Қалам-ЖүрекТаңдаулы

Мұқағали поэзиясындағы әке бейнесі

Әке аманаты

 

 …Әке, сенің өміріңді жалғамасам,

Құрып кетсін жер басып, ұл болғаным!

(Мұқағали)

 

Қазақ поэзиясы – тынысы кең, тақырыбы таусылмайтын сырға толы әлем. Сыршылдығымен қазақ поэзиясын бағындырған  мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың лирикасы образдылығымен, көркемдігімен, тақырыбының кеңдігімен ерекшеленеді. Ақын туындыларының қатарында ерекше көзге түскен әкеге сағыныш, әке қадірі, әке обрызын бейнелейтін өлеңдерінің орны айрықша. Әдебиет тарихынан белгілі болғандай болашақ ақын өзінің алғашқы өлең жолдарын әкесіне арнағанын білеміз.

Әкеміз бір әкеден жалғыз еді,

Судағы жаңа біткен жалбыз еді.

Мінекей, он ай болды хабары жоқ,

Біздағы әкемізге зармыз енді, — деп, небәрі 10 жасында-ақ, әкеге сағынышын осылай жеткізген екен. Ес біліп, ақыл тоқтатқан шағында ақын әкесінің бар болмысы мен табиғатын, мінезін, әкенің ұлына деген сезімі мен тапсырған аманаты ақынның көңілін қозғап, ақ параққа жыр боп төгіледі. Соғысқа аттанып бара жатқандағы сәті мен асқар тау әкесінің соңғы сөзі бала ақынның жүрегінде өмірлік сыр боп сақталады. Алыс жолға аттанып бара жатып:

Тыңда, балам, тыңда, күнім

Болуға жара қолқанат!

Кәрі анаң, сәби інің,

Барлығы саған аманат!.. — деп, аймалап тұрып аманат арқалатқан әке бейнесі өміріне сүйеніш болады. Әкесі өз өміріне шегініс жасап, ұлының жасында жетім қалып, санасында сіңіп, сақталған әке сөздерімен «өлмегенін», енді соны өз баласына айтып, өмір шыңына талпынуды тапсырады.

… Сен жас буын, жаңа тал,

Гүлің де өсіп шашырар.

Сарылып оқып, білім ал,

Сөнгенше сәулең асырар, -деп, өмірлік білім алуды, ауыр мұң басқан ана көңілін сергітер ұл болуды аманат еткен әке сөзі жүрегінде сақталады.

Мұқағали ақын өлеңдерінің қатарында «Әке аманаты», «Әке сөзі», «Әке», «Әкеме» атты өлеңдерінде әкеге сағыныш, әкеге сыр, әке жолын жалғаған перзент сөзі мотивтері орын алған.  Ақын лирикаларында ұшқан ұя, туған өлке, туған жер туралы асқақ рухты жыр жолдарының жиі кездесуі ақынның әкеге берген берік сертіндей, «Әке, сенің өміріңді жалғамасам, Құрып кетсін жер басып, ұл болғаным!» деп, асқан жауапкершілікті жыр жолдарымен жеткізе біледі.

Біздің үй болатұғын осы арада,

Жататын бұлақ ағып босағада.

Орны да өшейін деп қалыпты ғой,

Өтіпті көп уақыт… деп келетін жыр жолдары ақынның есейген, ертеңіне ойлана қарайтын кемел шағын бейнелейді. Содан болар «Ұям менің» дейтін өлеңіндегі ой «Әке» өлеңінде жалғасын табады:

Әке, сенің жасыңнан асып барам.
Кезі-кезі келгенде тасып та алам,
Кезі-кезі келгенде жасып қалам,
Мына өмірге, бәрібір, ғашық балаң, -деп, өзінің жайынан хабар берсе, келесі жолдардан бір кездегі аманат арқалаған 10 жасар баланың бұл күнде ел мен ердің намысын ұстаған азамат болғанын айғақтайды.
Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын,
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.
Ұрпағың бар, ел менен ер намысын,
Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын.

Лирикалық үн – ақын әлемінен хабар береді. Ақын өлеңдерінің хронологиясына сүйеніп-ақ, поэзиядан сюжет құрап, жаңа оқиғаны тануға болады. Бір кездері әке сөзінен күш алып, жігерленіп жігіт болған ақынның есейіп, өзі де болашағына, артынан ерген ұрпағына алаңдап, әкелік мейірім танытқанын байқаймыз. «Ұлыма» деп жыр арнап, бір кездегі әке аманатын өзі де ұлына аманат етеді.

Сен өмірге басқа жолмен бас қадам,

Әкең жүрген соқпақтардан қаш, балам!

Ұғып ал да, сақ болып өс, айтайын,

Өмір жолын әкең былай бастаған… деп, өз өмірінде әке тәрбиесін көрмей, ана ақылына көнбей, оқушы кезінде ешкімге тізгінді бермей, менмендікпен ешкімге иілмей, қызба мінезімен қателікке ұрынған сәттерін сабақ еткен өмірі жайлы сыр шертеді.

Балам!..

Қызығым-ау, бұзығым-ау,

Отқа түсіп, ойнаған.

Жатсам, тұрсам тағдырыңды

Тағат таппай ойланам,-деп, әкелік сөзін арнайды.

Әкелік аңсары баласына ауып аманат арқалатқан әкенің бір сәттік бейнесі ақынның бүкіл ғұмырына сабақ болды. Өзі де әке атанып, әке жолымен ұлына жол сілтеді. Атадан балаға мирас болған ата жолы, ата дәстүрі ақын өлеңдерінің бойында күні бүгінге дейін өмір сүріп келеді. 45 жыл ғұмыр кешкен Мұқағали ақынның бақиға кеткеніне де 45 жыл өтсе де Мұқағали өлеңдерінің құдіреті күн өткен сайын биіктеп барады.

 

Есбалаева Роза Жұмабайқызы

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Түркология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері

 

 

Осы айдарда

Back to top button
Close
Close