ГүлжазымТаңдаулы

«Түрік шайырлары» Светқали Нұржан

Тегім – ТҮРКІСТАНҚЫЗЫ! Ал не дейсіз?  Әбу Насыр әл-Фараби дейсіз бе, Сайф Сараи дейсіз бе – әйгілі ғұламалардың дені туған қалаларының aтын тегіне жалғаса, маған бұл құрметті Светқали ағам сыйлай салды.  Сторизге көз жүгіртіп, қолтаңбаға қарап қойыңыз.
Тарқатып айтайын.

Бүгін Анадолының астанасы Анкараның қақ төрінде қазақтың аяулы ақыны Светқали Нұржановтың аудармалары жинақталған «Түрік шайырлары» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті. Бұл – ағамыздың 60 жас мерейтойының қарсаңында жарық көріп отыр сүбелі еңбек. Қаламгер түрік шайырларының ең таңдаулы шығармаларын тәржімалаған. Оның сапында Мәуланна Жәләладдин Руми, Жүніс Әміре, Пір Сұлтан Абдал, Ниязы Мысыр Хазірет секілді ұлы шайырлар бар. Бұдан бөлек кітапқа автордың Жүніс Әміре мен Молда Қасымның хикаясы енгізілген. Алматыдағы «Ел-Шежіре» баспасынан жарық көрген жинақ екі тілде (қазақ және түрікше) оқырманға жол тартты.



Түсінгенге түбі бір түркі халықтарының рухани мүддесі ортақ, ұстыны бір. Мәдениеті мен әдебиетінде де күллі адамзатты ізгілікке үндейтін туындылар телегей теңіз. Авторлар да – түркі жұртына тел шайырлар. Осысымен де о бастан өзгеден өркениетімен озық болған туысқан ұлттар бүгінде рухтас, мүдделес, өзара бауырмал мемлекеттерге айналды. Тарихтың тереңіне, әдебиеттің өзегіне бойлап, түркі жұртына ортақ талай жақұтты аршып, жонып, болашаққа жарқыратып ұсынуда біздің бүгінгі қаламгерлер де жан аямай жұмыс істеуде. Солардың жарқын өкілі – Светқали ағамыз. Оның бүгінгі жарық көрген тәржімалар жинағы мәдениет мен әдебиетте шекара көрмейтін көзі қарақты күллі оқырманға арналған.



Иә, осы алқалы жиынды ести сала ТҮРКСОЙ-дың штаб пәтеріне құстай ұшып жетіп ем, құр қайтпай кітап қанжығалай қайттым. Басты байлық – қазақтың әдеби қазынасының тағы бір құнды кітаппен толыққаны ғой. ТҮРКСОЙ демекші, аталған әдеби һәм мәдени шараның өтуіне қолдау білдірген осы халықаралық ұйым. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі мен Түркиядағы Қазақстан елшілігі де әдеби кешті әсерлі ұйымдастыруға айтарлықтай атсалысты.

Ал сіз Светқали Нұржан шығармашығымен таныссыз ба?

 

Гүлжаз ҚАРЫБЕКҚЫЗЫ,

Анкара

Осы айдарда

Back to top button
Close
Close