ТаңдаулыТүркі жұртында

МЕН ТҮРКІСТАНҒА «МИНИСТРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫН» ТАСТАП КЕЛГЕН АДАММЫН…

Құлбек ЕРГӨБЕК, әдебиетші, сыншы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

Түркістан бұл күнге бір дүрк етіп, басылып қалған ауру кеудедей болып жетті…

– Құлбек аға, сұхбатымызды киелі Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесін алуынан бастасақ. Жалпы, сіз бұл қалаға Алматыдан қашан қоныс аудардыңыз? Сол кезбен салыстырғанда, бүгінде, әсіресе осы бір үлкен жаңалықтан кейін не өзгерді? Қала өмірінен, тыныс-тіршілігінен, оның тұрғындарының әрекетінен қандай да бір өзгеріс байқадыңыз ба?

Менің Алматыда «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Ақиқат» сынды ағымдағы баспасөзде, Академияда М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет істеп кандидаттық, докторлық диссертация қорғағағанымды, Консерваторияда сабақ бергенімді, Қазақстан Жазушылар Одағына мүше (алдымен СССР Жазушылар одағы мүшесі болдым) болып, секция, кеңес мүшесі райында Одақпен тығыз жұмыс істегенімді, әдеби жыл қорытындысында жиі-жиі жанрлық баяндама жасағанымды біреу білсе, бүгінде біреу білмейді-ау. ЖАК-та бақандай Ғылыми хатшы болдым. Бір мезетте бірнеше жерде қызмет атқардым. Жиынтығында  министрдің жалақысын алдым-ау. Салулы үй, салқын төсек. Соның бәрін, әсіресе жастық кешу, қалыптасу ортамыз өткен әсем Алматыны тастап, Түркістанға 1992 жылы біржола қоныс аудардым. Өзімнің арғы ата жұртым Түркістан, кіндік қаным тамған жер – Түркістаннан 1932 жылы енші алған Отырар, онда да Алтын орданың бір өркениет қаласы болған, кейін күйреген – Көксарай жұрты! Міне сол қалада алдымен «Түркістан университеті» боп ашылып, араға жыл салып, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне айналған білім ордасының тұңғыш ректоры М. Ж. Жұрыновтың шақыруымен келдім.

1991 жылы шіліңгір шілдеде Н.Назарбаев, И.Кәрімов, А.Ақаев Түркістанда бас қосты. Жиын соңында Н.Ә.Назарбаев түрік халықтары Президенттері бұдан былай жыл сайын Түркістанда бас қосып тұратын боламыз деп түйді. Түркістанға арнайы мәртебе беру мәселесі де осы жиында айтылып қалды. Мені Түркістанға біржолата байлап кеткен түрік республикалары Президенттерінің осы кездесуі болды. Берілген уәде көп еді. Бірақ араға  бір жыл салып, соның бәрі ұмыт болды-ау…1992 жылдан 1999 жылға дейін Түркістанда жылда қала әкімі ауысумен болды. Жұмыс еш ілгерілеген жоқ. Облыс әкімдері Президенттің сөзін елең қылмады да ма, әлде сол кезгі ахуал сондай ма, әйтеуір кеңестік кезеңде «өлген» Түркістан өлеусіреп қана тыныс алып жатты. Қасиет тұтар қалаға тағайындалар әкімдер де кісілік  шеңберіне сия қоймайтын әйтеуір қуыс кеуде тірі жандар. Арасында әкім болған күннің ертеңіне «Түркістан – өзбек халқының кіші отаны…»  – деп жібергендері де болды… Қысқасы, 1999 жылы Оңтүстік Қазақстанға Бердібек Сапарбаев әкім болып тағайындалды. Аузынан шыққан бірінші лепес: «Түркістандай көне қаласы бар ел – рухани байлықты ел. Түркістанның 1500 жылдығы айтыла беріп басылып қала береді. Біз қалай болғанда да, көне қаланы қайта оятамыз… Президент тілегі де міне, осы!» Ол келе сала Түркістан қаласына әкім етіп Өмірзақ Әметұлын тағайындады. Өмірзақ іскер азамат болып шықты. Келген күннен тыным таппай, Түркістанды түлетудің жолына түсті сабазың. Құттықтай кірген бетім. Қолымды алып тұрып, заматында қызметке шақырды. Сол жылдары аудан-ауданның әкімі орынбасары «Руханият мәселелері жөніндегі орынбасар…» аталып, кабинеттері  сыртындағы анықтама қайта жазылып жатты. Мен де солардың біріне айналдым. Содан Түркістан дүрілдеп өсті. Жоқ, оны менің орынбасарлығымнан басталады дегелі отырғаным жоқ. Тіпті де олай емес. Себебі мен Өмірзақ Әметұлы сынды  күні-түні ұйықтамайтын «дию-әкімнің» іс-қимылына ілесе алмай, аз уақыт қана жұмыс істеп, облысқа ауысып кеттім. Өмірзақ іскер азамат еді! Айтқалы отырғаным, облыс әкімі Сапарбаев қолын байламай, қала әкіміне ерік берді. Ол Түркістанды дүрілдетіп ала жөнелді. Осы екі азаматтың арқасында Түркістанның тұңғыш түлеуі – 1999 жыл! Келер жылы Түркістанның 1500 жылдық тойын халықаралық өреде тойладық. Түркістан өз биігіне жаңарған, жаны марқайған күйде көтеріліп келе жатты.

Біз өзі қызық халықпыз ғой. Көп ұзамай облыс әкімі,  іле-шала қала әкімі ауысты.  Н.Ә.Назарбаев көп міндеттің алды етіп Түркістанды тапсырудайын тапсырады, алайда жиі ауысатын облыс әкімдері «Елбасының тапсырмасы» деп айқайлап бастайды да, сосын ақырын тастайды… Түркістан баяғы бір дүрк етіп өсіп, сәл өсіп барып басылып қалған қалпында ауру кеудедей бір көтеріліп қайта басылып жетті облыс орталығы мәртебесіне… Өссе, енді-енді шындап өсіп бара жатыр. Жасырып керегі не, онда да Түркістанның тұңғыш әкімі Жансейіт Түймебаевтың кезінен емес. Енді, енді… Өмірзақ Шөкеев келгеннен бері қарай!  Оған да шүкір!

Облыс орталығы мәртбесін алғаннан кейін онда ауқымды іс шаралар, қарқынды құрылыс басталды. Бұл әрине, жақсы. Алайда көнені жаңғыртамыз деп, ондағы небір батырлар мен билеріміз және хандарымыздың сүйегіне не болмаса Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің өзіне, оған қарасты тарихи мұраларға зиян келтіріп алған жоқпыз ба?  Ол жағын қадағалап отырған адам бар ма? Құнды жәдігерлердің аяқ асты немесе қолды болмауына қатысты сақтық шаралары жасалған ба?

Елбасы Жарлығы – тарихи құжат. Бірақ ол Жарлық әбден кешігіп өте шықты! Біздің билік қашанғыдай эстрадалық мінезде еңбектенеді. Науқаншылық! Түркістан науқаншылыққа көне ме? Көнбейді ғой. Елбасы берген уәдеден кейін қаншама хат жаздық. Түркістанға арнайы мәртебе беру жөнінде. Жоғарыдан үп еткен самал болмады… Кешігіп Елбасының Жарлығы шықты. Жұрт дайындықсыз Түркістанды облыс орталығына айналдыруға ойланып-толғанып, әлемдегі  көне қалалардың рухани орталыққа айналу тарих-тәжірибесін зерделемей-ақ кірісіп кетті. Онсыз да жүдеу Түркістан біраз әбіржіді. Бағзыдан жеткен тарихи жәдігерліктері қиратылды… Жаңару кезінде Түркістандай жәдігер қаланың табиғи ерекшелігі ескерілмеді… Оларды мен бұрқыратып әлеуметтік желіге жазып жаттым… Ағымдағы баспасөз бөліп-бөліп көшіріп жариялап жатты… Қала, облыс әкімі тарапынан оң шешім алынды. Қазір Түркістан «жыры» бір арнаға түсе бастады.

Күні ертең иман-сауапты білетін ұрпақ келеді де,  кесене маңындағы құрылыстың бәрін сүріп тастайды…

     Осы орайда лирикалық емес, шегініс жасағым келіп отыр. Бұдан бірсыпыра уақыт бұрын мен бас болып «Қ.А.Ясауи кесенесін қорғау қоғамын» құрғанбыз. Қ.А.Ясауи Мавзолейі – ЮНЕСКО негізгі тізімі бойынша қорғалатын дүниежүзілік маңызы бар ұлы ескерткішіміз, асыл қазынамыз! Мен – 1980 жылдан бастап Қазақ ССР Мәдениет министрлігі жүйесінде қызмет еткен адаммын. Бұл өзі – көп жылдан жемқорлар жеп, жеген азаматтар кие кепиетіне ұшырап сотталып, өліп, не басы-көзі қисайып қалып жүрген қасиет ұялаған жер. Жалмауыздардың ындынын құртатын Тайқазанға салынатын садақаның ақшасы ғой, масқара болғанда. Өзбекәлі Жәнібек жаңғырту жүйесімен келіп олармен қаншама күресті. Бірақ оларға дауа жоқ екен. Садақаның ақшасына жаңғыртуға бөлінетін қаржыны қоса жейтін әдет таптық қой тәуелсіздіктен кейін. Идеологиясыздық! Мәдениетке негізделген идеологияның жоқтығы! Өзекеңнің шәкірті атымыз бар, әлгі аталған қоғамды (бірлестік) солармен күресу үшін құрдық. Масқара былыққа көзіміз жетті. Мавзолейдің әр жер-әр жерінен жарықшақ көріп, ыза судан сорланған қабырғаның жайын айтып дабыл қақтық. «Егемен Қазақстан» газетіне  ащы мақала ұйымдастырдық. Министрге жаздық. Болмаған соң Н.Ә.Назарбаевқа  ресми хат түсірдік. Айтарымыз –  мавзолейдің мұң-зары. Елбасы хатымызды Мәдениет министріне жібереді. Министр орынбасарына, орынбасар бөлім меңгерушісіне, меңгеруші инспекторына…  Болмаған соң біз тіпті ЮНЕСКО-ға да жаздық… Музей дирекциясымен бірігіп Қазақстан, Өзбекстан ғалымдарынан комиссия шақырттық. Олардың алдына негізінен екі мәселе қойдық. Бірінші – мавзолейдің жай-күйі. Жаңғырту атымен жемқорлықтан арылту. Жарылу себептерін анықтап, тиісті сақтық шараларын жасау. т.б. Екінші – кесененің жақын айналасына құрылыс түсіртпеу. Түркістанның 1500 жылдығы кезінде мәдени мұра жөнінен түсінігі мол Б.М.Сапарбаевпен ақылдаса отырып, қаланы қақ жарып өтетін қақыра (магистральды) жолды 15 шақырым шамасында қала сыртына шығардық. Себебі мавзолейдің жарылу себебі ауыр жүк тиеген автокөліктің іргеден өтуіне байланысты. Біздің мақсат – кесенені содан құтқару болды. Ендігі әкімдер осы тәжірибені  бетке алып мавзолейдей аяулымыздың айналасын аша берсе дейміз ғой, баяғы. Жоқ. Олай болмады. Біз сүргізіп тастаған ескі перзентхана орнына жаңа қонақүй түсті. Оның жанына жұрт демалатын саябақ бұзылып, орнына музей салынды. Түрік ағайындар мавзолейге тақау әкеліп әдемі мешіт салды. Біз болмайды деп қасарысамыз. Жанталасып жоғарыға жазамыз… Байшыкештер жобасын қолына алып, туризмнен пайда тапқысы келіп,  жанталаса кесенеге қарай ұмтылады… Бұл не? Бұл – біріншіден, бүгіншілдік! Бізді құртатын міне, осы қу құлқынды ойлаған бүгіншілік! Ертеңді ойламаймыз. Екіншіден, Елбасын да аямаймыз, «сөз келтіреміз-ау деп сірә да» деп ойламаймыз… Әр нәрсеге ертеңгі ұрпақтың көзімен қарамаймыз.

Күні ертең оқыған-тоқыған, иман-сауапты білетін мәдениеті мелдектеген ұрпақ келеді де,  ол құрылыстың бәрін сүріп тастайды… Неге? Негесі сол, ол аумақта кешегі Қазақ хандығы қабаты, оның арғы тереңінде Алтын Орда қабаты жерасты құланды «қалалары» жатыр…  Бір жерінде хан сарайы, бір жерінде мешіт, тағы бірінде кітапхана, бұқара  кварталы… Оны Мәскеуге қарап мойынсұнып қалған біздің археологтар бүгін ашуға дәрменсіз болып келді. Күні ертең тәуелсіз қазақ елінің ілім-біліммен қаруланған азат ойлы археологтары қазады, ашады. Сол кезді неге ойламаймыз? Біз неге бүгіншілміз?  Ертеңді ойласақ қайтеді бір мезгіл? Біз бұл алып құрылыстармен кімді таңқалдырмақпыз? 

Мәдениет министрлігімен біздің кешеге дейін  айтысып, тартысып келген мәселеміздің мән-жайы міне, осындай! Бүгін ше? Бүгін «Түркістанға жәрдем» девизімен облыс-облыс құрылысшылары мавзолейге бұрынғыдан да жақындап, тіпті ЮНЕСКО бойынша қорғалатын 88 га. аймаққа кіріп барамыз… Олар да Елбасының Түркістанды облыс орталығына айналдыру туралы тарихи жарлығын қолдарына ұстап алған…  Сөз кімге келеді? Елбасына! Біз осыны ескермей отырмыз!

Дүниежүзіндегі көне қалалардың қайта жаңғыру тәжірибелері ескерілмеді

– Жалпы, қаланың келбетін жасау барысында архитекторлар мен тарихшылар арасында екі түрлі көзқарас тартысқа түсті: бірі оның тарихи келбетін сақтау керек десе, (кесенеден биік үй салмау) екіншісі модернизациялауды ұсынды. Сіз қай жағын қолдайсыз? Жалпы, осы мәселеде қаланың, облыстың зиялы қауымымен ақылдасып, кеңесті ме?

–  Рух сәулеткері Өзбекәлі Жәнібек  «Менің Орталық Комитетте отырғаным немді алған? Одан да Түркістанды бетке алып барып, жәдігер шаһарды рухани орталыққа айналдыруым керек еді ғой?!» деп аһ ұрғанына куә болғаным бар кезінде. Жазбаларында да Түркістан қала хатшысы (ол кезде хатшы) қандай  адам болуы керектігі жайында ой сабақтайды. Рух сардарының пікірі әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» трактатындағы ойлармен сабақтасады екен.  Бұл нені білдіреді? Бұл – Түркістан көп қаланың бірі емес, тарихи қала, оны түлету де тарих көзімен қарап жүзеге асуы керек дегенді білдіреді. Түркістанға кім-көрінген әкім бола алмайды деген сөз! Бірақ осы су басы Түймебаевтан бастап бұзылды деп ойлаймын. Бір қарағанда Түймебаев – түрколог. Түрколог болғанда да алтаист. Докторлығын диссертация бекітетін министрлікке басшы болып келгенде қорғағаны, министр  кезінде артынан сөз көбірек ергені болмаса, бәрі сай келіп-ақ тұр. Бірақ ол апыл-ғұпыл Түркістанды асты-үстіне шығарып, үстін астына түсіріп дегендей, көп ойланып жатпай, жоспар жасатып, оны жауапкершіліктен қашқандай Елбасыға асығыс  бекіттіріп Түркістанды түлетуге (облыс орталығына айналдыруға) кірісіп кетті дейсің сабазың. Дұшпандық ойы болмаған шығар әрине, бірақ аз уақытта жасаған іс-әрекеті жәдігер қала үшін дұшпандықтан әрі болды-ау деп ойлаймын.

Зиялы сапында бармыз-ау. Зиялы атаулыны жиып алды да, бірер рет жиналыс өткізді. Құдайдың зарын қылып ұсыныс айттық, айттық… Аяғында өзімбілермен шешім белең алды… Тіпті, бізді былай қойғанда, дүниежүзіндегі көне қалалардың қайта жаңғыру тәжірибелері ескерілмеді. Түркістан архитектурасы Алтын Орда дәуірінің сән сәулеті дәстүрінде болғанда қайтер еді? Ол ескерілмеді. Орта ғасырлық мұсылман сәулет өнерінің қайта өрлеуін туғызған архитекторлар (Агахан секілді) тәжірибесі қаперге алынған жоқ-ау. Советтік архитектура шәкірттері шоқытпасымен Түркістандай аяулымызды жаңғырта салуға кірістік те кеттік…

– Түрленген Түркістанды жасауға шетелден архитекторлар шақыртылды ма? Жалпы, солай ету орынды ма? Текке қыруар қаржыны сарп етіп алмаймыз ба? Өзімізде осы жағынан мамандар қаншалықты? Реставраторлар мен архитекторлар жеткілікті ме?

– Кім білсін? Қит етсе болды, шет елден маман шақыру керек дейтін болдық. Шамасы, өзіміздің мамандарға сенбейміз. Жаңа қала салуымыз керек пе, шетелден маман шақырамыз. Ғылым жасауымыз керек пе, сырттан маман шақырамыз. Сонда бізде 30 жыл беделінде жібі түзу маман дайындалмағаны ма?  Енді, міне көне Түркістан! Шет елден архитектор (сәулетші деп жүрміз) шақыру? Олар сенің ұлттық пішін, ұлттық мазмұн – тұтас ұлттық болмысыңды түсіне ме?  Бек Ыбыраев сынды ойлы азаматтар тұрғанда, шетелден маман шақыру шарт та емес. Еркін Жүсіпов те жерде жатқан архитектор емес. Түркістанның 1500 жылдығы кезінде қала архитекторы болып, тәжірибе жинақтаған. Бірақ, оны кім тыңдап жатыр?! Мәселе шетелдік инвесторлармен «ақша бөлісуге»  сая беретін секілді ме, қайдам?! Ал, жаңғыртушыға (реставратор) келсек, Қанат Тұяқбаевтан артық жаңғыртушының керегі не бізге?  Ол – Андрей Вознесенскийдің тілімен айтқанда, «рух архитекторы» дерлік Өзбекәлі Жәнібектің көп жыл тәрбиелеген шынайы шәкірті! Жоғарыда айтқандай, біз дабыл қағып жүргенде Қанат Тұяқбаев іс басынан шеттетіліп, мавзолейді жаңғыртудан сырт қалған болатын. Қазір облыс басына Шөкеевтің келуімен Қанат Тұяқбаев та қайта кірісті-ау іс басына! Енді, дұрыс болар деп шамалаймын! Алайда, «Қ.А.Ясауи  кесенесін қорғау бірлестігі» қоғамдық ұйымының дабыл қаққаны – қаққан! Іс барда кемшілік бар! Кемшілік орын алып кеткен соң қағылған дабыл «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап!»-тың кері! Керегі жоқ, іске пайдасы жоқ, жай дабыл!

26 түрік ұлт-ұлыстары тілінде басылып шыққан 46 мың кітап қорына ие кітапхана аштым!..

– Түркістанның дамуына жеке өз басыңыз қандай үлес қостыңыз? Алға тағы қандай жоспарларыңыз бар?

– Менің басыбайлы түркістандық болып тіршілік кешіп келе жатқаныма да (1992 ж.) 30 жылдай уақыт! Мен Түркістанға қоныс аударғалы 20-дан астам бірінші хатшы, әкім ауысты. Көбісі кездейсоқ жандар. Түркістандық елдес жерлестерім секілді ылғи ілгері үмітпен өмір сүріп келемін. Нендей үлес қостым?  Ең алдымен, мен  – ағартушымын, қарағым. Қазақ балаларын, қазақ қана емес, бірсыпыра түрік ұлт-ұлыстары  балаларын оқыттым. Қазір әлемнің әр шалғайында еліне қызмет етіп жүрген шәкірттерім бар. Олардың біразы өзім сияқты журналист, жазушы, аудармашы. Ара-арасында менің еңбектерімді өз тілдеріне аударып, кітап етіп шығарып жатады. Одан өзге ұстазым, қазақ түркологиясының басында тұрған «профессор Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейін» аштым. Дүние-ғаламдағы тұңғыш түркологиялық музей! Ұстазын құрметтеу жөнінде мен де дүние жүзінде болмаса да, қазақта біріншілікте тұрмын-ау, осы… Музей тұсауын Бейсекеңдей әзіздің  тума шәкірті, проессор  Мырзатай Жолдасбеков, татардың тамаша ғалымы (Бейсекең шәкірті деуге болады) академик Хатип Миңнеғұлов кесті. Ол аз десеңіз, «Түрік тілдес халықтар кітапханасын» жасақтап аштым. Онда 26 түрік ұлт-ұлыстары тілінде басылып шыққан 46 мың кітап қоры бар. Жер бетінде кездесе қоймайтын кітапхананың тұсауын «Халықаралық қазақ тілі қоғамының» төрағасы, академик  Өмірзақ Айтбайұлы (жақында марқұм), екі мәрте Өзбекстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Президентінің «Бейбітшілік және татулық сыйлығының» иегері, жазушы Насыр Фазылов кесті. Содан соң «Түрік халықтары өнер галереясын» жасақтадым.

Түркістанның дамуына сондай-ақ интеллектуальдық қуатымды жұмсап, идея қостым… Ол қалай дейсіз ғой? Түркістанды түлетуге ертеден түрік  жұрты, әсіресе түркиелік саналы бай-бағландар ынталы болды. Көзіміз көрді. Жиған ақшасын Түркістанға әкеліп, құрылыс салғысы, бір іс бастағысы келеді… Қаланың қожасы сезінетін қаланың әкімі сол сырт ағайыннан да адамның аузы ауыратын мол сомада «шапка» сұрап жолын бөгеді ғой, қарағым. Бір Түркістандағы жағдай емес. Қазақстанның бар жеріндегі жағдай! Тағдыр тәлкегімен шет елге ауып кеткен қазақ байлары да келер еді осындай ұсыныспен. Бір кездегі емес, соңғы 30 жыл беделіндегі әр кездегі жағдай. Содан ой түсіп  Түркістанның әкіміне барайын. «Қазақ жетілді. Қазақ байлары ақшасын қайда жұмсарын білмейді. Ойын, тойға шашады. «Жиғаның тойға шашылсын!» – деп өзінің дарақылығын оңғарып ала қояды сөзге шығып кеткен қазақ. Қазақ байлары ұрлап-жырлап жиған байлығын өз халқынан ала қашып, шетелге сақтап жүр. Біз соларды Түркістанға шақырайық» деймін кәдімгідей мәселе көтеріп. «Қалайша?» – дейді әкім басын алдындағы ақ қағаздан көтеріп. «Түркістанда жер жетеді. Қала маңынан бір қалашық салатын жер бөлдір. Инфрақұрылымына, аурухана, ағарту саласына уәде ет мемлекет есебінен. Жалпақ қазақ еліне сауын айт! Түркістанға келіп тұрамын, еңселі үй саламын деген азаматтарға 20 соттық жер тегін… Әсіресе, қазақ зиялысы ойлансын! Жалпы, түрік зиялылары қоныс аударып Түркістанға жайғасамын десе де жағдай жасаймыз… Келіңіздер! Түркістанды көтеріңіздер! Сөйтіп, өздеріңіз де Түркістандай жұмақ жерде жасаңыздар!» де. «Сонда?», – дейді ол сұраулы жүзбен.  «Сонда  ақшасын қайда  жұмсарын білмей жүрген байлар Түркістанға ақша салады. Түркістанды көтереді. Еңсе көтерген Түркістан – қазақтың ғана емес, түрік халықтарының рухани астанасына айналады! Бұл Түркістанға тартылған инвестиция болады да шығады. Мұндай жағдайда Түркістанға Елбасы бірден арнайы мәртебе береді»,  – деймін мен шыр-пыр болып. «Тамаша идея екен. Ойланайық. Жүзеге асырамыз…» – деп уәде беріп қалған еді.

           – Сосын не болды? Жүзеге аспады ма?

– Су аяғы құрдым, қарағым. Себебін Түркістанның бір кезгі бес жыл басшылық жасаған әкімі, бүгінгі Парламент депутаты, «Ауыл партиясының» жетекшісі Әли Бектаевтан сұрарсыздар… Иманды азамат қой… Айтар! Мейлі.. Айтпақшы, Түркістанда екі балабақша, бір мектеп салып іске қостым.

      – Сіз кәсіпкерсіз бе?  Осыншалық ғимараттар соғуға қаражатты қайдан табасыз?

Менің сырылдаған кеудемді алға сүйреп келе жатқан қанымдағы ұлтшылдық, түрікшілдік ОТАНШЫЛ-дық, қарағым! Уәдесінде тұрып, іс басында жүрген Бердібек Сапарбаев қаржылай жәрдем берді. Бір деңіз! Сосын, айналайын мемлекеттен алып тоймайтын, есебін тауып халықты жеуін қоймайтын жалмауыз БАНК-терден 20-15 пайыздық тиімсіз несие алып жүріп салдым әлгі мәдениет ошақтарын… Бүгінгі күні мойнымда 50 млн. қарыз бар…

    – Кісінің жаны марқаярлық зияткерлік іс екен, ұстаз!  Сөз соңы болашақ Түркістанға бүгінгі күн өресінен қарап көріңізші?..

– Бүгінгі күн алағай да бұлағай заман келді қазақ, қазақ қана емес, күллі Адамзат баласы басына! Коронавирус. Пандемия. Тамыры бір, Алтын орда заманынан – Өзбек хан иелігінен бірге енші алып, қатар  мал жайлап, жайлы қоныс іздеп шығып «Жиделі-Байсын жерін» жәннәт қонысқа айналдырған, Сырдария суы мен нуын қос-қатар жайлап келе жатқан жағдай бар еді. «Сардобо» су қоймасы бұзылып, қазақ, өзбек ағайын екі халық та зардап шегіп жатыр. Аранын ашып аштық келе жатыр деп БҰҰ дабыл қағып жатыр. Адам көңілі алаң, қарағым! Алаңкөңіл қазақтың бірімін. Алаңдаулы бір мен болмаспын әсілі, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев та алаңдаулы.  Көшбасшы алаң болса, көш алаң! Аузыма келген суды жұтып, демімді ішімнен алып отырмын… Олай отыра бермейін, халқыма пайдам тисін деген жанашыр оймен, әкесімен аз-кем Жазушылар одағында сыйласып қызмет еткенімді алға салып ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевқа үш мәрте хат жолдадым бастан кешкен, ел арасында жасап жүрген қарт жазушы орайында  тәжірибемді білгенімді жинақтап… Міне, осы қарағым, алағай да бұлағай заманда алаңкөңіл ағаларыңның халі осындай… ­

                                                    Әңгімелескен: Мәриям ӘБСАТТАР

Осы айдарда

Back to top button
Close
Close