Қоғам және бізТаңдаулы

Мәрт

(Рахым Көлбайұлы туралы)

Түркістанда Рахым дейтін қазақ бар. Атына сай рахымды адам. Аты-жөнін түгендеп айтып жатпасаң да, халық оны жақсы таниды. Себебі, Рахым Тәңірбергенов – Түркістанның Атымтай жомарты. Олай дейтініміз, ірілі-ұсақты қайырымдылық шараларына демеушілік жасап жатқан да – Рахым. Үміт шоғы сөніп бара жатқан кембағал адамдарға да қол ұшын созып жатқан – Рахым. Талантын танып, дарынын демеп, өнердегі өрісін кеңге ашып жүрген де – Рахым. Саңлақ шыққан спортшының арқасынан қағып, батасын беріп жүрген де – Рахым. Қықасы, барды да, жоқты да бар етіп, алпамса денесімен дархандық танытып, ағайынға аңқылдаған кеудесін ашып жүрер мұндай жанды күллі түркістандықтар қадір тұтады.

Қадір тұтпай немене, қайырымдылығына қайырым тілеген халқы Рахаңды бес мәрте облыстық мәслихатқа депутат етіп сайлады. Осы соңғысында, Рахым: «Мен енді төрт мәрте облысқа депутат болып сайланыппын, артымнан ерген басқа жігіттер де елге қызмет етсін, биыл қоя қойсам деймін» дегеніне қарамастан, сайлаушылары өтініп, нәтижесінде 90 пайыздан астам дауыс жинап, бесінші мәрте облыстық мәслихатқа депутат болып сайланды. Маңдай термен төгілген адам еңбегінің арқасында кеудесіне «Құрмет» орденін тақты. Одан бұрын да омырауында ел тәуелсіздігінің 10 және 20 жылдықтарына, ел мәслихатының 10 жылдығына арналған мерекелік төсбелгілері жарқыраушы еді, бұл марапат Ұлт Көшбасшысының қарапайым еңбек адамына деген құрметінің айғағы болғаны анық.  Рахаң Қазақстан Республикасының «Құрметті автокөлікшісі», Түркістан қаласының «Құрметті азаматы». Халықаралық психология ғылымдары академиясының  Құрметті академигі. Түркістан футбол және бокс федерацияларының президенті.

Кейінгі жылдары Елбасының кәсіптік білім беруді жандандыру стратегиясын жүзеге асыру мақсатында Түркістанда жастардың авто-механикалық кәсіпті терең меңгеруі үшін арнаулы индустриальды-педагогикалық колледж ашып, ауыл балаларының техникалық білім алуына қамқорлық жасауда. Осының барлығы, өз сөзімен айтсақ, шүкіршілік деуге келетін тірлік. Шындығында, әңгіме Рахымның кәсіпкерлігінде емес, бас тіреп келгендердің тауын қайтармайтын қайырымдылығында жатса керек. Қазір әр тірліктің басын бір шалып, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» өйтіп-бұйтіп байып алып, шіреніп жүргендер  аз емес. Ал Рахым Көлбайұлының ұстанымынан бай-манаптық ұғымнан гөрі, ұлағат пен қайырымдылықтың қатар өрілетінін байқайсың.

Рахаң Өзбекстанда шаруа отбасында дүниеге келді. Шәуілдір автобазасында қарапайым жүргізушіліктен бастады. Мұның өзі оның кіндігінің ауыл топырағына байланып, ауыл тыныс-тіршілігімен тыныстап өскендігін аңғартады. Яғни, Рахаңа қазақ ауылының бітім-болмысы жат емес. Ал, ауыл – имандылық пен қайырымдылықтың ортасы.

Әскер қатарынан келген соң, еңбек жолын Түркістанда АТЭП және жолаушылар тасымалы автокөлік мекемелерінде жүргізушілікпен жалғады.  Шымкент автомеханика техникумын бітіріп келген соң , түрлі жылдары гараж бастығы, автовокзал бастығы қызметтерін атқарды.

Ағайын десе алдындағы асымен ортақтасуға дайын ақжүрек азаматтың қайырымдылығына қалың жұрт тәнті. Ол жетім-жесірлерге, қарттар мен мүгедектерге, аз қамтылғандардың мұң-мұқтажына қарайласуды өзінің азаматтық парызы санайды. Қарапайым қала тұрғыны үшін ең шетін мәселе – күнделікті жол қаржысының аз болуы ғой. Міне, талай жыл болды, Түркістан халқы қала ішінде де, қала маңына да ең арзан  көлікпен қатынап жатады. Автобустың жол кіресі 40 теңге, маршрут таксиінің жол аіресі – 50 теңге ғана. Бір кездері республикалық баспасөз «Түркістанда жол кіресі — 10 теңге!» деп шулағанда, еліміздің басқа аймағындағылар  бұған сенбей, «түркістандықтар айта береді екен-ау» деп күлгендері бар. Кейін өздері киелі қалаға зиярат ете келе , шын мәнінде біздегі көліктердің басқа жақпен салыстырғанда өте арзан екеніне еріксіз көздері жетті.

Рахаң айтады: «Осы қалада жолаушы тасымалында бізге бәсекелес жоқ, неге дейсіз ғой? Ешкім де арзан бағамен жолаушы тасығысы келмейді. Ал біз жиырма жылға жуықтап қалды, бір бағаны тұрақты ұстап отырмыз. Дағдарыс келіп жатыр, әлемдік баға күрт көтеріліп жатыр, оның ешбірі де біздің қаламызда дәл осы көлік тасымалында  халыққа әср еткен емес, ел игілігі үшін одан асқан қандай қамқорлық керек! Әрине бізге қиын, жанармай бағасы күрт өсіп жатыр, автобөлшектер де арзан емес, бірақ, мен ойлаймын, ең биік баға – халыққа ыңғайлы, қалтасына салмақ салмайтын бағада болса керек».

Өкінішке орай, қалада орта есеппен 3 мыңдай жеке таксилер бар. Бұлардың басым көпшілігі лицензиясыз, өтіп бара жатып, жолай жолаушыны «қағып» кететін пысықайлар. Мұндайда жолаушы көлігіне күнделікті норманы орындау да қиын. Міне, осындай қиындықтарға қарамастан, Рахаң бастаған ұжым халыққа игіліаті қызмет етіп отыр.

Қарақан басының қамын ғана емес, қатарындағыларының барлығының бақуатты болуына тілектес жүрегі таза, жаны жомарт жан бүгінде елге етене, сыйлы. Оны білетіндер Рахым Көлбайұлының тек іскер кәсіпкер ғана емес, нағыз азамат ретінде де құрмет тұтады. Мен көмек бердім, демеушілік жасадым деп жатқан ол жоқ. Қолындағымен бөлісуді  көкірегіне құйып өскендіктен де болар, осылай болуы заңды деп қабылдайды. «Арық атқа қамшы, жыртық үйге тамшы ауыр» дейтін қазіргі нарықтық қыспақ заманында, алды кең, жүрегі жомарт жандар көңілге нұр құятыны бар. «Кәсіп түбі — нәсіп» деген сөз бар қазақта. Ұлттың нәсібі ғой. Өзіңе ғана емес, өзгеге де болсын деген тілек пен ниет қабысса, ұлттың ұшпаққа шығары анық. Рахым кредосы да – осы! Ұлтқа қызмет ету.

Жыл сайын Рахаңның кәсіпорны 250-300 әл-ауқаты төмен адамдарға, студенттерге қала көлігінде жеңілдетілген бағамен жол жүруіне рұқсат беретін карточкалар таратып жатады. Мұның өзі де қарлығаштың қанатымен су сепкендей игілікті шара екені даусыз.

Жоғарыда айттық, Рахаң «Жолаушы» колледжін ашу арқылы елдің келешегі – жастарға үлкен десеу көрсетіп отыр. Мемлекеттік бағдарламадан басқа, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларын ақылы негізде оқытуға қолдау көрсетіп жүр. Осында білім алып жүрген жастардың алдынан даңғыл жол ашылғанын көріп, сүйсінбеске лажың жоқ.

«Қазір екінің бірі жоғары білім алғысы келеді, колледжге ұмтылып жатқан жастар аз, соған қарамастан, өндірісімізге ауадай қажет, бірақ ұмытыла бастаған автомеханик, диспетчер, автослесарь, дәнекерші сияқты мамандықтарды игеру үшін біз жастарға жағдай жасауды мақсат тұттық, — дейді бұл турасында Рахым Көлбайұлы. – Колледж ашудағы мақсат сол. Міне, 10 жыл болды, алғашқы түлектеріміз қазірдің өзінде ел игілігі үшін қызмет жасап, директор қызметіне дейін көтеріліп жатқандары да жоқ емес. Колледжіміздің оқу ақысын да қарапайым халыққа ыңғайлы етуді мақсат еттік. Қаладағы ең арзан оқу ақысы бізде деп толық мақтана аламыз. Бұдан бөлек мемлекет тарапынан алатын грантымыз да жоқ емес».

Бұдан өзге, өзі құрылтайшысы болып отырған «Рахим и Компания-1» ЖШС-і де халыққа автосақтандыру, автокөлікті техникалық байқаудан өткізу бағытында жақсы қызмет көрсетуде. Мұның өзі де оншақты адамды жұмыспен қамтып, Елбасының «Жол картасы» бағдарламасына үлес қосып отыр.

Қалай десек те, Рахым Тәңірбергенов – халықтың дүбірлі додада ен тағып еншілеп, аттай таңдап алған қалаулысы. Ол сайлаудың алдында сұлу сөз айтып, шұбыртып уәде беріп, тағына қонған соң тайқып, сайда жолы, құмда ізі қалмайтындардың қатарында емес. Елдің жайын ойлайтын халықшыл азамат. Бұған жоғарыдағы қадау-қадау істер куә.

Көңілге түйгеніміз, Рахаң үшін үлкен-кіші деген мәселелер болмайтыны. Оған тән адамгершілік қасиеттердің небір тылсым сырлары нақты іс арқылы өріліп жататыны. Жаны да, ары да таза, жұмысқа берілген, өз кәсібіне білікті мамандарды таңдауға мейлінше талапшылдығы.

Темірдей тәртіпті бірінші орынға қоятын ол өтірік айтуға, жалған сөйлеуге жаны қас. Тікесін айтып, туғанына жақпайтындардың қатарында. Қайырымдылық дейтін құндылықтар кері ысырылған бүгінгідей заманда Рахаң секілді біртуар азааттар қажет-ақ, оның нар тұлғасын, мәрт мінезін, өзгеге ұқсамайтын болмыс-бітімін жастарға үлгі етуге асығасың.

«Өмірде бәрі өтеді-кетеді. Қалатыны – өмірлік ісің,  өшпес ізің, ұлағат етер үлгің» дейді Рахаң. Рас-ақ, өнегелі ісімізді өмірдің баянды бір болмысы десек те, елдің есінде қалатыны екінің бірі жасай алмайтын әлгіндей істер екені ақиқат. Оны дәл Рахым Тәңірбергеновтей намысшыл, ақжүрек, азаматтығы биік, арлы жан ғана жасай алады.

Гүлжаз Қарыбек

Ілмектер

Осы айдарда

Back to top button
Close
Close