Алаш тағылымыТаңдаулы

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ: «Халықтың Мағжанға деген сағынышы басылған жоқ»

 «Мен жастарға сенемін» деп ұрандаған қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың туғанына биыл 130 жыл толды. Сіздің ойыңызша, біз Алаш қайраткерінің мерейтойын өз деңгейінде атап өтіп жатырмыз ба? Мәселен, Мағжанға ұрпағы лайықты құрмет көрсетті ме?

– Дұрыс айтасыз, елімізде мерейтойларды атап өтудің үкімет бекіткен тәртібі бар. «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» қаулы  бекітілген. Сол қаулыда рухани мәдениеттi дамытуға, мемлекеттiң қалыптасуы мен нығаюына зор үлес қосқан, халыққа танымал әйгiлi тұлғалардың, ғылым, өнер қайраткерлерiнiң  жүз жылдығы, одан кейiнгі  мерейтойлары әрбiр жиырма бес жылда аталып өтедi делінген. Әдетте, билік басындағылар мерейтойға қатысты әңгіме қозғала қалса, осы қаулыны алға тартады. Бірақ, бұл жолы олай болған жоқ. Мағжанның 130 жылдығы  өзінің туған өңірінде кеңінен тойланды. Облыс орталығы Петропавлда Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Ресей ғалымдарының қатысуымен ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылса, келесі күні мерекелік іс-шаралар ақынның туған топырағы – Сартомарда, әйгілі Сасықкөлдің жағасында жалғасты. Мемлекет басшысының тапсыруымен жиынға қатысқан Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов салтанатқа жиылғандарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  құттықтау хатын оқып берді.

«Мағжан Жұмабаев – қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұртының мақтанышы. Ақынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілікке толы жырлары халқымыздың жүрегіне жол тауып, руханиятымыздың алтын қорына енді. Мен Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда жастардың бойына ізгі қасиеттерді сіңіру қажеттігіне ерекше тоқталдым. Бұл ұлтымыздың жаңа сапасын қалыптастыру үшін өте маңызды. Осы орайда Мағжанды тану, Мағжанды таныту – тәрбиелік әрі тағылымдық мәні бар мәселе», деп жазылған құттықтауда.

Осы арада бір жайға тоқтала кетсем, айтулы күннің қарсаңында жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болған Президент жергілікті басшыларға, руханият саласының жанашырларына Мағжанның 130 жылдығын жоғары деңгейде ұйымдастыру қажеттігін қадай тапсырған еді. Осы сөздер құлағына тигеннен кейін облысымыздың сол кездегі әкімі (қазір Ауыл шаруашылығы министрі) Айдарбек Сапаров 2023 жылды «Мағжан жылы» деп жариялап, мерейтой қамына қызу кірісіп кетті. Сол кіріскеннен той тарқағанша тізе бүккен жоқ. Сөз реті келгенде айта кетейік, ол ұлы ақынның 110, 115, 120, 125 жылдық тойларын да өзіндік салтанат сәнімен өткізуге белсене атсалысқан руханияттың нағыз жанашыры.

Байқайсыз ба, Солтүстік Қазақстан тұрғындары Мағжанның мерейтойын бес жыл сайын атап өтуде. Өз басым ұлы ақынға осындай құрмет көрсетілгеніне қуанамын. Сосын, Алаш арыстарына, кешегі қуғын-сүргін кезінде жазықсыз жазаланып, қыршынынан қиылған ұлт қайраткерлеріне  келгенде, жоғарыдағы қаулының шеңберінде шырмалып қалмағанымыз дұрыс. Өйткені, кеңес заманында Мағжанның өзі де, сұлу жырлары да тұншығып жатты. Ал халықтың Мағжанға деген сағынышы әлі басылған жоқ.

Сүйсінерлігі сол, Мағжан ақталғаннан бері оны тану, таныту бағытында қыруар істер атқарылды. Солтүстік Қазақстан облысына қатысты айтсақ, Қызылжардың қақ төрінде өзінің есімімен аталатын көшеде және вокзал алаңында ақиық ақынның ескерткіші асқақтап тұр. Туған өңірі – бұрынғы Булаев ауданы енді Мағжан Жұмабаевтың есімімен аталады. Оның атында педагогикалық колледж тағы бар. Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің бір аудиториясы аяулы ақынға арналып жабдықталған. «Мағжан оқулары», журналистерге жыл сайын берілетін Мағжан атындағы жүлде… айта берсек, Мағжанды танытуға бағытталған іс-шаралар аз емес. Осылардың бәрін қолға алмасақ та қара түнектен жарық дүниеге бұлқынып шыққан Мағжан өз биігінен аласарып қалмас еді. Бұл – бүгінгі ұрпақ үшін, болашақ үшін қажет дүние.

–Мағжанды оқырман көбіне-көп лирик ақын ретінде таниды. Өлеңін жатқа оқитын айбарлы жастардың буыны ел ағасы болып қалды. Кейінгі ұрпақ та сол ізге ілесіп келеді. Ал, ақынның қайраткерлік қырын мағжантанушы ретінде өзіңізден сұрасақ. Тіпті, Мағжанды «Алаш партиясында аса белсенділікпен көзге түспеді» деп пікір айтатындар бар.

– Мағжан шын мәнінде жыр әлеміндегі қайталанбас құбылыс! Оған ешкімнің дауы жоқ. Ал қайраткерлік қырына келетін болсақ, ол туралы да айтатын сөз жетіп жатыр. 1924-1925 жылдары Мәскеуде оқып жүргенде  ұлтжанды қазақ жазушыларының «Алқа»  деп аталатын әдеби үйірмесін ұйымдастырғаны, оның «Табалдырық» атты бағдарламасын жазып таратқаны қайраткерлікке жатпайды деп кім айта алар?! Ақын бағдарламаны қолдан көшіріп, оның 16 данасын сол кездегі көрнекті қаламгерлерге таратқан. «Әдебиетіміз», «Бұл күнге дейін төңкеріс һәм әдебиетіміз», «Әдебиеттің жалпы заңы», «Марксшілдік һәм әдебиет. Не жазуға» деген сияқты негізгі бес бөлімнен тұратын «Алқаның» бағдарламасын Әлихан  Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов. Мұхтар Әуезов, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Сәбит Дөнентаев, Жұмағали Тілеуұлы, Елдос Омаров және басқа да қазақ зиялылары, мәдениет, әдебиет қайраткерлері қолдаған.

Осындай алмағайып кезеңде нағыз алашордашылар ұлттың жаңғыруы, өз алдына дербестік идеясының, тәуелсіздік мұраттарының туындауы негізінде ел тұтастығын көкседі. Ғұмар Қарашев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Міржақып Дулатов сынды ақындар ұлттық айбарға айналды. Олардың ақындық дауысы Бұқар жыраудың, Мұрат Мөңкеұлының, Дулат Бабатайұлының, Шортанбай Қанайұлының жырларымен қайта үндесіп кетті. Мағжан да:

–«Азамат! Анау қазақ қаным десең,

Ұжымақтан суын алар, жаным десең.

Болмаса, ібіліс бол да у алып бар,

Тоқтатам тұншықтырып қанын десең,

яки:

Ұзын Орал – күн мен түн шекарасы,

Бір жағы – күн, бір жағы – түн баласы.

Арғы жағы – көк көзді жын ұясы,

Бергі жағы – түріктің сар даласы»,– деп ашық та ашына жырлады. Түсіне білсек, ол  Алаштың ұлы ақыны, қабырғалы қайраткері дәрежесіне осындай батыл өлеңдерімен де көтерілді.

Осы арада Мағжан Жұмабаевтың Алашорданың  Орынборда өткен алғашқы құрылтай съезіне Ақмола облысынан қатысқан екі делегаттың бірі болғанын, алқалы жиында оқу комиссиясының мүшелігіне сайланғанын айта кету керек. Алайда, үміт ақталмады. Бас-басына би болғысы келгендер айтыс-тартыстың жетегінде кетті. Ақыры басқаларға жем болды. Мағжанның «Кедей сөзі» газетінің 1921 жылғы 12 қаңтардағы санында «Жәжеке» деген бүркеншік атпен жариялаған «Автономия кімдікі?» деген шағын мақаласы осындай сәтсіздіктерді қозғайды. Ол ел болу бағытындағы шалыс қадамдардың сырына үңіледі, оқыған азаматтардың автономия ісіне жұмыла кірісе алмағанына, олардың арасындағы алауыздықтың жойылмағанына өкініш білдіреді. «Кеше, 17-18-19 жылдарда «автономия» деп атқа мінген азаматтардың біразы қазір автономияға үмітсіз, салқын қарайды. Кіріскісі келмейді, «тілегенің осы емес пе, неге кіріспейсің?» десең, «бұл – біздікі емес, жолдастікі» дегендей. Қазіргі халдің қожасы кейбір жолдасқа жолықсаң: «Автономия – менікі, мен болмаған кісі аулақ жүрсін» дегендей. Мұның аты – ұғыспау, ұқпау ғой» деп  қынжылады.

  • Осы деректерден Мағжанның Алашордаға жанашырлығын аңғарамыз…

–Иә, Мағжанның түсінігінде, ұлт ұйыспай ел болу жоқ. Бірлі-жарым жолдастың бостандығы Алаш елінің бостандығына кепілдік бола алмайды, бостандық дәмін тұтас ел татқанда ғана автономия саясаты салтанат құрады, Алаш туы биік желбірейді. Демек, автономия «айлы, күнді, қанды отты тарихы бар; кең, бай, терең тілі әдебиеті бар; басқаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар – қазақтікі. Жүз жылдар орыс ақсүйектері мен байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаштікі. «Аязды күні айналған, бұлтты күні толғанған, құрығын найзадай таянған, қу толағай жастанған «Ер қазақтың автономиясы бұл!»

Мағжан Жұмабаев ақталғаннан кейін оның өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің ақын ғұмырнамасын қалпына келтіруге асыққанына өзіміз куәміз. Десек те, бертінге дейін біраз жайлар назардан тыс қалып келді. Мұның 1922 жылға да қатысы бар. Елді жаппай ашаршылық жайлаған нақ осы кезде Мағжан қайда болды, немен айналысты? Осы сауалдарға толыққанды жауап беретін құжаттар Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатынан табылды. Міне, осы құжаттарда көрсетілгендей, Қырғыз өлкелік Орталық атқару комитетінің 1921 жылғы 29 қарашадағы ережесі негізінде ашыққандарға жәрдем беретін Ақмола губерниялық төтенше комиссиясы құрылады. Бұл мекеме сол жылдары губерния орталығы болған Петропавлда орналасады. Мағжан алғашында осы комиссияның төрағасы болса, кейін төрағаның орынбасары қызметін атқарады. Мағжан өзіне жүктелген міндеттерді іске асыруға жан-тәнін сала кіріседі.

Тарихи құжаттардан бұл кезде қазақтардың жағдайы өте ауыр болғанын аңғарамыз. Мағжан осы жайларды ескеріп, аштыққа қарсы күрес комиссияларының құрамына қазақ қызметкерлерін міндетті түрде енгізу жөнінде ұсыныс жасайды. 1922 жылы маусымның 23-і күні Москваға, аштыққа қарсы күрес комиссиясының орталық комитетіне аш-жалаңаштардың Петропавлға қарай ағылуын тоқтату қажеттігін, мұндағы жағдай да өте күрделі екенін хабарласа, 29 маусымда Қостанай губерниялық ашаршылыққа қарсы күрес комиссиясына 5000 пұт астық жөнелту жөнінде нұсқау береді. Сол жылдың шілдесінде ашыққандарға көмекті күшейту мақсатында Мағжанның өзі де Петропавл, Көкшетау уездеріне іссапарға шығады. Осыған орай оның атына жазылған мандатта Жұмабаев жолдасқа ашыққандарға көмек қорына түскен азық-түліктің нақты есебін жүргізу, келеңсіздіктер байқалса оны жедел жою, аштыққа ұшырағандардың нақты санын анықтау, оларды жағдайы біршама тәуір аудандарға бекіту, халықтан ерікті түрде жиналған мал мен азық-түлікті ашыққандарға бөлу, бұл іске жергілікті ақсақалдарды тарту тапсырылады.

– Қалай дегенде де Мағжанның ізіне большевиктер түсіп, ақыры 1938 жылы ату жазасына кесілді. Ақынға нақты қандай айып тағылған еді?

Кезінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (қазіргі ҰҚК) мұрағатындағы 1937 жылдың 30-желтоқсанында қозғалған Мағжан Жұмабаевты айыптау жөніндегі №3881 іспен танысқан едім. Мағжанға тағылған айыптар  НКВД қызметкерлері Марсельский мен Латыпов қол қойған анықтамада нақты көрсетілген: «Мағжан Жұмабаев алашордашы… 1917 жылы Омбы қаласында «Бірлік» ұлттық ұйымының мүшесі болған, Кеңес өкіметіне қарсы күрес ұйымдастыруға қатысқан. 1922 жылы Байтұрсынов және басқалары басқарған революцияға қарсы қазақ ұлттық ұйымына жалданып Кеңес өкіметін құлату үшін белсенді жұмыс жүргізді. 1929 жылы революцияға қарсы қызметі әшкереленіп, 10 жылға сотталады, концлагерьге қамалды. 1935 жылы лагерьден оралғаннан кейін ескі контрреволюциялық байланыстарын қалпына келтіріп, революцияға қарсы белсенді іс-қимылын одан әрі жалғастырды» делінген.

Ақын тергеу изоляторында кіші лейтенант Нұржановқа берген алғашқы жауабында  «Мен өзімді кінәлімін деп санамаймын» деп тағылған айыптарды мойындамайтынын айтқанмен, 1938 жылы 6-қаңтарда Қазақ КСР-нің ішкі істер халық комиссариатына өтініш жазып, 1919-1929 жылдар аралығында Бөкейхановқа жалданып, Жапонияның пайдасына шпиондық жасағанын, 1929 жылға дейін Сейфуллинмен, ал лагерьден келгеннен кейін И.Ахметовпен, Ә.Бөкейхановтың жеке хатшысы Е. Омаровпен,  С.Мұқановпен байланысы болғанын мәлімдепті. Осы айтылғандардың бәрін 16-ақпанда жауап алу кезінде де растайды. Осы іс бойынша тергеуші Дмитриенко ақынның жұбайы Зылиха мен Бейімбет Майлиннен де жауап алған. Бірақ олардың жауабында ілгек боларлық ештеңе жоқ. Соған қарамастан ақын НКВД комиссиясы мен КСРО прокуратурасының 1938 жылғы 11 ақпандағы шешіміне сәйкес кеңес өкіметіне қарсы және шпиондық қызметі үшін ату жазасына кесіліп, үкім сол жылы 19-наурызда орындалған.

– Батыр Бауыржан Момышұлы соғыстан кейінгі жылдары Мағжанды көргенін айтады. Бұл оқиға шындыққа жанаса ма, әлде…

Бір кездері ел арасында осындай әңгіменің болғаны рас. Қазір оның бәрі басылды. Бауыржан Момышұлы естелігінде 1948 жылдар шамасында Сібір жерінде Мағжанды көргенін жазады дегенге келсек, соны қолымен ұстап, көзімен көрген, оқыған адам бар ма? «Мағ­жан 1938 жылы атылған жоқ» дегенге өз басым сеніңкіремеймін. Біріншіден, ол кезде саяси айыбы бойынша өлім жазасына кесілгендердің үкімін үш күннің ішінде орындау туралы  ең жоғары органның нұсқауы болған. Оны орындамау өз басыңды оққа байлау деген сөз. Екіншіден, егер Бауыржан Момышұлының қолында сондай дерек болса, Мағжанды расымен кездестірсе, ол кісі көзі тірісінде-ақ жазып, айтып кетер еді.

Атырау облысындағы Абдул­ла Әбдiрахманов ақсақалдың да «Мағжанмен Колымада бірге отырдым» дегені жай сөз деп санаймын. Ол кісі мұндай әңгімені жасы тоқсанның үстіне шыққанда қозғады. Егер ол 1948 жылы Мағжанмен бірге отырса, Мағ­жан ақталып, ол туралы әңгімелер респу­бли­ка деңгейінде көтеріліп, бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатқанда қайда болған? Неге ақынды көргенін айтып, оның 1938 жылы атыл­ды дегеніне қарсы уәж айтпаған? Міне, менің көңілімде осындай сауалдар туын­дайды.

Ал өзім көрген ресми құжатта Мағжан Жұмабаевтың қай күні атылғаны көрсетілген. Тағы бір ойландыратын жай, Мағжан 1938 жылы атылмай 1951 жылға дейін тірі жүрсе, осы уақытта бір өлең жазбады дегенге кім сенер?! Ондай дүниелер табылған жоқ қой.

–Алаш зиялылары туралы мәлім де беймәлім деректердің көбі егемендік жылдары жазылып, жарияланып жатты. Тарихшылар репрессия жылдары «қазақты қазаққа айдап салу» саясаты жүргенін айтады. Мұның салқыны Мағжан Жұмабаевты да орап өтпеген. Солай ма?

–Аласапыран заманда айдарынан жел ескен ақынның ақ сөзін қара деген, сауын «жара» деген, ұлтын сүйгені үшін ұлтшылсың, Түрікстан, Тұранды жырлағаны үшін түрікшілсің деп кінәлағандар, неше түрлі атақ таққан жандар аз болған жоқ. Солардың бәрін сырттан біреулер айдап салды деген шындыққа жанаспайды. Мағжанды сүріндіруге, жігерін жасытуға, қоғамнан шеттетуге ұмтылғандар – өзіміздің қазағымыз. Кейбіреулерін осындай қадамдарға таптық көзқарас итермелесе, енді біреулері шын дарынды, бөлек болмысты көреалмаушылықтың отына күйді. Ертеректе аузы дуалы бір қарт: «Құтырған ит аспандағы айға да арсылдаушы еді ғой. Сол сияқты Қазақстанның аспанында бір жаңа жұлдыз жарқырай қалса, соны өшіру үшін өңеші үзілгенше арсылдай беретіндер бар. Ондайлар өзгенің беделді бетіне безеу саламын деп жүріп, өзінің мерезге айналғанын білмейді» деген екен. Ол да бар.

– Ақынның «Сүй, жан сәулем» деп басталатын өлеңін жатқа оқитындар көп. Басқа-басқа оқырман осы өлеңнің тарихын білгісі келеді…

«Сүй, жан сәулем» – Мағжанның Гүлсім Камаловаға арнаған өлеңі. Ол ақынның 1922 жылдан бергі барлық жинақтарына енген.

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!

Жылы, тәтті у тарады қаныма.

Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін

Патша тағы, бүкіл дүние малына, деп басталады.

Мағжанның жүрегін жаулаған, азапқа салған Гүлсім кім? Татар қызы Гүлсім Камалова Мағжанның бақытына қарай дейміз бе, сорына қарай дейміз бе, 1920 жылы  өзінен жасы едәуір үлкен күйеуімен бірге Қызылжарға көшіп келеді. Петербургтегі ақсүйек қыздардың педагогикалық  институтын тәмамдаған, Бірінші дүниежүзілік соғыс  кезінде мейірбике болған Гүлсім Мағжан басқаратын курсқа мұғалім болып орналасады. Математикадан сабақ береді. Өзі сұлу, өзі тәкаппар Гүлсім күйеуінен басқа жанға көз қырын да салмай, қызметіне тік  келіп, тік кетеді екен. Бірде оқытушылар бөлмесіне кіріп  келген Мағжан Гүлсімнің жалғыз отырғанын көреді. Бірақ бір ауыз сөз айтып үлгермейді, Гүлсімді үй күтуші әйел телефонға шақырады. Осы арада Мағжан қолма қол өлең шығарып, Гүлсімнің үстел үстінде ашық жатқан дәптеріне түсіре қояды.

«Бота көз, сиқырлы сөз, Гүлсім ханым,

Әр жерде өткізсек те өмір таңын,

Кей уақытта көзіңізге көзім түссе,

Ойнайды аласұрып неге жаным?!

 

Бота  көз, сиқырлы сөз, ханым Гүлсім,

Көктегі  Күн күлмесін, Гүлсім  күлсін!

Гүлсім – Күн,  көкте ақырын жүзе білед,

Сүйдіріп, күйдіргенін қайдан білсін!»

Осы екі шумақ өлең Гүлсімнің жүрегіне шоқ салған болуы керек, ертеңіне ол дәлізде қарсы жолыққан Мағжанға жылы ұшырай амандасады.

– Түйіндей кетсек, осы жылдар аралығында ұлт азаматы туралы біз біле бермейтін тағы қандай тың деректерді таптыңыз?

Мағжан өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер жоқ емес, бар. Дәл қазір олардың бәрін жіпке тізгендей айтып бере алмаспын. Жалпы, өз басым Мағжанның өмірі мен шығармашылығы толықтай зерттелді деп  айта алмаймын. Мағжанның халыққа жетпей жатқан құпия сырлары өте көп. Оған «Мағжан Жұмабаев» энциклопедиясын құрастырғанда тағы бір мәрте көз жеткіздім. Осы еңбекті дайындаумен 10 жыл бойы айналыстым. Осыдан бес жыл бұрын ақынның 125 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрді.

Ақын қанатын еркін сермей алмай қапыда кетті, бірақ  содыр саясат оның өзін де, сөзін де жоя алған жоқ. «Бұйырса, шырақ сөн­бес, ұзақ жанар» деген ақынның өз сөзі ақиқатқа айналып, Мағжан халқымен қайта қауышқалы да бірталай жыл өтті. Осы уақыт ішінде біз Мағжан Жұмабаев туралы біраз жайларға қа­нықтық. Мағжан туралы жазылған ең­бектерді кезең-кезеңге бөліп қарастырар болсақ, Мағжанның көзі ті­рісінде, қуғын-сүргінге ұшырап, то­лық ақталғанға дейін жазылған дү­ниелердің бір төбе екенінде дау жоқ. Нақ сол кезде анық сөзін айтып кеткен­дердің қатарында Жү­сіпбек Аймауытовты, Мұхтар Әуе­зовті, Ахмет Байтұрсыновты, Сұл­танбек Қожановты және басқаларын атауға болады. Маған, әсіресе есімі елі­мізге белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсембай Кенжебаевтың естелігі ұнайды. Ұзақ та емес. «Бұл қарапайым естеліктің айырықша қа­дірлі болатын тағы бір себебі – оны авторы қайта құрудың шарапатынан әлдеқашан бұрын (70-ші жылы) жазған. Ешқандай есепсіз адал жанымен жазған» (Құлбек Ергөбеков). Айтса айтқандай, естелік иесі ерекше құр­метке лайық, батылдығымен аты шыққан ғалым. Оның өзі де ұлт­шылдық қамытын киіп,  қу­ғын-сүргінді көп көрген. Енді осы қоспасыз таза ес­телікке үңілер болсақ, Мағжанның бейнесі жарқырап алдымыздан шығады. «Мағжан сұлу еді: орта бойлы, толық денелі, бұйра қара шашты, ақ құба бидай өңді еді. Бет пішіні Абайдың белгілі суретіндегі бет пішініне ұқсайтын. Жүріс-тұрысы жарасты, сәл маңғаз еді. Осының бәрінің үстіне ол қыз мі­незді еді» – деп жазады Б. Кенжебаев.

Осы айтылғандар Мағжанның шын бейнесін ашады. Олай болатын себебі, Бейсембай Кенжебаев Мағжан Жұмабаевты жақсы білген, 1922 жылы Мәскеуде Күншығыс еңбек­ші­лерінің коммунистік уни­вер­си­тетінде оқып жүргенде оның алдынан дәріс алған. Бұл кезде Мағжан Жұмабаевтың өзі де студент болатын, ол  Мәс­кеу­дегі жоғары көркем әдебиет институтында оқитын. Бейсембай Кенжебаев: «Мей­­лі, лекциялық сабақта болсын, мейлі, прак­тикалық сабақта болсын, ол қа­ғазға, кітапқа қарамайтын. Сөз арасында келтіретін мысал өлең­дер мен әңгімелерді түгел жатқа айтатын. Декламация  оқып тұрған тәрізді барлық нә­шін, сипатын, қимылын келтіріп айтатын» деп Мағжанның білі­мінің тереңдігіне, ал­ғырлығына тәнті болады.

Осы естелік Мағжанның Абайды пір тұтқанын, оған қат­ты еліктегенін тағы дәлелдей түседі. Мағжан студенттерге Абай өлеңдерін оқып-үйретеді, олармен бірге Абайдың жаңа жыр жинағын талдайды. Бір кез­­дескенде өзінің шәкіртіне аудармаға қатысты ойларын бүк­песіз білдіріп: «Басқа тілден шығарма аудару – ол шығарманы өзінікі етіп алу деген сөз, өзінікі болған соң, ол өгей бала емес, туған бала болуға тиіс. Яғни, өгей бала екені мүлде білінбеске керек. Ол үшін шығарманың тұрқы, тұлғасы аударылмай, мағынасы, рухы аударылуы қажет», дейді. Ол осылай Абайды жүре­гімен ұғынған. Олардың жырларындағы үндестік те осыны дәлелдейді. Кейінгі толқын ғалымдарымыз бен әдебиетшілеріміз анау айтты, мынау жазды дегенге сілтеме жасай бермей, Мағжан әлеміне тереңірек бойласа, бүгінгі жастарды ғана емес, олардан кейінгілерді де баурайтын дүниелердің жарқырап шығатынына сенімім зор. Мағжанды жарыса жазу үрдісі жиырмасыншы ғасырдың 90-жылдарына дөп келді. Қазір біршама саябырлаған секілді. Бұдан, әрине, ұлттың ұлы ақынына деген сүйіс­пеншілігі ортайып қалды деген ұғым тумасқа тиіс.

Мағжанды қаралаған қылмыстық істе оның жас кезінде атақты академик Әлкей Марғұланмен дос болғаны айтылады. Бертін оны дәлелдейтін нақты деректер де табылды. Ақынның жары Зылиқаның Ә.Марғұланға жазған бірнеше хатын «Мағжан» журналының редакциясына белгілі әдебиетші-ғалым Серік Негимов жолдады. Олардың бәрін бұл арада келтіру артық болар, оқырманға бірін ғана ұсынайын.

«Құрметті Әлкей!

Жазған хатыңызды алдым. Бұл күнде заман өзгерді. Адамға адамның көзқарасы да мүлдем өзгерді. Сондықтан хатыма жауап келер деп ойлаған жоқ едім. Ал сіздің бір жапырақ хатыңызды алғанымда көзімнен төгілген моншақ жасқа ие бола алмадым. Бірақ, бұл менің бірінші жылауым емес қой. Сонау шалғайда қалған күндерде өзіңмен бірге жылағам, әлі де жылаудамын. Жылап-жылап көз жасым да құрыды. Жасты сүртетін … орамалдар да шіріді. Амал қанша, тағдырдың ісі солай. Біреу мәңгі жыласа, біреулер жартылай жылайды.

Қазір сіздің академик болып, бақытты тұрмысқа ие болғаныңызды газет беттерінен көріп шексіз қуанамын… Бірақ, тым үлкен бақытқа ие болған адам өткендегісін түгелдей ұмытады ғой. Сіз де бұдан 30 жыл бұрын көрген азапты күндеріңізді ұмытқан сияқтысыз. Өйткені, хатыңыз өте салқын жазылған.

…Әйелім мен қызым көмектеседі деп жазыпсыз. Ол өте жақсы. Маған көмектесетін адам түгіл албасты да жоқ. Жынынан айырылған бақсыдай сарнап жалғыз қалдым. Осы күнде сіздің баяғыдағы Ленинградта сырқат болып жатқан күндеріңіз де есіме түседі. Туған бауырымдай көріп, сонда күнара сізге барып тұрушы едім. Енді мен сияқты күңіренген, қуарған кемпірге… қалыңыз қалай деп ешкім назарын аудармайды. Алайда сіздің бақытыңызға бақыт жамала берсе екен деп тілеудемін. Хатыңыздың аяғында уақытты көңілмен қуанышты өткізуге тілектеспін депсіз. Бірақ, сол қуаныш қайдан келер екен деп зарығып күткеніме жыл өтті. Әлі көрінбейді.

Қош, сау болыңыз! Сәлеммен Зылиқа.

Ескерту: Сіздің профессор Форелдің атындағы ауруханада жатқаныңыз туралы анықтамасы менде. Егер менен қорықсаңыз хатты Жалтыров Сабыркейдің атына жазыңыз. Бірақ, менен қорқатын ешнәрсе жоқ. Жазалы кісі өз жазасын алып кеткен.

Келіннің аты кім, қызыңның аты кім? Оны неге хабарламағансың?

Адрес: Северо-Казахстанская обл., Конюховский район, ст.Кара-Гуга, ул.Карла Маркса, 11. Жалтырову С.»

– Сіздің «Мағжан» журналын үзбей шығарып келе жатқаныңызды білеміз. Журналдың әр санындағы дерек пен дәйек ұрпаққа азық болсын!

 

 – Бұл да Мағжандай асылды ел танысын, кейінгілер білсін деген ниеттен туған іс еді.  Журнал 2007 жылдан бері жарық көріп келеді. Республикаға тарайды. Өзіңіз де білесіз, қазір газет, журнал шығару оңай емес. Оларды оқитын адамдардың да қатары сиреп қалды. Соған қарамастан бұл жұмыспен айналыса бермекпіз. Менің ойымша, кітап оқудан қол үзген ұрпақтың соры қалың. Осыны түсінетін, жас жеткіншектеріміздің ұлттық құндылықтарымызға бет бұратын, Абайға, Мағжанға қарап ой түзейтін күн де туатын шығар?! Ұлы даланың төсіне мәңгілік мемлекет құрамыз десек, Алаш арыстарының өмірі мен шығармашылығына, солар қалдырған мұраға көп арқа сүйеуіміз керек.

  • Әңгімеңгізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Сәндібек Піренов

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button