Қоғам және бізТаңдаулы

СЕЗІМ САРБАЗЫ, РУХ САРДАРЫ

«Бедері жоқ қамқадан,

Бек тоқыған бөз жақсы.

Бейкемі жоқ туғаннан,

Бек сөйлескен сөз жақсы»

Қазақ мәтелі.

 

Құдай берген қабілеті қуатты, табиғи-болмыс таланты телегей-шалқыған өнер адамының тағдыры да, алғыры да қайғы-қасыретке тұнып тұрады. Шығыстан шыққан Күннің шуағы іспетті нәбилік қасиетке тәнті Тұран даласының үркер жұлдызындай маңдайы жарқыраған үкілі үміті Мағжан ақын да «мыңмен жалғыз алысқан», тірі пенде кінә қоя алмайтын тәбәрік-тұлға.

«Түркістан екі дүние есігі ғой…» деген жалғыз ғана – соншама қарапайым, соншама құпиялы, соншама қуатты; соншалық терең, соншалық тылсым, соншалық талғамды сөзі-ақ – аймаңдай алып ақынды қоңыр қазақтың қызыл тілі мен сөз өнерінің қайсар да аусар қабыланы етті.

Келмес керуенге кеше ғана көшкен қабырғалы қаламгеріміз Шерхан Мұртазаның: «Ақындық деген жарықтықтың екі ұшпағы бар: бірі ұлылық, бірі – масқаралық. Ұлы бола алмаған ақын – масқара болады. Көп ақылды адамдардың өз ақындығын жасыратыны, сондықтан» – неткен әулиелік түйін десеңші!

Ақынды адасудан сақтайтын өткір алмас қылыш – сөз құдіретін терең түйсінуі. Құдай Мағжанға осынау ордалы қос қасиетті – ұлылық пен сөз құдіретін түйсінуді – молынан бұйыртты.

…Кісі нөпірі үзілмейтін күре жолдың бойында екі көзі де суқараңғы бір соқыр қария таңның атысынан – күннің батысына дейін қайыр сұрап отырады екен. Қарттың мойнындағы қатырма қағазға: «Мен – соқырмын, мүсәпірге көмектесіңдер!» – деген сөз жазылған. Бірақ, құлқынсәріден келіп, қас қарайғанша күнұзақ қақайып отырған кәріге жаны ашып, садақаға тиын-тебен тастайтындар тым сирек болыпты.

Бірде бір өткінші қыз қариядан қатырма қағазын сұрап алып, ондағы жазуды өзгертіп, соқырдың мойынына қайта іліп, кетіп қалады. Сол-ақ екен, алдындағы қорапқа сыңғырлаған тиындар мен сықырлаған ақшалар көптеп түсе бастайды. Өткен-кеткеннің бәрі дерлік тоқтап, садақа береді. Кеш батпай жатып, қорап садақаға лықа толып қалады.

Зағип аң-таң күйде отырғанда манағы қыздың дауысын есітіп: «Қарағым, атаңды бір-ақ күнде байытып тастадың ғой, не істегеніңді білмеймін, бірақ, бүгін менің алдымнан садақа бермеген бір адам өткен жоқ» – депті, риза көңілмен.

Қыз: «Мен қатырма қағаздың сөзін өзгертіп жаздым», – депті. Сөйтсе сөзді: «Қайырымды жан, сіз көре аласыз ғой, айтыңызшы, мына дүние қандай тамаша, бірақ, мен оны көре алмаймын!» – деп жазған екен.

Сөздің шын құдіреті деген, осы.

Сұңғыла сүлей Майлықожаның ана туралы:

«Тоғыз ай, он күн көтерген,

Еңбегінде еті өлген,

Мұздай бесік таянған,

Жыласаң шошып оянған…» дегені – қандай сиқырлы!

 

*** *** ***

 

Парасат-пайымы мен рух-сезімі әрдайым арпалысып, ақтық демі біткенше итжығыспен жүрген айбынды Алаш мұратының марқасқасы, бір сөзі жүрек қылын түрткен нәзік сарынды лирик ақын Мағжан (Әбілмағжан) Жұмабаев жайлы, оның ішкі жан-дүниесінің толқынысы туралы жазғанда, сөз жоқ, сол бір сүреңсіз уақыттың әділетсіз, әпербақан, аласапыран, алатопалаң «мінезін» ұмытпау керек.

Ең маңыздысы, ата-бабасы тым ұзақ уақыт қазақ қағандары мен хандарының құлақкесті құлы болып, кенет, ғайыптан қолына тізгін тие қалған сол қапталдағы қасиетсіз шегіркөз жұрағатының – қазақтың қасиетті топырағына ылас-нас тұяғы тиген күннен бастап, кешеге (дәлірегі, 1986 жылдың желтоқсанына дейін (ресми мәлімет бойынша, 1991 жылға дейін) дейінгі жалғыз ғана арман-дерті мен мақсат-мүддесі – қайсар қазақты түбірімен жою болды.

Патшалық орыс билігі: «Егер Тұран даласының жолбарысы, «Алтын Орда» империясының мұрагері, бойында Шыңғысханның рухы мен қаны бар Орта Азияның айбатты арыстаны қазақты тоз-тоз қылып, тамырымен жойса, аймақтың қалған ұлттарын қалпақпен қағып аламын» – деп ойлап, қазақтан қатты қауіптенді.

Ең зоры, қазаққа шүйгін жерде мал өсіріп, суармалы егістікпен айналысуға рұқсат етілмей, қу далаға зорлықпен қоныс аударылды. «Столыпин реформасы» – этногеноцид жасаған-ды. Кедейленген байырғы тұрғын қазақтар тұрмысқа шығатын қызына қалыңмал төлеу үшін келімсек орыс байшыгештеріне қара жұмысқа жалдануға мәжбүр болды.

Осынау орасан қасыретті көзімен көріп, терең күйзелген Мағжанның жаны ауырып, жүрегі сыздап тұрса да, көңіл түкпірінде үкілі үміттің ұшқынын жылтылдап:

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты

Қырандай күштi қанатты.

Мен жастарға сенемiн!

 

Көздерiнде от ойнар,

Сөздерiнде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемiн!

 

Жас қырандар балапан,

Жайып қанат ұмтылған.

Көздегенi көк аспан.

Мен жастарға сенемiн!

 

Жұмсақ мiнез жiбектер.

Сүттей таза жүректер.

Қасиеттi тiлектер –

Мен жастарға сенемiн!

 

Тау суындай гүрiлдер,

«Айбынды алаш» елiм дер,

«Алтын Арқа жерiм» дер,

Мен жастарға сенемiн!

 

Қажу бар ма, тұлпарға,

Талу бар ма, сұңқарға,

Иман күштi оларда,

Мен жастарға сенемiн!

 

Алаш айбынды ұраны,

Қасиеттi Құраны,

Алаштың олар құрбаны,

Мен жастарға сенемiн!

 

Мен сенемiн жастарға.

«Алаш» атын аспанға

Шығарар олар бiр таңда,

Мен жастарға сенемiн!» – деп, толқындай тулаған сеніммен теңіздей тебіренуі – жүрегінің жеті қатында жасырынған әрі үрейі, әрі дүлейі болатын…

Алаш қозғалысының қайраткері, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, ақиық ақын Мағжан Жұмабаев туралы «Мағжан. Мен жастарға сенемін!» тарихи драмасы (режиссері Дархан Сәркенов, сценарийін жазған Қанат Рамазан, бас продюсері Назгүл Қарабалина) – мәдени өміріміздегі бір серпіліс болды.

Отыз жыл өтірік айтып, малтасын езген озбыр бишігештің қазақты «сиқырлап» тастағаны сонша – әмбе қазақ шырт ұйқысынан шошып оянғандай күй кешті. Сонау тоқсаныншы жылдары еркіндік алған елдір есін жиып, етегін жинап жатқанда, бәрін тастап, сыған-бұлғар еліне шапқылап, зағип Ванга деген «көріпкелгіш» кемпірге баруы – тегін болмады. Аңғал қазақ «Жеті атаға толыстық, жеке ел болыстық» деп, тақиясын көкке атып қуанып жүргенде, бұл Ұлы Даланы «дуалатып» әлекке түскен екен…

Ақпейіл ұлтымның бір арманшыл перзенті Мағжан Жұмабаев өмірінің 1915-1921 жылдар аралығындағы кезеңі қамтылған 4 бөлімді телехикая – Алаш арысының Орынборға келуі, Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқуы, Сәкен Сейфуллинмен достығы әрі аракідік түсініспеушілігі, Қызылжар мұғалімдер курсының оқытушысы Гүлсім Камаловаға ғашық болуы жайлы сыр шертеді.

Тегінде, Алаш тақырыбы – көпке етене таныс көрінгенімен, оңай шағылатын жаңғақ емес: көлденең көк аттының тісі өтпейді. «Алаш» атын алғанның бәрі – арыстан емес, «Алаш» ұранын көтергендер түгел – тұлға болмайды.

Қазақтың «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама», «Аяз – әліңді біл, құмырсқа – жолыңды біл» дегені осыдан шыққан. Алаш тақырыбы – әрі ауыр, әрі жауапты тақырып. Соңғы уақытта еліміздің кинотеатрларында ұсынылған «Міржақып. Оян, қазақ!» көркем фильміне халықтың ықыласының айрықшы болуы – аталған алгоритмнің шындығы мен батпан салмағын айқын таразылап берді.

Жастар бұл тақырыппен енді ғана табысты. Бұлай күрт дүмпуге – еліміздегі 2022 жылғы Қаңтар қасыреті тікелей от қойды.

«Мағжан. Мен жастарға сенемін!» тарихи драмасы – оқулықтарда айтылмайтын құпияларды қамтуға тырысып, «туған тарихымды білмейді екенмін» деген оқыс ойға жетелейді.

Телехикаяның кейбір кермекті тұстарында делебең қозып, ашу-ыза қысып, дәтің шыдамай, орныңнан тұрып кететінің де болады…

Мағжанның басты екі қасиеті дөп аңғарылып, дәл бағаланған.

БІРІНШІДЕН, Мағжан – алаулаған оттай ыстық ұлтшыл. Ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағыт ұстанған  Мағжан жастайынан ұлт болашағын ұран еткен, ұлт үшін басын құрбандыққа шалған Алаш қайраткері.

ЕКІНШІДЕН, Мағжан – ұстағанның қолы күйетін, сексеуілдің шоғындай өртейтін шабытты шайыр. Ол шығыс пен батыс поэзиясын бойына сіңіре отырып, қазақ өлеңінің рухани қазынасын сабақтастырып, түр мен мазмұнын байытты. Абай өлеңінің өшпес маңызын таныған ақын «мың жыл жұтса дәмі кетпес» сөзін ілгері дамытып, ойшылды «хакім» атады.

Тарихи туынды Міржақып Дулатұлының, Сәкен Сейфоллаұлының, Сәбит Мұқанұлының бейнелері арқылы сол бір елең-алаңнан – есен-аманға «жетеміз бе, жетпейміз бе» деген үлкен күдіктің күрмеулі түйінен шешуге талпыныс жасайды. Сөз жоқ, сүйсініп отырып, күйініп кететін тұстар аз емес. Мағжанның ішкі лаулаған оты мен күйігі – Міржақып Дулатқа арнған өлеңінде айқын көрінді.

«Дамыл көрмей ертекеш,

Жұрттың қамын көп жедiң.

Байладың белдi, салып күш,

Тыныштық жүзiн көрмедiң.

 

Жағаластың жауменен,

«Бермеймiн жұртым, жаным», – деп.

Алыспақ болдың тауменен,

«Жұрт үшiн төгем қаным», деп.

 

«Оян! дедiң жұртыңа,

Бас көтерiп, тiрлiк қыл!»

Ақыл айттың ұлтыңа:

«Таста талас, бiрлiк қыл!»

 

Бiр шешпедiң белiңдi,

Жұрт үшiн уайымқайғы жеп,

Сақтамақ болып елiңдi:

«Қара күн алда, бек», – деп.

Менменсiген күштi жау,

Көздеп тұрды iсiңдi.

Қоймады сенi есенсау,

Алды қолдан күшiңдi.

 

Қараңғы үйге қамады,

Мейiрiмсiз өңшең тасбауыр.

Сорлыға Тәңiрi панады,

Болса да бейнет қанша ауыр.

 

Қиялға ескi бата бер,

Қайра өзiңдi, дәрмен не?

Уайымсыз, ойсыз жата бер,

Жұрт үшiн түстiң, арман не?

 

Көзiн ашып, артыңда,

Жұртың ойлар: «Бұл қалай?

Тайынба, қорықпа, тартынба!»

Деушi болар бiрталай.

 

Ұмытпаған өз ұлтын,

Қайратты жас жiгiттер.

Жұрт үшiн салар малмүлкiн,

Бiрiнбiрi үгiттер.

 

Ұстасын, жапсын, уайым жоқ:

«Қоймай қуса қорқақты

батыр болар» деген көп,

Батыр ғып, одан не тапты?

 

Өрнек болар мұндай iс,

Кейiнгi жанған жастарға.

Қайраттанып, күйiп iш,

Азуын шайнар қастарға.

 

Қараңғы болса қанша түн,

Жұлдыз сонша жарқырар.

Бұлт басса да Алтын күн,

Бiр шығар, жердi жарық қылар.

 

Келешек күнде қағазға,

Алтынмен жазар атыңды.

Құшақтап сүйер, қағазда,

Көрсе жазған хатыңды.

 

Уайымқайғы жұтады,

Сенi ойлап, сорлы жұрт.

Аңдыған жау ұтады,

Тәңiрi, соның түбiн құрт.

 

Саған көк те тiлектес,

Бұралған өңшең нәзiк бел.

Перiштелер жаныңда!

Еш қайғырма, рақат анық бiл

 

Мейiрiмi кең күштi Ием,

Сорлы жұртты оң баста.

Дұшпан құлаш, бiз сүйем,

Рақмет ұшқынын таста!

 

Көбейсiн елде қайратты ер,

Жұрт үшiн болсын қара тер.

Сорлы жұртты бастасын,

Жасаған, соған көмек бер!»

Жан-жүрегі мен тұлабойы тұнған адамгершілік, іңкәрлік, ғашықтық сезіміне лықа толы, туған ұлтын ессіз әрі шексіз сүйген шерлі шайыр:

«Қайғыланба, сорлы тұтқын, еш нетпес,

Күн батқанмен, таң атпайтын түн жетпес.

Ер жүректi азаматтың басына,

Бұл жалғанда нелер келiп, не кетпес?!» – деп, өмірінің соңғы сәттеріне дейін ішкі запыранын төкпей, мықтап ұстап келді…

 

*** *** ***

 

Атышулы Ақтамберді жырау:

«Елен елді аралап,

Тектіден текті саралап,

Бектердің қызын айттырып алар ма екенбіз» – деп гөйгөйлеткендей, сұлу да сырбаз Мағжан да сұлуды таңдап сүйіп, аңдап күйеуге тиіс еді… Бірақ, Мағжандай марқасқаның дақсыз жүрегінің «кетігін тауып, қаланған» Гүлсімнің (Ғазиза-Таңшолпан Тілеубай) табан астында ізім-қайым жоғалып кетіп, сасықкөкірек байшыгештің қойынынан табылуы – логикалық қисынға келмегеннен бұрын, эстетикалық үйлесімділіктің жібін үзіп жібереді.

Әрине, «Піскен асқа – тік қасық», «Біткен іске – сыншы көп» десек те, кезкелген шығармаға әділ сын айталмаса, демек, «ол еңбек – сөз қылуға да татымайды» деген сөз. Ең алдымен, өнер адамы – әділ сынды қабылдай алуы керек. Егер әділдікті – кісілігі көтере алмаса, ешкім өзінің кемістігі мен жетістігін білмей өтеді.

Екінші түйткіл, Мағжанның Гүлсімге үйленбегеніне қуанып та қаласың. Шығармашыл топ мейлінше уақыт талабын орындағысы келгенімен, ақынның сүйгенінің образы тым сәтсіз таңдалған, тіпті, келісілген кісі білгілі-белгісіз себептермен келмей қалып, қолға түскен бірінші адамды рөлге қоя салғандай әсер қалды. Бұл жерде «адамның ішкі жан-дүниесінің сұлулығы маңызды» деген уәж де болуы мүмкін, десе де, «Сұлу келбет – жібек қылғаттан сұлуырақ», «Сұлуға – сүрме керек емес» дегенді де мен шығарғаным жоқ…

«Ақтоқты шашың жібек, жүзің айдай,

Адамзат сипатыңа таң қалғандай!» – деген тамаша тамсанысты қалай жоққа шығарамыз?..

Басқа-басқа, Мағжан ақын хас сұлуды айшылық жерден сезіп, күншілік жерден көретін сұңғыла емес пе?!.

Тегінде, кешегі қызылкөз совет коммунистерінің қазаққа шектірген індетін мың бірінші мәрте қайталап жатпай, турасынан турасам, біз санамыздағы «міндетті түрде шегіркөз күшті болды, сұлу қыз – соның құшағында, сұлу ат – соның тақымында» (т.с.с.) секілді стереотиптерді жұлып алып тастауымыз керек. Біздің Сыр топырағында талай совет коммунистерін итше сүйреп, тулақ-тоқым еткен. Керек десеңіз, жаңа толқын кино өкілдері қазақтың шегіркөзден шеккен қиянатын індетіп көрсете бермей, керісінше, оларға қарсы батыл қазақтардың қолданған қайсар да өжет әрекеттерін жарқырата таңбалай білуге тиіс. Айталық, «Сұлтан Бейбарыс» туындысының сарыныман…

Саусақпен санарлық аз туындылармен жас буынның санасы мен жүрегіне, түйсігі мен сезіміне Алаштың қымбат құндылықтары жете қоймайды. Бұл теңіздегі – тамшы ғана. Өнердің тылсым тілі арқылы жастардың санасына Алаш қасиетінің өзекті жібі мен негізгі түйінін сіңіру үшін әрі әсерлі де ықпалды болуы үшін шығармашылық ұжым тек кітаптардағы қасаң дерек-дәйектермен ғана шектелмей, алаштанушылармен және алаштықтардың көзі тірі ұрпақтарымен бітеқайнасып жұмыс істеуге тиіс, деп ойлаймын.

Телетуындыда Мағжанның өрлігімен қатар, ұстаздық тәлімі де көрініс береді. Мағжанның кіндік қаны тамған Сарытомар ауылында фильмнің көріністері бар ма, жоқ па білмедім, егер болса, әрине, бұл өте сәтті шешім болған болар еді.

Ал, «Қызылжарда Мағжан тұрған ескі үй бар, әлі сақталған» деседі және ақынның жалғыз өзі ұзақ серуендеп, қыдырған саябағы да орнында көрінеді. Шіркін-ай, өз аяғыммен барып, «шығыстан шыққан пайғамбармын» деген сәбикөңілді мәжнүн әрі қасқыржүректі қайсар ақынның асқақ рухын сезінер ме едім!

Менің түйсігімде Міржақып – салиқалылық пен ақылдылықтың эталоны, Сәкен – серілік пен сұлулықтың символындай еді…

Тарихи хикаяда Міржақып Дулатұлы (Қайрат Набиолла) мен Сәкен Сейфуллиннің (Қуаныш Құдайберген) бейнелері біршама сәтті шыққанымен, Міржақып – мылжыңдау, Сәкен – санасыздау көрінді.

«Міржақып»-тың табиғатында салмақты жігіт екендігі айқын, әйткенмен, көріністері кемшіндеу болды ма, әлде, ауызына салған сөздердің салмағы жеңіл шықты ма, әйтеуір, будақ бұлтқа қылбұрау сала алмай, күңгірттеу кейіпте қалғандай…

Тіпті, Гүлсімді қолға түсірген әлгі бір шегірткенің айғырындай әңгүдікті әкіреңдеткен эпизодтарда Міржақыптың мағыналы мінезі мен Сәкеннің сергек алғырлығын көрсеткенде, Міржақыптың пірәдардай пайымы мен Сәкеннің ілкімді ішкі табиғаты мен сұрапыл рухани көркемдігінен толығырақ тәлім алар ма едік, деймін…

Тарихшы емеспін, дегенмен, Мағжанның «өзімшілдікпен өңмеңдей ұмтылып, Сәкенге қарсы шауып, тынымсыз таласқан» деген дерегі есімде жоқ. Сәкеннің, ә дегенде, советке сеніп, кейінірек бармағын тістеп, қатты өкінгені жайлы сөз бар сияқты. Сәкен, сірә, Мағжан үшін дәлелді дәтке қуат, негізді намысқа сүйенер асыл бауыр болса керек-ті.

Кеше ғана көшемізде жүрген заңғар Алтаймен егіздей ерен де биік Ораш көкемнің (Оралхан Бөкей): «Көкшетау асқан сұлу болса, одан шыққан ақын, жазушылар одан әрі сұлуландырды» дегені бар еді, расында, қазақта ақыншайырлар қай заманда да қадірлі еді, қаламының құрсағынан құдіретті күштің киесіндей түйдек-түйдек жыр туған «алты қырлы ақберен» Мағжан осы оғланжұрттың абыройын асқақтатып кетті.

Сайып келгенде, көркем туынды болғанымен, тарихты тамашалатқан соң, деректерге көбірек көңіл бөлуге міндеттісің. Мысалы, Мағжан мен Сәбит Мұқановтың (Талғат Кеңес) арақатынасы туралы қарама-қайшы пікірлер бір-бірімен соқтығысып жатса да, телехикаядағы Сәбит – шаң тозаңы да қонбайтын періштедей тап-таза, мұнтаздай. Бұл тарихи ақиқатқа жасалған қиянат емес па?..

Бас кейіпкер Мағжан Жұмабайдың рөлін майталман шеберлікпен ойнаған актер Мейірғат Амангелдиннің жұмысы – жалаң сөз бен қаңқу мадаққа мұқтаж емес.

«Мағжан. Мен жастарға сенемін!» тарихи телехикаясы шығыс пен батыстың барлық елдерінің тілдеріне дереу тәржімәланып, ұсынылуы керек еді, Мәдениет министрлігі – әдеттегідей мағырап, ай ұарап жүрген секілді. Кинематографияны қолдау орталығы «Мағжан. Мен жастарға сенемін!» тарихи драмасын дубляж жасауда өте мұқият болуы керек, бір мысқал желең насихаттың қажеті жоқ.

 

*** *** ***

 

Мағжан ғұмыры – тұнған қасірет: не сүйгенін – құша алмайды, не қыран болып – ұша алмайды! Өмір ма, сол?..

Мен ойлаймын, Мағжанның ғұмыры жайлы кино түсірудің мұқтаждығы жоқ-ау, себебі, оның өлеңі мен өмірінің өзі – қасиет пен қасіретке, асқақтық пен айбынға лықылдай толған кино ғой… Мағжанның өмірінің шындығы ашылмағандай көрінеді де тұрады, маған… Күні кешегі Алаш арыстарының әрбірінің тағдыры жеке-жеке кинотуындыға лайық, таптырмас тақырып…

Ақырында, «Мәдениеті мола тонаудан басталған орыс» (Мырзан Кенжебай), яғни, жер бетіндегі әрбір шегіркөз  – тек, 1986 жылдың желтоқсанында қазақтан жеңіліп, астына түскенін түсінді. 1986 жылдың желтоқсанында Алматыда қазақ жастарының қанды жорық-майданы араға небәрі бес жыл ғана салып, «совет» деген жасанды мемлекет пен сөзді түбірімен жойып, өзімен бірге он үш ұлттық мемлекетке еркіндік алып берді. Осынау тарихи алапат шындықты – басқа біреудің мойындап-мойындамағаны маңызды емес, маңыздысы – бұл тарихи айдай анық ақиқат дерек.

 

*** *** ***

 

Зәуде, менің көз алдыма, отаршылдықтың озбыр бұғауын тас-талқан бұзып, елеусіздеу қалған кіндік отанының көсегесін көгертіп, тәуменді сананың бет-пердесін жыртып тастап, шырмаудан босатып, тәуелсіз рухты аламанға қосқысы келген; ұлты мен жұртын демі құмыққанша сүйген; азулымен алысып, тырнақтымен таласып, үсті-басын қан жуған еңгезердей жаралы жолбарыс келеді…

Сезімнің сарбазы, рухтың сардары – Мағжан-жолбарыс!

 

Мыңжан БАЙЖАНИН,

қаламгер, Алматы қаласы.

 

Осы айдарда

Back to top button