Қалам-ЖүрекТаңдаулы

СЫЙЛЫҚ

Анашым Қамбархан Тұрсынқызының рухына бағыштаймын. Автор Ғалия Иманбекова

«Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз»

Мұхтар Әуезов

Көктемнің жайма шуақ күндерінің бірі. Наурыз айының алғашқы күндері Жер Ана бусанып, қыстай басқан қардан әлі арылып та үлгермеген. Көбесі сөгіле бастаған  қарды бір сілкіп, еңсесін тіктеп тұрайын десе, күн қызуы жетпей, бүгін ғана жылтыңдап, енді күлімдей бастаған еді. Түс мезгілі таяп қалған.  Ас бөлмесінде түскі ас  дайындап жатқан Ғазизаның көңіл күйі керемет еді. Терезеден сыртқа көз салып, жақындап келе жатқан мерекеге де дайындық керектігін бір ойлап қойды. Дәл осы сәтте сыртқы есік ашылды. Ғазиза бірден дәлізге беттегені сол еді, 2-сынып оқитын қызының көңілсіз кіріп келе жатқан түрін көріп тоқтай қалды.

  • Келдің бе, қызым!
  • Келді-і-м, – деп ыңырси жауап қатқан қызының даусы солғын шықты.
  • Не боп қалды, алтыным? – деген анасының сұраулы жүзіне бір қарады.
  • Ои-и-й. Рахмет мұндай сыйлықтарына, – деп мұрнын тыржитты еркесі аяқ киімін шешіп жатып. Қызының бұл әрекетіне түсінбеген ол біраз ойланып тұрып қалды. Мектептен келген еркесінің  қандай сыйлық туралы айтып жатқаны енді есіне түскендей. Осы сәтте жерге тізерлей отыра қалып:
  • Неге олай дейсің, алтыным? – деп қызының күртешесін шеше бастады.

Қызының жақтырмаған  жүзіне қарап одан жауап күтті.  Сол-ақ екен, аузы бұртиып тұрған еркесі сайрай жөнелді.

  • Маған тек қасымда отыратын сасық Айбек пен Қанат қана сыйлық берді. Қарашы олардың не бергенін? Былжырақ бірдеме…Маған түк ұнамады, – деп сөмкесін ашып, ақтара жөнелді. Осылайша бірі целофан дорбаға салынған, екіншісі сыйлық қаптамаға салынған екі түрлі базарлығын көрсете бастады.
  • Міне, қарашы. Айбектің бергені ап-арзан моншақ пен жейтін шоколад.  Қанаттың бергені мына бір кітап  пен ашықхат  ғана… Маған түк ұнамады, ма-ма-а-а, – деп сыйлығына риза еместігін білдіріп  үстел үстіне шаша салды. Ғазиза үстелде жатқан кішкентай кітапшаны алып қараса, «Мақал-мәтелдер мен жұмбақтар» деген жазуы бар екен.
  • Қызым-ау, ең қымбат сыйлық осы емес пе? Бұдан артық не керек енді? – деп сұраулы жүзбен қызының бетіне қарады.
  • Ой, ма-ма-а! Сіз көрсеңіз ғой Алуаға Мансұр не сыйлағанын? Әдемі кукла мен «MERSI» шоколад. Алуаның мақтанғанын көрсеңіз ғой, – деген даусынан қызының  жыламсыраған үні байқалады.  Ғазиза көңілі түскен қызына ақырын жақындап келіп:
  • Тыңдашы, қызым. Мәселе сыйлықтың арзан-қымбатында емес. Оны шын көңілмен сыйлағандығында, – деп бетінен шөп еткізіп сүйді.
  • Сонда да… маған түк ұнамады. Осындай да сыйлық бола ма екен? – деп теріс бұрылған қызы өз бөлмесіне кетті. Сыйлық шашылған жерде қала берді. Қызының бұл әрекетіне терең ойланған Ғазиза іштей қынжылып та қалған еді. «Бұл қалай болғаны сонда? Айналдырған бір ұлым мен қызымның бойына мен не егіп жатырмын? «Адамды жасаған сыйлығына қарап емес, шынайы көңіліне қарап бағала» деген өз анамның ақылы қайда?  Сананы тұрмыс билеген деген осы емес пе екен?» Қарап отырса, келе жатқан ұрпақтың бір-бірін бойындағы жақсы қасиеттеріне қарап емес, қолындағы ұялы телефоны мен ақшасына қарап бағалайтыны жасырын емес. «Жаңа ғасыр ұрпақтарының  санасы да сонда жаңаша ойлайтын болғаны ма? Әлде  адам санасының өзгеруінде біз түсіне бермейтін құпия бар  ма? Өзгерген кім? Адам ба, әлде қоғам ба?» Ойын сансыз сұрақтар мазалаған Ғазизаның көз алдына бала күніндегі 8 Наурыз мерекесі мен сыйлық туралы естеліктер тізбектеліп келе берді.

«Атынан ат үркіген Кеңес өкіметінің  тұсы. Адал еңбегімен күн көріп жүрген жас отбасының тұңғышы еді Ғазиза.  Ата-анасы ауылда жұмыс жасайтын қарапайым жандар болатын.  Әкесі темірден түйін түйген шебер болса, анасы мәдениет үйінің еденін жуатын. Осындай қарапайым жұмыс жасаса да, отбасы өте берекелі ғұмыр кешті.  Ауылдың шетінен бес бөлмелі үй салып, көшіп келгеніне бір жылға жуықтағанда,  бұл бірінші сынып табалдырығын аттады. Бес жылдан астам балабақшада тәрбиеленген Ғазиза оқуға өте зерек болды. Әріп танып келген алғыр  қызға бірінші сыныптың бағдарламасы бұйым ғұрлы болмады. Әп-сәтте барлық әріпті танып, оқып үлгерген балауса қыз оқу жылының жартысын ерекше аяқтады.  Басқа оқушылар секілді ежіктеп, буындап емес, лезде-ақ  зуылдатып оқып кеткен еді. Әліппемен қоштасу кешінде өлеңдерін жатқа оқып, тақылдап  тұрған  қызын анасы ерекше мақтан тұтты. Осылайша үшінші тоқсан басталып, күнделігін  кілең бестікке толтырған  қыздың білім алуға деген құштарлығы айрықша еді.

Дәл сол кезеңдерде  ең алдымен ерлер мерекесі 23 ақпанда тойланатын.  Осы мерекеге орай алдын-ала өткізілген ата-аналар жиналысында ер балаларға сыйлық беру мәселесі сөз болды. Сынып жетекшісі Мира апай сыныптың басым  көпшілігі ұл балалар болғандықтан, әр қызға қасында отырған оқушыға сыйлық жасау керектігін ескертіп өтті. Оның сыртында қалған оқушыларды да сыйлықпен қамтуды ұсынды. Анасы бұл әңгімені үйге келіп, әкесіне айта отырып өзара ақылдасты. Әңгіменің ауаны  мектепте айтылған мерекеде ер балаларға берілетін тарту туралы болып жатқанын оқушы қыз іштей түсініп те қойған. Анасының бұл шешіміне әкесінің де қарсы еместігін байқаған.

Ертесіне аудан орталығына барып келген анасы үлкен екі сөмкемен үйге оралды. Базарлығының басым көпшілігі сыйлық екен. Мұнша дүниені кімге алғанын сұраған Ғазиза кеш батысымен сыйлықтарын  ашып тамашалай бастады. Анасының сыйлық деп әкелгені балаларға арналған ертегі кітаптар еді. Кітаптың қадірін онша біле  бермейтін Ғазиза мұнша кітапты кімге алғанын сұрағанда,  анасы: «Қызым, адам баласы үшін ең қымбат сыйлық ол – кітап. Кітапты көп оқыған жандардың ақыл-ойының өресі биік болып келеді. Ақылы мен білімі терең жандар ешқашан ешнәрседен де, ешкімнен де жеңілмесе керек. Яғни, өмірдің барлық қиындығын жеңіп, жетістікке қол жеткізу әркімнің  ақылы мен біліміне байланысты. Жеңіс пен жетістік тек асыл бұйымдар мен керегіңді алу емес, өмірде ішкі жан дүниеңнің қалауын орындап, рахаттану.  Сатып алған дүниең бір күн болмаса да бір күн  тозады, ал адамның кітаптан алған ақылы мен білімі ешқашан тозбақ емес. Сондықтан да білген жанға  кітаптың құны қашан да жоғары болмақ»  деп барынша түсіндіруге тырысты. Анасының мұндай терең ой салатын сөздерінің мәнін Ғазиза ішкі түйсігі арқылы болса да дұрыс деп қабылдады.  Бұл уақытта білімге құмар қыздың  танымында  «кітап тек жақсы жаққа тәрбиелейді»  деген сенім қалыптасып үлгерген еді.  Оның үстіне жұмыстан кейінгі кешкі мезгілде әкесінің жатып алып, үйге келетін бума-бума газет-журналдармен қатар, қалың кітаптардан бас алмайтыны балауса қыздың санасына кітап туралы  жақсы ұғым сіңірген-ді. Анасының да ауылдық мәдениет үйінің ішіндегі кітапханадан бұған арнап, неше алуан ертегі кітаптарды әкеліп, білімге қызықтыратыны тағы бар. Өзі де кітап оқып, қызықты кітаптар туралы қызына майын тамызып әңгімелейтін әдеті анасының  да кітапқұмарлығын айқындап тұрғандай. Сол себепті бар сыныптың ұлдарына сыйлыққа кітапты таңдауы да тегін болмаса керек. Анасының осы бір әрекетінде үлкен көрегенділік пен сыры мол сұңғылалық жатқанын оқушы қыз жылдар өте келе түсінген еді.

Кеш батысымен орыс және қазақ тіліндегі ертегі кітаптар мен қаламын бір-бірден үлестіріп арнайы пакеттерге салып дайындап болған Ғазиза мұны қалай апаратыны туралы ойлап уайымдай бастады. Бұл жағына анасы көмек беретінін айтып қызының көңілін тыныштандырды. Іштей сыйлықты кімге қалай ұсынатыны туралы да ойлап ұйқыға кетті.

Мереке күні де келіп жетті. Ғазиза анасы екеуі екі сөмкемен  сынып кабинетіне кіріп келгенде, барлық оқушы таң қалып қараған еді.  Ұстазы сыртқа шығып, анасынан жағдайдың мән-жайын ұққан соң Ғазизаның әкелгенін соңғы партаға жинап қойды. Артынып-тартынып келген Ғазиза өзінің бұл әрекетіне ұялып та қалды. Сабақ соңында ұл балаларды  құттықтау шарасы аяқталғаннан кейін сыйлық беру басталды.  Барлық қыздардың сыйлығы екі-үш оқушыға, ары кеткенде бес оқушыға арналған еді. Басым көпшілігі сыныпта жақсы оқитын, пысық ұлдарға сыйлық дайындап әкелген. Сабақты нашар оқитын, момын, қарапайым отбасының ұлдарына Ғазизадан басқа ешкім де сыйлық бермеді. Ал, Ғазиза болса, анасының шешімімен  сыныптағы 17 ұлдың бәріне бірдей етіп, ертегі кітап пен қалам сыйлады. Осылайша ұлдардың алды  бірнеше сыйлықпен, соңы Ғазизаның берген базарлығымен  қайтқан еді.

Осы оқиғадан  кейін екі жеті өтті. Барлық  нәзік жандыларды  гүлге көміп, қуаныш сыйлайтын 8 Наурыз мерекесі де келіп жетті. Сынып кабинетінде ұстазының ұйымдастыруымен арнайы дайындалған мерекелік  шара аяқталған соң, сыйлық беру рәсімі басталды.  Біраз уақыт бұрын өзінің сый-сыяпатын алған  ұлдардың барлығы  қыздарды  құттықтай бастады. Осы сәтте қолдарына ұстаған заттарын алып жүгірген ұлдар әп-сәтте Ғазизаның құшағын сыйлыққа толтырды.  Қолына ғана емес, партаға да сыймаған ұлдардың тартуына ие бола алмай,  Ғазиза әбден асып-састы.  Бұл кезде есі шыққан қызға ұстазы көмектесіп, пакет әкеліп сыйлықтарын салып берген. Анасының жұмыс орнына телефон соғып, қызын алып қайтуды сұрады. Осылайша бар баланың  ыстық ықыласы мен ризашылығын алып  қайтқан қыз сыныптастарының  бергенін неше күн бойы тамашалап, мәз болып жүрді.

Бұл дәстүр осылайша үш жылға жалғасты. Жай ғана еден жуатын анасы қызының таңдауын сұрамай-ақ,  бар сыныптың баласына бірдей етіп сыйлық әкеліп беретін.Қандай сыйлық десеңізші? Үнемі тәлімі мол кітап пен оқу құралдары болатын. Әрине, оның ішінде қалам мен кітап міндетті түрде жүреді. Әрі сыйлықтың бәрі барлық ер балаларға еш айырмашылығы жоқ бірдей-тін.  «Адамдарды ешқашан тұрмыс жағдайына қарап бағалама.Өзің сыйлық бергенде де   ешқашан бір-бірінен бөліп-жарушы болма. Оның бәрі сенің сыныптастарың. Қалай болған күнде де сен олармен 11-сыныпты аяқтағанша бірге оқисың,  өмір бойы дос, сыныптас болып қаласыңдар. Сондықтан бәріне бірдей  етіп алайын, »- деп айтып отыратын. Әрі  ұл балалардың санына қарамастан, бір ұядан шыққандай  біркелкі қылып, аудан орталығынан барып сатып әкелетін.  Екінші, үшінші сыныпта да  құшағы сыйлыққа толып қайтқан Ғазизаға ауыл сыртында тұратын, бір сыныпта оқитын нағашысының баласы Айбек көмектесетін. Бойы өзінен аласалау, денесі талдырмаш келген Айбектің өзі барлық ұлдан келген базарлықты мықшыңдап әзер көтерісіп  қайтатын. Қалыптасқан осы бір тамаша дәстүр жалғасын таба беретін бе еді, егер де сыныптас қызының  намысына тиетін бір сөзі болмағанда.  Сыныпта бірге оқитын, өзімен үнемі бақталасып жүретін  пысық қыздардың бірінің сөзі бұл дәстүрге жақсылап тұрып тосқауыл қойған-тұғын.  Тілі қыршаңқы,  пысықай қыз төртінші сыныпта айтулы мереке жақындағанда «Ғазиза, сен биыл да барлық балаға жасайсың ба? Барлығына бірдей кітап пен қалам сыйлағанша, күшті қылып бес ұлға ғана бермейсің бе? Жылда барлығына бір кітап беріп, өзің көп сыйлық алып қайтады екенсің» деп сөзбен шымшып алған болатын.  Сыныптың бетке ұстар белсенді оқушысы болған Ғазиза бұл уақытта сынып старостасы да болып үлгерген. Сыныптың көшбасшысына айналған қайсар қыздың  жүрегіне бұл сөз найзадай болып қадалды. Осыдан кейін-ақ  Ғазиза анасына ескертіп, айтқанынан  қайтпай отырып  бес ұлға ғана сыйлық жасаған.  Жылдағыдай бірдей сыйлық күткен басқа сыныптастары оның бұл әрекетіне таңданып та қалды. Әйтсе де қайсар қызға батып бір ауыз сөз айта алмады.

Өзінің бала кезінен  естен кетпес осы бір естеліктер Ғазизаның бойына даналықтың дәнін егіп бергенін есейген шағында бірақ түсінді. Ол адам баласын қандай жағдайда болмасын бөліп-жармай бірдей көру, қиын кезеңде әрқашан  қол ұшын созып көмектесу секілді ерекше қасиеттер еді.  Сондай-ақ, кітапқа деген оң көзқарасы мен махаббатын бала кезден дұрыс қалыптастырған анасының тәрбиесі жас қыздың болашақта мектепті де, барлық оқу орнын да үздік аяқтауына үлкен септігін тигізсе керек. Бүгінгі таңда білдей бір мектептің білікті ұстазына айналған ол жас ұрпақтарды тәрбиелеу жолында оқушы  кезіндегі әр түрлі жағдайларды үнемі еске түсіретін.  Өз заманымен салыстырғанда барлық жағдайы жасалған  бүгінгі шәкірттерінің  бойынан адамгершілікті көре алмаған сәттерінде іштей қынжылатын. Әсіресе, үлкен үзілістерде сөмкесінен тамақ шығарып, тіпті жанындағы досымен де бөліспей жеп отырғанын көргенде, таң-тамаша болып қарап отырады. Сондай кездерде анасының  үнемі айтатын бір сөзі ойына оралады. Басқа балалар секілді мұның да үйден тамақ апарғысы келгенде анасының  «Мектепке апаратын болсаң, барлық сыныптас достарыңа да ала кет. Сен жеп отырғанда, барлығы сенің аузыңа қызығып қарап отыруы керек пе? Негізі басқа жандарды аузыңа қаратып, өзің ғана мақтанып тамақ жеп отырғаның жарамас. Бұл – ең жаман қасиет,» – деп айтатыны нағыз өнеге екен ғой. Осындай сөздері арқылы анасы өзінің аз ғана ғұмырында  адами  жақсы қасиеттерді мұның санасына сіңірген екен-ау?!.. Қарап отырса, білімге де  құштарлығын оятып, кітапқа деген махаббаты мен қарым-қатынасын дұрыс қалыптастыруда ата-анасының ықпалы зор болған сыңайлы. Үйге келетін қалың газет-журнал мен том-том болып жиналып тұратын кітаптар да баланың бойына білім-ғылымға деген сүйіспеншілікті сыйласа керек. Кітапқа деген құмарлығын қазық қып қаға отырып, өмірлік бағыт-бағдарын да бағамдай білуге үйретіпті. Рухани тәрбиенің тамырын тереңге жіберіп, келешекте көгеріп-көктеуіне аз да болса сәулесін сепкен екен анасы. Көлік апатынан қайтыс болып, жастай үзілген анасы  Ғазизаға он екі жасқа дейін болса да адамгершіліктің үлкен үлгісін көрсетіп кеткен еді. Кез келген жанда  кездесе бермейтін кісілік қағиданы бойына сіңірген ол бұл күндері алдында отырған  оқушысына аналық мейіріммен қарайтын  абыройлы  ұстаз болып та үлгерді. Әр шәкіртінің санасына біліммен қатар анасынан алған ізгі қасиеттерді де дарытуға тырысады.  Әйтсе де мұндай құндылықтарды бала отбасынан алатынын әрбір ата-ана жақсы түсінсе, әлемде қатыгездік болмас па еді? Кім біледі?»  Осылайша терең ойға батып кеткен Ғазизаны «Мама, тамақ ішеміз бе?» – деген еркесінің сөзі селк еткізді.

 

Осы айдарда

Back to top button