ГүлжазымТаңдаулы

Толғауы терең сырласым…

домбыра әуезінің сиқыры

 …Ертеректе әр ауылда мал-жанды жайғастырып болғаннан кейін, ымырт үйіріле әрбір үйдің түндігінен будақ-будақ түтінмен бірге неше түрлі әуезді ән-күй қалықтатушы еді, қазір сол бір сырлы әлем алыс арманға, қағыс сағымға айналды…

…Бала күнімнен қоңыр үн өзіне ғашық етіп, баурай бастады. Құлақ құрышын қандырған сиқыр үн еріксіз баурап, үйдегі қара домбыраны тынымсыз дыңғырлатып, әупірімдеп үйреніп алдым. Қоңыр үнге әуестенгенім сонша, күй қыраны Қазанғаптың, күй дауылпазы Дәйлеткерейдің, шертпенің шебері Тәттімбеттің, құйын-күйдің киесі Құрманғазының күйлерін таңды-таңға ұрып тыңдадым…

Күй – адамның өмірін, қуанышы мен мұңын, табиғат көріністерін суреттейтінін түйсіне бастадым… Төкпе күй мен шертпе күйді ажырата алатын деңгейге жеттім…

Біздің үйде «Қазақ радиосы» таңнан кешке дейін үнемі саңқылдап тұратын. Атай мен әжейдің тыңдайтыны терме мен халық әндері. Терме табиғатын терең сіңіріп, Есенқұл Жақыпбектің «Жан қиссасын» аудандық жарыста құйқылжыта орындап, жүлделі орын да алғаным бар…

 

*************************************

 

…Журналымыздың бәйгесіне тігілген домбыраның жасалып жатқанын көрмек ниетпен Түркістанға Жантұрсын Дүйсенбекұлы ағамыздың шеберханасына беттедім. Жол бойы қалың ойға шомып кетіппін…

Ұлттық рухымыз, бабадан мирас болып қалған төл өнеріміз жаңғырып жатқан бүгінгі күні қолөнеріміздің ерекше саласының бірі – музыка аспаптарын жасайтын он саусағынан өнері тамған шеберлерді насихаттау – аса маңызды. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра» деп Қадыр ақын айтқандай, қазақтың болмысы мен  домбыра аспабы – егіз ұғым. Қасиетті қара домбыраның өзін ғана тән терең тәлімі мен тынысы мол қоңыр үнін бұзбай жасау – нағыз шебердің қолынан ғана келетін іс.

Нағыз шебердің қолының қасиеті болмаса, Ғарифолла Құрманғалиевті, Жүсіпбек Елебековті, Жәнібек Кәрменовты тыңдай алар ма едік?!. Аракідік арынын сезіп, тұңғиығына шомып тыңдамасақ жанымыз тыныш таппайтын Бекболат Тілеуханның орындауындағы «Ақтамбердінің жырауына»,Айгүл Қосанованың «Мұхиттің әніне», Стамгазиев Рамазанның «Дариға-дәуреніне», Айгүл Елшібаеваның «Сүгірдің» термесіне, Өмірқұл Айниязовтың «Той бастарына»,Елмұра Жаңабергеннің «Тәліміне», Қажыбек Бекбосынның «Кәмиләсы» мен «Шегенің термесіне» ауыз ашып, көз жұмып, тамсана алар ма едік?!.

Ал, қазақ өнерінің төлтумасы – айтыстың орны тіптен бөлек. Алаңсыз көңіл, аламан өмір балдәурендегі атай мен әжейдің ортасында сүт қатқан қою күрең шәйді мейірлене ішіп отырып, айтыс тамашалағаным зәуде есіме түссе, кейде түсіме кіреді. Айтыскерлердің суырып салып айтқан шумақтарына да әр беріп тұрған қара домбыраның қоңыр үні…

Аманжол Әлтай мен Айнұр Тұрсынбаеваның қыз бен жігіт айтысы,Қалиев Айбек пен Кәрима Оралованың әзіл айтысы күні бүгінге дейін құлағымда…

Бүгінгі қазақ өлеңі өкілдерінің бірі, ақын Қалқаман Сарин домбыра туралы былай дейді:

«Қасиетіңнен айналдым,

Кешір, Домбыра!

Шанағыңды шаң басып, кесір қонды ма?

Есі кеткенше билейтін етегін ашып,

Эстраданы қайтейін есірген мына?

 

Қасиетіңнен айналдым,

Кешір, Домбыра!

Қолымнан құран кеткелі,

есімнен дұға,

Ит тірлік кешіп жүргендер

иттігін жасап,

Иттерге бізді қоспақшы бос үрген, мына.

 

Қасиетіңнен айналдым,

Кешір, Домбыра!

Керуен сазым, тоналды-ау, көшіңнен мұра.

Жатырмын жерініп, Жеті атасына

Өркөкіректерді қайтейін өшінген мына.

 

Қасиетіңнен айналдым,

Кешір, Домбыра!

темірден әбден тесілді-ау

төсің, Домбыра.

Қанжығасына байлап ап

қадірің білмей,

Есерсоқ есек мінгендер есіңді

алды ма?

 

Ит үрер тағы…

керуен…

көшіміз жүрер,

Дұшпаның – жылап, өзгеріп,

досыңыз күлер.

Қасиетіңнен айналдым,

Кешір, Домбыра!

Екі шегіңнен садаға –

екіжүзділер!»

 

Тәңірдің таразы-сыны көп екен…XIX ғасырдағы ән өнерінің саңлағы Біржан салдың Абайға «Мендей әнші туар, сендей тыңдаушы туылмас» дегеніндей, айтушы болғанымнан –тыңдаушы болғанымды тәуір көрген Тәңірім қолыма дерт беріп, домбыра тартқызбады…

 

*************************************

 

…Шеберханада Жантұрсын ұстамен домбыра туралы егжей-тегжейлі әңгімелесудің сәті түсті. Қасиетті домбыраның бейнесі көз алдымызға келсе, оның неден жасалатыны, құрылым-құрылысының құрастырылуы туралы алуан сұрақтар мазалайтыны анық…

Жантұрсын Дүйсенбекұлының үлкен аталары ағаштан түйін түйіп, елдің керегіне жарар бұйымдар жасап ұсталығымен атты шыққан екен. «Қанына тартпағанның –қары сынсын» дегендей, тегіне тартып ағаштан бұйымдар жасауға бала кезінен ықыласы ауады. «Жігіттің жақсы болуы –нағашыдан» деп туған нағашысы атақты дирижер Төлепберген Әбдірәштің таланты –бала Жантұрсынға әсер етпей қоймады.

Алтын құрсақты Жанайым анамыздың сүткенжесі Жантұрсын ағамыз,«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақалдың мəнін түсінгенгендіктен ұсталығын дамытып, кәсібін отбасының кіріс көзіне айналдырады. Алты баланың әкесі «Қарынның қамынан аса алмасақ кім болғанымыз» деп, тұңғышы Нұрайды домбыра үйірмесіне береді. Көп уақыт өтпей талантты қыз Астана қаласында өткен «Ақ көгершін» байқауынан, Алматыда қаласындағы «Ұлы Дала дарыны» фестивалінен жүлделі 2-орынды иеленеді. Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз, міне, осы!

Қазақтың бағзы заманнан сақталып келе жатқан домбырасының ұстыны еш өзгеріссіз бізге жеткен төл туынды. «Алматы облысы, Жамбыл ауданы аумағынан шамамен 2,5 ғасыр бұрын табылған таста қашалған сурет пен XVI ғасыр бұрын Мысыр еліндегі Нахт қабіріне салынған пішінінен еш өзгермеген»–деп ғалымдар дəлелдеуде.

«Домбыраның бауыры, мойыны, шанағы, ішегі мен тиегіне дейін жіңішкелікпен жасалу керек. Ол үшін домбыраның бүкіл болмысында мін болмауы тиіс. Домбыраны жасайтын қолөнер шебері міндетті түрде жақсы шерте де білуі керек. Əйтпесе, ол домбыраны мың жерден көркем жасағанымен, жанын түсіне алмайды. Сол себепті, музыкалық сауаты болуы қажет. Бүгінгі таңда домбыра шертуді білмей тұрып, жасауды меңгеруге құлшынатындардың қарасы көп» –дейді Жантұрсын шебер.

Он саусағынан өнер тамған шебер ағамыз тағы да: «Қайың, емен, жаңғақ, мербеу  секілді сапалы домбыра жасайтын ағашты жұқалап тіліп, екі жұма бойы суға салып қоямыз. Сонда ағаш жұмсарады. Сосын оны иіп, майыстырып, ыстық пешке қыздырып, кептіреміз. Қыздырылып-кеуіп болған ағаш тілімдерін темір қалыпқа салып, қысып қоямыз. Қалып дегеніміз электр спираль жүргізілген тұрба. Жасалатын материалдың бойындағы ылғалы толықтай кепкенше қыздырылады. Содан соң иілген ағаш жеті қиық бойынша кесіліп, сүргіленіп, тегістеледі. Осы қиықтарды шанаққа пайдаланамыз. Жасалуы ең қиыны жері шанағы. Домбыраның мойын сағасы мен құлағы жəне бет тақтайы шыршадан жасалынады», – деді.

Қоңыр үнді аспапты жасаудың құпиясы қатпарлы екен. Домбыра жасайтын ағаш ұстасы жасалу жолына қарай домбыраны екі түрге бөледі. Бірі – тұтас домбыра көлеміндей ағаштан ойып, шауып жіңішкелікпен жасалады. Оны «бітеу домбыра» деп атайды. Ал, екіншісі –шанағын, басын, мойынын бірнеше бөлшек ағашты желімдеп, құрастырып жасайды. Оны «құрама домбыра» дейді.

Домбыраны көркемдеп, əшекейлеу үшін малдың сүйегі қолданады. Домбыра жасайтын ағаштың өңін аша түсу үшін əртүрлі табиғи бояулар пайдаланылады. Домбыраның қолданылуына, ішектің санына, шығатын үніне қарай: шіңкілдек, қос ішекті, үш ішекті, кең шанақты, əмбебап жəне бүктемелі домбыра, деп бөледі. Əрбір шебер домбыра жасағанда өзіндік бір үлгіні ұстанып, домбыра үнін жетілдіруге, əдемі əшекейлеуге, төл қолтаңбасын қалдыруға тырысады.

Тұран топырағында алқаулы ағаш шебері Жантұрсын Дүйсенбекұлының домбыра жасаудағы тәлімі мен тәжірибесі мол, атағы мен беделі биік. Домбыраның киесін ұғынған ұстамды ұста жиырма жылдық тәжірибесіне сүйеніп, арнаулы қолөнер мектебін ашып, ұлықты ұстаз болуды да арман қылатынын жасырған жоқ.

Өзекті өнерді өзімен ғана шектемей, өзгеге де өнеге еткісі келетін кесімді ой, келісті пейілі қуантты. Расында, қазақ баласының толғауы тым терең сырласы – қоңыр домбыраның сиқырлы да сылқым әуезді үні Ұлы Далада мәңгі тербелуге тиіс қой…

Гүлжазым ТҮРКІСТАНИ

Осы айдарда

Back to top button