ТаңдаулыТүркі жұртында

МҰРАТЫН ТАПҚАН АЗАМАТ

ПОРТРЕТ

Адамның өз ісінен ләззат аларлықтай рухани хәлге көтерілуі — ең ауыр жол…тіршілік кешудің соқпағын емес, жүректің қалыбын табуға ұмтылу – үлкен ілім. Осыны өзінен іздеген жандар, оны өзгелерден де табуға, тұлғасын танып, бағалауы ләзім деп ойлаймын. Дүниеге қарыз болсақ, ертелі-кеш өтелер, ал адамдыққа қарызымызды сезіне беруіміз қиын-ау… Абайдың: «..адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң — Алланың сүйген құлының бірі боласың…» деуі алтынды жезден айыра алғанша, қарапайымдылықтан даналық тапқанша қанша соқпақтан өтіп, қарапайым ақиқатты елемегендiктен қанша азап тартатынымызды тұспалдағандай…

Құндылықтар өзгерген жаһандану заманында менің кейіпкерім кейбір өлшемдерге сай болмауы мүмкін. Қызмет қуып, қымбат көлік мініп, зәулім үй салу сияқты өзіміз қолдан жасаған «табысты адамның» тұлғасына келмесе де, осы айтқандардың барлығының қарапайым түріне адал еңбегімен жеткен жанның бейнесі деп бағалаймын. Онда бәрі бар: отбасы, сүйікті кәсібі, өз қолымен, маңдай терімен тұрғызған баспанасы, батагөй анасы — бақытының шырақшылары.

Шығармашыл тұлғалар кейде, бір мақсатқа жетсе, екіншісінен ақсап, мұратын түрлі «бақытқа жеткізу амалдарынан» тауып, соның құрбаны да боп жатады…
Біздің Түркістандай бір кездері Ясауи ілімі мен мәдениеті өркендеген киелі мекенде #Мұрат_Шаханбай атты кескіндеме өнерінің шебері үлкен құндылықтар жасап жүргенін біріміз білсек, біріміз бағаламаймыз-ау…Ясауи университетінің түлегі, бүгінде ұстазы — Мұраттай маманның оқу ордамыздағы қолтаңбасы ерекше. «Жұрттың көбіне ақыл берілгенімен, жүрек бәріне бірдей берілмейтіндей» Мұрат әр ісін жүрегінен өткізіп жасайтын шығармашыл хәм нағыз азамат.

Еңбегін пұлдап, өзгелердің көзіне түсіп, мансапқа масаттансам деген титтей бір рия жоқ азаматтың атқарған істері тасада қалып жатады. Оған қам жеп жүрген Мұратты көрген емеспін. Жымиып қойып, астарлы әзілдерге шын көңілімен рахатана күлетін кездері көз алдымда. Көп сөзге жоқ, ісін тындырғанша тапжылмайтын сабырлы қалпын ерекше айтқым келеді.

Әрбір ісшараның логотипі мен дизайндық сипаты — оның қолтаңбасы. Өзі мен шәкірттерінің қолынан шыққан өнер туындылары — оқу ордамыздың көркі. Өмірінен мән тауып, мақсатты өмір сүруге бағытталған адамдарды табуға, тануға Абай айтқандай міндеттіміз.

Ол қазақ хандығының 550-жылдығына арналған ісшарада қазақ хандары мен билері және понорамалық картинасын жасауда белсене жұмыс атқарды. «Орбұлақ шайқасы», «Қыз ұзату дәстүрі», «Қазақ даласындағы аң аулау көрінісі», «Алтын адамның көкпар тамашалау сәті» атты картиналар мен 50-60 кескіндемелік шығармашылық жұмыстардың авторы, «Бейнелеу өнері» кафедрасының аға оқытушысы Мұрат Шаханбайдай ұстазымыз – біздің мақтанышымыз.

Адам, құндылықтар өзгермей әлем өзгермейтінін басымыздан өтіп жатқан жайлар түсіндірді деп ойлаймын. Адал еңбек пен адамгершілік қалыпты культ деңгейіне көтермей, көп нәрседен ұтыларымызды ұғындық. Аз ғана шығармашылық портретін жасаған Мұраттай жандардың еңбегін елеу, бағалаудың, өзгелерге үлгі етудің моральдік жөні бөлек.

Сіздерге де ой салар деген ниетпен осындай азаматтың арамызда жүргенінен біз де бақыт тапқандаймыз.

Жасай бер, #ЖАҚСЫ_АДАМ!!!

«ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН» картинасы

Филология ғылымдарының кандидаты

Түркістан қаласы

Осы айдарда

Back to top button
Close
Close