Алаш тағылымыТаңдаулы

ҰСТАЗ

...Алдарыңызда қазақ халқының атақты ақыны Мағжан Жұмабайұлы  тағдыры жайында естелік... Естелік авторы   қыранжүрек ғалым   Бейсембай Кенжебайұлы!

 

Уақыт адамның ірілігін, тірілігін, қысқасы кісілігін әр уақытта әрқилы сынайтын әдеті. Кезінде жау жоқта жау тауып, айғай салғандар да бүгін дүрдиісіп күпсіне сөйлей алатынын байқап  жүрміз. Халық басына нәубәт болып келген отызыншы жылдары майысқақ жандар көп болды. Ал алдымыздағы естелік авторы сол 30-шы жылдардың қанды қырғынынан ары ақ қағаздай әппақ күйінде шыққан ардагер азамат. Естеліктің бағалы болатын бір себебі осында.

Бұл қарапайым естеліктердің айрықша қадірлі болатын тағы бір себебі – оны авторы қайта құрудың шарапатынан әлдеқашан бұрын (70-жылы) жазған. Ешқандай есепсіз адал жанымен жазған. Ал ол бұл естеліктерге дейінгі әр жылдары осынау халық деп қасірет шеккен қаламгерлердің қара тақтаға жазылған есімдерін ағарту үшін қаншама  күресті десеңізші! Сол жолда өзінің де ұдайы ұлтшыл атанып, жұмыстан қуылып, КПСС қатарынан шығарылғаны, үй түрмесіне қамалғаны, ісі Москваға дейін жетіп қаралғаны –  жұртшылық жадында! Бұл қарапайым естеліктердің қадірлі болатыны – түрлі орындар сілкілеп сілікпесін шығарғанына қарамастан, батыр ғалым өмірдің өткіншілігін сезіп, бар көрген-білгенін хатқа түсіріп, естелік жазып отырғандығында.

Дүниеден көшерінен екі жыл бұрын, 1985 жылы  мені шақырып алып, аманатын айтты:

«Әдебиет дегеніміз, – тұтас әлем, деді ол. – Әдебиет – ұлттың рухани қазынасы. Әр дәуірде өмір сүрген ақын, жырау, жазушы жылнамашыларды түгендеп, орын-орнына қоймай, қазақ әдебиетінің ғылыми тарихы жасалды деуге болмайды. Аласапыран уақытта халқын сүйіп, шығарма жазған адамның бәрі ұлтшылдықпен айыпталды да алыс сапарға айдалды. Олардың соңына түсіп, әдеби мұрасын іздеушілер де ұлтшылдық қамытын киді. Соның бірі – мен. Жылдар бойы жүргізген әрекеттен ештеңе шықпағанына қапалымын. Ал оларды ақтау үшін жүргізген күресіміздің жеңіске жетпеуінің бір себебі – кезінде олардың айдалуына себеп болған, терең мұрасының  өңін айналдырып, пайдаланғандардың күні кешеге дейін арамызда тірі жүргені. Бірақ шындық түбі бір жарқырап шығады.

Ар алдында ақ сөйлейтін күндер келер. Сондай бақытты күн туса мына естеліктерімді жариялатарсың. Саған аманат! Менің жазуым – қоспасыз таза естелік. Олардың өмірі мен творчествосы жайында кейінгі ұрпақ та айта алады, тіпті олар бізден де мықты айтса керек. Бірақ біздің көрген-білгенімізді кейінгі ұрпақ қайдан білсін. Сондықтан да, бірыңғай естелікке бардым. Аманат саған!»

Осындай бірегей елдік ойда жүрген көрнекті ғалымның алдағы күнге иек артып, естелік жазып қалдыруының өзі ең алдымен азаматтық парызды адал атқару! Айнымас адамшылық, тегеурінді табандылық. Сосын… Сосын әрі ерлік, әрі сүйекке сіңірер өшпес өнеге! Бейсембай Кенжебаевтың алдындағы ағаларына, замандастарына  адалдығы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып көшер мінез. Ұлтқа қызмет етпек мінезден (Ә.Бөкейхан). Ғалым алғаш «қанат қаққан» «Лениншіл жас» газетінде тұңғыш рет  жарияланған естелікті «Сарасөз» журналына қайыра  еш өзгеріссіз жарияға  ұсына отырып қарапайым естеліктің кейінгі ұрпақ, біздер, келер ұрпақ үшін айрықша қымбаттылығы – ұлы ақын тұлғасына, ұлы ақын рухына соншалықты адалдығы!

Естелік жазуға аяулы ұстаз Бейсекең бірден келген жоқ. Әуелі 1924 жылы Москвада И.В.Сталин  атындағы Шығыс халықтары коммунистік университеті студенттерінің қатысуымен (университет қабырғасында) Мағжан Жұмабайұлының ұлтшылдығы талқыланады, дұрысы әшкереленеді. Баяндама жасаушы Мағжанның шәкірті – жас ақын. Жиналысты ашып, жауып, жетелеп, әшкерелеуші Мағжанның досы – ардақты Нәзір Төреқұлов. Шамасы, Мағжанды сынап, әшкерелеп – түзеу  орнында қалдыру!  Орталық комитеттен түскен тапсырманы Москвадағы қазақ ортасы осылай жауып тастамақ. Өйткені, арыз иесі «Түркістан республикасынан» түсіп отыр. Әсіре коммунист, мансапқор «Тілмәш» И.В.Сталин атына күйелеш хат жазған. «Донос» деуге де болады… Оны осылай ортаға алып қарап, талқылап, қарарын Орталық Комитетке ұсынбаса болмайды. «Арыздың» соңынан Москваға жеткен «Тілмәшті» Нәзірдің шыдай алмай жұдырықпен бетінен  соғып-соғып жұдырықтап жіберетін себебі міне, осыған байланысты. Әлгі «әшкере» жиналыста Мағжан ұстазын шырылдап қорғаған жалғыз қара – студент шәкірті  Бейсембай Кенжебайұлы! Бір деңіз!

Екінші. Хурщевтік «жылымыққа» (И.Эренбург)  арқа сүйеп 1965 жылы профессор Бейсембай Кенжебайұлы Қаз ҰМУ қабырғасында «Мағжан Жұмабайұлын ақтау жайында» жиналыс ашады. Оған Мағжан аудармашылары А.Л.Жовтис, Х.Махмудов қатысады. Қазақтардан профессор Т.Нұртазин, жазушы Т.Ахтанов. Жиналыс орта шеніне жетер-жетпесте комсомол комитетінің хатшысы К… (кейін академик) Сәбит Мұқановқа хабарлап, Сәбит жарықтық Орталық Комитет алдына мәселе қойып, Бейсекең бастаған қаламгерлерге ұлтшылдық жарғысы тағылып,  бастары істі болады. Әупірім-тәңірмен басылады бұл оқиға. Бірақ,

бірақ Мағжанды ақтаушылар үміті тасқа соғылғандай күй кешеді. Сенім семіп қалмаса да, өздері сынып кетпесе де – табаны қайтып, тауаны шағылады. Күрестің өзге жолын таппай профессор Бейсембай Кенжебайұлы дағдарады. Инфаркт, инсульт – екеуін қатар алады. Дерт. Дерттен әупірім-тәңірлеп тұрып, аяғына мінген соң 1970 жылы осы «Ұстаз» аталатын естелігін жазады.

Бұл советтік аталатын тоталитарлық жүйе кезінде жазылып, сақталып бізге жеткен – жалғыз естелік!   

                       Естелік мақаланы «САРАСӨЗ» журналына ұсынушы, ҚР Жазушылар одағының «Бейсембай Кенжебайұлы әдеби мұрасы жөніндегі  комиссияның» төрағасы – профессор Құлбек ЕРГӨБЕК!

                      26 желтоқсан 2023 ж.

 

 

Данышпан В.И.Лениннің ұлт саясатының арқасы, күш-қуаты ғой: бір сыпыра қазақ астары 1922 жылы Москвада күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетіне оқуға түсіп, бірінші курста барлық сабақты өз ана тілімізде оқыдық; екі жыл бойы негізгі сабақтардың бірі ретінде қазақ тілі мен қазақ әдебиетін үйрендік.

Сонда бізге қазақ тілі мен қазақ әдебиетін бір жыл Темірболат деген мұғалім, бір жыл әйгілі қазақ ақыны Мағжан, Жұмабаев оқытты.

Ол кезде Мағжан Москвада орыс халқының үлкен ақыны, ғалым В.Я.Брюсов ашқан, басқаратын жоғарғы көркемөнер институтында, соның әдебиет факультетінде оқушы еді.

Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті группасының старостасы мен едім. Содан мен оқытушылармен көбірек байланысты болдым. Әлі есімде, Мағжанмен сабақ алдында, сабақтан кейін үнемі ұшырасып сөйлесіп жүрдім. Кейде үйіне де барып, әңгімелесетін кездерім болушы еді.

Москваваға, оқуға Мағжан түркістан Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы атынан барған болатын. Содан ол Зұлиха жеңгей екеуі Түркістан республикасы уәкілдігінің бір Үйінде, бір бөлмеде тұратын, (Көшесінің атын, үй нөмерін ұмыттым).

Мағжан сұлу еді: орта бойлы, толық денелі, бұйра қара шашты, аққұба бидай өңді еді. Бет пішіні Абайдың белгілі суретіндегі бет пішініне ұқсайтын. Жүріс-тұрысы жарасты, сәл маңғаз еді. Осының бәрінің үстіне ол қызмінезді де еді.

Қырқыншы, елуінші жылдары бірге жүргенімізде кейде сөз арасында Мұқаң (Мұхтар Әуезов) айтар еді.

Мағжан ғалым, тәжірибелі шебер оқытушы, асқан методист-педагог еді. Педагогика  жайында, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқыту жайында жарияланған кітабы, мақалалары болушы еді. Осыдан болу керек, ол бізге қазақ тілі мен қазақ әдебиетін тамаша оқытты: сабақ үстінде лекциялық, практикалық әдістерді ретімен қатар қолданар еді.

Мейлі лекциялық сабақта болсын, мейлі практикалық сабақта болсын, ол қағазға, кітапқа қарамайтын. Сөз арасында келтіретін мысал өлеңдер мен әңгімелерді түгел жатқа айтатын. Декламация оқып тұрған, тәрізді барлық нәшін, сипаттайтын, қимылын келтіріп айтатын.

Ұстазымыз бізге алғашқы сабақтан басап-ақ тапсырма берді. «Әркім өзі білген бір ертекті жазып келсін. Соны класта оқып, бәріміз бірге талқылаймыз»- деді. Солай істеді де.. сөйтіп, ол бізге әрі әдебиетті, әрі дұрыс жазуды үйретті, әрі мақала-шығарма жазуды үйретті.

Мен сабаққа «Қыз бен таз» атты ертек жазып келдім. Оны сабақта Мағжан өзі дауыстап оқып шықты. әуелі, қолжазбаның емле қателерін тізіп көрсетті, оларды байыптап ұғындырды. Ақырында, «бұл өзі баспасөз бетінде шығаруға болатын ертек»- дегенді айтты. Ұзамай мен қолжазбамды, оның мұғалім-көрсеткен қате-кемшіліктерінтүзеп, мұқият қайта жазып, «Бекен» деп қол қойып, сол кезде ташкентте шығып тұратын жастар баспасөзі «жас қайрат» журналына жібердім. Журнал оны сол күйінде басып шығарды. Бұл менің тырнақалдым, тұңғышым болды. Осыдан былай мен «жас қайрат», «Еңбекші қазақ» газеттеріне тілші болып, жи»-ж» хабар, мақала жіберіп жүрдім.

Бірнеше сабақта біз Абай өлеңдерін оқып-үйрендік. 1923 жылы Ташкентте Абай Өлеңдері екінші рет кітап болып шыққан еді. Сол кітапты тексердік. Осы сабақтарда Мағжан Абай өлеңдерін жаттату, талдау, танытумен қабат әдебиет теориясының, эстетикалық көптеген мәселелерін түсіндірді., көркем шығарманы өлеңді, ақын творчествосын түсіну, талдау жолдарын, әдістерін үйретті. Сабақ үнемі әрі өлең талдау, әрі әдебиет  теориясы, эстетика жайлы әңгіме болып, әрі ғылыми, өте қызық болып жүрді. Оқытушының сабақ үстінде жаңалық, әсемдік туралы айтқаны бүгінге дейін есімде. Ол құмар келеді; адам-әсемшіл: әсемнен әсем, сұлудан сұлу таңдайды. Бұл- әсемдік заңы. Адам баласының, қоғам өмірінің ілгері даму жолдарының бірі.

Ұстазымыз: «тексеруші, сыншы, ақын шығармасын тексергенде, ол ақын ба, қандай ақын, кімнің ақыны, нені жырлайды, қалай жырлайды,- деген сұрауларға жауап беруге тиісті. Яғни, ақынның ақындығын, ақындық күш-қуатын, шығармасының әлеуметтік мағынасын, әсемдік құнын ашуға, дәл, әділ бағалауға тиісті», деп көңілімізге тоқыр еді.

Бірінші семестр аяғында университеттегі қазақ оқушылары әдебиет үйірмесінің жалпы жиналысында мен Абай туралы баяндама жасадым. Баяндамамды  әлгі оқыған сабағымыз, ұстазымыз көңілімізге тоқыған жоба ізімен келтірдім. «Абай ақын ба? Қандай ақын? Кімнің ақыны? Нені жырлады?  Қалай жырлады? Деген сұрақтар қойып, соларға өзімізше жауап бердім: Абай ақын, күшті ақын: Абай халық ақыны, қазақ халқының әлеуметтік тұрмысын, арманын жырлады, әсем жырлады деп қорыттым. Кейінірек мен осы баяндамамды қағаз бетіне түсіріп, өзін қысқа хат жазып, «Еңбекші қазақ» газеті редакторының орынбасары, әйгілі ақын –жазушы Бейімбет Майлинге жібердім. Кем-кетік болса, түзеп, толықтырып газетте жариялауын өтіндім. Ол «Абай» деген атпен аталған газеттің 1925 жылғы август айындағы екі санында басылды.

Әдебиет үйірмесінің жиналысында Абай өлеңдерінің талқылаған соң, ұзамай Мағжан өлеңдерін де талқылады. Оның 1924 жылы Ташкентте басылып шыққан өлеңдер жинағын сөз қылдық. Үйірменің ол жиналысына Москвадағы қазақ оқушылары мен қазақ қызметкерлерінің көбі келді. Атап айтқанда: сол кездегі СССР халықтары орталық баспасының директоры Нәзір Төреқұлов, Орталық комсомол комитетінің бюро мүшесі, коммунист жастар интернационал атқару  комитетінің бөлім бастығы Ғани Мұратбаев, басқа оқу орындарынан Ғаббас Тоғжанов, Садықбек Сапарбеков, Жекен Сәрсенбин, тағы тағылар қатысты. Күн тәртібіне қойылған мәселе туралы өзіміздің оқушы, жас ақынымыз Өтебай Тұрманжанов баяндама жасады. Баяндама бойынша көп адам шығып сөйледі. Университет оқушыларынан басқа әлгі Нәзір, Ғани, Ғаббас, Жекен шығып пікір айтты. Қызу да үлкен айтыс болды.

Мағжан және оны өлеңдері жөнінде сөйлеушілер екі түрлі ой-пікір, көзқарас білдірді. Бірқатар сөйлеушілер Мағжанның бірсыпыра өлеңдері қате: ұлтшылдық, сарыуайымшылдық, рухта жазылған. Жалпы мағжан үлкен ақын» деді де, көпшілік буржуазияшыл-ұлтшыл, бізге мүлде жат ақын деп қорытты. Жиналыс Мағжан және оның Өлеңдері жөнінде осы соңғы бағытта қаулы алды. Жиналыстың хабары, қаулысы Қазақстанның орталық газеті «Еңбекші қазақта» түгел жарияланды.

Әдебиет үйірмесінің Мағжан өлеңдерін талқылаған жиналысы өткен орайда болған бір сабақтан кейін мен Мағжанды үйіне дейін шығарып салдым. Екеуміз жол-жөнекей әңгімелесіп бардық. Мағжан өзі жөнінде әңгіменің бәрін әбден қанып естіпті, жақсы біледі екен. Сонда да, сөз болсын деді-ау деймін:

-Сонымен не дейді? Маған не істе дейді? – деп таңырқап ойланды. Біле тұрса да, мен оған жиналыс қаулысын хабарлап, сөйледім:

-Сізге үлкен-үлкен қателері бар ұлтшыл ақын, оның шығармалары бізге жат, зиянды деп тапты ғой,- дедім.

-Рас, қате деген болған, өткен, оны қазір өзім де білемін. Ал «иілген мойынды қылыш кеспес» деген бар емес пе? – деді.

Оған мен ләм-мим дей алмадым. Бірақ осы жол-жөнекей әңгімеден мен оның өз қателерін түсініп, соған қатты өкініп, бұрынғы кінәсін не істеп, қалай жуарын білмей жүргенін байқадым.

Бір жолы мен Мағжанның үйіне бардым. (Не жұмыспен қалай барғанымды қазір білмеймін). Мен барғанда Мағжан жұмыс істеп: жазу жазып отыр екен. Сұрастыра келгенімде Максим Горькийдің кейін қазақ тілінде «Сұңқар жыры» деген атпен кітап болып шыққан әңгімелерін аударып жүреді екен. Дәл мен барғанда «Старуха Изергиль» атты әңгімесін аударып отырған болып шықты. Мен тек отырмадым: балалық ұстап, құмарлық қысып, бір кезде мойнымды созып Мағжанның стол үстіндегі жазып отырған қағазының бетіне үңілдім. Онда «Жұртын сүйген жүрек» деген сөзбасы көзіме түсті.

-Аға, аударып отырған әңгімеңіздің аты жаңа, ауызша айтқаныңызда басқа еді, қағазда жазғаныңызда бір басқа ғой?-деп сұрадым.

«Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» деген емес пе, Мағжан столдан шегініп отырып, маған бұл жайдың мәнін баяндады. Абайдың А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, И.А.Крылов өлеңдерін қалай аударғанын түсіндірді. Абай орыс өлеңін қазақ өлеңі етіп жіберген ғой дегенді айтты. Сөзіне мысал келтірді.

-Лермонтов «Дұға» атты өлеңінде өз жүрегіне: кем-кетігің есіңе түсіп, кейде сен зарланасың, тулайсың, сонда мен сенің отыңды басу үшін бір тамаша дұға оқимын.Лермонтов өлеңінің осы шумағын Абай:

«Өмірде ойға түсіп кем-кетігің,

Тулағыш мінезің бар жүрек, сенің.

Сонда сенің отыңды басатұғын

Осы өлең – оқитұғын дұғам менің»,-

деп жарасты, күшті етіп аударған. Өлеңнің дұғалық күш-қуаты бар деп біліп, ол «бір тамаша дұға оқимын» деген тармақты, «осы өлең оқитын дұғам менің»,- деп қиыстырды деді. Ақырында:

-Басқа тілден шығарма аудару ол шығарманы өзінікі етіп алу деген сөз, өзінікі болған соң, ол өгей бала емес, туған бала болуға тиіс. Яғни өгей бала екені мүлде білінбеске керек. Ол үшін шығарманың тұрқы, тұлғасы аударылмай, мағынасы, рухы аударылуы қажет. Мына әңгіме осылай аударуға әбден келіп, соны өзі тілеп тұр: әңгіменің рухы, жаны атында емес, асыл затында, мағынасында, ал мағынасы- халқын сүйген ер азамат жайлы, жұртын сүйген жүрек туралы. Тағы бұл әңгіменің осылай «Жұртын сүйген жүрек» болып аударылуы оны жазған кісінің, Максим Горькийдің өз стиліне дәл, оның осы әңгімені жазған кезде ұстаған әдебиеттік бағытына сай деген-ді.

Мағжанның осы табан астында айтқан ақылы, үйреткен тәсілі менің көңіліме әбден қонды. Кейін, әңгіме, мақала, кітап аударумен айналысқанда мен осы ақыл-тәсілді мықты ұстадым: аударған заттарымды мейлінше қазақша етіп, нағыз қолтума етіп шығаруға тырыстым.

1925 жылдың басынан мен СССР халықтары орталық баспасының жанындағы қазақ секциясының жұмысына араластым бірде-екілі кітап аударып, бастырдым. Сол жылы жазда университетті бітіріп, Қазақстанға қайтқалы жүргенде бір жолы барғанымда, қазақ секциясында Мағжанды көрдім. Ол В.И.Ленин шығармаларын аударып бастырып жүр екен. Ұзамай кітап болып шықты: Мағжанның ол аударып жүргені В.И.Лениннің 1905 жылғы революция жайындағы еңбектері екен.

1927 жылы Мағжан өзінің қатесін, барлық кінәсін мойындап, оны кешуді өтініп, қазақстанның Советтер сьезіне арыз етіп «Тоқсанның тобы» атты ұзақ өлең жазды. Оны былай қорытты:

…Ұзын сөздің түйіні,

Он демейдім, демеспін,

Бұл тоқсанның жиыны

Ой кезінде көмескі,

Жүзден тоқсан түгел бар.

Жырладым елді жалпылап.

Жүзден тоқсан еңбекші.

Жасырман: жүзді жақтадым.

 

Он тоқсанға көнбекші,

Тоқсанға енді тоқтадым,

Көнбесе жаныштар жігер бар.

Толғанып, ойлап тапқылап.

Ес біліп, ойлап, толғанып,

Сөздің тоқтар түйіні,

Қолыма қалам алғалы.

Бұл – тоқсанның жиыны.

 

 

Сөйлеген емен жасыра.

Осы- армансыз білгенім.

Мен мұңдымын мұңдастым,

Тоқсанның сонау он аулақ,

Адассам, ел деп адастым.

Сонау окнан мен аулақ,

Он деген емен асылы.

Мен тоқсанмен біргемін.

 

Бұл – ақынның тап шыңы, бар сыры, ақ пейіл еді. Амал қанша, оны «көргіштеріміз» көрмеді, «білгіштеріміз» білмеді, Содан әділ бағаламады. Айтқанын «айтпады», – қасырды, жазғырды.

 

«Лениншіл жас», 4 қаңтар 1989 жыл.

 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button