Назым сөз

Қалқаман Сарин

«Ешкімге керегің жоқ,

Ешкімнің керегі жоқ,

Сұрама «неге бұл?»-деп,

Себебі, себебі жоқ!

Ешкіммен кездесу жоқ,

Ешкіммен қоштасу жоқ,

Көз-жасың көл-көсір боп,

Көлгірсіп бас қосу жоқ!

…Сол үшін жақсы көрем жалғыздықты!

Ешкім де аңсамайды,

Ешкімді аңсамайсың.

Болса да қанша қайғы

Өзіңді зор санайсың!

Ешкім де кінә артпайды,

Ешкімге кінә артпайсың.

Бәрі де жырақтайды,

Бәріне сыр айтпайсың.

…Сол үшін жақсы көрем жалғыздықты!

Ешкімді алдамайсың,

Ешкім де алдамайды.

Әдемі ән қалайсың,

Әуені жанға жайлы.

Ешкімді жақсы  көріп,

Ешкімді жек көрмейсің.

Ешқандай нәпсіге еріп,

Ешкімге кектенбейсің.

…Сол үшін жақсы көрем жалғыздықты!

Ешкімді сағындырып,

Ешкімді сағынбайсың.

Ешкімді бағындырып,

Ешкімге бағынбайсың.

Ешкімді шақырмайсың,

Ешкіммен таныспайсың.

Құдайға жақындайсың,

Күнәдан алыстайсың.

…Сол үшін жақсы көрем жалғыздықты!»

 

***

Оқырман қыз

Оқырман қыз,

Өмірде алыс,

Өлеңде жақын жанбыз.

Түнге сіңіп тағы да

Ай жүзінен

Мұң көшіріп ақының отыр жалғыз.

Сен ше, қарғам?

Мұңаймашы,

Түспесін еңселі арман.

Ықыласын бір саған аударар ем,

Ыңғайыма осы бір көнсе жалған.

Амал нешік?..

Сансыз арман сарылып санамда өшіп

Дәруіштей дәрменсіз күй кешемін,

Көңілімнің көгінде ғалам көшіп.

Аңғалым-ай!

Жағымды бір болар ма ең, жанға бұлай.

Қалам ұстап қолыма сәл мұңайсам,

Саған ұқсап кетеді жап-жарық Ай!

Мөп-мөлдір шық,

Жанарыңнан жас болып кеткенде ыршып,

Жұбанышың болар жыр жазсам, шіркін,

Жүрегіңнен жарғандай КӨКТЕМ бүршік.

Оқырман қыз…

Өмірде алыс,

Өлеңде жақын жанбыз.

Түнге сіңіп тағы да Ай жүзінен,

Мұң көшіріп ақының отыр жалғыз…

Оқырман қыз…

КҮЗГІ ХАТ…
Сенесіз бе?
Сағындым,
Сізді көрмей…
Үмітіммен күй кештім үздігердей.
Сізді әйтеуір жаныма жақын тұтам,
Бәлкім, жақсы көрерсіз күзді мендей?!

Мен білмеймін.
Сезімді кештік нендей?
Бірақ бізге бір бақыт кеш біткендей,
Сағынуға, сүюге бола ма екен,
ҮНІН, ӨЗІН… Адамның естіп… Көрмей…

Мүмкін, сізді көрдім мен…

Бірақ қашан?
(Болған іске болды әсте кінә артпасам)
…Жаныңызда жүргендей сезінемін,
Жаныңыздан не болам, жырақтасам?

Білесіз бе,
Сіз сирек хат жазасыз?
Содан менде жиілеп сәт мазасыз,
Ауыр ойдан қаламын арыла алмай,
…Ал сіз ше?
Тап-тазасыз!

…Бүгін жаңбыр.
Мейлі, аспан төксін жасын,
Жалғыздықтай жалғанда жоқ сырласым.
Неге екенін білмеймін,
Сіз дегенде,
Кешірімшіл әйтеуір кекшіл басым.

КҮЗГІ ХАТ… ІІ

Кеше сізден хат күттім,
Неге, неге сонша асықтым, аптықтым?
Ғұмырыма татитұғын шаттықтың
Құнын жойып,
Шырмап алды сәттік мұң.

Хаттар, хаттар…
Гүлдер сынды бүрі әппақ,
Жұпар аңқып қалды қайда тұрақтап?
…Менің тұтас бақытыма дәл қазір,
Жетпей тұр-ау бір-ақ хат.

Арыла алмай азабы көп аз мұңнан,
Күз де келді…
Жазмышқа жаз құрбан.
Сағыныш-ай, сағыныш-ай қайтейін,
Жазылмаған хатқа жауап жаздырған.

Астанаға ерте келді күз биыл,
Күздің мұңы баяғыдан бізге үйір.
Іштей мені жұбатады күрсініп,
Тозаңы ұшып жатқан анау түз-қиыр.

Күзді мен де жақсы көрем мұңы үшін,
Жапырақтың жанға батқан жыры үшін.
Мінсіз ғұмыр кеше алмасым белгілі,
Мұңсыз өмір өмір емес…
Құрысын!

Таңдайыма татымаған тәтті бақ,
Маңдайыма тиседағы қаттырақ,
Жауап жазып жіберіңіз нақтырақ.
Жасырмаңыз…
Тек жауапсыз қалуға,
Тиісті емес хат, бірақ.

** ** **

Күзгі қала.
Күзгі жаңбыр.
Күзгі түн.
Сендік ойлар…
Ойдың соңы көп нүкте…
Бір бақытты бөліп алып біз бүтін,
Екі жаққа кеттік пе?

Жарты бақыт.
Қақ жарылған жарты бақ,
Жамау болмақ қалай жарым көңілге?
Күз қойнында қала жатыр қалтырап,
Күйім осы менің де.

Сездірмейсің…
Жыладың ба сен де өксіп?
Еске түсіп кездескен сәт ең соңғы,
Кірпігіңнен үзілгенде кермек шық,
Езіп кетті-ау еңсемді.

Саған деген сағыныш бар, дей тұра,
Екеумізді күтпейді енді ескі бақ.

Өзіңді алдап,
Сезімді алдап бейкүнә,

Келем дейсің.
Кеш бірақ!…

КҮЗГІ КӨРІНІС…

Көңілді қоңыр салқын саз жүдетіп,
Көз жетті кеткеніне жаздың өтіп.
Құлайды жапырақтар құба талдан,
Күрең күз құдіретіне тағзым етіп.

Кеші еді солқылдаған күздің суық,
Не шара, жасыл жаздан үздірсе үміт?
Базары тарқап кеткен бақ ішінде
Күтіп тұр әлдекімді Қыз күрсініп.

Жас талдың аптыққан жел есін алды,
Құрғырдың қылығы жоқ еш ұнамды.
Жылаған жапырақтың жетім күйі,
Әп сәтте көңіліме көшіп алды.

Арқаның өңменімнен өтті желі,
Күдерін қайтқан құстан көк те үзеді,
Бозбауыр бала бұлттар боздап тұрып,
Бораған қыстан хабар жеткізеді.

Бәлкім бұл кездесу ме тұңғыш, ап-пақ,
Бақтағы қыз да сабыр тұрды сақтап.
…Бір жігіт сұр көшеге көрік беріп,
Келеді қызыл-жасыл гүл құшақтап.

Елемей қырды гүлсіз, күнді нұрсыз,
Кешікпей кездесті олар.
…Тұрмын үнсіз.
Батырған мені мұңға қоңыр Күз бен
Жігіттің қолындағы гүл ғұмырсыз.

КЕЗДЕСТІК ҚОШТАСҚАЛЫ…

Көзіңмен көлдей тұнық қызықтырдың,
Жазықсыз жүрді сонда жүзіп бір мұң.
Қоштасар сәт келгенде қимай мені,
Мөп-мөлдір мұңнан моншақ үзіп тұрдың.

Жүрекке жұп бола алмай сендегі адал,
Таусылды тағат, төзім, мендегі амал.
Жасыңды жел кептіріп қоңыр кеште,
Қоңыр күз қолыңа әкеп берді орамал.

Таза едің таңғы шықтай, пәк мінезің,
Әп-сәтте кермек татып тәтті кезің.
Жаным-ау, сенен емес, сенен емес,
Салқындық сезімімнен таптым өзім.

Ұмыттым. Бәрі, бәрі ұмытылды,
Жаныма махаббаттың мұңы тұнды.
Қураған жапырақтай жалған сезім,
Алсам да алақанға… үгітілді.

Кездестік қоштасқалы… Күз. Кешкілік,
Мұңлы әуен тұрды алыстан бізге естіліп.
…Шақырып кездесуге сонда сені,
Кеттім-ау жалғыздықпен жүздестіріп.

КҮЗ бен БІЗ…

Сары түсті сағыныштан Күз моншақ,
Тағып алып тағы келді бізді аңсап.
…Көздеріңді тұрды менен жасырып,
Кірпіктерің қызғаншақ.

Сұр қалаға сыр айтады сыңсып Күз,
Ал, екеуміз күзде ашылған бүршікпіз.
Кірпіктерің күні-түні күзеткен,
Көзіңдегі сезім бе еді кіршіксіз?!

Сезім екен сақтағаны сол көздің,
Киялға еріп бір әлемді мен кездім.
Күннің әлсіз сәулесіне жылынып,
Көз ішінде керіледі кербез – мұң.

Жасыл бақтың жапырағын ұрлап Күз,
Жатыр әне. Сірә біздер тым жатпыз?
Көше бойлап келе жаттық сырласып,
Үнсіздіктің үн таспасын тыңдап біз.

Еміс-еміс қос жүректің дүрсілі,
Естіледі, бұл – махаббат тылсымы.
Өзің жайлы ойларымды ұрлайды,
Күзгі жаңбыр. Тамшылардың тырсылы.

 

СОҢҒЫ ҮМІТ…

Көктемім өзің едің күзде келген,
Жаралған жан дүниең ізгі өлеңнен.
Сен менен алыс кеттің, арманым-ай,
Мен сенен үмітімді үзбегенмен.

Жанымды жүз қуантып, жүз жылатып,
Кетсе де жүрмін сол бір күзді ұнатып.
Қуанып қос ғашыққа қол бұлғайтын,
Шақырып баққа қарай бізді бақыт.

Аспанда сан мың жұлдыз жымыңдасып,
Айға сыр айтатындай сыбырласып.
…Жанымды жапырақ қып жайып тастап,
Тұрушы ем жалғыз саған сырымды ашып.

Тұрсаң да қарсы алдымда күліп керім,
Қайрылмай кетеріңді біліп пе едім?
Желіккен желмен ұшып кетті-ау сонда,
Үзілген жапырақтай… үміттерім.

Сендегі суынғанда сезім нұрлы,
Мендегі махаббат та көзін жұмды.
Мұңайып мұңға батқан бақ та мынау,
Менің жалғыздығымды сезіндірді,

Сен жоқсың…
Түз – меңіреу.
Күзім – керең,

Көктемнің күзгі бақтан ізін көрем.

Ілініп жалғыз ғана жапырақ тұр,
Мүмкін… сол соңғы үмітім үзілмеген.

ҚҰЛАЗУ…

Құлазып қалды ма еңсең,
Жылатсам демеп едім.
Жылаған жанды көрсем,
Жұбатсам деген едім.

Қарсы алмас сол баяғы,
Көктем де күліп бізді.
Санам да сарғаяды,
Сіңіріп суық күзді.

Алысып, адасып ең,
Алапат сезімменен.
Жүректің жарасына ем,
Іздейсің көзіңменен.

Тереңге барам батып,
Миымда – мазасыз мұң.
Сыйлардай саған бақыт
Ерлікке шарасызбын.

Сенбісің іздегені,
Елеңдеп екі көздің.
Махаббат күзде өледі,
Өлтірдім. Қатігезбін…

КҮЗГІ ӨЛЕҢ…

Көңілде күлкі жоқ еш,
Келемін налып іштей.
Кездесу мүмкін емес,
…тек сендік сағыныш қой.

Қол бұлғап кеттің ұзап,
Қалғаны — қалың күдік.
Көз жасын төкті жылап,
Көк аспан жанымды ұғып.

Таныттым асқақ рең
Таба алмай сөзді лайық.
Қалауы басқа, білем,
Қарады көз мұңайып…

Сездің бе, сезбедің бе,
Өлмесін көзіңше үміт.
Өлеңнен өзге кімге
Сыр айтам өзімсініп?!

Бақ болып жолықпай кем
Бұйырған тағдыр бізге.
Көктемдей көрікті оймен
Қамалып қалдым күзде.

Қараша. Күз аптығып,
Суынған от тіршілік.
Үнсіздік… Ұзақ тұрып,
Тұманға кеттім сіңіп.

 

КҮЗ…

Күңіренген, күрсінген күздің ауыр
Мінезіне үйренген біздің ауыл.
Бұйра шаңын көтеріп қырат-қырдың,
Берекесін бір сәтте бұзды дауыл.

Жанарымда жабырқап жаз жылады,
Жылағаны емес пе, қаздың әні?!
Қайран менің жүрегім, қайтқан құстың,
Қанатынан үзілген сазды ұғады.

Жаңа мезгіл желбіреп жалауы тік,
Жаулап алды жер бетін қалауы ұтып.
Жылы өлкенің жамалын жасқа шылап,
Қара аспанның көзі тұр қарауытып.

Жадыраған жаздың да күйі осал тым,
Мезгілі өтті.
Құс жүдеу, ұя салқын.
…Күздің жырын жазады бір Құдірет,
Бір ғажайып қаламмен сиясы алтын.

КҮЗДІҢ СОҢҒЫ ҚОЛТАҢБАСЫ…

Қыс та келді.
Тайды тағы Күз серттен.

Қар жауып тұр күйге ұласып біз шерткен.
Қара жердің айғыз — айғыз келбеті,
Қара қойдың терісіндей тұз сепкен.

Өлді мезгіл, жете алмастан арманға аз,
Өзгермеген тек тәкәппар Тау маңғаз.
Қар астынан жылытады жанымды,
Кеше ғана күзге өкпелеп қалған Жаз.

Қаһарлы қыс, қаталсыз — ау, кекшілсіз…
Көңілдерден қоңыр мұңым көшті үнсіз.
Қара аспаннан аппақ ұлпа жаудырған,
Құлдық ұрдым Құдіретке еш мінсіз!

Жанарыңда жылт-жылт етіп шық күміс
Ай, қараша, қауысты құш, үтті құш!..
Амалың жоқ, аманат ет арманды —
Алдымыздан ақ боз мініп шықты қыс..

Жүрегімде салқындық бар аздаған,
Салқын жүзбен көз тастайды әз — ғалам…
Күзге ғашық ақын едім қайтейін,
Күз туралы Оданы әлі жазбаған.

Санамдағы сағынышты бұғаулап,
Қарашадан қар ұшады қылаулап.
Біздің шерді тарқататын үн — түнсіз,
Күздің соңғы қолтаңбасы — мынау бақ.

Ілмектер

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close