Сахна сөз

Сахнагер Сейтметов

Жалпы, ешкім де өзінің ертеңгі тағдырын таңдап алмайды. Тіршіліктегі сан қилы қақпақылдарға түсіп барып, өз арнасын табады. Бүгінде исі қазаққа танымал театр қайраткері Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов әу бастан-ақ театрлық қарекетпен өмірінің өтетінін білген сияқты. Олай дейтініміз, 60 жылдық асау ғұмырының 40 белесін тек өнерге ғана арнаған Рекең уақыт ағынымен алысып, театр өнерінің қалыптасуы жолында жанкештілікпен еңбек етіпті. Бүгінде ол – Қожа Ахмет Йасауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, өнер кафедрасының меңгерушісі.

Райымбек Сейтметовтің ұлттың рухына сай өрістеген шығармашылық шеберлігіне тоқталмас бұрын, алдымен оның соңғы 3-4 жылдағы ұстаздық белесіне ой жүгірткенді жөн көрдік. Ұстаздық деп жалпылама атағанымыз болмаса, мұның өзі де сол театр қарекетімен қабаттасып жатқан сан салалы қызметінің жалғасы да іспетті. Ендеше, әлгіндей өзіміз жоғарыда айтқан сахнадағы мәңгілік ғұмыр кейіпкеріміздің қазіргі тіршілігінде де жалғасып жатыр.

Сөз жоқ, Райымбектей дара тұлғаның Түркістанға келуі – ер Түріктің бесігінде тербеліп жатқан жастарымыздың бақыты. Егер біз көне Йасы жеріндегі университетті ұлы Тұран ұрпақтарының ортақ оқу орнына айналдыруды мақсат етсек, сол қасиетті өңірді театрсыз көзге елестету мүмкін емес. Ал сол театрдың іргесін шығармашылық та, пе-дагогтік те тәжірибесі толысқан Райымбектей азамат қалап жатса, неге қуанбасқа!

– Базбіреулер сананы тұрмыс билеген мынадай қылт етпе кезеңде бізге ойын-сауық іздейтіндей театрдың қаншалықты қажеті бар деп келте ойлайды,– дейді Райымбек өз сөзінде.– Ойлап қараңыз, театр – жан-сезімнің жаңғырығы. Күнделікті күйбең тірліктен шаршап келгенде, қайда барып демалмақсыз? Кіммен сырласпақсыз? Жан дүниеңізді кіммен бөліспексіз? Айналаңыз базарға асығулы. Үйдегілер сізді түсіне бермейді. Сөз жоқ, театрға келесіз. Шер тарқатасыз. Жан дүниеңізге жалау болар жұбаныш іздейсіз. Яғни сол театр арқылы өзіңіздің де жұмыр басты пенде екеніңізді, қоғамға қажет екеніңізді сезінесіз.

Амандық болса, келер күндерде Рекеңнің ақжолтай арманы – Түркістан театрының да шымылдық ашар сәті туар. Ол тек театр ғана емес, түркі тілдес елдердің халықаралық жиындары мен мерекелері өтетін рухани орталыққа айналмақ. Алдымен бұл театр қасиетті Түркістан жеріне рухани жаңа леп ала келер мәдениет мәйегі болмақ. «Арман көп, санай берсең, сан жетпейді, шегіне көп арманның жан жетпейді»,– дейтіндей, Мағжан тағдырына еншілесе санай бастасақ, көлдей шалқыған көңіліміздің төрінде жатқан қиялымыздың көп екеніне көз жетеді. Бәріне – уақыт еьші. Күтейік.

…Әр жылы ғасырға бергісіз бейбіт 60 жыл. Сол жылдардың әлі күнге жас жігіттей сұлу көрінетін Райымбектің маңдайынан шуақ боп өпкені көңілге медет. Жағымпаздық пен тоғышарлықтан ада, дүниені сол жас қалпында қабылдайтын азаматтың шығармашылық әлеміне барлау жасау – әркімнің-ақ қиялы. Талай суреттеуге куә болған қуатты қалам кейіпкеріммен тез қауыштырып, лезде сырластырып та жіберді. Әңгімелесудегі мәнер-машығы да, ой түюі де, таптаурын тақырыптың өзін ширықтырып, тосын ойларға жетелеуі де оны бұрынғыдан гөрі жақындата түсті. Арадағы аз-кем әңгіме мынадай болды.

– Бала күнімде Йасауи күмбезінің маңында, ескі қорған-төбелерде көп ойнаушы едік. Сонда біз осынау ескерткіштің қүпияға толы қабырғаларына таңдана да тамсана қарайтынбыз. Қазір қасиетті өнер туралы ойлансам, көз алдыма сол сұлулық ескерткіші – көк күмбез келеді.
Мені өнерге, өмірге ғашық еткен сол болу керек. Толыса келе түйгенім: осындай дәрежеге жеткізген, өнеріме бақ берген, қайда жүрсем де желеп-жебеп жүрген ұлы бабамыз Қожа Ахметтің аруағы екен.

– Өнерге келуіңіз…

– Мектеп бітірдім. Консерваторияда оқыдым. Қазақ өнерінің қара шаңырағы М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында актерліктің қыр-сырын меңгердім. Мәскеудегі жоғары режиссерлік курсты бітіріп шықтым.

– Актерлік бел-белесіңіз белгілі. Режиссурадағы жемісіңіз қандай?

– Ең алғашқы қойылымым башқұрт драматургі Азат Абдуллиннің «Ұмытпа мені, күнім» атты поэтикалық драмасы болды. Содан кейінгі жылдары Әуезов театрында, жастар театрында, облыстық театрларда, студенттер сахналарында алпысқа жуық спектакльдерді қойыппын.
Театрдың жаңа бір әсем де күрделі жанры – поэзия театрын құру да аз еңбек болған жоқ. Абайдың, Махамбеттің өлеңдеріне жасалған спектакльдер, жастарға арналып қойылған поэзия жанрындағы қойылымдар – М. Шахановтың «Махаббат заңы», «Сенім патшалығы», Қ. Мырзалиевтің «Данышпаны», М. Мақатаевтың «Дариға жүрегі», Ф. Оңғарсынованың «Бақыт пен мүңы», Т. Бердияровтың «Оқ пен гүлі» – сол еңбектіңжемісі.

– Студенттер сахнасындағы спектакльдеріңіз…

– Университетіміздегі сууденттер сахнасының алғашқы пердесін С. Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» спектаклімен аштық. Одан кейін Сайд Ахмадтың «Келіндер көтерілісін», С. Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғандасын» сахналап үлгердік. Арман көп. Алла жазса, жаңа
театрдың шымылдығын жаңа премьерамен ашсақ па деп отырмыз. Ол қандай премьера? Әзірге құпия…

Ия, бар ниетімен Түркістан топырағына театр әкелуді мақсат еткен өнер тарланының заманға байланып қалмай, келешекке үмітпен қарауы соңынан ерген шәкірттеріне қайсар рух, замани шабыт беретін сияқты. Әйтпесе, «әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек» деп данышпан Абай айтқандай, заман адамға ырқын билетуші ме еді? Оңтайына оралса, адамды да, халықты да қамырша илемек. Жан-жағыңа ой көзімен байырқай қарап, адамдар жан дүниесіне үңіліп көрші. Не сездің? Халық рухы ұйқылы-ояу қалпына қайта түспеп пе? Рухы иленбеп пе? Ендеше сол сананы сілкінтер бір сәуле себезгілейді. Ол – Райымбек театры.

Тәлкек-тағдыр қатал сындарын қаулатқан сайын соғұрлым соған қарсы айла-әрекеттерге бейімделіп, рухани күрестің айқын жолы – білімге, ғылымға тереңдеп, өнерге құлаш ұру екенін Райымбек те, оның өнер ордасындағы шәкірттері де жақсы түсінген.

Шәкірт демекші, бүгінде өнер дәрісханасында 60-қа жуық студент білім алуда. Алғашқы кездері жаңадан ашылған оқу ордасының табалдырығын имене аттаған балаң шәкірттер уақыт өте келе сахна машығының қыр-сырын меңгеріп, шеберліктерін ұштай түсуде. Театр актерлерін дайындаудағы бұрынғы қасаң қалыптан бас тартып, заман талабына сай жаңа оқу-әдістемелік бағдарламалар жасалуда. «Актер шеберлігі», «Сахна тілі», «Ән өнері», «Би өнері», «Сахна қозғалысы», «Сахна сайысы» сияқты пәндер қазіргі білім беру жүйесінің соны жетістіктерімен байытылып, халықтың тұма қайнары – төл өнерімізбен ұштастырылуда. Көп жағдайда классика таңдаймыз деп, батысқа еліктегіш болып алғанымыз жасырын емес. Ал сол әлемдік шедеврлермен тең қоя алар төлтумаларымыздың бар екенін естен шығарып жатамыз. Олар ешбір классикаңыздан кем емес. Тек соларды жіліктеп-жіктеп берер оқу құралдары жоқ. Райымбектің ендігі арманы – ұлттық өнеріміздің бар бояу-нақышын қарапайым тілмен жеткізіп берер ана тіліміздегі оқулықтар жазу. Қай халықтың классикалық шығармаларын талдасақ та, оған ұлттық бояу енгізіп отыру керек. Әрбір шығармадан қазақы мінез байқалып тұрсын. Ұлттық психологиялық процесс, характер көрініп жатсын. Райымбек пікірі осы.

Қазір Сейтметов «Қаракөз» бен «Айман-Шолпанды» таразылар осындай әдістемелік оқу құралын жазып бітуге айналды. Енді сахна өнеріне машықтанып жатқан студенттер Островскийді емес, Әуезовті зерделейтін болады.

– Өз үлтының психологиясын меңгерген студент өзге ұлттікін тез қабылдай қояды, – дейді ғалым Сейтметов. – Бәріміз де жылаймыз, бәріміз де күлеміз. Ал оны сахнада қалай жеткіземіз? Көрермен жүрегіне қалай жол табамыз? Ол – басқа әңгіме. Бізге өнерге құштар жастар көп келеді. Бірақ әрқайсысының бойында өзіне ғана тән құпия бір даралық жүреді. Оны ол байқай бермеуі де мүмкін. Тек сырттай лапылдап тұрған арзан өнеріне малданып, әлдебіреудің «сен әртіс боласың» деген қыздырма сөзіне еріп келе салатындары көп-ақ. Керісінше, ішкі жан дүниесін ақтара салмайтын, әйтсе де өнерге өлердей құштар жастар да кездеседі. Ондайлардан жетектеп, баулыса тәп-тәуір сахнагерлер шығады. Осыған қарап, біз өзімізді кейде адам жан дүниесіне үңілген психологтарға да теңейміз.

Райымбекті қиялшыл деп айта алмайсың. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Түркістанда өнер ордасын ашамын деп астанадан ат арытып келгенде, жұрт бос қиял деп күлген. Қазір солар театр төрінде отырып, Райымбек шәкірттерінің өнеріне тамсана қол соғуда. Бар-жоғы екі-үш жыл бедерінде бірнеше спектакль сахналанып, көрермен қошеметін алды. «Ең әдемі келіншек» түркі тіліне аударылып («Ен гөзал гелин»), қазақ пьесасы тұңғыш рет түркі тілінде қойылды. Осының барлығы бос қиял ма?

Түркістанда түркі әлеміне ортақ театр ашу да оның ақжолтай арманы. Аман тұрсақ, оның салтанат-рәсімін көрер күн де алыс болмас.

Ендігі бір ой – күллі өнердің басын қосар Өнер академиясының іргесін қалау. Ол театр, ән, сурет, би, саз өнерлерінің тұма қайнарына айналмақ.

Райымбек Сейтметовтің өнердегі жолы өнеге-бітімімен баршаға аян. Бүгінде өнер тарланбозы білген-түйгенін келер ұрпаққа аманат етер алып бәйтерекке айналған. Оның кемел шаққа келгенде ұстаздық жолды таңдауының өзі содан туса керек. Әрине, Райымбек үшін режиссерлік пен ұстаздық – тел ұғым. Ішкі мәдениеті, кәсіби даярлығы жеткілікті сахна шеберінің ұстаздық жолда да талғампаз пайыммен көрінері ақиқат. Басқасын айтпағанның өзінде, бұған оның өмірі мен өнері-ақ үлкен тәрбиелік мектеп бола алады.

Қашанда ұстамды, сырбаз, сыпайы, дүниетанымға жүйрік, оқығаны ментоқығаны мол, көңілі келіп, сөйлеп кетсе, білетіні көл-көсір Райымбек Сейтметов жайында айтпағымыз осы еді. Қалған әңгіме Рекеңнің өзінде, оның театрында.

Бекжігіт СЕРДӘЛІ

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button