Қоғам және бізТаңдаулы

ӘКЕ ИІСІ СІҢГЕН ЖЕЙДЕ

Ғасыр ғибраты

(эссе)

«Ерттеп мінсем бір жүйрік ұшқыр атты,

Шапсам, ұшсам сұңқардай құстан қатты,

Жалпақ дала, кең теңіз бәрін өтіп,

Қуып жетіп, қайтарсам жастық шақты

Мағжан Жұмабаев

 

«Ата-анасы мойындарына бұршақ салып жүріп, Құдайдан тілеп алған тұлымдының маңдайынан – желден өзге ешкім шерте алмайды…деп, бір кідірді, әңгімесінің бөгенайы бөлек Күләш Бекбауова апамыз. – Асқар тауым әкем Әуесбек Бекбауовтың көп күткен қуанышы, тұла бойы тұңғышымын, мен. «Айдарлы ұлым, тұлымды қызым» дейтін қазақ моншақтай мөлдір періштесінің бетіне ешкімді қаратпады, «Екі қойың бір теңге» тентек болмасам да, ағыл-тегіл әлпештеді.

Тік жүріп, сәнді киіндім; еркелеп өсіп, еркін сөйледім. Ерте гүлдеп, ерте пістім. Қанмен келген қасиет: сырбаздық, шешендік, намысшылдық қашып құтылмады, менен. Төр басынан төскейге дейінгі шаруаны төсек үстінде түгел көретін көзі қырағы, сөзі уәлі жаулықтының сестісі де, етектінің естісі де болдым…

Есімде ерекше қалғаны әкемнің бойындағы мейірімділік, көзіндегі жылулық, сөзіндегі тұрақтылық. Бірсөзді, уәдеге берік, сертке адал әкемнің болмысы бөлек, тұлғасы айрақша еді. Ол біреулер секілді жалаулатып, жарапазан айтып тәрбиелеген жоқ, өзінің мінезқұлық, жүрісұрысымен ғана ұлқызына тәлім берді.

Жетіжылдық мектепті үздік аяқтап, Қарақұм совхозында есепші болған әкем 18 жасында Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанады. 1944 жылы көрер жарығы таусылмаған әкем жарақатының салдарынан елге қайтып оралады. Денсаулығы біршама түзеп, Төрткүлдегі дүкендердің орталық қоймасында «қоймашылық» пен Селмак дүкенінде «дүкеншілікті» қоса атқарыпты.

Бойындағы білімге құштарлық пен білікке ұмтылыс қасиеттердің қуатымен әкем Алматы қаласына барып, «Қарғалы саудакоперативтік техникумында» оқиды. 1953 жылы Шымкент қаласындағы мұғалімдер институтында күндізгі бөлімде білімін жалғастырған әкем 1963-1965 жылдар аралығында Шымкент педагогикалық институтының «физикаматематика» факультетінде білімін жетілдірген. Алаштың асқақ ақыны Мағжан Жұмабаев «Қарағым» атты жырында:

«Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме!

Ойынға, құр қаларсың, көңiл берме.

Оқымай ойын қуған балаларға,

Жолама, шақырса да қасына ерме!

 

Кiдiрме, аяңдама, алға ұмтыл,

«Алам» деп көктен жұлдыз қолың серме.

«Қарманған қарап қалмас!» деген рас сөз,

Тоқтамай iсте болсаң, батып терге.

 

Жасынан оқу оқып, өнер қуған,

Жан жетпес көңiлi жүйрiк кемеңгерге.

Бiлiмсiз, құр қалтақтап жүргенменен,

Ерте өлген, көмiлулi қара жерге…» депті…

Әкемнің ең алғашқы ұстаздық қызметі Шаян ауылынан басталып, 1958 жылы Ордабасы ауданында жалғасын табады. Десе де, қазақтың бастан кешірген зұлматтары көп қой, расы, менің әкемнің де тағдыр жолы бірсыдырғы емес: аштықты да, соғысты да белден кешті…

Сол қасыреттердің жалғыз мысалы ретінде қазақтың қабырғалы оқымыстысы Мекемтас Мырзахметұлының: «1932-1933 жылдары ашаршылық болды. Аштықтан қиналған соң, түс кезінде жездеміздің үйіне қарай жолға шықтық. Анам сонда қарындасымды бауырына алып, мені қолымнан жетелеп, аштықтан бұралып әрең жүрді. Жол өнбей, ауылға жақындаған шақта қас қарайып кетті. Бір кезде бізді үш қасқыр қамап, топырақ шаша бастады. Мен қорыққанымнан анамның етегіне тығылдым. Анам қолын сермеп, ышқына айғайласа да, қасқырлар қаймықпады. Содан анам қарындасымды жерге қойып, мені арқалай жөнелді. Қасқырлар қарындасыма қарай бас салған болу керек, «шар» еткен дауысы естілді. Біз сол уақытта аманесен құтылып үлгердік. Кейін барып қарасақ, қарындасымның шашынан басқа ештеңе қалмапты. Бұл қасірет. Ашаршылық кезінде қазақ даласында осындай қасыреттер қадам басқан сайын болды. Мен оны өз көзіммен көрдім…», – деген ауыр сөздері жеткілікті…»

 

*** *** ***

 

Иә, әр қазақ секілді ашаршылықтың тауқыметін көрген әрі өмір жолында абыройлы қызметтер атқарған Әуесбек Бекбауов атамыздың ұлт жолындағы елеулі еңбегінің тереңінде қанына сіңген тектілік тұрды. Әуесбек Бекбауовтың  нағашы атасы Нұрымбет Арыс өзені тасып, арғы бет пен бергі беттегі халық тұйықталып қалғанда, көпір салдырыпты.

Дін жолына түсіп, 1800 жылы қажылыққа барып, «Нұрымбет қажы» атанған қасиеті кемел нағашы қасиетті Мекке қаласынды қалуды ұйғарып, елге жиналған серіктеріне аманаттап: «Менің қызым Қантай – Бекбаудың қалыңдығы, сол кісіге ұзатыңдар» – деп, Ыстамбұл қаласынан сары самаурын, қантқайшы, көркі көз тартқан жібек көрпе-төсек беріп жіберген екен.

Күләш апамыздың әжесі он жеті құрсақ көтергенімен, сол кездегі елді жайлаған ауруға төтеп бере алмай, бір ғана қыз бен ұл аман қалады. Тоз-тозы шыққан халық. Аштықтан бір-бірін аямаған жұрт. Азық іздеп, иен далада иесіз қалған ел…

Шынында, айтуға тіл жетпейтін қатал кезең еді…

Әуесбек атамыздың анасы азық іздеп, үдерген көшке ілесіп, төрт жасар қызын қайын ағасына тастап, ұлын қолтығына қысып, Тәшкенге жол тартады. Мақсат – тар құрсағын кеңейткен жалғыз ұлын аштықтан аман алып қалу. Ана тілегі қабыл болып, ұлы аман қалғанымен, елге оралғанда, алдынан қайынағасының жылап шыққанын көргенде, жағдайды түсінеді…

«Жан аға!

Шықтым өлімнен,

Халімді менің көрсейші

Жаның нұрға көмілген,

Нұрыңнан ұшқын берсейші!» (Жамбылға) – деп, Мағжан Жұмабаев жырламақшы, қатал заман өз дегеніне жеткен екен…

1955 жылы Әуесбек атамыз Фатима Панзабекқызымен бас қосады. Күләш апамыз туған отбасы туралы толғай сөйледі: «Анамның тұрмыста көрген тауқыметі аз емес: бес жасында анадан жетім қалды. Өгей ананың қолында тәрбиеленген анам білім жолына түсе алмады. Әкеме тұрмысқа шыққаннан сауда саласында жұмыс жасап, жалғыз өзі бірнеше дүкендердің жұмысын қадағалады. Анамның осылай кәсіпті меңгеріп, дөңгелетіп алып кетуіне арғы атасы Серікбай болыстан ауысқан дарындығы деп білемін.

Елді жайлаған ессіз ашаршылықты еңсеріп, сұрапыл соғыстың тауқыметін тартып, аман оралған әкемнен бес ұл, үш қыз қалды. Ошақтың тұңғышы мен 1956 жылдың 14 желтоқсанында қазіргі Бәйдібек ауданында дүниеге келдім. Табиғатымда шығармашылық қабілетім бар, бірақ, әке жолын ұстап, мұғалім болдым. Умра қажылығын өтеп келдім.

 Анам қазір шүкір тоқсанның үстінде. Қарашада барлық ұл-қыздары, немерелері, шөберелері, ағайын-жұрты, құда-жекжаты жиналып, тоқсан жылдықты тойладық.

Ерболым – Алматы қаласындағы Туберкулезді зерттеу ғылыми институтының хирургі. Денсаулық сақтау саласының үздігі.  Ғабитым – кәсіпкер. Ғазиза қызым «Қазақстан дәуірі» газетінде журналист болып қызмет атқарды.

Әкемнің екінші баласы Мұхтар мен жұбайы тағдырдың жазуымен өмірден ерте өтті. Артында бір ұл, бір қыз қалды: Абай –полиция қызметкері, Дина кәсіпкер.

Әкемнің үшінші баласы Асқар – өмірін елге қызмет етуге арнады, Қарақұм ауылы әкімінің орынбасары болды, қазір әртүрлі салада қызмет атқарып жүрген Әсет, Айбек, Қазыбек, Нұрбек есімді төрт ұлдың зейнеткерәкесі.

 

Асыл әкемнің екінші моншақты қызы – Нағима Қожа әулетіне келін. Үлкен ұлы Жомарт – медицина саласында, екінші ұлы Мұса – білім саласында. Үшінші ұлы Мұхаммед – Астана қаласындағы оңалту орталығында; Уәлихан баласы (жұбайымен) – Бирма мемлекетіндегі Мьянма қаласында Кембридж университетінің филиалында мұғалім. Бөріхан Испаниялық беделді бір компанияда IT-програмист. Жолдасы Нұрманмен бірге Нағима Әуесбекқызы Умра қажылығын өтеп келді.

 

Бесінші бала Саттар Әуесбекұлы медицина ғылымдарының докторы. Қазіргі таңда жеке клиниканың қожайыны.

Ғылым жолындағы Саттардың баласы Қайсар – Мәскеу мен Лонданда оқып, Атырауда жұмыс істейді. Мәскеуде білім алған қызы Гауһар – төл кәсібін дөңгелетіп отыр.

Осындай жайсаң ұрпақ жайлы толғанғанда, адуынды ақын Мағжан Жұмабаевтың:

«…Түріктің кім кеміткен музыкасын,

Фараби тоғыз ішекті домбырасын

Шерткенде тоқсан тоғыз түрлендіріп,

Жұбанып, кім тыймаған көздің жасын?!» – дегені еріксіз еске түседі. Өмір өкінішсіз емес қой, Саттардан кейінгі Бақытжан жиырма бірінде дүниеден өтті

Отбасындағы қыздың кенжесі Жәмила – екі ұл тәрбиеледі: Дархан – түрік компаниясында экономист, Нұрхан – Тұран университетінің Экономика факультетінде оқиды.

Анамның қолында үйдің ұл кенжесі Русланның атын өзім қойғанмын. Бұгінде ердің жасына жеткен інімнің Әмина, Ибрагим, Мәриям, Анар, Рәбия есімді ұлқыздары – мектеп қабырғасында білім алып жатқан жас бүлдіршіндер.

Киелі топырақтың бір қаһарман перзенті, менің ардақты әкем Әуесбек Бекбауовтың есімі ел есінде екендігі, ұмытылмайтыны сөзсіз.

«Ғаламның сұлулары татымайды,

Анамның күліп тұрған бейнесіне.

Әлемнің әтірлері тең келмейді,

Әкемнің иісі сіңген жейдесіне…» – деп, ақ сүт берген анамыз бен арқамыздағы қарт Қаратаудай қуатты қорған әкеміздің қадірін біліп, қасиетін ұққан ұлтпыз… Бәрін түсінемін, Мағжан ақынұмабаев) айтпақшы:

«Жоқты күтпе.

Оқ қайтпас бір атқан соң,

Қайтып татар нәрсе емес бір татқан соң,

Ізі жоқ іздеп табар, құр қаңғырма,

Күнбатыстан Күн шықпас бір батқан соң

«Әкесі бар баланың – жебесі тастан өтеді» дейді ғой Бұқар жырау, құдайдан сұрарым: әкетайымның жаны Жәннатта шалқығай!»

 

*** *** ***

 

Әкесі туралы сөз қаузағанда жанарына мөлтіл жас тұнған Күләш Бекбауова апам: ««Ұстаздық» деген ұлы қызметтің жолында жүріп, талай қазақ балаларының сауатын ашқан әкем Әуесбектің биыл туғанына 100 жыл толады. Осыған орай, Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Қарақұм жалпы білім беретін мектепте «Әуесбек Бекбауов атындағы математика кабинеті» ашылып, математика пәнінен аудан оқушылар арасында олимпиада ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ел игілі жолында ерен еңбек еткен ғасыр құрдасындай Әуесбек Бекбауовтың рухына бағышталып, ұлқыздары арнайы ас береді. Қабыл болсын – деп, омыраулатып сөйлегенде, лезде көзінің оты жанып шыға келді…

Қыздың жаны, ананың жүрегі – терең сезімтал, бай болмысты бөлек қой. Көз алдыма алпыстың асқарынан асқан Күләш апам әкесінің даладай дархан пейіліне – бұрымды қыз-баладай еркелеп отырғандай көрінді…

Гүлсім ЕЛУБАЙ.

 

өгенайы – бір нәрсенің айрықша белгісі.

 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button