ГүлжазымТаңдаулы

САҒЫНЫШ

Анкарада жүргенде сарғайған сағыныштан туған жазба еді. Оқырман өзіне керегін алар деген ниетпен сайтыма бөлістім.

Өткенде Мөлдір кластасым 20 жылдыққа келесің бе дегені. Қараңызшы, сөздің өзі бала. Тербетсе оянады. Содан менің ойлау жүйемің алтын қоры дер еді…
Оқыңыз!
Биыл мектеп бітіргенімізге 19 жыл болыпты. Жүрдек уақыт қалай жүйрік десеңізші?! Әрбір адам өз өмірін зерттеу арқылы адам болады ғой. Осынау жылдарда бір рет болса да түлеп ұшқан алтын ұямның есігін қағып, қал сұрап бармаппын. Ұялып отырмын) Жасулан Турганбаев саған талай айттым, барайықшы деп) Ұстаздарыма сырттай тілеулес боп жүре беріппін. Ол кісілердің ешқайсысын ұмытқам жоқ. Ұмытпаймын да!
Бізге ән-күйден сабақ берген Ерлан ағайым өте ақкөңіл кісі еді. Әнді де әдемі айтатын. Әлі де айтып жүрген шығар. Ең алғаш Шәуілдірге «Әнші балапанға» апарғаны күні кешегідей есімде. Сахнада толқығаным да… Айгөлек-ау, айгөлек деп ән салғаным да! Мектептің 60 жылдық тойында «Туған жер» деп ән салып, бүкіл көрерменді (ауылды) жылатқаным да көз алдымда! Мені жұлдыз еткен ән ғой) Мен содан сахнадан түскем жоқ. Әнді әрдайым серік еттім, көкіректегі бостығым әнмен ғана толатындай еді. Жаурасам жылытатын шапаным, қорықсам жұбататын қорғаным, қолдаушы Қызырымдай көрдім!
Бастауышта сабақ берген Мира апайым тамаша кісі. Ол кезде тәтті-құтты дефицит кезі ғой. Мектепте жейміз деп әкелгендерімізді ең соңғы сабақта партаның үстіне шығартатын. Біреу нан, біреу жиде, енді біреу қақ, қауынқұрт, енді бірі құрт дегендей әкеледі. Соны біріміздікін бірімізге теңдей үлестіретін. Қазір қарап отырсам сол кезде бізге мейірім-махаббаттың дәнін еккен екен-ау! Мира апайым декретке кеткен соң сабақ берген Роза апайым да өзінің ажарымен, қаталдығымен есімде қалыпты. Одан да көп дүние үйренгеніміз анық.
Ағылшын тілінен сабақ берген Сәлима, Күләй, Жанат апайларыма да алғыс. Сол кезде мені тәрбие сағаты үшін, қоғамдық жұмыстар үшін жұмсай бермегендеріңізде бүгінде ағылшын тілінде сайрап отырар ма едім)) Қалжың ғой. Сіздердің менің бойымдағы ұйымдастырушылық қасиетімді байқап, оны ұштағандарыңыз үшін тек қана алғыс айтамын. Сыныпта староста болған соң жетекшім Жанат апай әрдайым мені мықты болуға, сынып кетпеуге, басқалардан бір адым алға жүруіме ықпал етті. «Балық басынан шіриді» деп шалт бассам сөзбен тұздықтап орныма қоя алды. Ризамын!
Физикадан сабақ берген Сайлаукүл, химиядан сабақ берген Райхан апайларыма көп рақмет! Дисциплина деген дүниені осы кісілер үйретті. Орыс тілінен сабақ берген Бабахан, Зурам, Махаббат ұстаздарым да мың жасасын. Өздерінің жұмыстарына деген адалдығы бізді тәнті етпей қоймаушы еді. Тарихтан сабақ берген Садық, Алеш ағайларым болмаса, олар тарихты дұрыстап түсіндірмесе – мен бүгін Анажұртта жүрер ме едім?!..
Оооо, менің Анар апайым! Ғажабым! Бұл кісі дауыс көтермей, жәймен ақылын айтқанда мүлгіген тыныштық орнайтын. Мені лаулаған отқа теңейтін. Бір күні сабақ оқымай барғанымда (бір рет қана оқымай барғам негізі): Гүлжаз, сен мына үш этажды мектепті қарып алар отсың, өз отыңа өзің су құйма, дегені әлі күнге құлағымда… Беу, дүние, десеңші. Асылында мені мықты еткен Сіздер ғой! Ұстаздарым-ау!
Әдебиетке ғашық еткен Шәртен, Жұмабек, Әлия, Әмина, Қарашаш ұстаздарыма Алланың нұры жаусын! Бұл кісілер әдеби шығармалардағы кейіпкерлерді, образдарды сөз еткенде бізді ішіне кіргізіп жіберуші еді. Бірде Тайбурылдың үстінде өзіміз шауып бара жатқандай немесе Шолпан (Мағжан Жұмабай «Шолпанның күнәсі») боп аңырап отыратындай әсер қалдыратын. Менің әдемі сөзге қызығып, кітаптың құрты болуыма Сіздер кінәлісіздер!))) Әйтпесе Гүлекең мың кітап оқып, оны жинаудың қадірін білер ме еді. Ең болмаса білімнің зекеті ретінде сол кітаптарымның он пайызын мектеп кітапханасына тарту етемін!
Мектебіміздің директоры, асыл ұстазым марқұм Асылбеков Жақсыбек Бейсенбекұлы туралы әңгіме алабөтен. Ол кісі: Сен мектебіміздің шамшырағысың! – дегенде, жүрегім елжіреп, бұл сөзді аманат ретінде қабыл алдым. Тағы бірде: Сен дайын журналиссің, қатарға апарып отырғызып, қосымша білім алсаң жеткілікті деген-ді. Иә, мен өз ортамның, ықпал ете алған аймағымның шамшырағы болуға тырысып келем әлі де! Кәсіби журналист болу үшін де аянып қалғам жоқ. Анадолының жүрегінде білім алудамын! «Ең жаман деген адамның бір жақсы қасиеті болады. Бұл деген сөз – жер бетінде жаман адам жоқ дегенді білдіреді» дегеніңіз ұлы санамда сайрап жатыр. Осы сөз мені әрдайым қанаттандырды. Әр адамның бойынан бір жақсы қасиетті тауып алуға, оны үлгі тұтуға дағдыландым! Байыдым! Кемелдене түстім. Жақсыны көре алатын көкірек көзді оятқан, өздеріңіз, аяулы ҰСТАЗДАРЫМ! Асылдың сынығы Сағынбек Жақсыбекұлы Асылбеков Сіздің де бір кездері керемет ұстаз болғаныңыз жадымызда!
Атыңнан айналайын Ыбырай Алтынсарин атындағы алтын ұям, сәт сайын есігіңді қақпасам да тілеулес түлегіңмін! Аты аталмаған ұстаздарым болса кешірім сұраймын. Сіздер әрқайсыңыз біздің жүрегіміздесіздер! Еңбектеріңіз еш кеткен жоқ. Небір мықтыны туғызған топырақтың құнарлы болуына аянбай еңбек еттіңіздер!
Атыңнан айналайын Балтакөлім, өзіңде өткізген әрбір аяулы күнімді ұмытқам жоқ. Көпір жоқта талай пароммен 2-3 километр ағыспен Қызылордаға қарай ағып кеткенімізді, қыстыгүні дария қатқанда сықырлаған мұзбен арғы бетке өткен жанкештілігімізді, күнұзаққа мақта теріп тілінген қолымызды, қауын егіп, сары торлама жегенде тәттілігінен ойылған тілімізді, қақ тілгенде кескен қолымызды әсте де естен шығарғам жоқ. Ыстығыңа қақталып, майтопырағыңа жалаңаяқ малынып өстік! Бақытты екенбіз!
Жүрегінде құлағы бар адам өскен жердің әуезді әнін ұмытпаса керек-ті. Сол әнді құшағыма қысып өмірдің кедір-бұдырының дұғасы ретінде алып жүрмін. Жеңіске жетерімді білемін! Көмей біткеннің көсемі болмасам да осы бір әнді өз биігінде әрдайым шырқауға сөз берем!
Мен Сіздерді соншалықты сағыныппын. Сіздердегі биікті, тазалықты сағыныппын. Биіктің аты биік-ау! Арқаландырып жіберетін құдіреті бар. Сағынышты ерттеп мініп балаң келеді, таңқалма!!!
Құрметпен Гүлжаз Қарыбек
Нет описания фото.
Все реакции:

Mариям Абсаттар, Сейілбек Мырзабай и ещё 188

46
2

Поделиться

Осы айдарда

Back to top button