Қалам-ЖүрекТаңдаулы

НЕСІПБЕК ДӘУІТАЙҰЛЫНЫҢ «ҚАНҚЫЗЫЛ ЖАЛҚЫН…» ӘҢГІМЕСІ ХАҚЫНДА

Несіпбек Дәуітайұлының «Қанқызыл жалқын…» атты әңгімесі шағын жанрға негізделгенімен терең философия мен психологияға құрылған. «Сәттің шоқысынан» күнде болмаса да арасына аз уақыт салып жиі көрінетін, сол маңайдағы қыстаудың «көз құртына» айналған қызыл түлкі жайында. Шығарма басынан аяғына дейін қызыл түлкімен байланысты өрбіп, сюжеті тарқатылады. Мұндағы қызыл түлкі шығарманың негізгі кейіпкері емес, керісінше кейіпкерлердің образын ашу үшін қолданылған деталь. Кез келген туынды үшін көркем детальдың қызметі айрықша. Көп жағдайда шығарманы оқып біткен соң оқырман оның негізгі мазмұнын есте сақтап, ондағы кейбір детальдар ұмыт қалып жатады. Осы туындының фабуласын еске түсіріп көрейік, мұның қай тұсында көркем деталь орын алуы мүмкін?.. Ерсуанның ауған соғысынан бір аяғынан айырылып келіп, ешқандай жұмысқа жарамай, я үйлене алмай, ауылға сыймай жүргенде сол ауылдың шаруа қожалығының иесі Өжденбайдың өзіне оң көзбен қарап, қыстауына алып келеді. Өжденбайдың қойшылардан ас-суын аямайтындығын айтпағанда, басқа барар жері жоқ Ерсуан үшін осыдан қолайлысы көрінбейді. Қыстауда осы күні жиі айтылып, елді есінен айырған қызыл түлкі пайда болады. Көкейіңнен кетпейтін қанқызыл түлкіні жұрт көзіне көрінгенімен, құс салып та, ит қосып та, атпен қуалап та ала алмай жүр. Нарқызылдың жайылымын өз алдына жекешелендіріп, қыстау салып, мал баққан қорықшылардың қайсысын тыңдасаң да шетінен қызыл түлкіні өзі аламын деп қызылкеңірдек боп жатқаны. Тіпті қызыл түлкіні кім қолға түсірсе әрқайсысы бір-бір жылқыдан беретін болып та келісті. Осы ой Ерсуанның көптен ойында жүрсе де, Өжденбайдың «аналар алдымызды орап кетпей тұрғанда күні-түні аңдысаңыз да өзіңіз қызыл түлкіні ұстаңызшы»-деген сөзі одан бетер қамшы болды. Содан түнімен, күнімен аңдып қызыл түлкіге Сарыала тайғанын салып, өзі соңынан бір балдағын атқа салақтатып артынан қуып жүргелі біраз болса да тек осы жолы қалайда қолға түсірмей қайтпайтындай. Шынында жалт етіп көрінген қызыл түлкіге Сарыала түйіле жөнеліп, ақырында түлкіні таба алмай киіз үйдің үлкендігіндей тасты айналып жүргенін көріп, Ерсуан осы маңайда ін болар деп іздейді. Шынында тайғанның дауысы шыққан жерге жақындап көріп, інді табады. Іннің іші терең болғандықтан қараңғылыққа да қарамай қызыл түлкінің қызығына еліріп алған Ерсуан еңбектеп інге кіреді. Қолында шырпысы да болмағандықтан, қараңғыда аңның көзі шоқтай жанып тұрады, қазір-ақ қолыма қылқындырып ұстап алып шығам деген оймен інге еңбектеп ене береді. Алды тасқа тіреліп, сипалап байқаса, ін төменге құлдыйлайды екен. Ендігі ойы, іннің ауызын бекітіп, ертең ішіне түтін салып, түлкіні қолға түсіру ниетімен кері шықпақ болады. Бірақ кептелген киімі де, өзі де артқа тырмысқан сайын тар іннен шығу мүмкін болмай, тар қапас мәңгілік мекеніне айналарын түсінгендей болады. Сол кезде ғана Ерсуанның өткен өмірі көз алдына елестеп, бойын қорқыныш пен үрей билеп, соңы шатаса бастайды. Қыстаудағы қойшылар Ерсуанның үйіне оралмағанын екі-үш күн өткеннен кейін ғана біледі. Барлығы жабы- лып іздесе де Ерсуанды таппайды. Арнайы әдебиет маманы болмаса көркем детальдың үлкен қызмет атқарып тұрғанын аңғармай мазмұнын баяндаудан немесе әңгіменің даналыққа құрылған тұсына мән беруден аса алмай жатамыз. Бұл шығарманың ерекшелігін бірнеше қырынан түсіндіруге болады: Біріншіден, әңгіме авторы Н.Дәуітайұлы өзіне дейінгі заңғар жазушы Ә.Кекілбайұлының «Шыңырауындағы» Еңсептің елде жоқ ең терең құдық қазам деп, құдықтан шықпай қалуы, Э.Хеменгуэйдің «Шал мен теңізінде» шалдың 84 күн бойы үлкен балықты қолға түсірем деп ескі қайықпен ашық теңізге шығып кетуі сияқты үлкен шығармадағы астарлы ойды шағын сюжетке сыйғызған. Азаматтың адамдықтан айырылып пенделікке бой ұруы әп-сәтте және соңы баянсыз аяқталатынын жазушы тағы бір рет оқырманға мойындатады. Бұл – тақырыбы әр басқа, идеясы ортақ шығармалар тобы деуге негіз бар. Екіншіден, Ерсуанның қызыл түлкінің соңында жүріп, түлкіден көз жазып қалғанда ертеректе естіген әңгімесінің еске түсуі туындының толық идеясын айқындап тұрғандай. Әңгімеде, байдың жалғыз ұлы өзіне қалдырған қазынаны санап тұрып, енді не жетпей жатқанын әкесінен сұрайды. Әкесі алтын ғана жетпейтінін айтады. Әкеден қалған мұраны місе тұтпаған жігіт сол алтынды табуды мақсат тұтады. Әкесі осы қалған қазынаның өзі аз болмайтынын, оның жолын айтсам қайтып оралмауың мүмкін дегенін де тыңдамайды. Ал әкесінің бауыры жасы жеткен ағасынан қалған қазынаға мұрагер болуды аңсап жүргенде, жігіттің бұл ойы оған үміт сыйлағандай болады. Ол алтынды табу үшін қалай жол жүруді де, ол жолдан ешкімнің оралмайтынында білетін. Сондықтан жігітті жасырын жолға салып жібереді. Әбден арып-ашып, ағасы айтқан өзенге келгенде сақалшашы кудай қарияға жолығып, өзінің не мақсатпен келгенін айтады. Қария, мұның шарты қиын екенін айтса да жігіттің бар ойы алтында болғандықтан басқа ой миына кіріп те шықпайды. Осы кезде қол басындай алтынды байлап, жалпақ тақтайды қайнап ағып жатқан өзенге тастап жібереді де, «ұстап ал, ұстай алмайтыныңды білсең кері қайт, әйтпесе өзіңе өкпеле», дейді. Бір қызығы алтын байлаған тақтай сырғып ағып та кетпейді, жай ғана қалқып су бетінде тұрады. Ал жігіт сүңгіп жетейін десе, судың ағысымен ары жылжып кетеді екен. Жігіт осылай қанша жерге жеткені белгісіз, бірақ жігітті одан кейін көрген адам болмапты. Әңгіменің бұл тұсын жанама сюжет деп те қарастыруға болар еді. Алайда, сюжеттің шешімі немен аяқталатынын осы бір әңгімеге сыйғызып, оқырманды алдын ала хабардар еткендіктен тағы да көркем детальдың қызметін атқарып тұр. Үшіншіден, бүкіл қыстақтың атқамінерлері мен малшысына дейін қолға түспейтін қызыл түлкі үшін қызылкеңірдек болуы жайдан-жай емес. Бұл жерде қызыл символикалық мағынада алынып тұрса, түлкі көзбояушылық сипатта аллегория түрінде берілген.Шығармада «қызыл жалқын…» ойлар мен қызыл түлкі қатар өріліп, психологиялық параллелизммен толыққан. Төртіншіден, «Әшейінде неге де елеңдей қоймайтын Ерсуан осы қанқызыл түлкіні көрген сәтте еліріп кететін өзіне беймәлім бір күй кешетінін сезген. Мұнысы несі? Желіктіріп, жеңсік бермей кететін ненің күші? Білетіні, қанқызыл түлкіге тап берген сарыала тайғанның соңына түсті бітті, жалғыз аяғын үзеңгіге тіреп, аяғы жоқ жақтағы білегінің қарына іліп алған балдағы ары да бері де салақтап, көктөбелді борбайлағанда мынау тау-тас екен, оның үсті қар, мұз екен, ат сүрініп кетер, тайып жығылар, ер үстінен ұшып кетіп, құладүзде жайрап қалып жүрмейін-ай демейді. Ауған соғысында кез келген сәтте мүрдем кетуім әбден мүмкін деген секем, үрей кез келген сәтте қылаң беріп, қиғылық салатын, ал мынаған келгенде ондай сезімнің бірі де жоқ, өлсін-тірілсін әйтеуір, ана қанқызыл түлкіні алып, терісін іреп-сойып, ғажайып қызыл ұлпасын сылап-сипап, бөктергісінде салақтатып бара жатса, бар мұратына жететін секілді. Тіпті, оны Өжденбайға апарып беретіні ешқашан өзінікі болмайтыны есінен шығып кетеді»-деп, автор Ерсуан мінезіндегі құбылушылықты психологиялық баяндаумен тап басқан. Бесіншіден, автор Ерсуанның ауған соғысына барып от пен оқтың арасында жүргенде де қорықпаған жүрегі тар іннің аузында кептеліп тұрып қалғанда бүкіл өткен өмірі мен өзінің осы күнге дейінгі арманы көз алдынан сырғып өткендей болды. Адамның ақылын, иманын, еркін жаулаған ашкөздіктен адамдардың түбіне жететіні туралы ойы да кейіпкер монологы арқылы берілген. Әйгілі Абайдың «Ескендір» поэмасындағы «адамның көзі топырақпен ғана тояды» дейтін философиясының ізі де осы туындыда орын алған. Алтыншы, автордың әңгімені аяқтауы да өзгеше. Санасы шатаса бастаған Ерсуанның ойы екіге жарылып, біреумен, әлде өзімен сөйлескені белгісіз халге түсуі – антиутопиялық ойдың элементін елестетеді. Көзін бір ашып, бір жұмып, елес пен өмірдің арасында жатқан Ерсуан түрлі процессті басынан өткереді. Енді бір сәтте қозғалудан қалған денесіне жылылық енгендей, іннің ойық тұсын қараса қанқызыл түлкінің лаулап жанып жатқан оттың ортасында биік тұғырда отыруы, айналасында түлкіге ұмтылған адамдардың лаулаған отқа түсіп, жанып жатуы – санадағы пенделік қасиеттің түбі жеңіліспен аяқталатынын тағы бір еске салады.Шығарманың бұл тұсы меннипея тәсіліне ұқсайды.

 

Роза ЕСБАЛАЕВА Түркістан қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button