Қоғам және бізТаңдаулы

ТЕРІС БАТА ТАҚСІРЕТІ

КӨҢІЛ КҮНДЕЛІГІ

Сапар ЕРГӨБЕК

Біздің әулеттің ерекше ауыр тағдырлы кісісінің бірі, атам Ергөбектің інісі – Байгөбек Бердіғожаұлы. Демек оның әкесі, менің бабам – Бердіғожа. Ол кісінің немен айналысқанын, қалай өмір сүргенін білмеймін. Бай болды ма, әлде шаруасы төмендеу болды ма маған беймәлім. Өйткені бабам жайлы маған айтылған аз әңгіме барлықты да, байлықты да мұрат тұтпаған. Менің ойымша, бабам қақ-соқпен жұмысы жоқ, бұ дүниеде не көрсе де Тәңірге тәубә деуден танбаған, момын шаруа – Сыр бойының, Әзіреті Сұлтан ілімі сіңген Түркістан топырағының қазағы. Содан да болар бәлкім, біздің елден біреулер әулиелі жерлерді аралап, зиярат еткісі келсе, кей кісілер:

– Алыс әулиені аралап не керек, жақын әулие бар ғой жаныңда, мына қотыр шалдың етегіне тәу етсеңдер де жетеді ғой, – дейді екен. Бабамның бала күнгі шешектен қалған  дағы болған екен бетінде. Соған қарағанда жұрты қанша жерден әулие деп қастерлесе де өзі сары, көзі көк, қотыр шал пәлендей көрікті бола қоймаса керек. Келісті көрік ол кісінің ішінде, болмысында болған, ел соны танып, бағалаған шамасы. Сонымен бірге көп перзент көрген бақытты әке деп қарағандары да аңғарылады. Қазақтың бақыттың да, байлықтың да биігі бала, ұрпақ деп білген өзгеше танымы көрінеді бұдан. – Жатыр ғой, әне, бала-шағасы шұбырып, – дескен көрінеді. Сонда ол кісіні әулие деп ардақтаумен қатар, қазекемнің көңілінен сығалап тұрған күншілдігі де қылаң беріп тұрғандай болады. Әй, қазекем-ай, кейде сонша кең далаңдай дархан көрінесің, кейде сонша ұсақ, тараң қалып танытасың. Қазекемнің сол күйкі күншілдігінен де болар, не көз тигенін білмейсің, не сөз тигенін білмейсің, әйтеуір, бабамның сол көп ұлының екеуінен ғана ұрпақ бармыз. Сол көп ұрпақтың бірін, бірегейінің  өмірін бабамның өзіне отатқан алдағы ауыр оқиғаның да бастауы сонда жатқан болар, бәлкім.

Байгөбек – шамасы он тоғызыншы ғасырдың соңғы ширегі мен жиырмасыншы ғасырдың басында патшалық билік жүйесінің өкілі болып, ел ісіне араласқан адам. Атақты би старшын болған деседі. Бірақ Тәңір оған билік, кісілік беделін бергенмен мұсылман азамат іретінде, Мұхаммет Пайғамбардың үмбеті есебінде ұрпақ өсіру бақытын бұйыртпапты. Ұрпақты болу, өсіп-өну – әрбір қазақ үшін күні бүгінге дейін өмір сүрудің ең өзекті арқауы. Демек, қазақ өмірінің арқауы – ұрпақ, ұрпақсыздық – қазақ өмірінің егеуі. Көкірегін күйдіріп, жанын  жанып, жегі құрттай жеп, өмірін өксікке толтырып, үгіп егеп тауысатын егеуі. Өмірінде он төрт перзент көрген Байгөбек көп күнін дүние есігін ашар ашпаста шетінеген балаларын жер қойнына тапсырумен өткізсе керек. Тіпті кейбір балаларын алдын-ала келісіп қойып, өзге өзі секілді, перзентсіз кісілерге: «Қайда жүрсе де аман болса болды», – деп беріп те жіберген көрінеді. Бірақ олары: «Алла алдында сұраусыз», – деп берілсе де барған жерлерінде шетіней береді екен. Асса кейбірі бұрынғы қазақтарша айтсақ, «Үй айналып жүріп», қайтыс болып жатады екен. Әйтеуір бейопа дүниенің есігін бейкүнә ашқан шараналарға Құдай ғұмыр бермей-ақ қойыпты. Күнін санай беріпті. Қысқа санап отырыпты. Себеп…Себепсіз бұл дүниеде ештеңе де болмайды-ау осы.

Күндердің ерте бір күнінде, күнінде емес кешінде, апақ-сапақта Күйікасардағы біздің үйге қасында бір топ салт атты жігіттері бар Байгөбек келіп түсе қалады. Түссе несі бар өз үйі ғой дерсіз. Иә, өз үйі ғой, өз үйі… Бірақ дәл сол күні Байгөбектің бүкіл өміріне лағнет қамытын кигізген оқиға болып еді… Күн кешкіріп қалуына байланысты асылған қазандағы ас пісіп, оттан алынар алдында екен. Бірақ, менің би атам Байгөбек сор тартып, «Сорқұдықтың басына сорға бола  қонды атам», дегендей жеңгесіне:

– Қайтадан қазан көтер, – деп талап етеді. Жеңгесінің жауабы да даяр көрінеді:

– Мына асқан етім мол салынған, сенің жігіттеріңе де, өзімізге де жетеді, – деп жаңадан қазан көтерудің қажеті жоқтығын айтады. Ал Байгөбек жігіттерімен келуі себепті қайта қазан көтеріліп, ет асылуын, ілестіріп келген достарына солай арнайы құрмет көрсетілгенін қалайды. Ол да жөн секілді әрі бұл қазақы кісіліктің бірден-бір үлгісі. Әсіресе қазақ өзіне мейман ретінде мал сойылғанын, оның реті келмесі мәлім болса қазанға арнап ет салынғанын қалайды және оны жүрген жерінде ерекше мән беріп айтып жүретіні тағы бар. Сондықтан да Байгөбек жеңгесіне тіктеліп:

– Ет асасың дегесін, асасың, – дейді. Оған ыға қоятын жеңге қайда, оның үстіне қатыны өлген Ергөбекке, шал Ергөбекке тым жастай шыққан, күйеуіне сөзін өткізіп үйренген жас келіншек тә әжеміз.

– Аспаймын дегесін, аспаймын, – деп, о да райынан оңайлықпен қайта қоймайтынын көрсетеді. Біздің қазақта жеңге мен қайын арасының көп жағдайда қыюы қашып, қиғаш келіп жатуы және бар. Байгөбек қайтадан:

-Асасың,-дейді тістеніп.

-Аспаймын, – дейді жеңгесі. Ол да тістеніп алған. Әшейінде әдемі көрінетін көк көзі зәрлене шақшиып, ақсары сұлу жүзі көгеріп кеткен.

– Солай ма?! – деп, жеңгесінің қылығына намыстанып, қатты ашулы үн қатқан Байгөбек сазарып, зіл тартқан жүзін жанып жатқан ошаққа, асулы қазанға, әлі түсіріліп үлгермеген, пісулі етке бұрады. Осы сәтте жанжалдың асқынып бара жатқанынан шошыған Бердіғожа бабам ұлын бастырмалатып, қатты жекіріп сөйлеп, басып тастағысы келеді:

– Тәйт әрі! Доғар сөзді! Көп тантыма келіннің мазасын алып. Келін жетеді десе жетеді. Астың жөнін біледі ғой енді… Құдай берекесін берсін, жетеді, – деп сөзінің аяғын жұмсартқысы келген сыңайда тоқтайды. Сол әрекетімен баласына оның ер азамат басымен әйелмен, жеңгесімен сонша салғыласқаны жөнсіз екенін ұқтырғысы келгендей. Осы жерде Байгөбек қанша ашуланса да райдан қайтуы керек-ақ еді. Бірақ қайтесің, Құдай қылады да…Менің Байгөбек атам «Ашу – дұшпан, ақыл – досты» ескермеді.«Ақылына ақыл қоспады», ашуына ашу қосты. Сол ашумен әкесінің келінін қолдаған қылығын да жақтырмай, жекіп тастағандай болып, қатты-қатты қауып сөйлеп:

– Иә, үнемі менікі теріс. Тентектік. Үнемі сендердікі дұрыс. Сенің келініңдікі дұрыс, – деп шалға «Сен», «сен» деп сенсірейді.  – Мен сөйлесем, тантыймын. Сөйлемеймін тантыймын, – деп барқылдап, жанып тұрған отты ошаққа адымдап келіп:

– Жейсіңдер, сендер бұл етті! Жегізем мен, сендерге бұл етті! – деп қайнап тұрған қазанға төнгенде, Бердіқожа қарт оның қылығынан секем алып, бойын әлденендей үрей билеп, ұлының артынан келіп, қарынан ұстай алады. Қатты ашумен оқыс әрекетке бара жатқан баласы  сілкініп қалып, қарынан ұстаған қарт әкені қағып жібергенін де аңдамай қалған-ау шамасы. О, сорға тартқан сорлы ұл. Қауқарсыз қарт қалбақтап ұшып түссе керек. Оған қарап жатқан Байгөбек жоқ. Қатты адымдап келген қалпы ас толы қазанды бір-ақ тебеді. Төңкерілген қазан, ақтарылған ас, тебілген, төгілген астан шажылдаған от, бу мен күлі көкке шапшыған ошақ. Шалт бұрылған Байгөбек сол екпінімен келіп атына қарғып мініп шаба жөнеледі. Алды қараңғы. Қоюлана түскен қараңғылық. Бағыты Түркістан. Күллі түрік жұртының пір тұтқан тұтқасы, киелі жері – Түркістан, күллі түрік жұртының мұсылмандық тутұлғасы Әзіреті Сұлтанның мәңгілік мекені – Түркістан.

Ессіз ашуға ерік беріп, есірік күй кешкен Байгөбектің артынан қарап тұрып, жүрегің езіліп, О, Киелішәр Түркістан! О, Пір Баба Әзіреті Сұлтан! Адасқақ ұлыңның күнәсін кеше көріңдер. Өздерің жар болып, желеп-жебей беріңдер, дегің келетіндей. Шіркін солай болғанда ғой. Бірақ бәрі де басқаша болған. Байгөбек оқиғасы мың жерден жеңгесімен арасында ушығып кеткен ескі қыжыл болса да, мұсылман баласына оның ішінде  Құранға қолың жетпесе аяғыңның астына нанды қойып алуға болмайды, ал нан биікте тұрса астыңа құранды қойып нанға қол жеткізуге, алуға болады, деп асты қадірлейтін, жеті қазынаның бірі деп қазанды қадірлейтін, от – ана деп отты, ошақты қадірлейтін қазақ баласының істемек түгілі, ойына алуға қорқатын жәйт еді. Оның үстіне бетіне тік қарап сөйлеуге именіп өскен әкеге қатаң сөйлеп, тіл тигізді есебі болды. Қарымен қағып құлатқанын тағы қосыңыз.

Бүкіл ұрыс-керіске еріксіз куә болған жігіттер де аттарына үнсіз мінісіп, ауыр қозғалысып, Байгөбектің соңынан аттанысып кетіп жатты. Түнгі ауылды, Ергөбек ұстаның үйін төніп келіп қалған қараңғы түнмен бірге зілдей ауыр, өлі үнсіздік езіп тұрғандай. Шамасы сол түні, сол сәттерде біздің үйдің кісілері бір-біріне қарамаған. Қарауға қорыққандай күй кешкен. Сөйлеспеген. Жүзі өрт сөндіргендей болып түнерген Бердіғожа нұры тайған көкпеңбек көк көзі суық жылтырап, әлдебір оқыс әрекетке бел шешкендей күй танытқан. Өзінің күндегі намазжайына жайғасып, бірден екі қолын көкке жайып, әлденелерді айтып өзгеше бір құлшылықты бастап кеткендей. Шалдың әрбір қимылын күдікпен, үнсіз, сырттай бақылап отырған Ергөбектің көзі оның қолына түседі. Ол қатты шошып, бүкіл жандүниесі төңкеріліп түсті. Қазақы тамның ақтаусыз, қара сыбақты қабырғасына шам жарығынан қара сурет болып түскен шал көлеңкесі аса қорқынышты еді. Бабаның көкке сауылған екі қолы теріс еді. Бұл құлшылық өзінің қанасын жарып шыққан баласына, оның теріс қылығына налыған әкенің қатал үкімі еді. Қатал үкімнің қалтқысыз орындалуын, ас тепкен адас ұлды бақ тебуін Тәңірден тілеген сәт еді. Ергөбектің бүкіл ішкі әлемі, жан жүрегі түршігіп, «Теріс бата! Теріс бата ғой бұл!», деген үрейлі ішкі дауысы сыртқа шықпай, іште булығып үнсіз айқайлап тұрды. Үрейлі үнсіз айқай Ергөбектің алай-дүлей кеудесінде тұншығып тұрып барып, тысқа ақтарылды. Ол әкесінің алдына етпеттеп кеп құлады:

– Ойбай, Жәке! Не істеп жатсыз, әке?! Әке кешіңіз сор маңлай болған ұлыңызды. Кешіңіз әке. Әке, әке…- Қатты қорқыныштан даусы тарғылданып кеткен Ергөбек, – Әке дін мұсылман кітабыңызда да, құдіреті күшті Алла Тағаланың өзі де қасиетті Құранда әрқашан кешірімді бол, кеше біл деп жатпай ма, әке, балаңыздың білместігін бір жолға кешіңіз, Пайғамбарымыз да кешуді құптаған, – шалдың үлкен ұлы оның алдына жатып алып, барылдап сөйлей берді. Әкесінің теріс батасынан шошыған ол оның алдын босатқысы келмеді. – «Білмеген – у ішеді» деген әке, білсе неге ішсін. Ұлыңыздың ісі білместік болды.Сол себепті де кешіңіз оны, әке. – Үлкен ұлы інісін қорғап қанша сөйлесе де шал селт етпеді. Тұрқы тас мүсіндей қалшиып, жүзі сазарып мелшиіп, көк көзі сұп-суық болып қатып қалған. Сәлден соң барып:

– Тұр!– деді, зілді қатқыл үнмен, – Алдымды босат.

– Әке кешесіз бе? – Жатқан орнынан қозғалып, тізерлеп отырып, әкесінің жүзіне сұраулы да қатты өтінген жалбарынышты жүзбен қарап қалған.

– Жоқ! – деді Баба, – ондай ұлға…- деп созып барып, – «Ұл» деген аттан адыра қалсын ол! Оған ешуақытта, – деп тоқтап тұрып, – бұ жалғанда кешу жоқ, – деп бір-ақ кесті.

– Әке…

– Тұр! Кет! Шаруаң болмасын сенің.

Әкесінің ұлын кешпесін көріп, қатты әкені қайыра алмасына көзі жетіп, шарасы таусылған Ергөбек амалсыз созалаңдай тұрып, жатар жайына жылжып, жылап бара жатты. Ол «Ата қарғысы – оқ, ана қарғысы – боқ» деген халық даналығының теріс кетпесін сезіп, інісінің ертеңі өртеңдей өртеніп, күйіп өтерін мойындап жылады. О, Тоба, содан Бердіғожа баба тапжылмай, көкке созып, теріс жайған қолын бір түсірмей, туған ұлына теріс батасын беріп отырған қалпы таң атырды. Түні бойы Ергөбек те көз ілмеді. Бауыры үшін бауырын күйдіріп, өртеп шықты. Тек таң алдында әбден шаршап, қажыған тән сыр беріп, «ұйқы арсыздығын» көрсетіп, көзі ілініп кеткен екен. О, Құдірет! О, Ғажап! Сол мезетте түс көріп үлгеріпті. Тәңір өзі сол түсті көрсету үшін көз ілдіріп тұр ғой. Түсінде қайдан,қалай келгені мәлімсіз бір түйе әлдебір жерде еш алаңсыз жатқан інісі Байгөбектің үстіне төніп келіп-ақ қалыпты. Бір қара албастыдай болып келіп тұрған қап-қара бура екен. Ергөбек аң-таң. Аузы ашылып қалған. Мұндай да түйе болады екен-ау деп. Ә, дегенше болған жоқ. Келеге түсуге жараған бурадай болып, аузынан ақ көбігі ақтарылған, өзі көмірдей қап-қара қара бура Байгөбекке шөге кетті. Інісін төсіне салып мыжғылап жатыр. Бұл не істерін, жан бауырына қалай көмектесерін білмейді. Қолынан ештеңе келмей қалбалақтап, түйені айналып, одан інісін арашалай алмай шырылдап, жандалбаса жүгіріп жүр. Сүйтіп жатып ұянып кетті. Ия, Ергөбек бұл тығырықты түстің тұспалын толық түсінді. Інісін әруақ, құдайдың қатар ұрғанын ұқты. Қазақта «Баталы ұл – арымас, батасыз ұл – жарымас» деп, адам ғұмырының бақтыне бақсыз өрілуін батамен байланыстырған ұғым,баталы – бақты, батасыз – бақсыз деп түйген ой бар. Ал Байгөбек болса, ол күні ертеңгі өмірі үшін азық болатын оң бата алудың орнына өмірінің өзегін өртеген теріс бата алды. Өмірі уыты қайтпайтын қарғыс қамытын киді. Енді бұл сорлы баланың халі нешік болар екен деп ойлады өзінен-өзі отырып. Інісінің халі не боларын ішкі қазақы түйсікпен танып-біліп отырса да. Бұл бауыры үшін күйген, күйінген ағаның жан-далбаса күйі еді. Шарасыз халде санасы сандалып отырған Ергөбектің көзі қасында қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан әрі жас, әрі сұлу жарына түсті. «Түк болмағандай жатуын қарашы мына жынды иттің», – деп қатынына жақтырмай қарап отырды бір сәт. Оның ішкі даусында көкірегіне зілдей боп қатар қонған қатты іреніш пен шарасыздық, дел-сал күй бар еді. Мосқал жігіттің көңіліне әрдайым қуаныш, жылы сезім сыйлайтын келіншегі бұл жолы соншалықты суық әрі жат көрінді. «Алда жарықтық, амалы қайран өмір-ай» – деп ол ауыр күрсінді, – «Соншалықты сұрғылт әрі сызды да суық болармысың?! Жылт етер жақсылығыңның қалмағаны ма?!» Ергөбектің еңсесі езілді. Ауыр ой езгісінде ол ұзақ отырды. Отырып-отырып: «Бұл да сенің жалғандығыңның тағы бір дәлелі болар, опасыз жалған!», – деп орнынан тұрды. Тірлік етуге, опасыз жалғанға қызмет етуге қозғалды. Қандай ауыр жағдай болса да, адам тағдыр тауқіметін тартып, өмірден қалай таяқ жесе де, өткінші өмір өзінің арнасына осылайша әкеліп салатын болуы керек бәндәні. Бәлкім, қазақтың «Көресіңді көрмей, көрге кірмейсің» дегені осы болар. Оның үстіне «Күніне мың бәле көрсең де, үміт үзбе бір Алладан» деген адам баласын өмір аталатын жалғанға құштарлыққа тәрбиелейтін, діни оймен суарылған әдемі сөз және бар.

Ергөбек кеш әрі еңсені зілдей боп басқан ауыр үнсіздікпен ішілген азанғы шай үстінде жұрттың дастархан басынан тұрып кетуін күтіп отырыңқырады. Соңынан ғана оңашалап:

– Әй, – деді қатынына қарап, даусын қатты көтермей суық қабақ көрсетіп қана, онысы «Болған жайға көп кінәлі сенсің», дегені. Сонымен бірге бәрібір саған дарымайды ғой дегендей дәрменсіз күйде бетін тыржитты. Әйтсе де айту керек деп шешті. Қабағын түйді.  Түнеріп отырып: – Ана сорлыны Құдай ұрып қалды ғой, – деп бастап, Сейдінге бүгін көрген өзгеше ауыр түсін, соған орай өзінің інісін ойлап, қатты қамығып отырғанын айтып берді. Шалының әңгімесін төмен қарап отырып тыңдаған ол ештеңе дей қоймады. Сыр бермей сазарып, жүзінен де ешқандай ой оқыта қоймады. Оның бетіне тесіле қарап, түсін әңгімелеп отырған ол бәрібір қатынының түрінен әлдебір бойкүйездік пен бейтарап қалыпты тапты. «Түс көрсең қайтем. Бәріне бауырыңның өзі кінәлі» дегендей. Жан бауыры Байгөбек үшін жаны жылап жүрген Ергөбектің іші езілді. Көрген түсін «Мына қатыбас қатынға неге айттым» деген опынған ой келді басына. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын, балтырың сыздамасын» деген осы болар деп түйді. Кеудесі күйді. Көкірегізіл тартты. Жан жүрегі жаман жүдеді. Жақынға тар, жатқа кең – әттең, бір қапы дүние-ай…

Екеуі де орындарынан тұрып, әрқайсысы өз шаруаларына, күнгөріске кірісті. Бір Алла тағдыр өзіңнен…

Жылжып жылдар өтті. Байгөбек атам мен әжем Құдай қалапбір емес, екі емес, Тәңір тілеуін берсе тұтас тайпа өсердей он төрт сәби сүйді. Сүйді де бірін де қалдырмай қасиетті Жер Ананың қойнына тапсырып отырды. Оларға берілген Алланың аманат жанының онсыз да жалған уақыты қысқа қырқыла беріпті, қырқыла беріпті. Құданың құдіретімен Бердіғожа бабам да Алла ғұмыр беріп сол күндерге шейін өмірін жалғай беріпті, жалғай беріпті. Сонша перзенттің опатын атам ер азамат санатында сыртқа сыр бермей, бар шерін ішке жыйып күнгөре берді. Әр баланың өлімі өзегін өртеп, бауыры күйген ана, әжем соңғы ұрпағын – жан ботасын тағы да Құдай шетінетіп, алып кеткен сәтте шыдамай тарс жарылған. Бар дүниені  ұмытып, аласұрып, көзінен аққан жасы жүзін жуып, айыра тырналған беттен қан араласа ақса керек. Шашын жайып, бетін тырнап, алба-жұлба болып, аласұрып атасына ұмтылған. Ақ көйлек, ақ дамбалмен отырған атасының омырауынан ұстап, қос қолдап тартып қалғанда ақ көйлектің өңірі дар етіп, қақ айырылған екен. Содан бәлкім әжем селт еткен. Селт еткен де шегінген. Көткеншектеп шегіншектеп барып, бабамның алдына етпеттей жығылған. Айқайлап зарлап дауыс салып:

– Ата-а-а! Біз сізге сонша не жаздық ата?! Құдайдың осынша қинайтынындай біз Құдайға не жаздық ата?! Қазан тепсе, ұлың тепті, ата! Ас тепсе, ұлың тепті, ата! Құдайдың осынша сормаңлай қылатынындай мен Құдайға не жаздым ата?! Мен сізге не жаздым ата?! Ата-а…, ата…– деп өкіріп, ағыл-тегіл жылап жатқан екен әжем жарықтық. Сонда бабамның ақ жүзінің қаны қашып, басы қалтылдап, денесі дірілдеп, көкпеңбек көк көзінен аққан жас қотыр бетін түгел жуып, омырауын жапқан ақ сақалына барып, араласып жатыпты. Жыйылған жұрт қайтпас шалдың қайтқанын, қатал қарттың бордай болып үгілгенін, егілгенін көрді. Бәлкім күншіл көптің тілеуін Тәңір берді:

– О, Құлыным, ботам!–деп күңіренді қотыр шал. Оның ащы зарлы дауысы Сыр суын селк еткізіп, ағынынан алжастырғандай, Сыр тоғайын теңселтіп, тораңғылын тоғыстырғандай болды. Тал біткеннің өзегі айырылып, жан біткеннің тірісінің тәні күйіп, өлісінің сүйегі сырқырағандай күй болды. – Мен қайтейін енді?! Мен енді не істейін?! Қолымнан менің не келеді?! Ештеңе. Ештеңе де… Бұл іс – өтіп кеткен іс, балам. Ешуақытта да қайтпайды ол! Кері қайтпайды. Ол енді кешпейді. Ол кешірімді, бірақ мені кешпейді. Ол қаттылықты кешпейді. Ол менің қаттылығымды кешпеді. Мен ұлымды кешпедім. Ол құлын кешпеді. Мен ұлымды қарғадым. Ол құлын қарғады. Ол менің теріс батамды қабыл қылды. Ол мені солай қарғады. О, жамағат жұртым! Мен… Мен Құдай қарғаған жанмын! Мен жазалымын. Бұл – менің жазам. Мен қазалымын. Бұл – менің қазам. Сендермен болған жазам, сендермен болған қазам,- деп көкірегі қарс айрылып, бұ дүниеден баз кешіп, зарлады шал, аңырап опасыз жалғанның жалғандығын толғады шал. Іргедегі Иір көл үнсіз, мұңлы мүлгіп, қотыр шалдың қасіретін жұтып жатқандай. Сонысымен ежелгі сырласындай болған, жұдырықтай болып шөккен шал қайғысын сейілткісі, арқасындағы ауыр жүгін жеңілткісі келетіндей күй кешуде.

Қырық қатпарлы адам мінезінен бастау алатын бір теріс қылық, оқыс оқиға қаншама жанды бақытсыз еткен десеңізші… Басты себепкер – бейбақ Байгөбек атам ер азамат іретінде шерін шемен етіп, жүрекке жиып,запыран қақтай қатқан сорын көкірекке түйіп өткен секілді. Әжем – ана. Ол – он төрт құрсақ көтеріп, жарық дүниеге алып келіп, түп-түгел Тәңір талабымен тал бесікке бөлей алмай, жер бесікке бөлеген ана. Оның маңлайындағы бес елі сорын еш пенде тілмен айтып жеткізе алмас. Бақытсыздың басы, бейбақтың үлкені – Бердіғожа бабам. Ол елдік бітім мен болмыстың  негізі – ұлттық салт-сана, дәстүр деп біліп, ұлттық әдеп пен тәртіптің сақшысы бола білді. Сол үшін ол осындай құрбандыққа барды. Құрбандық басы – өзі. Сосын сорлы болған қос мұңлық – ұлы мен келіні.

 

Осы айдарда

Back to top button