Алаш тағылымыТаңдаулы

МАҒЖАН РОМАНТИЗМІ

Мағжан романтизмі - қазақ романтизмінің синтезі. Символизм - романтикалық дүниетанымнан бастау алатын көркем-эстетикалық категория.

 

Қазақ әдебиетіндегі мазмұндық тереңдік, пішіндік тұрғыдағы ізденістердің жоғары сатысына баланған Мағжан шығармашылығы дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімі арқылы қазақ әдебиетінде  тың арнаға жол  салды.  Мағжан шығармашылығы-  зор ақындық қуаттан бастау алатын, астар мен ишараға құрылған, әдебиеттің болашақ мүмкіндіктерінің шексіздігіне дәлел болған құбылыс. Заманында Мағжан мұрасы сыңаржақ мақалаға да, әділ сынға да объекті  болды.

Ақын – өз дәуірінің ұлы. Заманның бағыты әдебиетке әсер етпей тұрмайтыны белгілі. Жаңа қоғамдық жүйе тудырған   мәдени-рухани, ұлттық  құндылықтар жолындағы тартыстар әдебиет майданындағы суреткерлердің  жаңа ізденістеріне жол ашты.  Тың ой, жаңа идея, тосын образдар әлемі дүниеге келе бастады. Жиырмасыншы жылдар әдеби үдерісін  жіті бақылап отырған  Ж.Аймауытов «Көркем әдебиет туралы» мақаласында: «Әр заманда бір үстем пікір (идея), үстем ұран шығады. Әрине, оны ешкім ойлап шығармайды. Тұрмыс туғызады» [2,249] деп, тұрмыстың әдебиеттегі бет-бағдарға ықпалын айта келіп, қазақ әдебиетінің қазір «күйректік» (сентименментализм), «сарындамалық» (романтизм) дәуірінде болуға тиіс екендігін, ендеше «санашылдықтан» (идеализм) да құтыла алмайтындығын  айтады. Әлемдік әдебиеттану ғылымының негізгі нысандарының бірі болып қала беретін  көркем  ағым-бағыттар мәселесі қазақ  әдебиеттану ғылымы үшін де  аса өзекті.  Аталған мәселе ауқымынан қоғамдық жағдай, оның әдебиетке әсері, көркемдік ізденіс, әдеби байланыс, ағым-бағыттардың ұлттық әдебиеттегі көрініс ерекшелігі секілді  маңызды проблемалар бой көтеріп, аталған ізденістер арқылы ақын, оның заманы, көркем әлем, әдеби процесс  тәрізді  күрделі әдеби құбылыстарға баға беруге мүмкіндік туады.

М.Әуезовтің  ХХ ғасырдың  20-жылдарындағы   әдебиеттің бет-бағдары жайында жазған  «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты мақаласының орны ерекше.  1922 жылы жазылған аталмыш еңбегінде жазушы  әдебиеттің  өткені мен бүгіні арасындағы байланысты назарда ұстау қажеттігін  ескерте отырып,  қазақ әдебиетінде жаңаша жаңғырып бой көрсете бастаған романтизм бағыты жайында пікір айтады.  «…Ескі әдебиеттің түрлерін білу, бетін ұғу, ағымына түсіну-біздің өзіміз үшін керек. Бүгінгі әдебиетке белгілі жол салып, дұрыс бағыт береміз дегенде, жалпы қазақ әдебиетінің өткен күнін, бүгінгі қалпын һәм келешегін де түгел түсіну керек. Сонда ғана әрбір жазушы хақиқатқа жақын сөйлеуі де мүмкін. Сондықтан мен бұл мақаланы қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі деп атасам да, бүгінгі сынға салу үшін ескілікті айтпау, әдебиеттің басын айтпау, бізге атадан қалған дәулетті айтпау лайықсыз болғандықтан туып отыр» [3, 260. Әдебиет тарихы] деп ой түйеді. Мақаланың маңызы – жаңалықтардың басы ескі әдебиетте жатқандығын ескертуінде.

Әуезов жиырмасыншы жылдардағы әдебиеттің даму сипатын саралай келіп, жаңа дәуір ұсынған бағытты  «сыршылдық дәуір» деп атайды. «Сыршылдық» – романтизм бағытының негізгі көркем шарттарының бірі. Әуезовтің  аталған терминді тосыннан таңып отырмағаны белгілі. «Әдебиет тарихы» еңбегінде жазушы қайғы-мұңнан туған шер өлеңдерді, қыз ұзату салтынан туған және дін ұғымынан  туған өлеңдерді  «сыршылдық салт өлеңдері» деп атайды. Адам табиғатының, жан   сырының  айырықша жағдайларда ғана  ашылатындығын сезген жазушы қазақ әдебиетіндегі жаңа бағытқа «сыршылдық» ұғымын да кездейсоқ беріп отырған жоқ. Әуезов романтизм (сыршылдық) бағытының эстетикалық табиғатына қатысты ойын былайша тұжырымдайды: «Жаңа басталып келе жатқан әдебиет дәуірінің бұл сияқты жұрнақтарында, көбінесе құлаққа ілінетін күй – сезім күйі. Бұлардың ішінде тіршіліктің суреті, әңгімесі аз болса да, ішкі өмірдің сыры көп, адамды өз ішіне үңілтетін мұң мен шердің сарыны бар» [3, 233. Әдебиет тарихы.] дейді.  Ғалым  сондай-ақ,  «ескі әдебиеттен қалған көп сарын, кең ауданның бәрі де жазба әдебиетке келіп, тарылып, азайып отырғанын»  ескертіп, жазба әдебиеттің  бір беткейліктен  арылуын қалайды. Әуезов пікірінен  ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетінде романтизмнің үстемдікке ие бола бастағанын аңғару қиын емес.

Ұлт романтизмінің (қазақ романтизмі) табиғаты, оның ерекшелігі жайындағы зерттеудің зәрулігі жайында мәселе көтерген белгілі ғалым Т.Кәкішев  «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі ағымдар» атты мақаласында аталған проблеманы зерттеудің жаңа жолын ұсынады.  «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің дамуында бадырайып көрінген, әлі күнге дейін тамсандырып келе жатқан көркемдік амал- романтикалық суреттеу тәсілі… «Қазақ романтизмі» деген атаудан үрікпей, оның ерекшелігін ашып, өзіміздің ұлттық таным-біліктің өресін көрсетуге тиіспіз… Ал адамзаттың көркемдік танымына тән өмірді сатиралық және символикалық арнада суреттеу тәсілдері де қазаққа еш уақытта жат болған емес. Бұл тәсілдер, әсіресе, ХХ ғасырда күшейе түскенін білеміз»[4, 279] дейді. Сондай-ақ ғалым қазақ әдебиетіне келген жаңалықтың бәрі орыс, не батыс әдебиетімен байланыстан  туған  деген пікірге қарсы, оның  қазақ әдебиетінде ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибесі бар екендігін және оны  тарата, бұтарлай зерттеу қажеттігін ескертеді.

Біз де мақаламызда Мағжан шығармашылығына осы қырдан барлау жасауды жөн көрдік. Мағжан романтизмі – қазақ романтизмінің синтезі. Символизм – романтикалық дүниетанымнан бастау алатын көркем-эстетикалық категория. 1927 жылы жазылған Ж.Аймауытовтың «Мағжанның ақындығы туралы» мақаласы –  ұлы ақын шығармашылығындағы көркемдік  арналарды    теориялық  тұрғыдан негіздеген құнды еңбек. Біздің ойымызша, Аймауытов мақаласындағы қысқа түйіндерде Мағжан шығармашылығын танудың қайнар көздері дәл көрсетілген. Ж.Аймауытовтың «Мағжан романтизмге салынып,  көшпелі дәуірдің рухын айнаға түсіріп отыр деуге болады» [1, 157. Аймауытов. 5-том.] деген  пікірінде ақын романтизмінің  түйіні тұр. Мағжан романтизмінде  қазақ ұлтының өткенінен бастау алған  болашағы,  еркіндігі, жан сыры бар. Атақты «Алқа» ұйымының «Табалдырық» бағдарламасында: «Ойымызда, қиялымызда, әдебиетімізде Азия иісі аңқымауы мүмкін емес… Осы жолда қазақ ақыны кейде қазақтың күңгірт тұрмысын, прулетариатпен ортақ мақсұтын жырлаумен бірге кедей қазақтың  өзінің ойын, өзінің сезімін, өзінің қиялын, өзінің ұғымын жырлауға ұмтылуға міндетті. Болмаса, қазақ әдебиеті деген әдебиеті тумақ емес» [6, 36. Әдеб.теор.] деген жолдар бар. Мағжан дәл осы идеяны қолдаушылардың қатарында болғандығына еш күмән келтірмейміз.

P.S. Мақаланың жалғасын журналымыздың қағаз нұсқасынан оқи аласыздар.

Жолдасова Ұлжан Махамбетқызы
Н.Оңдасынов атындағы Түркістан мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button