Қалам-ЖүрекТаңдаулы

Шырқашы, Жәнібек!

Жәнібексіз өткен 25 жыл

Бүгін қазақ халқының күміс көмей әншісі,алтын қаламды жазушысы,сұңғыла өнер зерттеушісі,шешен де,көсем де азамат ЖӘНІБЕК КӘРМЕНОВТІҢ бақилық болғанына ширек ғасыр өтті! Ойпырм-ай,осынша уақыт ЖӘНІБЕКТІҢ нұр жүзін көрмей,нұрлы дауысын тыңдамай да шыдай береді екенбіз-ау… Осыншама көнбіс етіп жаратқан екен-ау адам баласын Жаратқан! …Мен үшін ЖӘНІБЕК құдірет болатын. Тірісінде де,бақилыққа аттанған соң да… Бірде ақиық Ақселеу ағама: «Ақа,неге қазақ радиосы мен қазақ телеарнасынан биыл 60-қа толатын ЖӘНІБЕК күндіз-түні шырқап тұрмайды?!»деп мазасыздана сұрағанымда,Ақаң: «Өй,Несіп,сен де қызық екенсің,бүгінгі қазақ қоғамына ЖӘНІБЕК те,ЖӘНІБЕКТІҢ әні де қажет деп отырсың ба?!» деп,маңдайымнан қойып қалғандай жауап бергені бар. Бүгін Ақаңның ол жауабы бар да өзі жоқ… Қазақ ұлт ретінде ЖӘНІБЕКТЕЙ әншісін ұмытпауға тиіс. Өз басым…ЖӘНІБЕКТІҢ әні де,нұр бейнесі де менің қаныммен араласып,тұла бойымды кезіп жүр. Ол ұлы әншіге деген өзіммен бірге кететін құрмет! Дәл бүгін сол биік құрметімді жайып салған мына Толғауымды тағы бір қайталап оқымақпын. Келіңіздер,бірге оқиық!!!

ШЫРҚАШЫ, ЖӘНІБЕК!
Қазақтың ұлы әншісі марқұм Жәнібек Кәрменовтің аруағына бас ие отырып Ән сарайы мен Сыр қамалын сағына аралау

Жәнібектің елуінші туған күні әне келеді, міне келеді деп күтіп жүрген күндердің бірінде үйге жазушы Тұрсын Жұртбай телефон шалды. Амандық-саулық сұрасқан соң Тұрсын жатты да кеп жабысты: «Несіп, Жәнібектің бір сағаттық үнтаспасын шығарамыз деп едік қой, соған жер-көктен аса қажет деген бір-екі әнін таба алмай жатырмыз. Сол әндер сенде ғана бар дейді. Соны беруің қажет. Онсыз Жәнібектің үнтаспасы шықпайды!».
Сасып қалдым. Аз-кем ән-өлең, айтыс үлгілерін жинап жүретінім рас. Бір уақыт тыңдап, өнерге деген шөліңді басуға қажет. Ал, Жәнібектің жөні басқа. Теңдесі жоқ әншінің радио, ТВ-дан көшіріп алған әндерін былай қойғанда, өзіме арнап, өз даусымен тілек тілеп, мөлдіретіп жазып берген екі бірдей үнтаспасы, яғни арасына әңгіме араластырып үш сағат айтатын әндері бары рас еді. Жәнібектің әндерін тыңдамайтын күнім сирек. Әсіресе, жолаушы жүрсем Жәнібектің үнтаспасын сәлем-сауқаттан да бұрын қоржыныма салатынмын. Жәнібекпен ұзақ жолда сырласқан қандай ғанибет. Жалықтырмайды-ау, еш жалықтырмайды. Ауылым да тыңдады Жәнібекті сан рет, дос-туыс, құда-жекжатқа да апарып тыңдаттым. Москва, Мюнхен, Париждегі қазақтарға да әбден таныс ол дауыс. Көбісіне көшіріп жазып бердім. Алматыда да жан- қалтамнан тастамаймын. Өзі жоқ деуге Жәнібекті қимаймын… Әншілерден бұл үнтаспаны Бекболат, Сәуле, Тілеулес деген жас әншілер тындады-ау деймін. Рамазан деген жайсаң әнші бауырыма бір үнтаспаны түгел көшіріп жазып бердім де.
Тұрсын солардың бірінен білген ғой. Жарайды, Жәнібектің өзі үшін қажет болса, бермей не бопты. Бірақ, мендегі үнтаспа тәуір техникамен жазылмаған, дастарқан басында қолға түскен домбырамен қарапайым магнитофонға жазылған әндер ғой. Ол жаңа үнтаспаға көшіруге жарай ма? Тұрсынға осыны айттым. Тұрсын да лықсып бір ақса тоқтатуы қиын жігіт, үстемелетіп, дәлелдеп, кері шегінетін жер қалдырмады.
Бердім. Алды. Жазыпты. Жәнібектің 50 жылдығына арналып ән, еске алу кеші өтті. Артынан ас берілді. Сол астың соңына қарай Жәнібектің жарыққа шыққан үнтаспасын таратты. Томпиған әнші досымның бетінен сүйгендей аялап, төс қалтама салдым қорапты. Оңаша қалғанда тыңдап көрдім. Көңілді мұң басты. Ән өнерінің ақиығы, кезінде радио-теледидарға көп шыққан Жәнібектің тұңғыш үнтаспасы «шіркін-ай» дегізердей болмапты. Менен көшіріп жазған екі ән сапасы жағынан тым төменгі сатыда. Одан өзге де бірер ән Жәнібек айтты деп саусақ сорғызардай емес. «Піскен астың күйігін» кінәлау емес бұл. Бәріне жоқтық кінәлі. Бұл жолғы өкініш Жәнібектің жақсы әндерін еш жерден — не радиодан, не теледидардан таба алмауымыз. Оны не әнші аға-апа, не шәкірт іні-қарындастарының бірінің жүйелеп, жинап жүрмегені қалай? Құдай-ау, қазақтың ұлттық ән өнерін өміріме серік етемін деген жастардың Жәнібек айтқан әңдерді тірнектеп жинап, текшелеп қаттап қоймауын түсінуге миым жетсе не қыл дейсіз?!
…Кештен де, астан да ауыр оймен оралдым. Ой салмағы таптап бара жатқан соң көмекті қалам мен қағаздан іздедім. Қаламым өзіме жеткізбей сырғыды. Ә дегенше «Менің Жәнібегім» деген сөз жол басына кестеленіп түсті:

«МЕНІҢ ЖӘНІБЕГІМ!»

Туғанына 50 жыл толған ортамызда жоқ ұлы әнші Жәнібек Кәрменовтің құрметіне өткен ән кешінен, досымды сағындым ба, сәл мұңайып оралдым…
Мұнан ары қаламым мүдірген жоқ:
«…Қазақтың ұлы сазгері Құрманғазы есімін арқалап тұрған Алматыдағы бас ән-күй оқу ордасының кең залына кіріп келіп, сахнаға көз тастаған бетте жүрегім дір ете түсті. Сахнаның төрінде Жәнібек бейнесі жерден жеті құлаштай биікте қалықтап тұр екен…
Кеште ән де айтылды, естелік те шертілді. Жәнібектің шәкірті, әнші Бекболат Тілеуханов пен досы, ақын Несіпбек Айтұлы кештің тізгінін кезек қағып отырды. Әдеттегідей ақсақал, қарасақалдар топ басын бермеді. Жәнібек иісі қазаққа қымбат жан еді. Сондықтан Жәнібекті жақын білген жан да, онымен жолай жолыққандар да, сыртынан білетіндер де, ұзынқұлақтан естігендер де естелік айтуға тырысты.
Көп сөз, көп ой, көп ән айтылды. Айтылмаса, мына төмендегі пікірлер айтылмаған болар:
Жәнібектің бейнесі ұмыт бола бастады. Өзі жоқ адамды теледидар көп көрсете бермесі анық. Жәнібектің бейнесі кестеленген баспа өнімдерін шығару — міндетіміз. Ол не болуы мүмкін? Ең әуелі, Жәнібектің нұр бейнесін кестелеп, күнтізбектер, көркем плакаттар жасауға болар еді. Жәнібектің жаныңды тербер көркем прозалары бар. Солардың басын қосып, таңдамалы жинағын шығарса артық па? Кітабына ән сүлейінің сүйкімді портретін берсе… Рас, бүгінгі қиын кезеңде мұңдай салмақты полиграфиялық дүниелерге кімнің шамасы келеді. Біреуді отқа итеру ойда жоқ, әйтсе де Жәнібекті жан бауырындай көрген біраз аға-бауырларымыз бүгінде баспа басқарып отыр. Жәнібекті шын сағынса, сол ағалар ұран тастап, күш біріктірсін. Жетпей жатқан көрпесін өзге дос-жарандары, жанашырлары қымтасармыз. «Шын жыласа соқыр көзден жас шығар» деген, кешегі құдайы асын, әрі той дастарқанын да достары бірігіп көтерістік қой.
Жәнібектің дауысы ұмыт бола бастады. Теледидар атаулының бұрынғыдай қазақ әнін іздеуі сирек. Оның үстіне нарық заманы ұлттық белгіңізге орай емес, жарнамаңыз қалың болса ғана қарық қылады. Одан да терең сүңгісек, республикамыздағы «Шахар», «Рахат», «31 канал», 32… 33… каналдарды былай қойғанда, таза ұлттық арналар — «Хабар» мен «Қазақстан-1» — арналарының жаңа, жас құрамына Жәнібектің баға жетпес дауысын, оған ғашық қазақ халқының қаншалықты сусап отырғанын, олар түгілі осы телеарналардың бірінші басшыларына түсіндіру, әй, аюға намаз үйретуден оңай болмас. Қазақтың ән өнерін, күй өнерін насихаттауға жаралған «Алатау» телеарнасы мен «Шалқар» радиоарнасының бүгінде топырағы кебейін деді. Кезінде Жәнібектің Ақселеу Сейдімбекпен сырласа отырып айтқан қазақ халық сазгерлерінің анталогиясына бергісіз он- шақты хабарын бүгінде сол архивтерден итпен іздеп таба алар ма екенсіз?!
Сұмдық! Кеше, Жәнібектің үнтаспасын шығарғылары келіп шырылдай жүгірген достары жоғарыдағы мекемелердің қорынан 300-350 ән білетін және соларды сорғалатып айта алатын Жәнібектің үнтаспасына түсіруге бір сағатқа толатын әндерін таба алмады… Сондықтан да болар тұңғыш рет 1000 данамен шыққан бұл сұранысқа бай болар базарлық өз дәрежесінде, «Шіркін, мынау Жәнібек қой!» деп таңдай қақтыратындай боп шықпады.
Батырдың тұлғасына қарап-ақ аңыз болған тарихын ұмытпауға болар. Әншінің дауысын жиі естімей нұр бейнесін сол күйінде сақтап қалу мүмкін дегенге сенбеймін. Бізге Жәнібек керек болса — ол сәт сайын ән салып тұруы керек. Сонда ғана Ол аңыздан ақиқатқа, қиялдан қадірлімізге айналады.
Жәнібектің шын бағасы берілген жоқ. 43 жасында 80-дегі қарияның ғұмырын кешіп, ақберен шағында-ақ абыздың сөзін сөйлеп кеткен Жәнібек — Қазақтың ән өнері үшін XX ғасырда дара тұлға. Өз басым аттай жиырма жыл білген Жәнібегімді елу жыл бойы пір тұтқан бірде-бір бұрынғы алыптармен салыстырмаймын. Жәнібек — Қазақтың ән өнеріндегі қайта тумас тұлға!
Жәнібектің бағасын беру ол үшін қажет емес. Ел, халық, ұлт үшін қажет. Бүгінгі санасыз, саңылаусыз ұрпаққа Жәнібек неге керек? Тар қапас түнгі клубтарда түтінге тұншыққан қазақ жастарына дәл сол жерде Жәнібектің шырқау бір әнін майлап тыңдата алар ма екенсіз?! Бүгінгі бизнесіне асыққан, уақыт қуған, сезімді спонсорға айырбастаған ұл-қыздарымызға бұл қоғамда Жәнібек болған дегенді айтып түсіндіру түгілі, бүгін Қайрат, Бекболат, Рамазан деген ұлттық байлықтарымыз бар дегеңді көрсетіп, сеңдіру қандай қиын?!! Бүгінгі ұрпақ осылай болғанда, ертеңгі келер лек қандай болар екен… Қазақ әнінің, яғни әншісінің қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына зарлайтын сәті келесі ғасырда туып жүрмесін әлі.
Жәнібектің бағасын сондықтан да бүгін беру қажет.
Жәнібек Кәрменовке Қазақстан Республикасының халық әртісі атағы мен ҚР Мемлекеттік сыйлығын алып беру керек! Жәнібек бұл атақ-абыройдың екеуіне де көзі тірісінде-ақ лайық болатын. Егер ел сенген ер-азаматтарымыз ой біріктіріп, ойлы қадам жасаса, Елбасы еңіреген ерге қиянат жасамайды. Тартыншақ болсақ — бізге сын. Баукең секілді Жәнібек те ән өнерінің хас батыры дегенге кім сенбес бүгін.
Жәнібектің өз атындағы ән мерекесі болуға тиіс және Жәнібектің өз ән мектебі болуға тиіс! «Қоя тұр!» дейтін қолдарды көріп тұрмын. Қоймаймын! Ақан, Біржан, Әсет, Мұхит, Әміре, одан өзге де ұлы тұлғаларға Жәнібекті теңеуден қорықпаймын. Жәнібектің жоғарыдағы ән кешіне шақырған алақандай қағазға «ұлы әнші Жәнібек Кәрменовтің туғанына 50 жыл» деп жазыпты. Бұл Жәнібекке «ұлы» атауын тұңғыш телу. Заңды! Уақытылы! Кеште де «ұлы» атауы қайталанып, мақұлданды. Мүмкін бізге ғана, бүгінгі ұрпаққа, Жәнібек жас жігіт боп көрінер. Ұлыларды тек өткен ғасырдан, жылдар қойнауынан іздеуге мойындатқан кешегі Кеңес идеологиясы болатын. Енді ұлыны тым алыстан емес, қол созымнан көруге бойұсыну басталса құба-құп. Тіпті басы осы болар. Жәнібек Біз бен Сізге ғана Жәнібек. Оның үстіне Жәнібек енді мәңгілік қой. Енді 40-50, 90-100 жылдан кейінгі ұрпаққа ол да ғасыр қойнауынан бой кетерген ұлы аруақтай көрінері өтірік пе?!
…Қара жер басып жүріп, көкке ұшқан адам жоқ. Адам ұлылық тағына отырғанда ғана көкке ұша алады. Әуелде айттым ғой: «Қазақтың ұлы сазгері Құрманғазы есімін арқалап тұрған Алматыдағы бас ән-күй оқу ордасының кең залына кіріп келіп, сахнаға көз тастаған бетте жүрегім дір ете түсті. Сахнаның төрінде Жәнібек бейнесі жерден жеті құлаштай биікте қалықтап тұр екен…»
…Жәнібек 43 жыл жер басып жүріп, жеті жыл жербесікте жатып, дәл бүгін көкке ұшып шыққан екен. Кеш біткенше сол биігінде тербеліп тұрған ұлы бейне біз залдан тараған бетте шаңырақтан сытылып шығып, жұлдызды аспанға самғап кетті. Енді ол сонау көк жүзінде қоныстанған ұлылар шоғырына қосылғанша ұша береді. Тек біз оның қанатына жел беріп, табанына алақанымызды тосуымыз керек. Ол қамқорлықтың бір парасы — жоғарыда біз тізген шаруалар.
«…Қадірі болмас адамның қасыңда тірі жүргеңде,
Орны қалар ойсырап, бір күні көрге кіргенде!» — деп өзі толғағандай, қазақ әні үшін Жәнібектің орны жуықта ордалана қоймас. Бір мезет Жәнібектің ұлы талантын пенделік ұсақтықпен үгітіп алмай, ұлы бағасын бақастықпен бөлшектеп алмай, ұлы бейнесін күйкі тіршілікпен кірлетіп алмай, осы ғасырдың төрінен даярланған өз тағына ақ арулап қондыра алсақ ғанибет. Елдікке сын да осы.
…Тіпті сол Жәнібекті қазақтың кім екенін сынайын деп ерте бауырына тартты ма деймін Жаратқан?!
* * *
Ақылдан азап шегіп жүрген жоқпын. Мүның бәрін Сіздер де білетін боларсыздар. Айтқалы, істеткелі жүрген шығарсыздар. Оған күмәнім жоқ. Тіпті «бір жақтағы спортшы жігіттің ән өнерінде несі бар» дерсіздер. «Ән тыңдаса тыңдасын, Жәнібектен не түсінеді» дерсіздер. Айтыңыздар, ауыздарыңыздан қақпаймын.
Ешкімнің аялаған Жәнібегіне жабысқалы отырғаным жоқ. Бөліскелі де отырғаным жоқ ешкіммен. Менің өз Жәнібегім бар! Сонау бозбала шағымда алыс ауылдан Алматыға бір қолыма домбыра, бір қолыма доп ұстап келіп, екеуінен де жолым болмай, қаламгерлік ауылға шәкірт болғанда Жәнібекпен өнер сайысында жолыққанмын. Алматы студенттері арасынан ол ән айтудан, мен күй тартудан бірінші орын алып, бүгінгі дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияров екеумізге жүлде берген кезде айқасқан құшағымыз ол бақилық болғанша ажыраған жоқ. Рас, мен Тұрсын, Несіпбек достары секілді, Ақселеу, Рымғали ағалары секілді үнемі бірге жүрмейтінмін. Өзі үнтаспаға жазып бергеніндей біздің арамызда достықтың «үнсіз жатқан, көрінбей жатқан жібек жібі» болушы еді. Жәнібекті менің бағалауым ешкімге ұқсамайтын. Жәнібекті менің сағынуым да ешкімге ұқсамайтын. Менің өз Жәнібегім бар болатын!
…Ән кешінің соңынан берілген астан қайтар кезде есік көзінен мені көріп қалған Ақселеу ағам мейірлене құшағына тартып, маңдайымнан сүйіп тұрып: «Әй, Несіп, мына Жәнібек сұмдық қой-ей, сұмдық қой. Не деген диапазон, не деген шалқар кеңдік! Ей, бұл Жәнібекке жетер ешкім жоқ қой өзі…» деп өзегі өртене қайталағанда, лап етіп тұтанған өрт ішіңде қалғандай болдым.
— Әрине, Ақа, әрине! Жәнібек дара ғой, жалғыз ғой… Жаңа ғана Әсет пен Кемпірбайдың амандасуын айтқанда Бекболаттың өзі сыбырлап, сөйлеп қалған жоқ па?! Жөнібек ол суретті лапылдатып, лаулатып, өршітіп, дауыс биіктігіне жан жалауын қосып, құлындай шыңғыртып жеткізбеуші ме еді?! — деймін.
— Рас, рас, Бекболат та сыбырлап қалды. Құдірет-ай, мына Жәнібек не деген ғаламат, не деген ғажап?!! Жаңағы әндеріндегі не қылған ой, қиял жетпес пафос… Ойпыр-ай, мынау Жәнібек сұмдық қой-ей, ғаламат қой…
Білімі мен білігіне бой жетпек түгілі мың сүңгіп шығатын Ақселеу ағамның бұл таңдай қағысы дәл осы кештегі тұтар медеуім болды. Өйткені менің Жәнібегім де тура сол Ақаң аһ ұрғандай тендессіз ұлы тұлға болатын.

НҰР БЕЙНЕСІНЕ БАС ИЮ
Жәнібектің көзі тірісінде арнайы жазып берген үнтаспасын жиі тыңдаймын. Сөз басы сол өзінің «Өмір жайлы толғауымен» басталады. Оның тарихы қызық.
«Лениншіл жас» газетінде қызмет істеймін. Спорт бөліміндемін. Сапарға жиі шығамыз. Спорт жарысына өнерпаздар шашатын шашу да сирек болмайтын ол кезде. Сондай бір сапар Жаңаарқаға жетеледі. Қазақ күресі, самбодағы теңдессіз бапкер Диқанбай Биткөзевтің шаңырағында қонақтарға ас берілді. Жаңаарқада балуан қанша болса, әнші мен күйші сонша ғой. Күні бойғы күрес бәсекелерін ән мен күй еңсеріп бара жатты. Бір кезде қолынан кеш бойы домбырасы түспей отырған батыр денелі азамат азынатып кеп бір толғауға салды дерсіз. Тұла-бойым шымырлады. Дүниенің бәрін ұмыттым. Арбалғаным сондай, қонақтан тарағанша Мұхамеджан Тілеухановпен танысып та үлгердім, әлгі жан шыдатпас туындының авторын біліп те үлгердім. Ол Жәнібек Кәрменовтің «Өмір туралы толғауы» екен.
Алматыға жеткенше асықтым. Таяуда ғана ауданда дүкен ұстайтын бір нағашы апамнан «Весна-302» деген магнитофон әкелгенмін. Туғалы маңдайға тұңғыш біткен үнжазғыш. Аялап, сыртындағы қапшығын да шешпей жүретінмін. Соны қолтығыма қысып, Жәнібек дәріс беретін студияға жүгірдім. Келсем Жәкем кезекті бір сабағына кіргелі жатыр екен. Мені класқа ерте кірді. Сөйтті де: «Ал, мынау менің Несіп деген досым болады. Өзі күйеу бала, тобықтыдан қыз алып отыр. Тойда Сәулесінің бетін де өзім ашқанмын. Өзі спортшы, бірақ өнердің құлы. Өзі де өнерпаз, домбырашы. Осы Нәкең бір бұйымтаймен келіп қалған екен, соны бітіріп жіберейін. Сендер де тыңдай отырыңдар. Әңгіме бүгінгі сабақтың тақырыбына сай болады» деді де бастады. Бір сәт шағын класта екеуміз ғана қалғандай болдық. Жәкең отырған шәкірттерін ұмытты. Магнитофонды айналдырып ұстап көріп, сипап, риза болғандай бір жұмбақ жымиды. Әлде «тапқанын-ай» деді ме екен. Жалпы Жәнібектің сол бір жымиысында мың құпия жатушы еді… Содан магнитофонның үнүзгішін алдына қойдым да өзім тыныш отырдым. Жәнібек тек Жәнібекке ғана тән ерекше сабырмен, өзінен басқа ешкімде жоқ ерекше оңашалана алу қасиетімен бізден бөлектенді де бүгінде мен жанарым сулана жүріп тыңдайтын мына әндері мен сырларын қалдырып кетті.
КЕЛІҢІЗ, БІРІГІП ТЫҢДАЙЫҚ:
«…Осы Несіп мейірім-қайырымының қарызы жоқ қадірлі інімнің бірі еді. Сол Несіп пен Сәуле қарындасымның амандығын тілеп, Алладан отбасы мен бала-шағасына жақсылық сұрай отырып, мынау магнитафонына байғазы ретінде біраз ән жазып берейін деп отырмын. Ең әуелі, өзің білесің, мен өлең жазбайтын, ән шығармайтын адаммын, қара сөз жазамын, проза жазамын. Бірақ кейде сол қиялданып кеткенде жазып қоятын біраз шумақтарымыз болушы еді. Сол өзің «Жаңаарқадан естіп келдім, Жаңаарқаның жұрты айтып жүр екен» деген толғауды өз аузымнан есті. Мұның енді әні халықтікі, ал сөзі, сол баяғы, өзіміздің күй деп ұғарсың».
Қасына сүйеп қойған үш домбыраның ішінен Абайдың домбырасын алды да қағып-қағып жіберді. Қоңырлау, құмыққан дауыс безек қаға жөнелді. Жәнібек көзін жұмды да жан тереңінен басталған дыбыс ырғағына ілесті. Бұл
толғаудың басы — толғанысы ғана еді…
«Ойламаңдар, жігіттер, баста дәурен тұрмайды,
Өтіп кеткен сұм жалған, қайтып мойнын бұрмайды.
Адам қонақ өмірге, бір күні қолын бұлғайды.
Тірліктің түбі белгісіз ағын бір судай зырлайды-ай, ай – ай — а…» Жүзіне қараймын. Отызға жаңа келген желкөңіл жігіт жоқ жанымда. Жүзге келмесе де сексеннің сеңгіріне шыққан абыз отыр. Көзі жұмулы, көңілі ояу. Қарсы алдында бір уыс қыз-жігіт отыр деп емес, қыруар халық тұр деп қамданған қарт мінез. Сусыған құмдай бірін-бірі қуалаған ұйқас арасынан қыл өтпейтін өміршең ой, жолына жан тұрғызбас өршіл пікір, тереңдігіне тіке түскен тас та жетпес шыңырау шындық…
«…Қызыл түлкі секілді, уақыт сайқал алдайды,
Байлықты қусаң базардан, түбінде саған сол қайғы.
Бағыңда өскен бәйтерек терің тамса солмайды,
Қулықпен тапқан мал арам, ізінде қайыр болмайды-ай, ай-ай-а-а…»
Үніне құлақ саламын. Зарлы, бірақ жігерлі. Шарасыз, бірақ шымыр. Толқулы, бірақ терең тынысты. Қарлығыңқы, бірақ қатқыл. Селкеу, бірақ сенімді. Көзге түртеді, бірақ аяйды. Өкінеді, бірақ өрекпімейді. Түңілмейді — түсінеді.
Қайырым түбі — Даналық, жақсылық етпе есеппен,
Аулақ ұста бойыңды әзәзіл жалған өсектен.
Қара жер жұмсақ жамбасқа, махаббаты жоқ төсектен,
Қорлықпен өтер өмірің қосақталып есекпен-ай, ай-а-а,а…»

Жүрегін тыңдаймын: соғысы жиі, бұлқынысы бұла, бірақ бүлкілі сенімді;
Сезімін дөп басамын: Мазасыз, таза, шырқыраулы, от боп жанып, мұз боп қатып жатыр;
Ақылын аңдаймын: Айқын, ақ орамалдай жаюлы, жұмбақтамай, жасырмай, жонып айтады тілегін.
Бәріміз үнсізбіз. Толғау айтылғанда да, аяқталғанда да ауыз ашуға біріміздің батылымыз жетпеді. Бізді сезімге түскен бұғаудан босатып алған да Жәнібек. Домбырасын шерте отырып, ішіндегі шерін тарқата түсті…

ЖАН СЫРЫН СҮЗІП АЛУ
— Әңгіме мен туралы болмасын. Жас әншілерге ғана емес, жас адамдардың бәріне жеткізейікші Жүсіпбек Елебеков сынды биік тұлғадан түйген бұл өмір сабақтарымды.
…Жүсекемді қойнына алған қара жерге айтар нәлетім, істер қарекетім таусылып, іштей тынған күндерім бүгінгідей есімде. Өзімді жетім қалғандай сезінемін. Студия жаққа аттап басу қиямет-қайым. Амал не, бәріне көнесің. Оның үстіне Жүсекеңнің орнына сабақ беруді маған тапсырды. Өзім күн сайын тәлім алуға асыққан класқа кіре алсамшы. Жүсекем отырған орындыққа отыра алсамшы. Жүсекем айтатын сөздерге ие бола алсамшы.
….Әлі отыруға батпай, түрегеп тұрғам. Есік шиқ етіп ашылды да Ғарекеңнің, Ғарифолла Құрманғалиевтің басы көріңді. «Здрәсти» деді ол кісі.
— Ойбай, Ғареке, мұныңыз не, өзім-ақ барып сәлем беретін едім ғой! — деп амандасуға қолымды ыңғайлап тұра жүгірген кезде Ғарекең:
— Саған емес, анау орынға сәлем беруге келгем! — деп есікті жапты да жүре берді.
Есіктің көзінде тұрып қалдым. Тұла бойымды алапат бір мақтаныш сезім баурап бара жатыр. Бұл — Жүсекеме, ұстазыма деген құрмет сезімі. Өз кеудемде күн сайын тербететін сәулелі сағыныш пен асқақ махаббатым менен басқа да мыңдаған жүректе тербетіліп жүргенін білу неткен бақыт?! Өмірде өз басының қуанышына ғана азаптанып той жасап жүретіндерді аяйтынмын.
Жүсекең мен Ғарекең әншілер студиясында таң ата жолығатын. Әуелі Жүсекең класына кіретін. Сағат тура 9.55 болғанда есік шиқ етіп ашылып, Ғарекеңнің басы көрінетін. Жүсекең жалт қарағанда «Здрәсти» дейтін Ғарекең. Жүсекең оған сәлемін үн-түнсіз жүрегімен беретін.
Бір сәт әннің екі алыбы иықтасып жүріп кететін. Па, шіркін, студияның тар коридорында бүкіл Арқа мен Батыстың әні қол ұстасып көшіп жүргендей әсер алушы едік. Олардың алдынан ешкім кесіп етпейді, ешкім қарсы тұрмайды. Кімді болса да бұл екі ақиықтың тасқыны таптап кетер еді.
Жазғы демалысқа шығардағы қоштасулары ерекше-ақ. Көзіңе жас алғызады. Бір-бірін қайта көрмейтіндей сырласады кеп. Сырлары бір суымайды. Екеуден-екеу жүргені саяқтанып. Талантсыз орталармен сойлеспейтін. Ғарекең кейінгі жылдары Жүсекең, Манарбектерді жиі айтып, сағынышын ашатын. «Шіркін, біз кезінде жұбымызды жазбаушы едік. Бірге отырып кезек-кезек ән айтатынбыз. Сәл қате жіберсек, бір-бірімізді енді көрместей етіп сынайтынбыз. Өкпелеп, тонын отқа тастаған ешқайсымыз жоқ. Ертеңіне-ақ әлгі қателігімізді түзеп алатынбыз».
Ғарекеңнің осы бір сырын өстіп естім. Айту керек пе? Әрине, керек! Бүгін біздер, әншілер ғой, шыбық тимес шыңқ етпеміз. Бір-бірімізге сәл сын айтайықшы, ол жанды жау кереміз. Бір-бірімізден әлденені қызғанамыз. Сыртымыздан сөз айтып, жамандауға да батылымыз барады. Сонда нені қызғанамыз? Не жетпейді? Әркімнің бойындағы табиғат өлшеп берген талант бұл пыш-пыштан кемімесе өспейді. Сонда нені? Сахнаны ма? Сахна бәрімізге жетпей ме? Жүсекем айтатын: «Сахна — даланың бір пұшпағы» деп. Ал, халқымның кең даласына таланттарымыз сыймай кетті деуге ауыз бармайды. Кең жерге сыйыса алмау — бұл да талантсыздық.
«…Сахна — даланың бір пұшпағы. Мұнда айқайлап ән айтылады деп емес, сыбырлап сыр айтылады деп ұқ. Ән айтқанда айқайлап алдыңа қарама, абайлап жаныңа қара, асқақтап төбеге қарама, тәубемен төмен қара, аяғыңның астына көз сал» дейтін Жүсекем. Бүгінгі біз ше? Сахнаға трибунаға шыққандай үйреніп алғанбыз. Аузымыздағы әнді алдымызда отырған 200-300 адам үшін айтамыз. Дүниенің кеңдігін, әлемнің құшақ жетпес құдіретін естен шығарамыз. Әр әнші көз алдындағы көрерменін ғана емес, көл-көсір жерін, күңіренген елін ойласа ғана әнші болады. Әнді әлгі көздері бақырайып көріп отырғандарға айтпа, көре алмай, жете алмай, дала желіне құлақ салып жүргендерге айт. Әр оннің бір сахналық қана құны бар деп қылмыскер болма. Қазақ әнінің әрбірінде дала қасиеті, дала қасіреті, дала тынысы, дала қуанышы мен трагедиясы бар. Егер сен оны сахнаға лайықтап айтсаң, оның қуаныш, трагедиясы да сахналық болады. Далаға арнап айтсаң тынысы да далалық болады дейтін Жүсекем. Мен бұл сөздердің әрбірін сахнаға өзіммен бірге ала шығуды ұмытқан емеспін…
НҰР БЕЙНЕСІНЕ БАС ИЮ
Жәнібек жаңа ғана ортаға салған сырларының отына тамызық тастамақ болғандай, домбырасына қол созды. Екі шектің біріне саусағы тигенде-ақ тұла бойды дір еткізер үн ұшып шықты шанақтан. Шағын бөлмені әлгі үнге шып-шып толтырған құдіретті сәттің тізгінінен тарта отырып, бетіме қарады:
«…Мынау енді, Несіп, Әсет пен Кемпірбайдың айтысы. Кемпірбай ақын нашар жатыр деп естіп, Әсет Қояндының жәрмеңкесінен Ертістің жағасына, Уақ руының ішіне Қарқаралыдан көшіп келген Кемпірбайдың ауылына келіп, көңілін сұрап тұр дейді. Сондағы Әсеттің амандасуы. Мұның енді ұзақ тарихи әңгімесі көп. Мен теледидардан да шет жағасын айтқанмын, кітабымда да бар. Онда да жазғанмын Әсет пен Кемпірбайдың айтысы туралы. Енді соны айтып берейін. Әсеттің айтқаны екен…»
Үстіңгі ішекті сұқ саусақ іліп кеткен кезде-ақ болашақ айтылар ән сурет болып алдымызға жайыла берді: желідегі жылқысы шыбын қаққан жаздың жайма-шуақ күні. Алысқа асыққан дала желі әрбір үйге келіп сәлем бергенде ғана аялдайды да ары оза береді. Жылан жүрісті желдің де айтары бар. Басына биік етіп жастық қойған аруақ бейнелі ақынның құлағына әлденені сыбырлап кеткендей. «А, а…а, шынымен бе?!» дегенше болмай, тентек жел тасыр мінезбен тесіктен шығып ұзай берді. Артынша ақ боз үйдің ақ табалдырығынан аттай бере боздатқан Әсет дауысы сай-сүйегіңді сырқыратып, өлі-тіріні өңгерді де өкетті…
«Ассалаумағалейкум, нар Кемпірбай!
Науқасқа шипа берсін, патша құдай.
Аспанда айнала ұшқан Ақсұңқарым,
Кез болып жайған торға, бопсың мұндай.
Науқасың меңдеу тартты дегеннен соң
Жыладым, бәйіт айтып, үш күн ұдай,
Дауысымды танимысың, атым Әсет!
Мен келдім әдейі іздеп, көңілің сұрай.
Шынымен жауап қатпай кетермісің,
Жұртыңа атың шыққан, қыраным-ай! — үйгай-гай,
үйгай, гүй-гай гай гүй-гай, и…. и-й…»
Жәнібек бізді ұмытты. Көз алында — Әсеттің сонау Қояндының жәрмеңкесінен Ертістің жағасындағы Уақ руының ішіне серігі Кемпірбайды іздеп келуі, әлгідей сәлем беруі, Кемпірбайдың жауабы, екі дүлдүлдің, екі бұлбұлдың сөз қағысуы, төс қағысуы, амандасуы, арыздасуы, қоштасуы — жан төзгісіз, жүйке шыдатпас, тұла бойыңды шымырлатқан бір трагедиялық сахна.
Әсеттің дауысында зор құрмет, ғаламат сағыныш, кереметтей қимастық бар. Досының келгенін естіп, ұзақ күндер сұлық жатқан Кемпірбай да басын жастықтан көтеріп алып:
…Көңілді Әсет келді-ау көтергелі,
Қысады кеуде шіркін, жөтелгелі.
Аузыма айрыларда сөз салмасаң,
Қонғаның өлең шіркін, бекер ме еді?!» деп, бебеулеп кетер жерде Жәнібектің дауысы әлгі асқақтықтан төмен түсіп, тағдырға налыған, бірақ біржола берілмеген, жігері жүдеген, бірақ сынбаған жанның сезімін бере айтады. Дауысындағы не? Жарықшақ па? Жоқ, жарықшақ емес, ауру жанның кейпіне түсіп, дауысты көкірегіне, көкірек тереңіне түсіре, құмықтыра айту екен. Сәлемін, арызын айтып, өмірмен ғана емес өнермен, өлеңмен, әлеммен ғана емес әнмен қоштасып жатқан ғаламат тағдыр иесінің көзіндегі жасты Жәнібек әнмен, үнмен береді. Әп-сәтте Кемпірбай кейпіне кіріп алған әншінің отырған орнында теңселіп кетуі бірден көрермендерге де беріледі: ақ жаулықты аналар кезіне жас ала бастайды, ойлы ағалар күрсіне кездерін жұмып, жас желең біткен сол екі алып жолыққан киіз үйдің іргесінен сығалауға талпынады…
«…Кеудемнен көкала үйрек «Қош» деп ұшты,
Сол шіркін кәрі жолдас — өлең білем…
Әсетжан, осы аурудан оңбас, білем,
Алланың бұйрығы екі болмас, білем.
Кеудемнен көкала үйрек «қош» деп ұшты
Сол шіркін жалғыз ұлга қонбас білем…» дегенде әке дәулеті, ана сәулетімен сергелдең құрып, сереңдеп босқа жүрген еркетотай ұл-қыздардың өзі төмен қарап, аяқтарымен жер шұқиды.
«…Семейде топырағым болар білем,
Кемпірбай, дұға қылсын, бейшараға! — гигигай, гигай, игигай-гигай, гигагагай, ги-ги-га…»
«Уһ!» — деп бітірді Жәнібек әнді. Бас-аяғы ішке сімірген бір ғана демнің мөлшеріне созылған гөй-гөйдің соңы сонау жан тереңінен шыққан күрсінумен аяқталды. Талай жан тебірентер үнді білуші едім, мынадай жалын атқан «Уһ!»-ті естуім тұңғыш рет. Жәнібек бұл салған әнімен асыл Әсетін де, шежіре Кемпірбайын да бір сәт жоқтап алған абызға ұқсады… Түріне қараймыз. Сахнада ән айтып, халыққа қол соққызған әнші емес, Әсет пен Кемпірбай ақынның әлгіндей амандасуына куә болып, заманның зымыранына, адамның өткіншілігіне қабырғасы қайысып, ақбоз үйден шығып келе жатқан бір ақ сақалды қария дейсіз де қоясыз. Жүзінде әлгі трагедияның табы, бетін бізге бергенімен, жүрегімен сол серілер сапында, сезімімен солардың арасында. Өмірдің біркүндігіне өкінгенімен, өнердің мәңгілігіне тәубе еткен сәл қуанышы ғана жүзіне жымиыс боп шығыпты. Жәнібектің сол жұмбақ жымиысы ғаламат. Түнек боп келген трагедияны, жауын боп келген көз жасын осы жымиыс жуып әкетіп, бізге әнші Жәнібектің өзін ғана қалдырады. «Бұл — Жүсекеңнің тәрбиесі, Жүсекем еккен ағаштың мәуесі» дегенді зор құрметпен айтпаған күні сирек. Бүгін де солай деп, сандығының қақпағын көтерді.
ЖАН СЫРЫН СҮЗІП АЛУ
— Әнді үйреніп емес, зерделеп айту керек, — дейтін Жүсекең. Кейде ашуланғанда: «Әй шіркіндер, бүгінде аюға де велосипед тепкізіп, құсқа да тіл бітіріп қойған жоқ па?! Ал, сендер адамсыңдар ғой. Үйренгендеріңді сол күйінде айтсаңдар не болғандарың? Үйрену бір басқа да, әнге жан беріп айту бір басқа емес пе! Әнді тұла бойыңа сіңірмей, алпыс екі тамырыңа таратып жібермей айтуға бола ма? Жоқ, ондай әншіден ән шықпайды, айқай шығады. «Әнді айта алмаған абалайды, домбыраны тарта алмаған сабалайды» деген содан шыққан».
Жүсекемнің бұл ашынуы орынды еді. Бүгінгі біздер тек орындаушы ғанамыз. Көп әншіде дауыс та, талант та бар. Бірақ сол талантты місе тұтып, тоқырап қалу басым. Іздену жоқ. Не жоғарыда айтылғандай бас бірлігіміз жоқ, не басты тау-тасқа ұрып, талпыну жоқ. Жүсекең, Ғарекең, Манарбек, Қалилар бірінің талантына бірі бас ие жүріп, бір-бірінен үйренген ғой. Кейде бәрінің бойынан бір-біріне тән қасиет көрінетін. Қандай жарасымды еді. Ал бүгінгі әншілер бір-бірінен қашқақтайды. Өзгеше болуға тырысады. Бірақ қандай өзгешелік? Өнер өзгешелігі емес, түр өзгешелігі ғана.
«Кітап оқыңдар, әйтпесе әнші болмайсыңдар!» деуші еді Жүсекем. Алғаш іштей күлетінбіз. Кітап оқу мен әншіліктің үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шығар дейтінбіз. Жоқ, олай емес екен. Кітап оқу арқылы әншінің ойы өседі, парасаты биіктейді, ой-қиялы жетіледі. Көп әншілердің сахнада сөзін ғана жаттаған әнді орындап өте шығатыны сондықтан. Білім, парасат деңгейі төмен болған соң не айтады? Жүсекең, Ғарекең, Манарбек ағалар даланың академиясын бітірген жандар еді ғой. Оның үстіне білімге ұмтылуы қандай еді?! Жүсекеңдер Абайдың кез келген өлеңін, «Абай жолы» романының кез келген жерін жатқа оқитын. Тарихтың небір қатпарыңда жатқан құпия сырларынан ағыл-тегіл хабардар болатын. Қолынан жаңа кітап түспейтін. Далаға құмар болатын. «Дала деген кітап, әуелі соны оқыңдар» деп отырар еді ол кісі. Бүгінде әншілер кітап оқымақ түгілі, даланың сырын зерттемек түгілі, үш тиынға газет алып та оқымайды, айтып отырған әнінің авторын білмейтін бейбақтарымыз да жоқ емес.
Әнді тек дауыспен, күшеніп айтады деу не деген сұмдық?! Дауысы барлардың бәрі әнші болып кетсе, әншіде, әнде қадір қала ма? Жүсекең осы Шәкеңді, КСРО халық әртісі Шәкен Аймановты жанындай жақсы көретін. Кездесе қалса, «Шәкенжан, «Жиырма бесті», «Екі жиренді» айтып берші» деп жалынып жатқаны. Соңда таң қаламыз. Шәкен ағамызда аса алып бара жатқан дауыс та жоқ қой. Жүсекең: «Әнді дауыспен емес, жанымен, жүрегімен айту керек қой. Шәкенге қарашы, әрбір тал шашы ән айтып тұрған жоқ па!?» — деп риза болатын. Осы бір оқиғаның да ғибраты мол еді. Бар күшін дауысына салып, жарылып кетердей болып, ышқынып ән салатындар аз ба? Әсте ән қадірі онымен өтелмек емес. Құлақты жара айқайлап айтқан әннің бойынан сезімге тиетін түйір дән таппау не қасірет? Ән шіркін табиғатына қарай құлаштамай-ақ, сыбырласаң да өз сырласын таба қоймаушы ма еді. Айқайласаң-ақ аруағы қашар ән аз ба? Әншінің кереметтігі әр әнмен сырласа алуында ғой. Сыршылдық жоқ жерде әншілік те жоқ…»
НҰР БЕЙНЕСІНЕ БАС ИЮ
Жәнібек бос сөзді болмайын деді ме, жаңа бір әннің жалына қол артты. Домбыра үнімен бірге қоңыр дауысы да құлақ құрышыңды қандырғандай…
«…Мынау, Несіп, Біржанның, атақты сал Біржанның дүниеден қайтар алдындагы жазған «Теміртас» әні. «Теміртас» — Қорқыттың «Қоңыры» секілді қазақтың ән өнеріндегі айтулы үлкен дүниенің бірі. Қорқытты айтып отырғаным, бұл екеуі де үлкен, толғаулы, ойы, зары, мұңы, кісілігі, барлық бітімі жағынан теңдесі жоқ музыкалық шығарма. Ғаламат реквием секілді. Мен өзім Қорқыттың «Қоңырын» Моцарттың реквиемінен титтей де кем қоймаймын. Егер шын мәнінде ұғынып, түсініп, Қорқыттың «Қоңырын» оркестрге, болмаса, қобыздың өзінің үніне салып тартатын болса, мұнан артық реквием болмас еді. Сол мынау «Теміртас» та — өмірден қайтар алдындағы, өмірдің жиынтығы, «не көрдім, не білдім, не сездім, адам боп дүниеге келгенде дүниеден не арқалап бара жатырмын, жарық дүниенің құны немен өлшенеді?» деген Біржан ойындағы, Ақын ойындағы, Әнші ойындағы түйіншек. Мен соны саған айтып берейін».
Жәнібек сәл үнсіз қалды. Әуелі әнші емес, домбырасы толғанды. Қос шектен қасірет көрген адамның құйын сезімі төгілді кеп. Домбыра бебеулегенде жаныңды қоярға жер таппайсың: жарғақ үн жүйке біткенді бір талдап жұлып жатқандай.
Домбыраны дәл мұндай тарту үшін талассыз шеберлік қана емес, әнімен жеткізбек ойын жанымен терең түсіну де қажет болатын. Әншіде ол бар екен. Енді домбырасының үніне әншінің байтақ «ішкі үні» қосылды. Домбыра мен әншінің дауыстары қатар өрілді: өз-өзіңнен қазіргі айтылар хикаяға көкірек көздеріңді аша бастайсың.
«…Ал, дүние, өтеріңді біліп едім,
Білдірмей, серілікпен жүріп едім,
Бұл күнде арық қойдан бағам төмен,
Үш жүзге атым мәлім Біржан едім-ау-у-у-у!..»
Осылай төгіліп кете береді. Сәлден соң Жәнібек жан-жағындағылардың бәрін, көз тіккен, құлақ тосқан тыңдаушыларының бәрін ұмытып, Біржан кейпіне кірді. Мұнан соң қазақтың ән өнеріндегі теңдессіз биік шығарма өз шарықтау шегіне жете айтылды. Ән аяқталғанда Жәнібектің өзі де әлгі бір жанның күйінен әлі шыға алмай, түнеріп тұрғанын байқайсыз. Бір кереметі, дәл осы әнді айтқан күні Жәнібек күлмей жүруге бар.

ЖАН СЫРЫН СҮЗІП АЛУ
— Бүгін бойымда жылт еткен бір жақсы қасиет болса ол Жүсекемнен ауысқан алтын. …Әнге тұла бойымен, жан-жүрегімен шомылып айтудың үлгісі Жүсекең еді ғой. Ол кісі «Атыңнан айналайын, Қарқаралы!» деп тебініп кеткенде-ақ көз алдымызға Қарқаралы, оның баурайында желе жортқан Мәди келе қалатын. Әнге қалай талғампаз еді ол кісі. Кез-келген әнді айтпайтын. «Әнші талғампаз болмаса-ақ азады» деп отырушы еді. Бүгінгі әншілер кез-келген әнді айта береміз. Тіпті автордың өтінішімен айтылатын әндер қаншама?!
«Қазақконцертке» алғаш орналасқан жылым. Бір кеште жаңадан үйренген термемді сыпыртып шықтым. Сахнадан түсе бергенім сол еді алдымда Жүсекең тұр екен. Сөзбен сабады да тастады. «Атаңа нәлет-ау, термеде нең бар?! Сенің дауысың терме айтатын дауыс па? Әй, 400-500 адамды жинап алып терме айтқанды қай ата-бабаңнан көрдің?! Даланың кеңдігін көрсететін ақиық әндер аз ба?! Соларды неге айтпайсың? Міне, әндердің керемет қасиетінің жоғалуы осыдан басталады. Әй!.»
Ләм деп ауыз аша алмадым. Айтқандарының бәрі дұрыс болатын. Расымен, бүгінде халқымыздың алтын қазынасына айналған ақиық әндер, халық әндері мен халық композиторларының әңдері сирек айтылады. Ешкімді кінәлау емес, бірақ айналдырған екі-үш әннің айналасынан шыға алмай жүрген әншілерімізге өкпе көп. Ол әндер өз замаңдастарымыздың әндері, болмаса айтуға жеңіл, келте әндер. Елге шықпаймыз. Ерігіп қалада жүреміз. Теледидар деген бар. Біз үшін ел ішін сол аралайды. Ал, Жүсекең, далаға, халық арасына көп шығатын. Мені сапарына ала қалса, жолда:
— Әй, Жәнібек, қалғып-мүлгімей далаға қарап отыр! — дейтін. Әуелде 400-500 шақырым жол жүргенде айналаға тесіліп не бар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, айтып жүрген әндеріміздің бәрінің бұйдасы далада сүйретіліп жатады екен- ау. Далаға қараған сайын бұрын білетін әндерімнің бойынан да жаңа бір қасиет көретін болдым. Бүгінде сапарға шықсам, даладан көз алмаймын…
Жәнібектің жанары бір нүктеге қадалып қалыпты. Біз де сол жаққа қарадық…

НҰР БЕЙНЕСІНЕ БАС ИЮ
Ол ойдан арылып, маған қарады.
«…Мынау, Несіп, әуелде қазақтың ән әнерін, күй өнерін зерттеген кезде, бір айрықша, көзге ерекше, оқшау, дара көрініп жүрген нәрсе — Ән мен Күйдің қайсысының бұрын шыққанын анықтау. Оны — Ән мен Күйдің қайсысының бұрын шыққанын — ғылыми дәлелдейтін нәрсе, бірақ сол ән мен күйдің бірлігін дәлелдейтін Ақтанбердінің толғауы бар. Осы күні мұны жұрт «Ыңғайтөкпе» деген күй деп тартып жүр. Бірақ, елдегі көнекөз қарттар мұны Ақтанбердінің айтыс сарыны еді деп отырады, осымен Ақтанбердінің жырларын айтады. Сол толғауға салып, сізге Ақтанбердінің бір жырын орындап берейін. Тыңдаңыз…»
«Күлдір, күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз,
Күдіреден бау тағып, кіреуке киер ме екенбіз…»
Сорғалап кетті дерсіз. Жорға мініп жортқандай, бүлкілдеп кісінетіп келеміз. Су төгілмейді-ау, шіркін, дауыс екпінінен.
Міне, ашық дауыс шыр етіп, қайта аспанға шықты:
«Е-е-ей!
…Жал-құйрығы қаба деп, жабыдан айғыр салмаңыз,
Қалың малы арзан деп, жаман қатын алмаңыз.
Жабыдан айғыр салсаңыз, жауға мінер ат тумас,
Жаман қатын алсаңыз, топқа да кірер ұл тумас…
Жаман қатын алғаның — төркініне бара алмай, төсегіне жата алмай, тең-құрбыңыз келгенде, оңды жауап қата алмай, жалғанда қор болғаның…»
Санаң самаладай ашылады. Сенесің. Ойланасың. Беки түсесің. Жәнібекке алғыс айтасың.
Ән біткен кезде үнсіз қалған ол, дереу екі ішекті қағып-қағып жіберіп, жүзіне күлкі жүгіртті. Сөйтті де: «Далада қаңғи береміз бе, тау жаққа барып қайтайық бір сәт, Нәке!» деді бетіндегі екі оймақтай ойығы тереңдей түсіп. Сөйтті де домбырасына желіс берді.
…Жайма-шуақ жаздың күні екен деймін. Тұс-тұстан төніп тұрған тау сілемдерінің бұқпа жартастарына шығып алған таутекелер де мынау тамаша әнді ынтыға тыңдап тұрғандай. Тапжылмай қатып қалыпты. Домбыраның үні де баяу, көңіл қуанышты, сағынышты, асығыс, бірақ жайлы.
«Келемін, тау ішінде түнделетіп…
Аймақты күңірентіп өлеңдетіп…»
Сәкен ғой мынау. Сұлу да салиқалы Сәкен ағамыздың одан да сұлу, одан да салиқалы әні — «Тау ішінде». Бұл әннің Жәнібек орындауындағы бір ерекшелігі — домбыраның ат үстінде тартылғандай саржелістен танбауы. Сіз де Сәкен ағамен бірге атқа қонып алып, қызды ауылға тартып кеткіңіз келіп отырады.
Бірақ Жәнібек жібермейді, тағы бір сырдың ұшығын ұстатады.
ЖАН СЫРЫН СҮЗІП АЛУ
— Манарбек ағамыздың домбыра тартысы қандай еді, шіркін?! Жүсекең ше? Ғарекең, Ғарифолла Құрманғалиев! Нағыз халықтық, қазақша домбыра тарту соларда еді ғой. Бүгінгі әншілер қазақша домбыра тартудан қалып барады. Домбыраны да гитарға теліп, төл үнінен айыруға шақ қалдық. Батыстың төкпе тартысына тиіспегеннің өзінде, шырқау биік халық әндерін шикілей сабалап тартқан домбыраға қосамыз деп ентіктіріп жүргеніміз жоқ па?! Бүгіннен бір ғана мысал. Нағыз қазақтың терең табиғатына лайық «Сәби болғым келеді» деген ән дүниеге келді. Ал, осы әнді секектетіп, эстрадаға жақын етіп айтады. Соны сәл ғана ойланып, домбырамыздың табиғатына тән драма араластырып, толғай шертіп айтып көрсек, нағыз көзге жас алғызар ән боп шығады. Біз оны жалау ғып желпілдетеміз. Ал, оны текемет қып төсеп қойса қандай ғанибет!
НҰР БЕЙНЕСІНЕ БАС ИЮ
Ешкім үн қатпады. Жәнібек те үнсіз. Оз ойымен оңаша қалғысы келгеңдей. Сәлден соң барып мойнын бұрды.
«…Ал, Несіп, мынау Иманжүсіптің «Қош-аман бол, туған жер!» деген әні. Иманжүсіпті өзіңіз білесіз, 1929 жылы Созақта бандының қолынан қаза тапқан, үлкен ірі ақын болған. Сол кісінің жер аударылып бара жатқан кезде шығарған әні екен дейді. Ал, Кенен атамыздың «Ақ ешкісіне» айтқан мұңынан-ақ кедей киген қамытты сезініп, орны толмас трагедияны бірге бөлісесің. Ондай тағдырды басқа бермесін, Несіп. Қарашы, Шашубай ақын өз бейнесін «Ақ қайың» әнінде айнытпай кестелеген гой. Мен өз басым мұндай сырлы әнді сирек білемін. Осы ән ерекше жаныма жақын… Ал, Абай атамның «Сегіз аяғы» алқалы топқа айтылган ақыл ғой».
Төрт әнді де тыңдап алдым. Төртеуі де келісті, төртеуі де тұнған шежіре, төртеуі де тұлғалы әндер болатын. Кенекеңнің «Ақ ешкісін» айтқанда жер түбіне келген жанның қайғысын арқалаған Жәнібекті көрдім: «Базарым мен Назарым өлгеннен соң, ой дүние-ай. Домбырамның қалады-ау иесі жоқ, ой, дүние-ай!» — деп күрсінеді әнші-абыз. Иманжүсіптің «Қош аман бол, туған жерін» естігенде, қайратына мініп, қадірін білмегендерге лайықты жауабын беріп тұрған батыр Жәнібекті байқадым:
«Бар қатыны қыпшақтың ұл тапса да,
Сонда да бола бермес Иманжүсіп!»
деп белден басады. Абайдың «Сегіз аяғын» айтқанда ұрпағына ақыл шашқан ақсақал ата кейіпіндегі салиқалы Жәнібекті таныдым:
«Бойда қайрат, ойда көз,
Болмаған соң, айтпа сөз!»
деп қиналады. Ал Шашубайдың «Ақ қайыңын» айтқанда өткінші өмірден налыған абыз Жәнібекті аңдадым:
«Ақ қайың, жалған-ай,
Өттің дәурен-ай!» деп үзілтеді. Төрт әнді де түгел тыңдадым. Әр әнші өз заманының, өз басының күйін кестелеп, өз жүрегінің қанын тамызып отырып жазған әнін сол биігінен түсірмей бүгінге жеткізу қандай ауыр деп ойлаймын қазір. Қара тастай ауыр болар, бәлкім?!
Жәнібектің тершіген жүзіне қараймын. Ол тағы да жайлап сөз бастайды…
ЖАН СЫРЫН СҮЗІП АЛУ
— Әнші ең әуелі арлы болуы керек. Арлылық дегеніміз — өнерге деген тазалық, ымырасыз биіктік болуға тиіс. Мен Жүсекең мен Ғарекеңнен мұндай тазалықты көп көрдім. Ал, бұл тазалық тек сахнада ғана емес, өмірде де серігің болуы шарт. Бірде Жүсекеңнен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының бірінші кітабын көріп қалдым. Кітаптың бірінші бетіне Мұқаңның өзі қолтаңба қойыпты. Жазған сөзі мынадай: «Қазақ әндерін орыңдаудың академигіне ғана емес, адамгершіліктің академигіне М. Әуезовтен».
Сол Жүсекең ән шығарыпты дегенді естігендеріңіз бар ма? Әрине, жоқ. Ал, Жүсекеңнің өзім білетін бір-екі емес, 30-40-тай әні бар. Ғарекеңді алайық. Ғарифолла Құрманғалиев тек өз әндерін өзі орындай берсе де болады ғой. Бірақ өйтпейді. Болса да сирек. Міне, бұл арлылық, үлкен өнердің киесінен қорқу, қасиетін сыйлау. Ал, бүгінде шала-пұла бірдеме шығарып, соны сахнаға да, радио, телевизияға да сүйреу дерт болып барады.
Ардан аттаудың тағы бір көрінісі — киелі дүниенің киесін пайдалану. Отан, партия туралы кез-келгеніміз бірдеме жазатын болдық. Жазғанымыз Отан, партия атын көпір етіп өтіп те жатады. Бұл қылмыс қой. Жазған соң Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отанындай», Ғазиза Жұбанованың «Отан туралы одасындай» кең тынысты шығарма жазбай ма адам…»
Аса үлкен, көшелі тақырыпқа тереңдемей тұрғанда Жәнібекті өзім тоқтаттым. Сөйттім де сұхбат алдында айтқан өтінішімді тағы қайталадым.

НҰР БЕЙНЕСІНЕ БАС ИЮ
«Өтінішің орынды, Несіп. Сенен өзге де Ақселеу Сейдімбеков ағамыздың «Сарыарқа» әнін айт деушілер көп. Ән бағасын білетін болдық қой. «Сарыарқа» — аса сауатты жазылған, халқымыздың ән өнеріндегі дәстүрлі талаптың бәріне жауап беретін тамаша ән. Несіпбек досым жазган ән сөзі қандай жігерлі, сұлу. Бірақ мен оны жеріне жеткізе үйреніп алмай, сахнаға шығармаймын. Бір жаңа ән шықты екен деп үйрене салып сахнаға ала жүгіру, авторы сұрады екен деп асығу — маған жат әдет. Ол әннің тұсауын кесер күн де жақын…»
…Домбыра бебеулей жөнелді. Жәнібектің өзі де қанатын қомдай түсті. Уа-ай! Әннің бас жағында дауысын дірілдете келіп, жүрекжарды ойын ортаға тастап отырды да қайырмасына келгенде өзінің шыңыраудан шыңға өрлегендей өршіл дауысымен шырқап бір кетті: дауыс пен әннің құдіреті сондай, зәулім үйдің тар қабырғасына сыймай, тыңдаушысын жетелей далаға қашады.
«Саржайлауым менің,
Жан жайлауым менің.
Саржайлауым менің, беу-беу, Сарыарқа!
Аққу аңсап қонған аспандай көлдер
Сал самалы сайма-сай болған,
Мақпалдай белдер…»
Сонау биіктен сорғалап төмен түседі. Ән мен орындаушының әлдилеуінен енді ұлан-ғайыр Сарыарқа жері Сіздің кеудеңізге сыйып, тыныш табады. Көз алдыңыздан қазақтың қасиетті сары даласы көлбеп өтеді де жатады, өтеді де жатады. Жәнібектің өзі де жан-тәнімен сол далада жүреді. Қазір бізді де ұмытқан…
«…Бал бұлағы есіліп аққан-ей, Сарыарқа,
Арғымағы көсіліп шапқан-ей,
Абыз дала, Аңыз дала,
Қобыз дала — Сарыарқа!»
Түу, шіркін! Не деген сурет, не деген сезім күші, неткен махаббат!? Осы бір сезімді сол сұлу күйінде көз әлеміңмен әкеліп, көңіл күмбездері арқылы жүрек дарияңа құя салатын дауыс қандай? Тура бір түу биікке шығып алып, шырылдап тұрып алған бозторғай дерсің. Сонау еңістен салып келіп, төске лақтырып жібергенде лағыл дауысқа бір жарықшақ жабыспай, таза күйінде сары алтындай құйылады да қалады-ау, құйылады да қалады.
Осы әнді орнынан елп етіп көтеріліп, еріне еңкейіп, шалқыса да тәкаппар шалқайып, нөсерлете төгіп отырған кең даланың кез келген пұшпағына дауысы жеткен жезтаңдай әнші досым Жәнібек екенін ойласам, екі көзге лықсып жас келеді…
Әннің сөзі анық, әншінің көзі ашық, көңілі жылаулы, жүрегі сұраулы, сезімі селдей, көңілі көлдей, бейне Арқаның дастарқандай кең, қасиеттей тәкаппар, сағыныштай сары даласында ат мініп, жортып бара жатқан өзі секілді. Мынау көріністі көзбен көрген соң күміс қоңыраудай дауысына ерік бермеуге ерлігі жетпейтіндей. Ән салып емес, көргенін айтып келе жатқан куәгердей бір күй, шындықтың шырағын ғана жаққан бір жолаушы, қиялын дала суретіне жанып, содан қуат алып отырған жұдырықтай жүректі, таудай тілекті бір жан, тындаушының жолдасы, даланың баласы, балғын дауысты бағлан жігіт, әнші Жәнібек.
Шіркін, Жәнібек айтқан ән қандай!
Дала жайлы мұншама биік ұғымды, мұншама шың тұстас теңеуді ауызбен айту мүмкін болмайтын. Мүмкін бола қалса теңеудің төрт бөлініп, тыңдаушыға бір ширегі ғана жететін. Жәнібек өзінің үзілте салған, үздіге сыбырлаған үнімен Сарыарқа сынды сарыдаланың суретін түп-түгелімен арқалап келеді. Маңдайынан бұршақ-бұршақ болып тамшылаған тері, бүгілген белі біздің ұғымымыздағы «сайрап ән айтып отырдан» гөрі «суыртпақтап сыр ашып отыр» дегенге көбірек келеді. Үкілі домбырасымен де, үкілеген үнімен де Сізге, бізге әлгі ән құшағында қалған сырды, ән жүрегінде жүрген жырды жеткізбек арманы бар. Сол арманын айтып, ағынан жарылған ақжүз жігіт алдымда отыр, міне. Көкірек күмбезінің қақпаларын ашып қойып тыңдай берсең небір биік мақсатты ойларды, сұлу шашақты сырларды ортаға тастайды. Мұның бәрін ол айт дегесін айтып отырған жоқ. Күн сайын өз ойын өзі құшағына қысып, бұйығы жүргенде, сонау басынан башпайына дейін сіңіп болған бұл сырлары ағатын бұлақ іздеп, тыңдаушы құлақ іздеп, мәңгі қалар тұрақ іздеп толқиды екен-ау. Соның сәті бүгін келді…

ЖАН СЫРЫН СҮЗІП АЛУ
… Сонау алпысыншы жылдардың ортасында белгілі жазушы Сапарғали Бегалиннің 70 жылдығына Семейге келген Жүсіпбек Елебековтің алдынан жүгіріп шыққан ауыл баласының бірі осы Жәнібек болатын. Балаға ән салғызу үлкеннің жолы емес пе. Екі-үш ән айтқан соң Жүсекең Жәнібектің маңдайынан сүйіп, өзімен бірге Алматыға ала кетті.
— Жүсіпбек Елебековтей қазақ әндерін орындайтын терең, нәрлі әнші болған да емес, болуы да неғайбыл, — деп шын сағынады Жәнібек, — ол кісінің жанында жүрген он-он бес жылда 360-400-дей ән үйренген екенмін. Соның бәрін қайталап айтып, ой қазанымнан шығармауға тырысамын…. Әншілер жоқ демеймін, өзіміздің Қайрат Байбосынов бір туатын кесек талант. Енді бір таза, тұнық әнші Мәдениет Ешекеев.
…Ғарекең, Ғарифолла Құрманғалиев батыстың әншілер мектебіне риза болмай жүр. Аса заңды реніш. Студияда тәлім алған жастар тек Ғарекеңнің сыртқы бейнесіне еліктеуге ғана мәз. Адамның ішіңде, ішкі жан сарайында не жатқанын білуге тырыспайды. Өнердің осыңдай оңай жолы бола ма?
«…Алтын көпір секілді екі кезеңнің арасында тұрмыз бүгін, — дейді Жәнібек жүдеп, — алдымыздағы ағаларымыздың бас бірлігі қандай еді. Өнер болашағы үшін бір-біріне кешірімді болған, бірін-бірі тәрбиелеген, қолдаған, ащы сынға алған, мойындаған. Ал, біздер саяқ жүреміз. Бір-бірімізге тілек айтудың өзіне тәуекел іздейміз… Жүзімізді көруге сағыныш сирек буады. Біріміз ән салған жерге басқамыздың баруымыз сирек… Талантты әнші — талантты тыңдаушы емес пе?! Ертең ғой біріміз дүниеден ерте көшсек, оның орнын жер тепкілеп толтыра аламыз ба…»
НҰР БЕЙНЕСІН САҒЫНУ
… Қолыма қалам алып, жазып отырмын. Қаламымнан сия емес, жүрегімнен қан тамып жатқандай… Жазбауға да шарам жоқ. Жәнібектің құлағына енді сыбырлап айта алмайтын сөзімді ғалам кеңістігі арқылы жеткізбек боп жан ұшырамын… Қаламымның ұшы қан құсқандай қасарысып, әрең қозғалады:
«… Спорттағы секілді әр өнердің өз тұлпары болады. Ән өнерінің талмас тұлпары Жәнібек еді, аяулы Жәнібек Кәрменов болатын. Спортта да өзге өнер секілді өз тұлпарын тұғырына қондырып қойып, көзінен жас, көңілінен дауыл тұрғыза қуанатын, қошеметтейтін. Жәнібек бір емес, жүз жарыстан озып келіп жүлде алған, жүлдемен бірге бүкіл қазақтың алғысын алған, телегей-теңіз махаббатына бөленген Әнші еді, сырлы да сырбаз Азамат болатын. Кемпірбай ақын айтқандай, ықылымнан талай озып келген Ыңғайтөкпе еді. Тұлпар шабыстарда артына қара ілестірмеген Дарабоз болатын. Талай тұлпарлар шабысын көрген елміз, жан-жүрегімен сезінген халықпыз. Небір талапай жарыстарда халық өзінің сүйікті сәйгүлігін, теңдессіз тұлпарын іздейді. Көзбен де, көңілмен де сағына қарайды. Көре алмаса, көңілі құлазиды, көзіне жас алады, жер таянып, қайғы тұтады.
Тас түскен жеріне ауыр болса, қазақ халқы куә бүгінгі қазаға жұбату жоқ. Шекесі торсықтай боп туып, үні — бесік, тілі — бал, зердесі — тау, парасаты — мұхит боп өскен Жәнібектей ұлдары жоқ енді. Өнердің қай жарысына салса да шаппай бәйге алған, талантын күн шалмайтын перзенттері қайтпас сапарға аттанды кеше. Асқақ әнші еді Жәнібек. Жүрегі жарты әлем жазушы еді Жәнібек. Қаламын қылыштай жарқылдатқан, қиялы жебедей журналист еді Жәнібек. Жәнібек шешен еді шер тарқатқан, Жәнібек көсем еді көл сөз айтқан… Жәнібектің мына толғауын тағы тыңдайықшы. Орда бұзар отызында жазған жыр жолдары Жәнібектің жастайынан көсем болғанын көрсетпей ме?!
«Ойламаңдар, жігіттер, баста дәурен тұрмайды,
Өтіп кеткен сұм жалған қайтып мойнын бұрмайды…» Осылай бебеулетіп кете береді. Өмір мен өлімнің тең түсіп жатқан күресін көреген көзбен, сезімтал жүрекпен айна-қатесіз көріп, ойсыз жүрген көбімізге сол суретті кестелеп ұсынбай ма? Қандай шешендік?! Қандай көсемдік?! Қане, қайталап оқып көріңіздерші…
Өмір — ұлы көш, ұзақ-сонар жарыс. Сол дүрмектің ішінде шын тұлпар да, шатқаяқтап тобанаяқ та бірге шауып барады. Сәт сайын сылқ түсіп, құлап жатқаңдар да көрінеді әр тұстан. Екінің бірі құласа ештеме емес. Жәнібектей тума тұлпардың, бағасы жоқ сұңқардың тұрмастай боп жығылғаны-ақ ауыр. Бұл қаза жақын-жандары, дос-жаранына ауыр жүк, талантты ұлды сирек туғызып, соның қызығын көруден үміткер халқына ерекше қайғы. Қайтеміз, Алла тағала тағдыр-талайды өзекті жанға бір өлім етіп кесіп-пішіп қойғаны жасырын ба?! Жәнібек секілді саңлақ ұлдың сол қарауылға ерте ілінгені-ақ өкінішті!
Спорттың серті — топ жарып дара келу. Жәнібек те ән өнеріндегі дара тұрған тізгіні бос тұлпар еді. Мұндай жан бүкіл жанкүйерге, бар халыққа сүйікті. Мандайға біткен біртуар өнерлі ұлына халқы қимаса да: «Хош, Жәнібек, қалқам!» дейді күңірене.
Тарихта ондай тұлпарға тұғыр тігіп, еңселі ескерткіш орнатқан. Сенің ескерткішің бүгін-ақ орнап тұр, Жәке! Ол — сенің әндерің, жазған кітаптарың, сөйлеген сөздерің, ел есіңде қалған азаматтық бейнең.
Хош бол, қазақтың өнердегі бойтұмары!
ЖАН ДАУЫСЫН САҒЫНУ
…Жәнібекті жиі сағынамын. Жоқ деген сөзге алданбаймын, қимаймын, көнгім келмейді. Жұмыр жер орнында тұрғанда, бай-кедей, арық-тұрақ, арам-адал, талант-топастардың небірі жер басып жүргенде Жәнібектей жұлдыз тағдырдың жоқ екеніне көнгің келмейді, келіспейсің. Шіркін-ай, шарайна тағдыр айдынында бәрі-бәрі жүзіп жүр, тек Жәнібек жоқ…
Сағынышымды басар дауа біреу-ақ, Жәкемнің өзі жазып беріп кеткен үнтаспа, сыртаспа, әнтаспа. Осы жеті жылда жеті мың рет тыңдаған болармын. Қану мүмкін емес, Жәнібектің әніне де, сырына да. Қанған сайын шөлдейсің, тойған сайын ашқарақсың.
Бүгін тағы тыңдадым — Жәкемнің дауысы баяу, сырлы, сағынышты, сәл мұңды. Үнтаспа бітуге таяу. Жәкем де жылдамдатты. Ойымды аяқтай алмай қаламын деді ме екен? Ойы мен мақсатын жеріне жеткізбей кетуді қатты өкініш көруші еді-ау Кербестім! Айтып отыр, айтып отыр… «…Бағанадан бері біраз әндер жазғыздық! Соны енді, Несіп, бір талған кезіңде, қуанған кезіңде, торыққан кезіңде, шарықтап, шабытың ұстаған кезде, қиналған сәттерде, бір жебеушіңдей, тәңіріңдей тыңдап, өзіңді сілкіп алатын, жеңілдететін, қанат бітіретін, қайрат бітіретін, рухты дүниедей көріп, сақтап жүрерсің деп ойлаймын.
Сіз бен біздің арамыздағы үнсіз жатқан, көрінбей жатқан жібек жіп, сол жібек жіптің алтын арқан, кең тұсауындай болып осы ән сіздің шаңырағыңызда шырқала берсін ылғи деп тілеймін. Сіз өнерді қатты сүйетін, тыңдаушы ретінде емес, адам ретінде сүйетін, өзіңіз сондай өнерпаз адамсыз ғой.
Сондықтан, біраз әндерді жаздырдым, сапалы жазылғандары да болды, сапасыз жазылғандары да болды, өйткені, мен өзім ән айтқанда көңіл күйге байланысты айтамын. Мысалы, әлгі «Теміртастың» алғашқы нұсқасы жақсы еді. Ештеме етпейді, мынасы да тамаша болды. Сол, Сәуле екеуің тобылғы торы шайды ішіп отырып, рахаттанып отырып, өзді-өздерің шүйіркелесіп отырып, елдесіп-бауырласып отырып тыңдаңдар. Сіздің сол ең қадірлі, қасиетті дүниеңіз, қолдаушыңыз, сүйеушіңіз, жебеушіңіз, ойыңызды жаңғыртатын, шабытыңызға шабыт қосатын дүниеңіз осы болады деп көңілімдегі бар жігерлерімнің сәулесін түгел бердім, соған риза боласыз енді..»
Сәл үнсіздік орнады. Үнтаспа шыр айналып, аяқталып келеді. Соңы кәдімгі сүйретілген арқанның ұшы секілді. Соңғы түйіні бұлғаң ете түсемін дегенше бас салып ұстай алдым. Үзбедім. Үзгім келмеді. Үзе алмайтын едім. Үзуге хақым да жоқ болатын. Үзілмеуін бақылау міндетім еді. Біле білсем, бақытым да болатын. Сүйреп әкеліп басынан қайта қойдым. Сөйттім де бүкіл сыр мен әнді қайта тыңдауға кірістім.
Жәнібегім жаныма қайтадан келіп жайғасты. Көңілім орнына түсті. Енді ол да асықпайды, мен де саспаймын. Жәнібектің бұл сырлары мен әндерін қайта тыңдап шығу толық бір ғұмыр кешкенге пара-пар болатын. Соқ, жан сырыңды, Жәке! Әуелет, нұр әніңді, әнші досым, Жәнібек! Сені бүкіл әлем тыңдап отыр, жаным!

Ілмектер

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close