Назым сөзТаңдаулы

Ақша бұлтқа тығылады Күн неге?

"Сарасөз" журналының Назым сөз айдарына аяулы ақын қыздарыңыз Танагөз Толқынқызының өлеңдерін ұсындық.

Ақ қармын мен деген…

 

Танысалық, мен аппақ қар боламын.
Ақ пен қара өмірдің қос жолағын
Аппақ түске боямақшы боламын.
Ішімдегі сыймаған соң зор ағын
Қарға айналып қара жерге қонамын.

Танысалық, мен аппақ қар боламын.
Ренжітпеңдер ертегі елі қонағын.
Рас, талай жүректерді тонадым…
Ызғарымнан кейде өзім де тоңамын.

Елестеткен сіріңкенің қорабын
Тар кеңседе тереземнен қарадым.
Тыңдайсың ба, айтып берем қар әнін,
Қалауымды тапсаң мен де жанамын.

Менен таза бола алады ар ғана,
Қардан асып туар, бәлкім, қар ғана.
Жанарыңды көлегейлеп қорғама
Кірпігіңде кідірте гөр сәл ғана.

Қолшатырлар шықты, міне, шеруге,
Шықты, бәлкім, қыс келгенін көруге.
Рұқсат берші ерніңе кеп еруге,
Рұқсат берші шыққа айналып өлуге,
Ақ қармын мен деген…

 

Осылай да адам сағынады екен

Осылай да адам сағынады екен,
Сағынады екен, Тәңірім!
Жылауға себеп табылады екен
Жүрекке жүрмей әмірің.
Мүмкін екен ғой құлай сүюің
Құлай сүюің абайсыз.
Жүректің Сізді бұлай сүюін
Байқамай жүрсіз, қалай Сіз?
Көңілде неге тұрып алдыңыз
Тұрып алдыңыз мызғымай?
Хатыма, бәлкім, күліп алдыңыз
Күлмейтін шығар Күз бұлай.
Тағдырым осы – шатпақтап шығар
Сөйлесе іште бір өкпе.
Атың аталса атқақтап шығар
Не болған мына жүрекке?
Жынданып адам кетеді екен ғой,
Жұтып алғандай жасынды.
Қас қағым бір сәт жетеді екен ғой,
Жоғалту үшін басыңды.

Бәлкім…

 

Бәлкім, менің болмысым бөлек шығар?!
Ал, сен қалай ойлайсың, зерек шынар?!
Бар-жоғыңды өмірде білу үшін
Әлдекімді сағыну керек шығар?!
Сыр сақтауға үндемей терек шыдар,
Жан іздедім жанымды ерекше ұғар.
Біз жолықтық.
Маңдайға жазғаны – сол.
Өлең байғұс жай ғана себеп шығар.
Көңіліңде бір бейне көлбеңдесе,
Өлең, шіркін, сөйлейді өлген кеше.
Сағынышты мен ойлап тапқан жоқпын
Сенем оны ғарыштан келген десе.
Сүюдің де бар болар заңдылығы.
Еркелесем, оятам таң күдігін.
Бал қылығым сор болды… кешір жырдың
Ешбір заңға бағынбас әңгүдігін.
Жан табылмай өмірде сұңғақ одан,
Қиялымды ақ бұлтқа бұлғап алам.
Алабұртып өмірден өту үшін
Көңіліңде жүрсін бір жұмбақ адам.

 

 

Мен – өртпін

 

Мен – өртпін. Күресе алмайсың.
Өртеуден жіп есе алмайсың.
Мендегі тегеурін – алапат,
Сен оған ілесе алмайсың.
Ойыннан өрт шықты, қарашы.
Ол өрттен дерт күшті, шамасы.
Мұң ғана жалғайтын секілді,
Мыңдаған шақырым арасын.
Сүйгізбе! Сүйгізсең, күйредің.
Өзім де күйрейтін күйдемін.
Мың атан түйені шөктірер
Мендегі бұл шердің ширегі…
Тілімді түсінгің келсе егер,
Сен өрт бол, мен емес жел сенер.
Лапылдап жанайық, басқалар
Несі бар, күйіктен өлсе өлер.
Жаныңа бір тал шоқ тастасам,
Тосылма, сені өртей бастасам.
Бұл дертті сөндіру қиын-ау
Өртімді өртіңмен баспасаң.

 

Бекзада мұң

 

Бекзада мұң таңдап алған ашынам.
Кеш қарайса тағы шарап ішеміз.
Мұң шарабы мың жыл тұрып ашыған
Ішкен сайын қара терге түсеміз.
Кел, Күз мырза! Сүйші мені тартынбай,
Көйлегіме қол жүгірсін самалың.
Жұпарымнан іше алсаң іш алқынбай,
Сөйлеп тұрмын таусылған соң амалым.
Кірпігімнің әр талынан өбіңіз.
Деммен емес, діріліңмен жылытшы.
Бүгінгі түн не айтсам да көніңіз
Тағдырды да, жазмышты да ұмытшы.
Бұлтыңызбен кетейінші ілесіп,
Басым ауған жаққа қарай тоқтамай.
Сен қызғанба! Күрең ойдан күле шық,
Тарпа бас сап сүйген кезде сотқар Ай.
Сіз емес ол. Күз ғой маған ынтыққан.
Сіз сүймейсіз. Күз сүйеді мені шын.
Мен де сіздей адалдықты пір тұтқам,
Мен де Күзге беріп қойғам келісім.
Сіз кеңсеге, мен сезімге байлаулы
Сізге қызмет, маған Муза маңызды.
Өзің жайлы доғарар ем ойлауды
Мына жүрек тоқтап қалар тәрізді

 

Әлдекімдер…

Әлдекімдер шын ғанибет деп білген,
Әлеммін мен жаратылған тек гүлден.
Сізге деген құштарлықтан құлпырып,
Пенде емес, перизат боп кеттім мен.
Мен жеңілдім, жеңілгендей шық гүлден,
Сенсіз өмір сүре алмасын ұқтым мен.
Сізге деген сағыныштан сарылтқан
Қыз қалыптан ханшайым боп шықтым мен.
Гүлден мұңды боламын деп сөз бердім,
Күннен нұрлы боламын деп сөз бердім.
Сізге деген махаббаттан өлмейтін
Ақын едім… адам болып өзгердім…

Ақша бұлтқа тығылады Күн неге?

– Ақша бұлтқа тығылады Күн неге?
– Ол не сонша? Үлде менен бүлде ме?..
…Жарығым-ау! Таласпаңдар жарықпен
Және жарық адамдарды күндеме.
Махаббаты жетеді оның маған да,
Махаббаты жетеді оның саған да.
Жарықтық ол жарқырауға жаралған
Жалғыз дана болғаннан соң ғаламда.
Біреу күннен жылынады ерте кеп,
Біреу күнге тығылады еркелеп.
Ери алсаң еріп кет сен жоқ болып,
Өртене алсаң, өзегіңді өртеп өт.
Өмір сүрем күндей алып көлеммен.
Күн секілді жарық шашып келем мен.
Алыспаңдар өшпейтұғын жарықпен
Таласпаңдар өлмейтұғын өлеңмен.

 

Қалып қойсын…

Қалып қойсын елеусіз қуыста мұң,
Жарықтық Күн! Жалғызым!
Туысқаным!
Қанатыңның суырып күміс талын,
Шашып ойнап, сәулеңді уыстадым.
Маң-маң басып, жай ғана момын күліп,
Шуағыңа жібердің шомылдырып.
Мені қалай ояттың көңілді ғып?
Тереземнен жатқандай Өмір кіріп.
Жарықтық күн! Жалғызым еркелеген!
Жылуыңмын мен сенің, желкені- өлең.
Күнде-күнде жазылған әр өлеңмен
Әлеміңе бір шуақ ерте келем,
…және Күндей өзімді өртеп өлем…

 

Мақсат емес мәңгілікке айналу

Мақсат емес мәңгілікке айналу,
Мені бірақ мәжбүр етті өлмеуге.
Мәңгілікке алып келді ойлану,
Оянғанды асықпаңдар жерлеуге.
Не итерді өлмес өмір жолына?
Ұсақ тірлік аласалық етті ме?
Кісен сала алмағандар ойыма,
Жүгіріп жүр мола салып, тек, түге…
Бізді жұлдыз және ғасыр бөліп тұр,
Бір күн мен де жоқ боламын араңнан.
Мәңгілікті мәз болыңдар көріп бір,
Мен құтылам ашкөздік пен араннан.
Мені өлім ала алмады. Ар алды.
Құлыншақпын қос әлемді тел емген.
Мәңгілікпен жалғау үшін арамды
Көпір салдым өлмейтұғын өлеңмен.

 

Жүректерді шашып ойнар Ару Күз

Жүректерді шашып ойнар Ару Күз,
Жапырақтар ауыратын шығар, ә?
Неге сонша махаббатқа зәруміз?
Неге сонша күй кешеміз дүбара?
Бола тұра шын сүюге тәуелді
Қандай қиын дәруіш боп күн кешу…
Мен сертімде тұра берем әуелгі,
Мың жыл мүмкін болмай
кетсін тілдесу.
Жек көруге хақы жоқтай тіріні,
Дұшпаннан да шуақ күтіп жүремін.
Жек көруден ғана тұрар ғұмыры
Жан барына сенбей өтер жүрегім.
Сезімімді шашып ойнар арумын,
Жүрегіңіз ауыратын шығар,ә?
Айтшы, неге сізге сонша зәрумін
Сәлем дей сал ең болмаса, күнара…

 

Түн жөтеліп, ауырса Күн

 

Түн жөтеліп, ауырса Күн,
Жан жағымнан жабылса мұң,
Сені көріп жадыраймын,
Балапаным, бауырсағым.
Өз бақытын кім жүр аңдап?
Көрмеппін-ау бір жыр арнап.
Құлыным-ау! Құлдығым-ау!
Құнжыңдаған құлдыраңдап.
Әлденені сұрап жатыр,
Қылығында жұмақ жатыр.
Жұпарынан ішіп көрші
Шөл қанбайтын бұлақ жатыр.
…Қалсын қарыз өтелмеген?
Бәрін тастап кетем дегем…
Сені ғана қимайды екем,
Қонжығым-ау, тепеңдеген.

Мың жылдан соң өлең жылар солқылдап…

Бір жерлерде, бір сөнбейтін бардай Күн

Елегзимін… Кім бар мені алдайтын?

Сен қайтер ең халге жетсем бір күні

Сенсіз мүлде өмір сүре алмайтын?

Мен қорқамын өртенуден… жанудан…

Шатасудан… Мүлде есімнен танудан…

Сен қорқасың көп өлеңнің біріне

Қысқартылған әріп болып қалудан.

Бізге неге бұлдай берді көркін бақ?

Жатыр бізді ертең жұтар жол тыңдап.

Мен жылаймын…

Менен кейін сені іздеп

Мың жылдан соң

Өлең жылар солқылдап…

 

 

Мына әлемге керек ауа, керек күз

 

Мына әлемге керек ауа, керек күз.

Әттең, шіркін, біз жай ғана терекпіз.

Мені біреу сүйсе деймін жай ғана,

Мені біреу сүйсе деймін себепсіз.

 

Сүйсе деп ем қыңыр-қисық қалпыммен.

Салыстырмай гауһар, күміс, алтынмен.

Сұп-суық деп ойлайды екен оны да

Тым сезімтал жұбай болар қар кіммен?

 

Сүймесе екен ұнаған соң кескінім,

Және көңіл көтерген соң кешқұрым.

Сүймесе екен қалмаған соң ешкімі,

Сүймесе екен қажытқанда ескі мұң.

 

Күн егер де не болады күлмесе?

Бәрімізде жан қалмайды Күн десе.

Түнге ғашық адамдарға таң қалма,

Түнді неге сүйетінін білмесе.

 

Кетер едім құс боп ұшып дерексіз,

Кете алмадым жан секілді керексіз.

Мен біреуді сүйсем екен жай ғана,

Мен біреуді сүйсем екен себепсіз.

 

 

 Кешірдім.

Ту сыртымнан атқандарды кешірдім,

Сырт айналмай сатқандарды кешірдім.

Түнегіңді жарығыммен өшірдім,

Кешірімнен күн сәулесін өсірдім.

 

Талантымды кешпегенді кешірдім,

Күнге қарап өспегенді кешірдім.

Кешірімнен сағы сынар кесірдің,

Кесірден де көшсін дедім кесір мұң.

 

Аққа күйе жаққандарды кешірдім,

Күннен де дақ тапқандарды кешірдім.

Қап-қараның салшы десе суретін

Қап-қарадан аппақ сәуле көшірдім.

 

Өз отына өзі күйген ғаріп көп,

Бәрімізді сыйдырып тұр алып Көк.

Қараңғымен алыспаймын қарайып,

Мына ғалам қалу үшін жарық боп.

Осы айдарда

Back to top button