Абай-175Таңдаулы

Досай Кенжетай: «Құдайдың бізге берген сыйы — Абай!»

Абай —   қазақтың бағына біткен нар тұлға. Біздегі құндылық, болмыс, ойлау жүйесі  деген танымдар жайлы Абайдан асып ешкім айта алған жоқ. Тарихи дүниетанымдық категориялардың  сұрақтарына  да жауапты Абайдың құнды аманатынан таптық. Керек десеңіз бүгін де әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фараби мен ғұлама ғалым, әулие Қожа Ахмет Ясауидің еңбектерінің  құндылығын Абайдың шығармашылығы арқылы түсіндіреміз.

Иә,  Абай қазақтың Конфуциі.   Оның сөз маржандарын тізген сыршыл өлеңдері мен  терең мағынаға толы қарасөздері  біздің баға жетпес қазынамыз. Ал, мұндай қазына ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген ұлт данышпандарының ешбірінде болмаған.

Абай «Саниғ ғашықтық» категориясынан сөз етеді. Мысыр, Таяу Шығыс, Түркия, Орта Азия, Еділ, Кавказ секілді мұсылман елдерінде бұл категория жайлы ешкім  айта алмаған. Ендеше, Абай бұл мәселені не себепті көтерді?

Өзінің жүріп өткен тарихи жолындағы құндылықтарға реформа жасау ұлы данышпанның басты мақсаты болған. Оның қолында тарихтың өткені мен бүгінін таразыға салатын ойлау жүйесі жайлы құнды деректер бар  еді. Оны жоққа шығара алмаймыз.

Қазіргі уахабистердің ұстанымы — өткенді жоққа шығару, өткенді қирату, өткенді  «реставрация» жасау. Ал,  Абай «реставрация»  емес реформа жасағысы келді.

Пенденің мейірімі шексіз Аллаға деген ғашықтық сезіміне  «реставрация» жасап, оның орнын  басқа нәрсемен алмастыра алмаймыз. Абайдың  пікірінше,  Аллаға деген махаббатты өзгертпестен,  оның дидары, принципі, мұратын  танып, хақтың «Жамалына» емес «Саниғ» сипатына  ғашық болған абзал.

Жамал сөзі тілімізде  көркемдік, әсемдік, әдемілік, Алланың дидары деген мағынаны білдіреді. Ал, пенде сол жамалды бір көрсем екен деп армандап, іштегі ғашықтық оты үнемі маздап тұрады. Ясауи бастаған сопыларды да дәл осы мұрат орын алған.

Абай Алланың жамалына емес,  тоқсан тоғыз сипатының бір сипатына ғашық болған адамдарды сопылар деп есептейді. Ойшыл, «дидардың» орнына «саниғ» сипатына талаптанғанды дұрыс көрген. Саниғ деген сөз Алла шығармашыл,  Алла шебер,  Алла мизам жасаушы деген мағынаны білдіреді. Ясауидің принцпі бойынша қарайтын болсақ, Алланың шеберлік сипатына ғашық болу. Бұрынғы көркемдікке, әсемдікке ғашық болу емес. Қарап отырсаң, Алла әлемдегі барлық нәрсені жаратты.  Бізде соның зәрре сипаты бар. Біз сол үшін де Алланың «саниғ сипатына» ғашық болуымыз керек. Әрине, Алла бола алмаймыз, десек де  тоқсан тоғыз сипатының біріне ұқсап бағуымыз қажет.

Ұлы ойшыл  өзі өмір сүрген дәуірінде   заман көшінен қалып қойдық  деп санайды.  Расында да, бізде қала,  өндіріс, зауыт жоқтығымен қоймай,  ғылымның да көшінен артта қалдық.  Біз мына дүниені  мықтап меңгеруіміз қажет. Ғылым болмаса, өнер болмаса не болады?!

Абайдың айтып отырған идеясы да осы. Бұлардың бәрін Алланың саниғ сипатынан табуға болады. Алланың «саниғ» сипаты бойынша ойлайтын, өздері шығармашыл, өздері  бір нәрсені өндіретін адамдардың тобын хәкім деп атайды.  Сондықтан, Абай хәкімдер дегенге исламның  ғана емес,  Еуропадағы  бүкіл дін философтарын  жатқызады. Яғни, Еуропаның я будданың хәкімі деп бөліп отырған жоқ.  Хәкім деген сөздің бүкіл адамзатқа ортақ ұғым екенін айтып отыр.

Абайдың бұл ойлары өзімен бірге өмір сүрген  ойшылдарға қатты әсер етті. Байтұрсыновты қарасаңыз да, Шәкәрім оқысаңыз да, тіпті,  Әуезовтің бізге қалдырған 50 томдық шығармаларын  ақтарсаңыз да, бәрі де Абайдың ізімен кеткен.

Абайға ғашық болғандардың біріншісі Шәкәрім болса, екіншісі Әуезов. Мұхтардың «Абай ата теориясын» жасаудың өзінде бір мән бар. Себебі, Абайдың жауһарын көрді.  «Абай жолын» кеңестік идеологияға икемдеп жазып, Абайды  «атеист, деист» етіп танытты.  Неге? Себебі, Абайды мұра ретінде, құндылық ретінде жүйеге мойындату керек болды. Абайды қабылдағаннан кейін ғана орыстың жаһандануынан аман қалдық.  Бәлкім, біз ұлт, болмыс ретінде жоқ болып кетер ме едік.

Абайды ғылыми процесстерге, басқа да  ортаға енгізу бізді орыс глобализациясынан сақтап қалды. Сондықтан, Фараби мен Ясауиді насихаттағанда,  Абайды да қоса насихаттауды ұмытпағанымыз жөн. Соңғы 8-9 жылда тыңдаушы «студенттерге» Фарабиді айта келіп, әрі қарай ойлау жүйесін айтсам қабылдай бермейді. Себебі, Ислам философиясының өзіндік ерекшеліктері бар.  Айтқан ойды түсіндіру үшін тыңдаушы студенттерге Абайдың қарасөздерін жаттауға беремін. Жаттап болған  соң,  38-ші қарасөзіндегі бүкіл категорияларды Фарабидің Алла туралы категорияларымен салыстырып бергенде көздері ашылып, жанарларында жалын пайда бола бастайды. Содан кейін әрі қарай ұмтыла түседі.  Алғашқыда мен мынаны қабылдай алмаймын деп қорқып отырған  қазақтың баласы Абайды айтқан кезде тамырына қан жүгіргендей болады. Дегенмен, жанына Абай жақын ғой. Содан кейін ғана  Фарабиді  бірте-бірте қабылдай бастайды. Ясауиді  айтсаң да дәл солай. Жүздеріне қарасаң шаршаңқы болып отырады. Көздері ұйқыға кете бастаған  сәттен бастап, Абайды айта бастаймын. Ақыл мен жан, мен, өзім деген ұғымдарды Абай былайша түсіндіреді деп айта бастағаннан,  ақпаратты қабылдау оңай бола бастайды. Себебі, Ясауиден қарағанда Абайды түсіну әлдақайда жеңіл.

Бүгінгі қоғамның шіріп кеткен жүйесі, мені әкім десін, ақын десін, бай десін,   қысқасы,  десіндер категориясы жататын рияның көрінісі.  Осы бір мәселенің шешімін, анықтамасын, нақты түсіндірмесін Абайдан табамыз.  Сондықтан, ұлы ақынды ұлықтап, ардақтау бізге артылған міндет  екенін естен шығармағанымыз жөн.

 Досай КЕНЖЕТАЙ,

теолог-ғалым

 

Ілмектер

Осы айдарда

Back to top button
Close
Close