ТаңдаулыТүркі жұртында

НИЗАМИ ТАҒЫЛЫМЫ

Ағалар Раһим оғлы АТАМОҒЛАНОВ, Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі

ТҮБІ БІР ТҮРКІЛЕР

 Әзербайжан мен қазақ халықтарының сонау ертеден келе жатқан тарихы бай тамыры терең достығы екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың қалыптасуында маңызды кезеңді құрайды. Біздің рухани байланыстарымыздың болашағы зор. Бір атаның шапанының астынан өрбіген екі ел күллі рухани құндылықтарымызды сақтай алдық. Біздің армандарымыз бен мақсаттарымыз, қуанышымыз бен жетістіктеріміз, мақсатымыз бен мүддеміз – ортақ, қайғымыз бен қиыншылығымыз да – ұқсас. Әзербайжан да, Қазақстан да ТҮРКСОЙ, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы, Халықаралық Түркі академиясы, Түркі мемлекеттерінің Ұйымы (Түрік Кеңесі) сияқты ұйымдарға мүше болып келеді.

Келесі жылы біздің елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. 1992 жылдың 30 тамызында алтын бастауын алған Әзербайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас – нағыз достық пен бауырластықтың үлгісіне айналып, екі елдің ғасырларға жалғасқан көрегендігі мен даналығы біздің берекелі байланысымыздың көкжиегін кеңейтіп, болашағын айқындап берді. Дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері елдеріміз экономикалық ынтымақтастық орнатып, гуманитарлық және мәдени құндылықтармен алмасып, тығыз саяси диалог жүргізуде. Біздің құқықтық базамыз мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық сипаттағы 100-ден астам құжатты қамтиды. Халықаралық күн тәртібіндегі барлық негізгі мәселелер бойынша ұстанымдарымыз бен көзқарастарымыз ұқсас. Бір сөзбен айтқанда, біз өмірдің барлық саласында белсенді түрде өзара әрекет жасаймыз. Бұл сауда-экономикалық қарым-қатынастарға, ғылым, мәдениет, білім, туризм және экология саласындағы байланыстарға да қатысты.

Отыз жыл ішінде орасан зор жұмыстар атқарылды. Қаншама зауыттар мен кәсіпорындар іске қосылды, инфрақұрылымдық және транслогистикалық жобалар жүзеге асырылды. Өз тәуелсіз мемлекеттерін құра білген екі бауырлас ел – Әзербайжан мен Қазақстан дамудың даңғыл жолымен нық қадам басып келеді. Біз әлемдік қауымдастық елдерімен тең құқылы қарым-қатынас орнаттық. Ауқымды инфрақұрылым мен трансұлттық жобаларды жүзеге асырған елдеріміз Еуразиядағы транзиттік елдерге айналды.

Әзербайжан ұлттық идеяға негізделген тәуелсіз ұлттық экономикасын, ішкі және сыртқы саяси бет-бейнесін қалыптастырып үлгерді. Әзербайжан үшін ең ауыры әрі жауаптысы: Қарабақ қасыреті болды… Өздеріңізге белгілі, Әзербайжан Республикасы аумағының 20 пайызы басқыншылыққа алынып, миллионға жуық әзербайжандықтар туған жерлерінен күштеп қуылған болатын. Біздің еліміз қай кезде де жанжалды халықаралық құқықтың көпшілік мойындаған нормалары шеңберінде келіссөздер жүргізу арқылы бейбіт жолмен шешуді жақтаушы болып табылады. Халықаралық ұйымдар басып алынған аумақтардан армян әскерінің дереу, толығымен және сөзсіз шығарылуын талап етсе де, біздің жерлеріміз қайтарылмай басқыншылық астында қала берді. 44-күндік Отан соғысының нәтижесінде біз Арменияның 30 жылға жуық созылған басқыншылық саясатына нүкте қойып, аумақтық тұтастығымызды қамтамасыз етіп, бір миллионға жуық әзербайжанның құқығын қалпына келтірдік. Бүгін біз бейбіт өмірді қалпына келтіру үстіндеміз. Әзербайжан тарапымен достық қарым-қатынас орнатқан елдердің компанияларын, оның ішінде Қазақстанды азат етілген аумақтардағы қалпына келтіру жұмыстарына қатысуға шақырдық. Бұл мәселе Әзербайжан мен Қазақстанның тиісті ведомстволарының қарауында.

Еуразияның орталығында орналасқан Қазақстан өзінің ұлан-байтақ жерінің, бай табиғи ресурстарының, қуатты экономикалық және өндірістік әлеуетінің арқасында аймақтағы ең қуатты мемлекеттердің біріне айналды. Қазақстан Республикасы тұрақты даму үшін күштерді біріктіруді және жаңа технологияларды игеруде әріптестікті орнатуды көздейтін экономикалық, гуманитарлық, мәдени және экологиялық ынтымақтастыққа баса назар аударуда. Осы жерде «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығының» табысты жұмыс істеп жатқанын атап өткім келеді. Демек, Дүниежүзі Түркі әлемінің геосаяси әлеуетін тиімді пайдалануы керек. Жоғарыда атап өтілгендей, бүгінгі күні Әзербайжан кенттенудің ең заманауи үрдістерін ескере отырып, елдің азат етілген аумақтарын қалпына келтірудің кешенді бағдарламаларын әзірлеуде. Бұл аймақтарда жаңа елді мекендер салынып, ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылу жоспарланып, Қарабақ пен Шығыс Зәңгезүрде «жасыл энергетикалық аймақты» құрудың егжей-тегжейлі тұжырымдамасы әзірленді.

Мәдениет, ғылым, білім салаларында елдеріміз арасында тығыз әріптестік байланыстар орнатылып, ортақ тарихты танып-білуде білікті шаралар жүзеге асуда. Қазақстандағы ірі университеттердің базасында Әзербайжанның бірнеше тарихи және мәдени орталықтары орналасқан, соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында Гейдар Әлиев атындағы аудитория бар. Олар бауырлас екі елдің ортақ мүдделеріне қызмет ететін, жас ұрпақтың жадында ортақ тарихты жаңғыртатын өткені мен болашағы арасындағы алтын көпір іспеттес. Әзербайжанда Абай Құнанбаевты еске алу әрқашан ерекше құрметке ие. 2011 жылы Баку қаласының көшелерінің біріне Абай атамыздың есімі беріліп, Баку мемлекеттік университетінде Абай Құнанбаев атындағы орталық жұмыс істей бастады. Екі елдің елшіліктері бауырлас екі халықты жақындастыру мақсатымен жыл сайын көптеген мәдени іс-шаралар өткізіп отырады.

Тарихи тұлғалардың бізді біріктірудегі рөлі – орасан. Осындай түркінің таутұлғасының бірегейі – туғанына 880 жыл толған әзербайжан ақыны Низами Гәнжауи, Ілияс ибн Жүсіп Низами (17.8.1141, Гәнжа қаласы). Оның басты мұрасы – «Хамса» («Бес кітап»): оған «Құпиялар қазынасы» (1173-80), «Хұсрау- Шырын» (1181), «Ләйлі-Мәжнүн» (1188), «Жеті сұлу» (1197) және «Ескендірнама» (1203) атты бес дастан енген. Әзербайжан халқы үшін Низами тарихи-рухани құндылықтар мен бірегейліктің шамшырағы болып табылады. Низами Гәнжауи өмір бойы сол кездегі маңызды мәдени орталықтардың бірі саналатын көне әзербайжандық Гәнжа қаласында өмір сүріп, жұмыс істеді, дәл осы жерде Таяу және Орта Шығыстың философиялық-әлеуметтік және көркемдік-эстетикалық тарихын байытқан сөз өнерінің тамаша інжу-маржандарын шығарды. Низами өмір бойы Гәнжадан шықпай, осындай жауһарлар тудырғанын, нәтижесінде олар тек әзербайжан, түркі, шығыс әдебиетінде ғана емес, әлемдік әдебиетте де елеулі құбылыс болғанын атап өткім келеді. Низами өмірімен байланысты оқиғаларды айта отырып, Низами Гәнжауидің тағдыры мен шығармашылығында Дербент билеушісі сыйға тартқан сүйікті жары – Афагтың қандай маңызды рөл атқарғанын атап өткен жөн. Дербент билеушісінің өтініші бойынша Низами жауһар – «Ләйлі мен Мәжнүн» дастанын жазды. Дастан билеушіге ұнағандықтан, билеуші ақынға жас тұтқын Аппақ деген қыпшақ әйелін сыйлайды. Низамидің әсем өлеңдері, философиялық толғаулары бүгінгі күні де өзекті, кейінгі ұрпаққа да даналық. 20 тараудан тұратын діни-философиялық «Құпиялар қазынасы» поэмасында шайыр ел билеушілерін әділ болуға және қарпайым көпшілікке қамқор болуға шақырады. «Ләйлі–Мәжнүн» – көне араб аңызының сюжеті негізінде жазылған. «Жеті сұлу» – Баһрам Гур шаһ жөніндегі аңызға негізделіп, оның жеті әйелінің әңгімесі арқылы мазмұндалып, патшаның әділдік жағында болуы мен зұлымдыққа қарсы күресі суреттелген. «Ескендірнама» немесе «Даңқ» кітабында Ескендір – данышпан, әділетті патша ретінде бейнелеген.

Низами, қазақ тарихымен, мәдениетімен, әдебиетімен тығыз байланысты. Бұл байланыс, ең алдымен, қазақ әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбайұлының Низами шығармаларына жүгіне отырып, оның ішінде «Ескендірнаме» поэмасының шығармашылық ықпалымен өзінің «Ескендір» (яғни, «Искандер») поэмасын жазуынан аңғарылады. Низами ықпалы Абайдың басқа өлеңдерінде – «Әзім әңгімесінде» және «Масғұдта» да сезіледі. Абай көне Шығыстың шеберлері мен ойшылдарының, соның ішінде Низамидің де мұрасын терең түсініп, бағалаған, оларды өзінің ұстазы ретінде санаған. Сондықтан Низами мұрасы қазақ ағайындар арасында қашанда жоғары бағаланған.

Әзербайжан ақындарының шығармашылығы, оның ішінде, ең алдымен Низами мұрасы қазақ әдебиеті мен мәдениетінде жылдан-жылға көбірек дәріптеліп келеді деп айта аламыз. 2021 жыл Президент Ильхам Әлиевтің жарлығымен Әзербайжанда Низами Гәнжауи жылы деп жарияланғанын айтып кеткен жөн. Ұлы Низамидің 880 – жылдық мерейтойы қазақ әдебиетіндегі Низами шығармашылығының ерекшеліктерін зерттеуге бұдан да зор серпін беріп, ұлы әзербайжанның шығармашылық мұрасын қазақ тіліне аударуға ынталандырды.

Қазақстанда менің Елші ретінде қызметте болған қысқа мерзім аралығында ұлы ойшыл ақынның шығармашылығына арналған түрлі шараларға қатысудың сәті түсті. Низами шығармашылығына деген қазақ халқының мұндай жоғары ықыласы бізді қуантпай қоймады. Бауырлас халықпыз деп бекер айтпаймыз. Әзербайжан-қазақ фольклорлық және мәдени байланыстары ежелден келе жатыр. Жақында мен Низами Гәнжауидің 880 жылдығына, сондай-ақ басқа да түркі халық әдебиетінің классиктерінің, оның ішінде, Әлішер Науаидың 580 жылдығына, Жүніс Әміренің дүниеден озғанына 700 жыл болуына орай Халықаралық Түркі Академиясымен ұйымдастырылған «Шығыс шоқжұлдызы» атты конференцияға қатыстым. Ұлы ойшылдарымыздың мұрасы түркі халықтарын байланыстыратын алтын көпір қызметін атқаруда.

Мен ұлттық болмысымызды сақтау жолында тарихи, мәдени, рухани бастауларды зерттеп, келешек ұрпаққа жеткізуге күш салатынымызға сенімдімін.

Осы айдарда

Back to top button