ТаңдаулыТүркі жұртында

ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ДҮЙСЕНІ

Түркінің тамырынан нәр алып, алаштың арманын арқалаған қазақтың қайсар ұлы Дүйсен Қорабайұлы ҚАСЕЙІНОВ жайлы жария сөз

 

 «Мені жұрт «жақсыдан қалған көз» дейді,

Мені жұрт «жақсыдан қалған сөз» дейді.

Жаман болсам – төзбейді,

«Жақсыдан –жаман туған ез» дейді…»

М.Мақатаев.

 Жазарман өз кейіпкерін терең танымаса, жақсы көрмесе, тәуір дүниенің түзілуі – екіталай. Кейіпкеріңнің ішкі әлеміне қаныққан сайын тәнті боласың. Адамдығына, іскерлігіне, кісілігіне, кішіпейілдігіне разы болдым…

Кейіпкердің ақиқатына жетер жол – мехнат. Тәуекелге бел будым. Бәлкім, мұның ақырында қайырлы іс жатыр. Соған сендім.

Дүйсен Қорабайұлын жақынырақ біліп, тереңірек тануым, сұқбат құруым – бір кітапқа жүк боларлық сапар болды…

 

…Қызара атқан таңмен таласып, Анадолыға ұшып кеттік.

Көңіл күпті болмағанымен, толқулы. Қалай болады, не болады? Көк аспанда ұшқан алты сағат осыған дейінгі өмірімді көз алдымнан өткізуге мүмкіндік берді.

Әрине, қоғамдық теңсіздіктер мен әпербақан әділетсіздіктерді кәрі тарихтың еншісіне қалдырайық. Тағы бір тәуекелге бел буған, өмірге ерекше ынтызар Гүлжазымды көріп, көңіл бір орнына түскендей…

Мұзбалақ ақынның мерейі немесе

Кастамону қаласының құрметі

 Иә, өзім көрген бес күнді бес ғасыр жырлайтын болармын. Бір мүшел уақыттың ішінде ТҮРКСОЙ мен Дүйсен Қорабайұлы егіз ұғымға айналып үлгерді. Мұның артында қаншалықты қажырлы еңбек, терең ой, ілкімді іскерлік, кеткен денсаулық, берген жүйке жатыр?

Дүйсен Қорабайұлы өз сөзінде: «ТҮРКСОЙ-ға жүрегімді де бердім» деді. «Егіз ұғымға айналдыру» айтқанға оңай…

Оңайдың бәрін – ауырға да айналдырып, ауырдың түгелін – жеңілдетуге шебер Мұқаш ағамыздың жәрдеміне жүгіндік…

«Егер де айта алмасам айтарымды,

Алжыдым, ақылымды сайтан ұрды.

Қынына қылышымды салам онда,

Ақ жүзі алмасымның қайтарылды.

Егер де айтып кетсем айтарымды,

Ақылым арнасына қайта кірді.

Қынынан қылышымды алам онда,

Қағамын албастымды, сайтаныңды!

Бітті серт, кегім менің қайтарылды!

 

…Ырқыңа сенің деген көнігі келдім,

Енді сен ерік бергін, ерік бергін!

Сөзден өлген атамды тірілтпесем,

Қос мені қатарына өліктердің.

Бәріміздің бабамыз сөзден өлген,

Өнердің кереметін сөзбен өрген.

Мен тынбаймын солардың кегін алмай,

Сен мені салыстырма өзгелермен!

Қалай да айтарымды айтып өлем,

Айта алмасам, жасайды қайтіп өлең?

Тәңірім мені қоңсы қондырмағай,

Тіл білмес дуанамен.

Шайлыменен».

Міне, осылай. Ал, нақты шаруа жасау үшін талай тағдырлы шешімдер қабылданды, оның барлығы адамның нәзік жаны мен жұдырықтай жүрегіне айтарлықтай салмақ салса, жүректі бермегенде қайтсін?!.

*** *** ***

Мұзбалақ ақын Мұқағалидің 90 жылдығына орай ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы оның өлеңдерін 6 тілге (түрік, қырғыз, әзербайжан, өзбек, түркмен, башқұрт) аударып, 7 тілде кітап бастырған. Торқалы той осы кітаптың төңірегінде өрбіді. Бізге бұл тойдың куәсі болу бақыты бұйырды. Алғашқы шара Кастамону провинциясынан бастау алды.

Шіркін-ай деші, туған топырақты әр ақын жырға қосар, бірақ, Мұқағалидай шын сүйіп, шынайы жырлайтыны тым кем шығар…

«Таныс өлке,

Таныс аймақ,

Таныс маң:

Анау жерде – құрбылармен алысқам,

Анау жерде ––құрбы жанмен табысқам.

Алба-жұлба ақша бұлттар жарысқан,

Таулар әне, ұйықтап кеткен данышпан,

Жолдар анау, шұбатылып шаңы ұшқан,

Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң.

 

Шабындықтар,

Егістіктер,

Тоғайлар.

Төбелердің төбесінде – көк айдар.

Ақ сағыммен араласып, аулаққа,

Сағым болып бара жатыр көп ойлар…

 Кастамону – Анкарадан 230 шақырымда жатқан тау арасындағы ғажайып мекен. 18 ғасырда құрылған қала антикалық дәуірде Тимонион деп аталған. б.з.д. 1 ғасырда Рим жаулап алып, Византия империясына кірген. 1070 жылы кіші Азияның көптеген қалаларымен қоса түрік-селжуктер Кастамонды да басып алады. Жарты ғасыр өткен соң, яғни, 1133 жылы Иоанне II кезеңінде Византия өздеріне тағы да қайтарып алды. 13 ғасырдың басында Византия құлап, Кастамон селжуктердің иелігіне кері өтеді.

Айтулы іс-шараға марқасқа Мұқағали ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен Қордың төрайымы әрі шайырдың келіні Бақытгүл Айдарова, қазақтың Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы облысы әкімдігінің өкілдері және провинцияның зиялы қауымы қатысты.

Жеті тілде жарық көрген жинақтың тұсаукесер рәсімі Түркияның Кастамону қаласында өтуі тегін емес. Бұл шағын шаһар – біздің Түркістан сияқты 2018 жылы «түркі елдерінің мәдени астанасы» болып таңдалған. Мұқағалиді түрікше сөйлеткен Кенан Чарбоғаның айтуынша, ақынның өлеңдерін аудару оңай болмаған. «Сезімтал шайырдың ішкі ойын дөп жеткізу үшін оны терең түсіну қажет» дейді. Кенан Чарбоға Түркиенің танымал ақындарының бірегейі. Абай мен Жамбылды да түгел түркі жұртына сапалы аудармасы арқылы таныта алды.

Кенан Чарбоға өз сөзінде: «Мұқағали шығармалары Түркияда аса танымал емес еді. Мен оның өлеңдерімен осыдан  5-6 жыл бұрын ғана  алғаш рет  таныстым. Осыдан кейін Мұқағалиды түрік оқырманымен таныстыру қажеттігін түсіндім. Оның өлеңдерінде махаббат та, дерт те, Отан да бар. Сондықтан, Мұқағалидың өлеңдері ерекше».

Түркияға арнайы шақырылған ақынның ұлы мен келіні осы шараға мұрындық болған Кастамону қаласының әкіміне ақын атындағы төсбелгі тағып, разы көңіл, алғыстарын айтты. Өз кезегінде Қазақстаннан келген қонақтарға да бауырлас елдің атынан сый-сияпаттар жасалды.

Жұлдыз Мақатаев, шайырдың ұлы: «Аудармаларды қарадық. Соның ішінде бұрынғы Совет одағының түркі республикалары Әзербайжан, Түркменстан, Қырғызстан, Өзбекстан және татар мен башқұрт тілдеріне де аударылыпты. Өте жақсы, сапалы аударылған. Біз әулет атынан осы Түрксой қызметкерлеріне, аудармашыларға өз ризашылығымызды білдіреміз».

Авни Чакыр Кастамону провинциясының губернаторы: «Қазақстанның дүниеге танымал ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойын және кітабының түркі тілдеріндегі жинағының тұсаукесері, осынау игі шараның Кастамонуда өткеніне ризашылығымыз зор. Бауырлас елдердің рухани шараларын өткізу – біз үшін үлкен мәртебе».

Салтанатты шарада қазақ пен түріктің ән-күйі шырқалып, бишілер мың бұрала билеп, қонақтарға тамаша көңіл-күй сыйлады. Бұдан бөлек, осы жиыннан соң, түркі елдерінің мәдени астаналары туралы фото-көрме де ашылды. Көрме ашылған соң, Дүйсен ағам жәй ғана жаныма келіп: «Дұрыстап амандаса алмадым, қалайсыңдар?» – деп хал сұрағанда, еңсеміз көтеріліп, назарға қарық болдық…

ТҮРКСОЙ-дың Бас Хатшысы Дүйсен аға Қасейінов бастаған Кастамонудың губернаторы мен мэрі қоштаған қонақжай, бауырмал елдің кешкі асын бірге іштік. Керемет аура. Салқын самал. Бір кезде ешқандай дабырасыз, үнсіз ғана мені төрге ыммен шақырып, гүл шоқтарын ұсынғанда, бақыттан төбем көкке екі елі ғана жетпей қалды. Күніге қошемет көріп, гүл құшып жүргеміз жоқ…

Келер күннің бағдарламасын ойлап, кеш жатып, ерте ояндым. Сөйтсек, біз қонған қонақүй таудың 750м биіктігінде орналасқан екен. Сыртқа атып шықтым. Жақында ғана оқыған мына бір сырлы сөздер жадымда жаңғырып тұрды: «…Таудың кереметін тау көрмегендер қайдан біледі? «Тау» дегенді – «тегістіктен гөрі, биік жер» деп, қана ойлайтын шығар? Ал, тау – биіктік қана ма? Шомбалтасы мен шыңы, қалың қарағайы мен тұтасқан бұтасы, бұлағы мен бастауы, сайы мен жырасы, шөбі мен гүлі, аңы мен құсы, құдай-ау, қыруар тіршілік-тынысы – бәрі басқа жерде болмайтын, басқа жерде табылмайтын таңғажайып қой, тау деген! Бірақ, сол әдемілікті әркім көре де бермейді, көруге келе де бермейді. Өйткені, таудың көрінген шыға алмайтын құз-қиясы, кез келген түсіне бермейтін қыр-сыры толып жатыр. Төбедегінің көргенін – төмендегі көрмейді…» (Бексұлтан Нұржекеұлы, «Әй, дүние-ай!»).

Әй, қайдам, тау туралы «Таудан мен жаратылғам…» деген Мұқағали көкеме жеткізіп айтушы аз-ау…

«Ұйықтасам түсіме ылғи тау кіреді,

Тау жайлап, тау қыстаған шал жүреді.

Басында ақ қалпағы, жүннен шекпен,

Астында балпаң басқан Сал-күреңі.

Сөйлесуге, менімен сырласуға,

Шақырады, кім білсін, мұңдасуға,

Енді жете бергенде, ғайып болып,

Отырады басқа бір қыр басында.

Шақырады, отырып қыр басында.

Шыбындаған күреңі тұр қасында.

Тағы жете бергенде, ғайып болып,

Отырады басқа бір шың басында.

Өліп-талып, оған да жетемін де,

Көз салам таудың алыс етегіне.

Шалым кетіп барады өз жәйімен,

Ер-тоқымсыз күреңі жетегінде…

Қалып қойдым, түсе алмай, шың басында,

Кеш те келді, айналды түн басуға.

Шың басынан түсе алмай әуреленем,

Бір минутым тең болып бір ғасырға…

Ұйықтасам түсіме ылғи тау кіреді.

Түсінбеймін неғылған тағдыр едің?!…

Тауда жортқан тағыдай алғыр едім,

Алғырлығым қай жақта қалды менің?..»

…Тау қоршаған тұмса табиғатқа қарап тұрып Дүйсен ағамның азаматтық ісін аңызға айналдырып жіберген мына бір оқиға есіме түсті. Ғалым, рухани әкей Құлбек Сәрсенұлының өз аузынан естіген едім.

«1987 жыл шамасында біз Дүйсен Қорабайұлымен Құрманғазы атындағы консерваторияда әріптес болдық. Ол – ректор. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, жастардың орынсыз жазалануы ұлтшыл ректорды шамырқандырды ма, әйтеуір, Жоғары мектептің алды болып «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасын ашты да тастады. Қайыра еске салсақ, 1987 жыл КПСС Орталық Комитетінің «Қазақ ұлтшылдығы туралы» қаралы Қаулысы қабындап тұрған сәт. Бодан елсің. Ұлттан басшы кадр өте-мөте аз. Бас көтердің-ақ, коммунистік империяның жендеттері (оның көбі қазақ) қылтадан қиып тастайды. Міне, сондай қысылтаяң шақта консерватория қабырғасында бұрын-соңды болмаған «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасын ашу – сұмдық ерлік. Ол аз болса, Дүйсекеңнің сол жылдары «Халық әні» кафедрасын да Москваға мойын бұрмай (Москваға қарайтын кез), өз бетінше ашқаны бар. Шынына келсек, бұл да – ұлт мүддесі үшін басын бәйгеге тігу! (Шамасы, Г.В.Колбинге «Желтоқсан қозғалысы – ұлт тілі теңсіздікке ұшыраған себебінен» деп дәлелдеп, қазақ тілін өркендетуге қол жеткізген Орталық Комитеттің идеология хатшысы Өзбекәлі Жәнібектің ықпалы да болса керек.) Мәдениет министрлігінде қызмет еткен 1975 жылдан таныс-білістігіміздің әсері болар, «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет істейтін мені кафедраға шақырды. Кафедра меңгерушісі – Байқадамова.  Ол – басшы, мен – қосшы, осы жылдары Дүйсекеңнің, тіпті, жанына үңіліп, жақыннан біле түстім. Ол – кабинеттік ректор емес. Қолы қалт етсе, Москвамен ақылдаспай ашқан «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасына келеді. Шамасы, әрі қауіп ойлайды, әрі қуаныш көреді. Әңгімелесеміз. Журналист емеспін бе, сөз арасында тілі орысша шыққан басшымның ана тіліне арнап кафедра ашуына, ұлттық пішіміне ризашылығымды айтып: «Оу, бұл ұлтшылдық» қайдан?» – деп, сыр тартамын. «Маған не келсе де, анамнан келген болар. Анамның ақ сүтін ақтасам! – дейді ол миығын тартып, сұлу мұртын бір сипап қойып!»

Мұндай батыл шешім, батыр бітім, ірі іс, шоң шаруа – тек тау тұлғалы азаматтың ғана қолынан келетінін ойлап, көз жасыма еріксіз еркіндік бердім…

Әдетте, журналист жазбаларында өз сезімдерін кәсіби этикаға сай барынша жасырын ұстауға тырысады. Мен сол «инструкцияны» бұзып, керісінше, ішкі сезімдерімді жасырмауға тырысып бағудамын…

Пайымы терең Пынарбашы

 Мұқағали ақынның тойы Пынарбашы ауданында жалғасты. Түскі астан соң, көркі көз тартқан Хорма каньонын жүріп өттік. Хорма каньоны – Түркияның Қара теңіз аймағындағы ең көрікті жерлерінің бірі ғана емес, ел табиғатының туризм орталығы болып саналады.

Зара өзенінің ғасырлар бойғы саяхаты кезінде пайда болған Куре тауларының ұлттық паркіндегі Хорма каньоны – қабырғаларының бойындағы үш шақырымдық ағаш көпірдің арқасында саяхатшыларға қолжетімді екен.

Дүйсен ағамыз арнайы делегацияның құрамына ерекше құрмет көрсетіп, қонақтардан бір елі ажырамады. Үш жыл салынған үш километрлі каньонды дәстүрлі әнші Бейбіт Мұса бастаған қазақтар Мұқағалидың жырларын оқып, домбырамен ән салып жүріп өттік…

«Ей, менің сайран мекенім!

Адамға бермес екі өмір,

(Әрине, болмас екі өлім)

Мен сенен ертең кетемін,

Айдынын қимас аққудай,

Айналып ұшып, өтемін.

Суыптап, бірде жылынғам,

Жүгіргем, бір жығылғам,

Жиырма бесімде ұғынғам,

Он алты жастың не екенін.

 

Ей, менің сайран мекенім!

Ей, жастық, ердің серті едің,

Ерке едің, ердің серті едің,

Лапылдап тұрған өрт едің,

Қаншама жанды жылытып,

Қаншама жанды өртедің?

Арыма, менің аяулым

Елуге толар ертеңім!..

 

Қаншама қыстан өтпедік,

Қаншама рет көктедік?!

Еркесі болдық біз елдің,

Есерсоқ болып кетпедік.

Қиянды қалап, шептегі,

Қиындықтарға беттедік…

 

Ошағы сөнген үйлердің,

Оты болдық та, жағылдық.

Махаббатқа да сенгенбіз,

Ғашық та болып көргенбіз.

Баяны бар ауылға,

Қозы болып та келгенбіз.

Есерсоқ болып кетпедік,

Еркелей білдік елге біз!..

 

Ей, менің шуақ көктемім!

Көктемім қимас өткенім,

Ей, менің қиын өткелім,

Қиналмай қалай өткенмін?!

Қалай да қалай кеткенмін?!

Қырыққа қалай жеткенмін?!

Саялы бақты бөктерім,

«Саяңнан кетем» деп пе едім?!.

 

Ей, менің қиын өткелім,

Қуанышым да көп менің,

Өкінішім де көп менің!

Шыт көйлек…

Белін бір бүрген,

Етегін желге ілдірген,

Омырауыңда бүлдірген,

Қасыңдағы қарлығаш,

Кетерін ұшып кім білген?!.»(Мұқағали МАҚАТАЕВ).

…Мен де қағылездік танытып, ыңғайы келгенде, Дүйсен ағаны әңгімеге тарттым. Жетістігімізді айтып, мәз болдық. Кемшілігімізді де сөз етіп, ойланып қалдық.

Дүйсекең Мәдениет министрі қызметінде де талай іс-шара ұйымдастырды. Бірақ, «Судың да – сұрауы бар» екендігін жиі ұмытатынымызға қынжылды.

Елдің ырысы, мемлекеттің қазынасы есебінен «Болашақты» бітіріп кеп жатқан жастардың елге пайдалы жоба ұсына алмай отырғанына да қапа екендігін жасырмады.

Осынау орасан орайсыздықтар мен кемшілік-қателерге құдды бір кінәлі кісідей басым салбырап тыңдап келе жатып, Дүйсекеңе қарасам, көңілі қатты жабырқаулы екен… Ары қарай «ләм-мим» деп аузымды ашпадым…

Түрік ақыны Юсуф СОУТДЕЛЕН  қазақ бауыры Дүйсен Қорабайұлына арнаған толғауы есіме түсті…

«Уа, Дүйсен!

Жадыңа түй, сен!

Уа, көңілі – нұр таңы,

Қорқыт ата ұрпағы.

Ясауидің ер ұлы,

Манастың да демі, үні.

 

Мен сені…

Түркіге ғашық жаныңнан,

Анадолыға асық шағыңнан,

Күлтегін Мәңгі тасынан,

Көздің аққан жасынан,

таныдым.

 

Күңіренген қобыздың тілінен,

Жүзіңе жанасқан скрипка үнінен,

Мәулананың демінен,

сопының нейінен,

Зікірдің мәнінен,

естідім сені.

 

Және де…

Білге Қаған: «Уа, Түркі ұлысым!

Шайқалып кетер ме, ырысың?

Халқыңды, салтыңды бұзар кім?»

Дегенде, жауабың тербеді сезімді:

«Бұза алмас, үзілмес тынысым!

Уа, жұртым, сен мәңгі тірісің»

Мен таптым содан соң өзімді!..» (Түрік тілінен аударған  PhD докторы Мұхит Төлеген).

Ет қызулықпен аяқтың ауырғанын сезбеппін, каньонға жеткенге дейінгі жол, кейінгі жолды есептегенде, бақандай жеті шақырым жаяу жол жүріппіз. Ауылда бие сауып, қой қайтарып, он таба нан жауып, жалаң аяқ майлы топырақты кешіп, аунап-қунап өскен бала емеспін бе?! Аяқкиімді қолыма ұстап, жалаң аяқ жүріп, тамаша тұмса табиғатқа тамсанып, арасында «мен келемін тау ішінде» деп әндетіп, біраз жырғап қалдым. Тек бар ойым кейіпкерімде: «Шаршатып алмасақ екен» деп іштей уайым шектім…

Келесі бағыт – Аздавай ауданы. Шатақ шатқалына көтерілдік. Биіктігі – 2500 м. Бас айналып, көз қарауытты. Сөмкеміздегі дәріге жармастық. Әбден таудың құзар шыңына шығып алған соң, дене қызуымыз да бір қалыпқа түсті. Айнала түгел шыны.

Шатақ шатқалы дейтіндей бар, аяғыңның астына қараудың өзі қорқынышты һәм өзінше бір рахат. Кейіпкерімнің жанына жайғасып қал сұрадым.

«Аға, аяғыңыз қалай? Сізді ауыртып алмайық» деймін жанашырлық танытып. Жан-дүниесі сұлулыққа мелдектеген сұлу мүсін Дүйсен Қорабайұлының «жақсы» деп жымиғанының өзі – жаныңа шипа құйып, дәрісіз емдейтіндей. «Келмей, көрмей жүрген жері емес, осынша ұзақ жолды қонақтарымен бірге аралап жүруі – кішіпейілділіктің озық үлгісі ғой» деп, топшыладым.

Кейіпкерімнің тағы бір аңызға айналған ерлігі есіме түсіп, сол арада мелшиіп қатып қалыппын. Бұл гәпті көп жыл ТҮРКСОЙ-да қызмет атқарған Асқар Аға Тұрғанбаев гөй-гөйлеткен еді…

Консерваторияда ректор боп тұрған кезінде, Дүйсен Қорабайұлына жергілікті билік үй береді. «Баспана» деген о заманда да қазіргідей – қат. Бірақ, ректор Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ кәсіподақ ұйымының жетекшісін өзіне шақырып алып, үй кезегінде тұрған кісілердің тізімін сұрайды. Кім, неше жылдан бері кезекте тұр, отбасылық жағдайы қандай бәрін зерттеп, қарап, өзіне берілген үйдің кілтін жиырма жылдан бері жұмыс істейтін 4 баласы бар қызметкеріне береді. Міне, нағыз азаматтықтың көрінісі осы емес пе?!. Тіпті, аңызға бергісіз – ақиқат, нағыз ерлік.

Әлқисса, шатқалдан түсіп, кешкі асқа келдік. Ас үстінде кейіпкерім тағы да үлкен маңызды әңгіменің шетін шығарды. Қазіргі қалам тербеп жүрген жастардың шимайынан да хабары бар екенін аңғартты. Әсіресе, әдебиетшілердің тойы өз деңгейінде жазылмайтынын, оқырманға жетпейтінін айтқанда, әріптестерім үшін ұялғанымнан жер шұқылап отырып қалдым. Рас, қазір ішіп-жегеннен, келді-кеттіден асырып жазбайды. Тегінде, бұл іс-шаралардың ас ішіп, аяқ босату үшін жасалмайтындығын ұғынатын кез жетті.

Қиясына қонып, қанатын қомдаған қырандай Дүйсекең ішкі шер, шындық сөзін ағытып отыр:

«…Марқұм Жылқыбаев келгеннен очерк жазып бастайтын. Қаншама толғанысты тегеурін, адуынды әсерлер алатынбыз. «Біржан-Сара» шығармасын сахналағанда да ортамызда болды. Біржанның бірбеткей болмысы мен Сараның сырбаз сұлулығын қалай бейнеледі десеңші! Қазір соның бәрі тарих болып қалды. Интернетте, әлеуметтік арналарда бәрі тұр. Оқып-көріп, біліп-бағамдау қажет. Тұрмыстық күйбең, отбасылық олақтық – талай талантты туындылардың тұншығуына әкеп соғады…»

Қазақтай бір елдің ағасы ғана емес, түркідей түгел жұрттың жағасы болып үлгерген Дүйсен Қорабайұлының үлкен басы, ақсақал жасымен дәп осы сапарда мазасы кетіп, түн ұйқысы төрт бөлінсе де, бізбен тізе қосып, ажырамай жүргеніне риза болдым.

Ақжарқын кейіппен ағамыз: «Өліп кетсем де барайын, «Мұқағалидің тойында жүріп қайтыс боп кетіпті» деген – дұрыс сөз ғой» деп қалжыңдап күлгенде, «Бәрекелді, 100 жасаңыз!» деп, шу ете қалдық.

Мұндай асылын адам өлімге қайтіп қисын?! Сол арада енді 10 жылдан кейін Мұқағалидің 100 жылдығын, Дүйсен ағаның 85 жылдығын бірге тойлаймыз деп тарқастық. Сөз өнерін серік еткен мен пақыр да сол арада дұға жасап үлгердім. Әмбе жолаушының дұғасы кері қайтарылмайды деуші еді…

Қызым Еңлік те 10 жылдан кейін 26 жасқа келіп, осы салаға шапқылап қызмет етуді жазсын! Әмин!

Бұл сапарда бір оқпен – екі қоянды алғандай сезімде болдым. Қызымды қасыма ертіп жүрген себебім: «Мың естігеннен – бір көрген артық» демекші, «керегін алар, өмірлік жолына азық болар» деп ойладым.

 Арманы асқақ – Анкара

Сәтті сапарымыздың үшінші күні ТҮРКСОЙ-дың штаб пәтеріне келдік. Осындағы зиялы қауым, БАҚ өкілдерін шақырып, Мұқағалидің кітабының таныстырылымы өтті. Арманы асқақ Анкарада қазақтың ақиық ақынының есімі тағы бір рет ұлықталды.

Түріктің тәттісі

 Хатай облысы Түркияның шығыс жағында орналасқан. Сонау аулақ мекен, алыс жақтан тәтті жасайтын шеф-аспазшы келіп, Дүйсен ағамыз бен ТҮРКСОЙ-дың құрметі үшін кунефе тәттісін әзірлеп-пісіріп берді. Ол тәттіден дәм тату – бізге де бұйырды.

 Түркімен туыстар

 Түркменстанның Мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің күніне орай, жыл сайынғы дәстүр бойынша, Анкарадағы Түркменстан саябағында ақын Мақтымқұл Фыраридің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Жағалы жиынға Дүйсен ағамен бірге бардық. Барар жолда біраз әңгіме айттық.

Дүйсен Қорабайұлының түркі жұртының ынтымағын – өмірінің басты критерийі еткенін тағы бір рет іштей мойындадым.

Ел басына күн туып, қазақ пен қырғыз қырғиқабақ болғанда, екі елдің ынтымағын ойлаған Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ ағамыз асқан ептілік танытып, өнер шарасын ұйымдастырды.

Мұның өзі суық көңіл, сенімсіз мезгілде, белгілі бір дәрежеде, қауіптірек те еді. Бірақ, қазақтың қайсар перзенті нартәуекел еткен. Нәтижесінде қазақ пен қырғыз арасындағы жылы қарым-қатынас орнына келген.

«Ана кітапты қарашы» деп, көлігіміздің есігі жағын нұсқады. Қырғыз ағайындар шығарған «Түрк дүйнөсүнүң Дүйсөну» атты кітапты қолыма алып, риза болдым. Кітапты құрастырған  Қожагелді   ағамыздың «Мұрты да музыкадан жаралғандай» деген өлеңін оқығаным бар еді…

Мұрты да музыкадан жаралғандай!

Тұрысы мұқым ел-жұрт таянғандай!

Жайнаңдар жалғыз дағы, топта дағы,

Жаңа да, байырғы да саламдардай… (Қожагелді Кулиев)

Дүйсекең сөзін жалғады: «Маған айтпай, әзербайжан бауырларым да мен туралы кітап шығарыпты. Қазақтар ғана шығарған жоқ» дегенде, қатты намыстанып, «ол кітапты мен жазамын» деген шешімді іштей сол арада қабылдадым…

Міне, Мақтымқұлға арналған жиындамыз. Сол арада менің есіме «Жан сарайы» авторлық хабарыма ғалым, теолог Досай Кенжетай ағамызды кейіпкер еткенде ол кісі Мақтымқұлдың  Яссауиге айтқаны  айтқаны есіме түсті. «Ей, ғашықтардың пірі, менің сахиб жамалымды көрдің бе, яғни, менің Алламды, ғашығымды көрдің бе, ғашықтардың ғашығы!»

Толқыдым! Қандай сәйкестік десеңізші! Яссы топырағында бұл сөздердің қадіріне дәп осылай жете алмаған шығармын. Ештеңе жәйдан жәй болмайтынын білем. Алланың үкімінсіз адамды бал арасы да шақпайды…

 Мәдени астана–ғасырдың қымбат құндылығы

 ТҮРКСОЙ-дың шешімін тапқан ең ауқымды жобаларының бірі – 2012 жылдан бері жыл сайын түркі жұртының бір қаласына «Мәдени астана» мәртебесін (статус) беріп, түгел түркі бауырлар жыл бойы жиналып, бір-бірімен танысып, аунап-қунап, мәдени-рухани байланыстарын нығайта түседі. Ал, мәдени астананы таңдаудағы басты талаптардың (критерий) бірі – шаһардың тарихы бай, тәлімі қазыналы әрі көненің көзі көрген ежелгі мекен болуы керек.

Мәдени астананың келесі бір келісті мақсат-мүддесі – туризмді дамыту арқылы түркі дүниесінің ғасырлық қымбат құндылықтарын әлемге паш ету.

*** *** ***

«TURKSOY» халықаралық ұйымының тегеурінді де табанды басшысы Дүйсен Қорабайұлының күнделікті қапылыс, ағымдағы арпалыс, аттың жалы, түйенің қомындағы қарбаластарын санамалап шығу мүмкін емес: түркі жұртының  ұлттық тағамдары, салт-дәстүрі, ән-биі, өнер-өрнегі түгел көрініс тапқан Еуропаның төрі ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде,  БҰҰ бас пәтерінде 100 ден аса адамды алып барып Наурыз мейрамының бірнеше рет дүркірей тойлануы мен қазақтың киелі күйі өнерінің аңыз алыптары Дина мен Тәттімбетке және жыр дүлдүлі   Сүйінбайға  арналып саябақтардың ашылуының өзі неге тұрады?!. Сонымен қатар Анкараның ең үлкен  Кечиорен ауданында Сүйінбай ақынға ескерткіш бюст  орнатылды. Бұл істі Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Дүйсен Қорабайұлының алымды-шалымды харекетінің нәтижесі деуге әбден болады.

Дүйсен Қорабайұлы ҚАСЕЙІНОВтің әр сәті мен күні, әр ойы мен әрекеті – түбі түгел, тамыры терең түркі жұртының бірлігі мен бітіміне, бақыты мен баянына арналады.

Осы бір қазақтың түгелдей түркі баласын жанындай жақсы көретін қажырлы перзенті Дүйсен Қорабайұлы ҚАСЕЙІНОВ тізгінін ұстап, телегей тер, орасан бейнет сіңірген «TURKSOY» ұйымы – иісі түркінің асқақ рухының ақ байрағы болуға әбден лайық!

Ақ пейіл, тоқ көңілмен мұқым түркінің мақтанышы, ер түріктің бесігі–Мағжан (ЖҰМАБАЙ) ақын:

«Ескі шаһар – таң дүние,

Салар болсаң назарың,

He көресің?

Көресің

Майдан сайын –мазарын.

Мазар сайын –мың сопы,

Саулатып тұрған ғазалын.

He көресің?

Көресің

Мөлиген мешіт ажарын.

Мешіт сайын –сан молда,

Аңыратып тұрған азанын.

He көресің?

Көресің

Ыңыл-жыңыл базарын,

Бүлкілдетіп әр жерде,

Қайнатып жатқан қазанын.

He көресің?

Көресің…

Тоқтайын, талар назарың!»–деп жырлаған ескі шаһар, көненің көркі, жаңаның серті – киелі Түркістанға бет түзедік…

*** *** ***

Дүйсен ағаны түсінуге, түйсінуге тырыстық. Ер мен әйелдің арасындағы сыпайы сыйластық қана емес, селкеусіз сенім мен ақаусыз құрметке ұмтылдық. Сыр айтып, мұң бөлістік. Түркі баласының арманын айттық, алаштың асыл қасиетін сөз қылдық, қазақтың бүгініне алаңдап, ертеңіне елеңдедік…

Тым-тым алыстан, сонау Шалкөденің қиырынан Мұқаш көкеміздің әлсіз дауысы құлағымызға талып жеткендей болды…

 Гүлжаз ҚАРЫБЕК,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

Turkistan-Ankara

Жалғасы бар…

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button