Алаш тағылымыТаңдаулы

ШОЛПАННЫҢ КҮНӘСІ

 

«Шолпанның күнәсі» әңгімесінде поэзиядан табиғи жалғасын тапқан, символмен көмкерілген  астарлы ой, ишара, терең лиризм бар.  Әңгіменің сезім, жан толғауы секілді әсер беретін  ерекшелігі,  Шолпан образының тосындығы, шығарманың өн бойында жиі кездесетін қайталамалар, ақындық тіл, кейіпкер ойымен астасып, жымдасып кететін авторлық толғаныстар т.б.  әңгіменің көркем табиғатын тануға еріксіз жетелейді.

Шолпан – романтикалық кейіпкер. ХХ ғасыр басында қазақ әдебиетінде жаппай жырланған  қазақ әйелінің ауыр тағдыры, жан қалауының қоғам талабымен  үйлесімде болуы, автордың көркем шешімді жаңа заманның талабына сай ұйымдастыруға тырысуы  секілді белгілерді «Шолпанның күнәсі» әңгімесінен мүлдем кездестірмейсіз. Мағжан негізгі кейіпкері мен оның жан әлеміндегі  арпалыс арқылы  жылдар бойы үзілмей,  үздіксіз толғап келе жатқан ой желісінен ауытқымайды.

Мағжан поэзиясында «әйел» образы тұтас бір көркемдік жүйенің негізгі желісін құрайды. Ж.Аймауытов Мағжан поэзиясына талдау жасағанда ақын өлеңдерінде жиі кездесетін «әйел» образының бір ұшы  оның символизммен байланысында жатқандығын ескертеді. Сыншы Мағжанның  әйелдің халін суреттеген өлеңдерінде  күйректік, жылауықтық (сентиментализм), романтизм белгілерінің де байқалатынын айтады.  Мағжан өлеңдеріне осы қырдан барлау жасасақ, «әйел» образы ақын  үшін тағдыры ауыр мұңлық бейнесінде ғана емес, ой айтудың, сезім қозғаудың, астарлы, бейнелі ойдың  көркем  тәсілі ретінде қолданған ізденісі екендігін байқаймыз. Мағжан поэзиясындағы «әйел» – оның сүйгені, жан жары, сырласы, өмірінің мәні. Ақын үшін  «әйел» – жан жұмбағы, жүректің сөзін жеткізер асылы, өмірінің мәніне айналған, өмірдің жұмбағын шешкен  өнері.  Мағжан лирикасында «тулаған ессіз жүректің» жан сөзі бар. Сондықтан Мағжан Өлеңді «жанымның жаны; тәнімнің қаны; тіршілігім сенімен» дейді. («Өлең»). Автордың  поэзиядағы «жан жұмбағы», «жүрек сыры» мотиві  «Шолпанның күнәсінде»  жалғас тауып, көркем шешім табады. Әңгімеде  автордың «ессіз Шолпан» ойларымен  жымдасып, тұтасып жататын  толғаныстары көп. «Теңіз терең емес, әйелдің жаны терең. Жеті қабат жер астындағы нәрсені білуге мүмкін, бірақ әйел жанының мінезін білуге мүмкін емес» деген жолдар Мағжан шығармашылығындағы «жан» мәселесінің көрінісі.

«Шолпанның күнәсі» – ақындық прозаның үлгісі. Мағжанның орыс символистерінен  өзіне ұстаз тұтқан В.Брюсовтың «…Сезім қозғауды мақсат еткен  дүниенің бәрін мен  лирика деп есептеймін. Осы тұрғыдан келгенде,  лирикалық поэма да, драмалық  наброскілер де, тіпті прозалық үлгідегі шығармалар да лирикаға жатады»  деген пікірі Мағжанның әдебиетке қатысты ойларымен  сабақтас.

Мағжан прозасын танып, талдаудың бір ұшы – символизмде. Мағжан шығармашылығындағы   символизмнің  әдеби позициясы мен табиғатынан өрбитін  мәселелер  ақын  прозасына тікелей жол салады. Символизмнің негізгі кредосы – жан сырын ашатын лирикалық тәсілде. Лирикалық стихия синтетикалық, полисемантикалық  мәнге ие  көркем образ арқылы автор позициясы мен болмысын тануға мүмкіндік береді. Мағжан шығармашылығын бажайлап оқыған оқырман ақын  лирикасынан бастау алатын символ образдың символ ой мен символ-идеяға, әрі қарай оның тұтас категорияға айналғанын  байқайды. «Шолпанның күнәсі» әңгімесі- Мағжан поэзиясының синтезі. «Жүрек»( «ессіз жүрек»), «жан» («адам жаны»), «тілек»( «ессіз тілек», «Тәңірі» («Жасаған»), «өлім», «бала», «күнә», «жалғыз»   сияқты символ-сөздер «Шолпанның күнәсі» әңгімесінің астарлы  ойын ашатын  эстетикалық категорияға айналған  деп ойлаймыз.

Белгілі Мағжантанушы Ш.Елеукенов Мағжанның «Жан сөзі» өлеңін  ақынның символистік дәуірге жасаған қорытындысы деген пікір айтады. Ғалым пікірімен келісе отырып,  аталмыш өлеңдегі  ақынның «жан сөзінен» тарқатылатын  символдардың жалғасы  Шолпанның  жан  сырын ашуда керемет шеберлікпен қолданылғандығына назар аудартқымыз келеді. Сондай-ақ  Ш.Елеукенов біз үзінді келтіріп отырған еңбегінде символизм жайында «…Қазақ поэзиясы дәстүрлерімен жолыққанда  ол қандай күйге енеді. Мүмкін бұған дейін аңдамай жүрген қырлары ашылып қалар… Оның француз, орыс символизмінен өз ерекшеліктері бар» [ 286]  деген қорытынды жасайды.  Осы тұста символизм Мағжан шығармашылығының белгілі бір кезеңіне ғана қатысты ерекшелік емес, оның ақын дүниетанымымен, дәстүрлі ұлттық таныммен байланысты тәсіл екендігін де  ескерген жөн секілді. Шығыс әдебиетінде, түркілік поэзияда, қазақ фольклорында ойды астарлап айту, жұмбақтау оқырманнан белгілі бір дайындықты, тереңдікті, ой ұшқырлығын, сезімталдықты  қажет ететін дәстүрлі  көркем тәсіл ретінде сәтті қолданылғанын білеміз.   Қазақ ертегілеріндегі қыз жұмбағы, шешендік сөздердегі астарлы ой, жыраулық поэзиядағы болашақтың ишараға толы болжамы, мысал өлеңдердегі аллегория – ұлттық символизмнің негізін дәлелдейтін көркем үлгілер. А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқышта» «қазақтың «бернемен сөйлейді» деуінің өзі иә  «пердемен жасырып сөйлейді» дегеннен шыққан боларға керек… Бернелеу біткеннің лебіз мағынасынан басқа астыртын мағынасы болады. Бернелеу өте ұзақ болса, айтушы баяндап береді, иә болмаса ұшығын көрсетіп қояды» деп, қазақ әдебиетінде бернелеп, астыртын мағынаға салып сөйлеудің  бірнеше мысалының ішінде  Мағжанның «Көбелек» өлеңін де  үлгі етеді.   Мағжан шығармашылығындағы символизмнің табиғаты әрі дәстүр (ұлттық, шығыстық),  әрі орыс символизмінің әсері тұрғысынан зерттелгенде  кеңірек ашылары сөзсіз. Белгілі ғалым Б.Кәрібаеваның  Мағжан поэзиясындағы көркем әдіс-тәсілдерді тану жайындағы жаңашыл пікірі ойымызды  дәлелдей түсері анық. «Қала берді оның алыстан көз тартатын, жаңалап қолданған, еселеп айқындай түскен символистік, романтикалық амал-тәсілдері қазақтың көне әдебиеті мен шығыс поэзиясында тұнып тұр. Оның «Тұнықтан жүзіп ішпей қанбау» сыры да сонда болса керек» деп, ғалым  Мағжан поэзиясындағы мазмұн мен түрдің  тарихи поэтикалық тамырын іздеу  ғылыми үлкен міндет екендігін ескертеді.

Прозадағы ырғақ мәселесінің көтеріліп келе жатқандығына біраз уақыт болды. Мағжан әңгімесінің өлең сөздей оқылуының шын сыры – автордың поэтикалық  ойлау машығынан  туған ерекшелік.   А.Байтұрсыновша айтқанда, «Шолпанның күнәсі» ойды  «ақын тілмен» жеткізудің үлгісі. Мағжан прозасындағы ырғақтың табиғатын ашатын бірнеше көркем тәсіл бар. Солардың бірі- әңгіменің өн бойында әдемі көркем үйлесім тудыратын  ой ағынының ырғағы.  «Дүниеде теңіз терең емес…» деп басталатын ойды жазушы  шешуші сәттерде кейіпкердің ішкі сезім толқынысына  салып, толғандырып,  қайталау арқылы  оқырманды да сол ой ырғағына қарай икемдейді.  Алғашқыда Шолпан бала болмасын деген ойының жауабын  Сәрсембайдың өзіне деген махаббат сезімінен іздеді.  «Дүниеде теңіз терең емес, адамның жаны терең, Шолпанның ерінің жанының терең түбінде қандай ой, қандай тілек жатқанын кім білсін, әйтеуір Шолпанға осылай көрінуші еді». Автор алғашқы ойдың жалғасын Шолпанның Жасағаннан «бала бере гөр» деп жалбарынып, жақынның да, жаттың да ортасында жалғыз қалған  сәтінде ашып,  тереңдетеді. «Теңіз терең емес, адамның жаны терең. Су түбінде жатқан зат жел толқытса ғана шықпақ. Ой түбінде жатқан сыр шер толқытса да шықпақ емес. Шықса, шер мен сырдың көлеңкесі, сәулесі ғана шықпақ». Шолпанның бойына бала біткенде, «уланған өмірі гүлденіп», «іздеген жоғы табылып», «басты байлап, естен айрылып, күнәға айдаған кесел жойылды-ау» деген тұста жазушы   кейіпкер образымен бітісіп, шығарманың негізгі желісіне айналған ойын түйіндейді.  «Теңіз терең емес, әйелдің жаны терең. Жеті қабат жер астындағы нәрсені білуге мүмкін, бірақ әйел жанының мінезін білуге мүмкін емес».  Жазушының жан толғанысы кейіпкер ойының ағынымен әңгіменің табиғи ырғағын туғызып отыр.  А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышының» «Сөз талғау» бөлімінің «тіл көрнектілігі» деген тараушасында   «қайталақтау»   термині қолданылады: «Бір сөзді яки бір лебізді қайта-қайта айту қайталақтау  деп аталады. Ондай қайта-қайта айту нәрсенің өзіне яки ғамалына көбірек назар салғызу үшін істеледі». Қазақ әдебиетіндегі  фольклордан келе жатқан аталмыш тәсілді Мағжан поэзияда да, прозада да сәтті пайдаланады.  Бірақ ескерер бір жайт, қайталау көркем тәсіл ретінде өте үлкен шеберлікті қажет етеді. Мағжан әңгімеде осы шеберліктің үздік үлгісін көрсетті.

Мағжан әңгімесінде ырғақ жасаушы тағы бір тәсіл – Шолпанның жан  сырының  уақыт ырғағымен ашылуы. «Бірін-бірі қуалап ай соңынан ай озды, бірін-бірі жетелеп жыл соңынан жыл озды, не керек, Шолпанның «бала болмасын» деген ойы бекігеннен бекіді»; «Бірақ бірін-бірі қуалап ай соңынан ай озды, тілей-тілей тілек тозды, жүрек тозды: өмір тозды»; «Бірақ бірін-бірі жетелеп жыл соңынан жыл озды. Баладан белгі болмады», «Тілегі қабыл болмады- Тәңіріден тәуелі қайтты, өмір шіркін ескен желдей озып барады»;  «Өмір озады-тілек тозады-бала жоқ»  деп келетін қайталаулар уақыттың өтпелілігін ғана емес, Шолпанның өмірінің «озып» бара жатқандығының да белгісін байқатады.

«Шолпанның күнәсі» әңгімесінде бір сөздің немесе тіркестің де ой ағынының ішінде  қайталанып беріліп, екпін түсіріліп отыратын сәттері  жиі кездеседі. Автор қайталау арқылы сөздің мағыналық  тереңдігін, эмоциялық-экспрессивтік қуатын күшейтіп қана қоймай, Шолпан жанының әрі-сәрі күйге түскен бейнесін де ашады. «Осы ойлармен талай түндерде, талай таң мезгілінде Тәңірден: «Бала берме!»- деп тілеп еді»; «Үш жыл бойы ері де ешбір уақыт бала жоқтамаған сықылды еді, үш жыл бойы Шолпаннан басқа, Шолпанның оттай ыстық, желдей жібек құшағынан басқа ештеңе тілемеген еді»; «Сөз жоқ, мен бақытсыз болсам, Сәрсенбай да бақытсыз», «Баласы құрысын! Сүттей ақ махаббатты, балдан тәтті өмірді улаған баласы құрысын», «Бәріне лағынет жаусын! Өмірді улаған сол іштегі балаға лағынет жаусын!..», «Мынау күнә өмір бойы күнә болып қалмай ма?..». Жазушы қайталау арқылы оқырманның  назарын ғана  емес, Шолпанның  «жүрек жарасының» сырын ұғатын көңілін де аударғысы келеді

Мағжанның көркем шығармаларында тұтас метафоралық жүйе құрайтын  тіркестер  бар. Поэзиясының негізгі бернесіне айналған «жүрек» сөзін жазушы  басты кейіпкерінің  баламасы ретінде алып, оны жанды образға айналдырады. Кейіпкердің   сезімі, жан арпалысы «жүрек» бернесі арқылы ашылады.  «Жас жүректің ұйытқыған ондай есалаң тілегі»,  «екі жүйрік жүректің екпіні баяулаған кезде»,  «желдей есалаң жүрегін қара жыландай қап-қара ойлар орап алып», «соға-соға жүрек тозды, тілек тозды, жүрек тозды: өмір тозды»,  «талай түндерде көзден емес, жүректен ыстық жас төкті» «Шолпан жүрегіндегі  жараны ешкімге ашқан жоқ», «жүрек жырын ұқпағанына зығырданы қайнаушы еді» деп келетін үзінділерден  жазушының негізгі   ойын, жүрегінің сырын ұғамыз. Жазушы өзі екпін салып, қайталап отыратын символ сөздерінің көркем образын жасайды.  «Тілек», «махаббат», «ой», «өмір»,  «көз жасы» секілді сөздердің метафоралық жүйесін кеңейтеді.  «Есалаң тілек», «ізгі тілек» «жібектей нәзік махаббат жібі», «жалынды, екпінді махаббат», «иманнан да ізгі махаббат», «сүттей ақ  махаббат»,  «есалаң өмір», «балдан тәтті өмір», «кеуіп қалған шөптің қауызындай бос өмірдің кемтігі», «сөніп бара жатқан өмір», «ертегідей, әдемі өмір», «есалаң өзендей есалаң өмір озып бара жатты», «тәтті ой», «улы ой», «қап-қара ойлар», «қаракөк теңіздің толқындарындай ұйытқыған ойлар», «оттай ыстық, желдей жібек құшақ», «жалынды құшақ», «отты, жынды құшақ», «отты сүю», «ыстық мөлдір жас», «жүректен ыстық жас төкті», «көзінде жас қалмады», «әлдекімнің жас орнына қан жылағанын», «бота көзінен мөлдір жасын сүртіп», «ұшқыр жан», «жанды жеген жұмбақ», «жанынан жақын жары», «жанын жеген жегі» деп келетін  метафоралық қолданыстар  әңгіменің поэтикалық қуатын күшейтіп қана қоймай, астарлы ойдың кілтін тауып, мәнін ашуға да көмектеседі.

   Тілдің табиғатына орай  сөздің қалыпты  орны ауысқан жағдайда,   ой- сезім  екпініне  байланысты оның   жаңадан бір әсерлі,  сырлы табиғаты ашылатынын білеміз.   Мағжан  ой мен әрекет иесін сөйлем басында емес, соңында атайды. Сөздің орнын ауыстыру  Мағжанның кейіпкеріне қатысын ашып қана қоймайды, сонымен бірге   оқырманның көңіл ауанын да соған қарай бағыттайды. Бұл тәсілдің ырғақ тудырушы көркем қызметінің бар екендігін де ескеруіміз қажет.  Мысалы, «…екпінді махаббаты бүлінер, бәсеңдер, суынар деп қорқушы еді Шолпан», «…бала болмауын тілеп еді Шолпан», «…бір қалыпты тұрғаны сол баланың жоқтығынан ғой деп ойлады Шолпан», «жарынан басқа адамның сөзін не қылсын Шолпан», «…қандай ессіздік істемеді есті Шолпан», «бетін қожаның аузына тақап, тосып  отырушы еді Шолпан», «жанын аман алып қаламын деп ойлады Шолпан», «жайылып бара жатқан өсекпен қалай күреседі Шолпан?» деп келетін  үзінділер  Шолпан характерін ашуда   сәтті қолданылған көркем тәсілдің дәлелі.

Сөздің әуезділігін тудыратын «өрнекті сөйлемдер» жайлы А.Байтұрсынов былай дейді: «… Сөз кестесі келсе, құлаққа жағымды болады. Құлаққа жағымды болуы әуезділік болады. Сондықтан да ондай сөздердің сөйлемдері өрнекті сөйлем деп аталады. Өрнекті сөйлемдердің өлеңдісі де, өлеңсізі де болады… Өрнекті сөйлемді айтқанда, дауыс көтеріліп, төмендеп, әнше оралып, қайырылып отырады. Сондықтан өрнекті сөйлем оралым ( яки шұбыртпа) деп аталады» [372-373]. Ғалым пікіріне ден қойсақ, «Шолпанның күнәсі» әңгімесі негізінен  өрнекке салынған оралымды ойдан, әуезді сөйлемдерден тұрады. Мысал келтіріп көрелік. « Өмір – бір құрулы машина. Тоқтау білмейтін, шаршау білмейтін жансыз машина. Әлдекімнің жас орнына қан жылағанын, әлдекімнің үміті өшіп, гүлі солып жатқанын, дөңгелектің арасында әлдекімнің қолы, аяғы, басы- барлық денесі кеткенін, денесі ғана емес, жаны, жүрегі кеткенін не қылсын?! Қайырылып қарау білмейтін, аяу білмейтін өмір Шолпанның да жүрегінен саулап аққан қанына, қанаты сынып өліп жатқан жанына кідіріп, бұрылып қараған жоқ…», «Әйел – ердің тәңірісі, жарата да алады, жоқ қыла да алады, сүйдіре де алады, күйдіре де алады..», «Әлдеқайда алыста бұлдырлап  келе жатқан кәрілік. Көзінің оты сөніп, сұп-сұр күлге айналған, күздей көңілсіз кәрілік. Жанның қанатын қырқатын, жүректің отын сөндіретін кәрілік»;  «Ғашық адамға құранның аяты қасиетті емес, жарының сөзі қасиетті»; «Бірақ бірін-бірі жетелеп жыл соңынан жыл озды. Баладан белгі болмады. Шолпан тілеуден талмады. Көзінде жас қалмады. Дүниеден безді. Пірәдар болды, әулиеге ат айтты, қорасанға қой айтты» деп, Мағжан көңілдегі ойдың әуезді, өрнекті көркем үлгісін жасайды.

Жолдасова Ұлжан Махамбетқызы
Н.Оңдасынов атындағы Түркістан мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Түркістан қаласы

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button