі тұрып, кейбір басы кеппеген біздің ақынсымақтар Түрікстанға арнап «гимн» жазған болады. Оған ән шығартып әуреге түсіп жүреді. Ой, пәле, Мағжан Жұмабайұылының «Түрікстанына» жетер өлең бар ма, шіркін?! Олай болса, Түрікстан рухын асқақтатып жырлаған Мағжан Жұмабайұлына Түрікстан қаласында ескерткіш орнатылса, оның тұғырына ма, болмаса қасына мрамордан фано жасап соған ба, ұлы ақынның «Түрікстан» аталатын өлеңін тасқа қашап жазып қойсақ орынды-ақ емес пе?

Орайында еске түседі. Ханс Христиан Андерсен елінде ол жазған ертегілерге ескерткіш қойылған. Лесковтың «Солақай» аталатын шығармасына бұдан 20 жыл бұрын орыс халқы арнайы ескерткіш қойып, әдебиет мәртебесін көтерді. Жақсы дәстүр.  Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романы бойынша Ақтөбе қаласында  мүсін-композиция жасалды. Жарасымды. Осындай жарасымды дәстүрді орнықтыру орнына Мағжан Жұмабайұлына келгенде танабымыз тартылып қалмауға тиісті.

Ескерткіш десе – менің ойыма қазақтың оны рушылдық додасына салып, «мынау өзіміз, мынау – басқа»-деп отыратын, өзін өзекке тартып, «өзгені» өзекке теуіп жататын, соның салдарынан «Боғы боталы түйеге айналатын…» жаман мінездер оралады. Рас, Мағжан Жұмабайұлы оңтүстік өңірінің тумасы емес.Алайда, Мағжан Жұмабайұлы «менікі», «сенікі» сынды тар көңіл – тараң бейілге бодан болатын тұлға емес. Ол бір қазақ бұтағын былай қойып, күллі түрік дүниесінің мақтанышы! Оған Түркие Республикасында ескерткіш орнатылған! Осының өзі біраз жайды айғақтаса керек.

Сондықтан аз айтқанда, көп айтқанда, әңгіменің түйіні – Түрікстандай жәдігер қалада күллі түрік халықтарының мақтанышы, қазақ халқының ұлы ақыны Мағжан Жұмабайұлына зәулім бір ескерткіш орнатылуы керек-ақ!

2000 жылы Түрікстан қаласының 1500 жылдығына орай Түрікстан қаласына ескерткіш орнатқымыз келген. Облыстың сол кезгі әкімі, іскер азамат, ұлттық мүдде дегенде жанып түсер Бердібек Сапарбаев айтқан уәжімізге бәйге атындай  бас шұлғып іске кірісіп-ақ еді. Қаржының аз кезі, сырт жұрттан сұрап, оны «инвестиция» атап алып, «Парыз» қорын құрып, облыс-облыс, мекеме-мекеме, жеке азаматтардан жиналған дүние – Түрікстанның тойын өз деңгейінде өткізуге әзер-әзер жарады.Мағжандай ұлы ақынға Түрікстанда ескерткіш қою идеясы ағымдағы баспасөзде айтылудай айтылды да, қаржы тапшылығынан орындалмай қалып қойды. Ойға алынып, орындалмай қалып қойған  түріктік іс бір бұл ескерткіш емес, Түрікстанда «Түрік халықтары музейін» салу, «Түрік тілдес халықтар кітапханасын» жасақтау…бірсыпыра іске қаржы тапшылығы, уақыт қысқалығы қолбайлау болды. Ал, қазіргі таңда шүкіршілік.  Осындай Түркістан облыс орталығына айналып, өсе бастаған тұста – ұрымтал заманда  Түрікстанды жырлаған Мағжандай  қазақтың  ұлы ақыны, түрік дүниесінің ортақ мақтанышты заңғар тұлғасына зәулім ескерткіш орнату – мемлекет дәулетін былай қойып, бір әкім – өзіңнің-ақ қолыңнан келетін іс, Нұрбол! Өз қаражатыңа–ақ ескерткіш тұрғызсаң абыройың асқақтамаса, төмендемес еді?! Болмаса, екеулейік. Өзіңе көптен айтып жүрген, Маған тиесілі жерге  «Түрік халықтары жазушылары бағын» жасаймыз деп жүр емеспіз бе?! Ол бақтың ішіне түрік халықтары жазушылары басшы, қосшысы өз республикасы басшылығымен ақылдасып әрқайсысы өз ұлт әдебиетінің бір мақтанышына кісі бойы ескерткіш орнатады-деп жүрміз ғой. Құйрықты жұлдыздай ағып өткен Сәбитіме мәңгілік бақ жасауға деп алған 5 га жерді осы іске бердім Саған!

Өзің де байқап жүрсің, өзге аудан, қалаларға әкім болу, тіпті облыс-облысқа әкім болу – соншалық даңқты емес, қалыпты шаруа. Ал, Түрікстан әкімі болу – қашанда абырой, даңқ. Бұл орында қанша отырасың, Алла біледі. Алайда, мәңгілік отырмасың белгілі. Сондықтан, Мағжан Жұмабайұлына бір зәулім ескерткіш соғу – өзіңді абырой биігіне көтерген болар еді. Өлгенше отырып, түк бітірмей кеткеннен гөрі, бұл қанша істесең де Сенің Түркістандағы  даңқыңды мәңгілік етеріне мен кепіл!  Еңбекте абыройлы болып, Елмен ертең  айжүзді кездесіп жүруіңе бек жақсы болады, Нұрбол інім!

Ойлан, Нұрбол! Елдік іс істеу – Түрікстандай қала әкіміне  жарасады. Жарасымды, қайырлы іс үстінде кездесейік!

Ағалық жүректен Құлбек Ергөбек.

 

1992-2023, 26 желтоқсан.(Менің туған күнімде Өзіңе қайырылып, хат жазып отырғаным!)

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button