Назым сөз

Мыңжан Байжанин

Мыңжан БАЙЖАНИН – қоғам қайраткері, жазушы, ақын, публицист. Сыр бойының Қаратаудың етегіндегі Құттықожа ауылында дүниеге келген. әл-Фараби атындағы Ұлттық Университеттің «Журналистика» факультеті мен Тұрар Рысқұлов атындағы Басқару Академиясының «Қаржы және несие факультетін» бітірген. Еліміздің ең жоғарғы билік құрылымдарында қызмет атқарып, бірқатар кәсіпкерлік компаниялар мен бұқаралық ақпарат құралдарын басқарды.

Мыңжан БАЙЖАНИН

 

«Қадірліден көз жазып,

Көз жасымыз төгілген…»

Несі қызық?

 

Алтын белден шықпасаң,

Бекзат нәмін ұқпасаң.

Күміс құрсақ жатпасаң,

Текті дәмін татпасаң.

Несі қызық өмірдің?..

 

Дүниені сырғанақ,

Оятпасаң іңгәләп.

Айқара ашып есігін,

Төгілмесе несібің.

Несі қызық өмірдің?..

 

Бауырында анаңның,

Шулатпасаң таң алдын.

Мейір-шуақ ембесең,

Нұр құймасаң елге сен.

Несі қызық өмірдің?

 

Қорғамасаң ұлтыңды,

Қолдамасаң жұртыңды.

Ұстанбасаң дініңді,

Құтқармасаң тіліңді.

Несі қызық өмірдің?..

 

Ішкеніңді ойласаң,

Дұшпаныңды жоймасаң.

Қызғанбасаң қосыңды,

Сағынбасаң досыңды.

Несі қызық өмірдің?..

 

Топырағыңды кешпесең,

Жапырағың өспесе.

Отауыңды түйресең,

Отаныңды сүймесең.

Несі қызық өмірдің?..

 

Күпіріңе былықсаң,

Шүкіріңді ұмытсаң.

Қарықтырсаң сәулені,

Тәрк қылсаң тәубені.

Несі қызық өмірдің?..

 

21 ақпан 2017 жыл.

 

 

Қаңғыбас

 

«Кто шустрый и быстрый,

Метит в министры.

А кто гордый с отвагой,

Станет бродягой…»

Граф Дон Сезар де Базан.

 

«Досың қайда?» деп сұрадың,

Қайтыс болған,

Барлығы.

Ағы менен қарасы да,

Аласы мен тарғылы.

 

Дос дегенің – сабын жуса,

Күс қолыңның,

кірі екен.

Бір-ақ күнде бәрі өлді,

Дұшпан-пиғыл тірі екен.

 

Кір жуылды,

қолым аппақ,

Жүрегім де тазарды.

Есіме алып елемедім,

«Досым», сенің «қазаңды».

 

Абай жәкем секілденіп,

«Қолымды кеш сермедім».

Жоқтығыңды,

көлік қаққан,

Күшік құрлы көрмедім.

 

Көбік мақтан, күпір сөзің,

Сақталмады есіме.

Қара мысық қаңғып кетсе,

Қапаланам,

несіне.

 

Харам,

ылас көз жасындай,

Ұшық қаптап, ұшындым.

Ақтап жүріп,

адал жеген,

Талқаныма тұшындым.

 

Аусар – ақты көре алмайды,

Ала көзін алартып.

Ақымақпен,

ас ішкеннен,

Қаңғыбастық көп артық!

 

Күмән қойған,

тұманды ойдан,

тазаладым сананы.

Сартап кезіп, дос іздемен,

Жауым өзі табады.

 

Жүректегі,

әкімге емес,

қаңғыбасқа дес бергем.

Сабын болса,

кір тазарар,

Ештеңеден сескенбен!

 

20 наурыз 2018 жыл.

 

Қайыршының зары

(Ұмытпаңдар!)

 

 

Мен де сүйем,

Тәтті тамақ,

Теңгені.

«Миллионер болсам» деймін,

Ең кемі.

Бірақ,

Өзім мұң шағатын Құдайдың,

Қараңызшы:

қайыршылық бергенін.

 

Кедейлік те,

Жақсылығы Алланың!

(Ешкім білмес,

танымы мен талғамын)

Ауру мен өлім салса,

Не қылам?

Қайыршылық – қанағатым,

Бар бағым!

 

Пенде көрдім:

Байлығы бар,

Бағы жоқ!

Кеуде толы қап-қара дақ,

Ағы жоқ.

Қайғы-мұңы,

қыр соңынан қалмайды,

Теріп бітпес,

тары боп.

 

Нәпсі байғұс,

Қарамаған талғамға.

Ей, байшыкеш!

«Кедейсің» деп,

таң қалма!

Менің бағым,

сенен артық жүз есе!

Хақтан басқа,

Ешкімім жоқ,

жалғанда!

 

Ұмытпаңдар!

Иемізді Жаратқан!

Бойымызға,

тіршілік-нәр таратқан.

Хақ Иені ұмытсақ біз,

Сол күні,

Қара Жерге жабысады,

Ақ Аспан!

 

12 мамыр 2018 жыл.

 

Үркер

Бір жылдың күзінде Сыр өңірінің басшысы

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ өзіне кеңесші болуға ұсыныс жасады

 

Қандас бауыр, Қырағам!

Балаң пейіл,

шын адам.

Әулетіңнің ұлы едің,

Бір Құдайдан сұраған.

 

Тағдыр жолы,

сұрапыл.

Кездің ой мен қыратын.

Ұлықты ұл оздырар,

Әкесінің мұратын.

 

Мерей – шалқар,

сен өсіп.

Шонжарлармен теңесіп.

Арамызды аңдып жүр,

Елеу көкем елесі.

 

Аздан,

көпті құрадың.

Қиынына шыдадың.

Үркер шығып биікке,

Жарқырады шырағың.

 

Құс қанатты,

жорғаң да.

Орының зор ордамда.

Елағасы еріген,

Тәңір сүйген талғамға.

 

Қазық қадап,

қармандың.

Мінезімен арланның.

Қазақ жерін қорғадың,

Отын басып орманның.

 

Іс бітпесе,

жата алмай.

Буырқандың атандай.

Есіл елің есейсін,

Дұшпан шауып, жат алмай!

 

27 қараша 2013 жыл.

 

Абыз қайда?

 

Жайсаң мінез жайылмай,

Қуды,

құрғақ елесті.

Жақсы-жаман айырмай,

Дүбәрә-ойлы,

бала өсті.

 

Құл тілінде сандалды,

Қала шалы,

қалтырап.

Қала-кемпір аңдалды,

Киік-саны,

жалтырап.

 

Үлгі емес қауымға,

Аңсаған,

ылас төсекті.

Ақсақал жоқ ауылда,

Өңшең қақпас,

өсекші.

 

Түзететін қатемді,

Тәтем,

тәлім қумаған.

Тойды басқа көтерді,

Кілең кемпір,

шулаған.

 

…Танымымды таң қылар,

(Тектіліктің,

таңы ізгі)

Айызымды қандырар,

Қайдан табам,

абызды?!.

 

Қасиеті – жебедей.

Алаш мұқтаж,

арысқа.

Өсиеті – телегей,

Соңғы абыз,

Әбіш па?!.

22 қазан 2018 жыл.

 

Жалғанның кілті

 

Қолыңда қызмет пен малың барда…

«Қотыр атың» шабады ұзақтарға,

Қарамайды бөгетке, тұзақтарға!

Жалғанның кілтін тапқан тірі жан жоқ,

Тасынып, тау қопарып,

құз ақтарма!

 

Қолыңда қызмет пен малың барда…

Туысың «жаны ашып», күнде келер,

(Тоқтамай сыбырлайды, бірдеңелер…)

Балаларды айналып, иыққа сап,

Өзіңді Айға теңер,

Күнге теңер!

 

Қолыңда қызмет пен малың барда…

Дос-жаран сағат өтпей, «сағынады»,

Сөзің мен уәжіңе бағынады.

«Жан досым жалғыз ғана өзіңсің» деп,

Басқаларды өсектеп,

шағынады.

 

Қолыңда қызмет пен малың барда…

Көрші-қолаң тым жұмсақ, «үлбіреді»…

Кеңесіңе құлағын түргіледі.

Әулетіңді әулетіп, түгел мақтап,

Әзіл айтып,

жарыңды күлдіреді.

 

Қолыңда қызмет пен малың барда…

Кеш – көңілді, атады таңың күліп.

(Малғұн мыжып-мылжыңдар, жаңылдырып…)

Алынбас асқар таусың балаң үшін,

Күн сайын қарсы алады,

жарың күліп.

 

Қолыңда қызмет пен малың барда…

 

*** *** ***

 

Қызмет пен малыңнан айырылғанда…

Ырзасың – самал желге, ағынға да.

Мұңдасың – ұятың мен арың ғана.

Құрдасың – он бестегі шын мұсылман,

Сырласың – ақсақал тау,

сағым дала.

 

Қызмет пен малыңнан айырылғанда…

Жаратқанға сәжде қыл, құлай сеніп.

Қорғаштайды иманың мың ай сені.

Ең қымбат шын досыңмен қауышасың,

Жалғыз тастап кетпейді,

Құдай сені!

23 қараша 2018 жыл.

 

Пана

Бердібек Қуанұлы МЕЙІРБЕКке

 

«Друг мой, друг мой

Месяц умер,

Синеет в окошко рассвет.

Никого со мной нет.

Я один,

И разбитое зеркало»

Сергей ЕСЕНИН.

 

Жалған-ғұмыр «жетесіз»,

(Өтелмейді қатесіз)

Сен де бүгін – әкесіз,

Мен де бүгін – әкесіз.

 

Тоқ – түсінбес, аш – ұқпай,

Адам жүрер асықпай.

Жарық күні – тым қысқа,

Шікке түскен асықтай.

 

Сыбызғылап сырнайды,

Ызғар дауыл ырғайды.

Сүйретіліп сүрлеумен,

Шана-тағдыр зырлайды.

 

Ошағы оттай қызады,

Ақыреттің тұзағы.

Есеп қуған есерге,

Сиыр сәске ұзады.

 

Жарқырады күн шығып,

Аракідік тұншығып.

Қасаттанған мұрат бар,

Ерімеген тұмсығы.

 

Тас қапастап бар маңды,

Қас-дұшпаным қарманды.

Үзе алмайды үмітті,

Түгесе алмас арманды.

 

Кірбің кетпес көңілден,

Қабырғамыз сөгілген.

Қадірліден көз жазып,

Көз жасымыз төгілген.

 

Тар тағдырым, тайқысың,

Қош бол ана, бай-құтым.

Күн қызуын сіңіріп,

Қалқып берген Ай сүтін.

 

Көзсата ұзап селдір күн,

Артыңнан ұзақ телмірдім.

Мұң қармап, ақыл адасып,

Теңселгенімді жел білді.

 

Қырық жамау жаға тым,

Таусылардай тағатым.

Жанашырсыз жалғыз қап,

Қайырылды қанатым.

 

«Тұяғымыз» сүрінген,

Табанымыз тілінген.

Өзеуреген өзекті,

Қарауылға ілінген.

 

Қаусырғанда қара сыз,

(Бейбақ пенде шарасыз)

Екеуміз де – анасыз,

Екеуміз де – панасыз.

 

07 маусым 2018 жыл.

 

Жалғыздық

 

«Сен – өмірдің тұрғыны емес, жолаушысы ғанасың»

Лев ТОЛСТОЙ,

орыс жазушысы.

 

Қайда анам,

қайда әкем,

Қорғаным!

(Ғұмырымның бар мәні)

Қорғансыздық,

талғамсыздық,

бар маңым.

Көште қалған,

арманы.

 

Дәрменсізден,

көргенсізбен күресіп,

Құбылғаны-ай,

сыртым мың.

Тіршілікте,

тексіздермен тіресіп,

Тәуір таңға,

ұмтылдым!

 

Нәпсі баурап,

былғанбады әуретім,

(«Қармақ қапса»,

әуре тым).

Иланғанда,

қиналғанда,

иман сөз,

Жалғыз серік,

Дәулетім.

 

Мәңгі жан жоқ,

үміт-қырға,

гүл еккен.

Мен де бір күн,

елеспін.

Жалғыз ғана,

арман кетер жүректе:

«Түсінбеді мені ешкім!»

 

23 тамыз 2017 жыл.

 

Қоңыратым

Мемлекет және қоғам қайраткері, нағашым

Нәлқожа Ақбалаұлы ЕРГЕШБАЙға

 

Қоңырат.

Нағашы жұрт.

Қоңыратым!

Қарапайым қоңыр үй,

қоңыр – атың…

Жиделі-Байсын жері – жұмақ мекен,

Телегей, терең ойға шомылатын.

 

Жарасар жар иығыңа,

дара шапан.

(Тал бойыма бұла күш,

тараса қан)

Қарахан таудан биік қарап жатыр,

Алпамыстай алпамса,

Нағашы атам!

 

Зынданда,

запыранын түйіп іштен.

(Қалмақ қанын,

кесеге құйып ішкен!)

Тең келмес «Одиссея», «Манасың» да,

Алпамыс,

шүршіт шапқан күйініштен.

 

Қадымда,

көп дұшпаның жайыпты лаң.

(Алаңсыз, ақ пейілді,

«айып» қылған.)

Хақ қалап, әмбе жаудың басын иді,

Шыңғыстай жиен туып,

Сайыпқыран!

 

Күллі әлем атын естіп,

дірілдеген.

Бүктелді талай тізе,

бүгілмеген.

Алтын құрсақ ананың ғазиз мысы,

Қағанның қаһарындай,

гүрілдеген.

 

Сырбазы,

сырын ұғып ала таңның.

Нар елдің,

нәм мен нәрін таратармын.

Қанжоса қылышымен түрен салған,

Сарабдал,

сыңарымын бөле-атамның!

 

Тұлпардың жүйріктігі,

тағасынан.

Сұңқардың сүйріктігі,

даласынан.

Тегі тұнық бекзаттық лайланбас,

Жігіттің жайсаңдығы,

Нағашыдан!

 

Мінәжатым,

мың тәубе елдігімде!

Анамның алқауындай,

кеңдігім де.

Жаралғаным, жатқаным,

тұма бұлақ.

Еншілеймін есемді, енді кімге?!.

 

Мейман күтіп, аяққа шалынатын,

Соя салған жайратып соғым атын.

Қыздың ұлын,

Нәбидей қадір тұтқан.

Құт қорғаным,

Жанашыр,

Қоңыратым!

 

Әз елден бастау алған,

түйсік-арман.

(Ән арнап, өлең жазып,

күй шығарғам)

Сарғайған сағынышым түгесілмес,

Дүр елге,

Анашымның иісі қалған!

 

1 наурыз 2012 жыл.

 

Бекзат

 

Ей, сұлтанның ұрпағы!

Ұлтты құртса,

майдашылық құртады!

Құрт-құмырсқа,

бақа-шаян,

айнала,

Ірілікті көре алмайды,

қайда да.

 

«Ірілікті – тірілік»,

деп санаған,

Бір заманда соққан,

Ұлы Даладан…

Самалың да, бораның да,

дауыл да,

Майдашылық,

ажал болған,

сау ұлға!

 

Ей, хандардың сарқыты!

Алмас қылыш,

өткір садақ,

бар күші.

Нар-намысың – қорғанышың,

ар – қамы,

Жасын жігер,

Арландардың қалқаны!

 

Ей, хан-сұлтан!

Күңірендің қабірде!

(Түбі тесік,

тағзым қылмас Тәңірге!)

Құл-құтандар жаулап,

Ұлы Даланы,

Бекзаттықтан,

тамшы қалмай барады…

 

1 қараша 2016 ж. – 11 қаңтар 2017 ж.

 

Шынар

Әнші Дінмұхаммед (Димаш) ҚҰДАЙБЕРГЕНге

 

Ұлы Дала ұлыған,

Ғасыр қалды табанда.

Әз әуені,

(мәуесін…)

Үлестірген,

жалаңға.

 

Өрең тұтас өртенген,

Өскін шығып,

өсерге.

еліктеген – ессізге,

елжіреген,

есерге.

 

Тақыр,

тамшы қалдырмай.

түгел жұтты,

тандырлап.

Қаңғырлаған қу тағдыр,

Бос шелектей даңғырлап…

 

Алдаспанға айналмас,

Селеу созса,

сырықтан.

Құлдық қамыт,

қырық қат.

«Бесік жырын» ұмытқан.

 

Өріс,

ғашық өртеңге,

гүл өседі, тас тесіп.

Күн нұрына шапшиды,

Бәсекелес,

бәстесіп.

 

Жаттың арзан,

даңғыры.

Талғам бұзды,

сорым боп.

Шырмауықтың ішінде,

Шынар өсер орын жоқ!

 

Болмыс,

нілдей бұзылып.

Босап қалса,

(Жұт, қайғы!)

Сандуғашы сарайдың,

Бұлбұл үнін ұқпайды!

 

Таза тұма,

Тұнығы.

Жанға сіңіп, жайланар.

Алпыс екі тамырмен,

«Құлақтан кіріп,

бойды алар»…

 

Қаталаған,

Қақталған.

Сіміреді құныға.

Мақшар-мүлгі әуездің,

Діл суардым нұрына.

 

Тегін емес,

аты да.

(Жаратқанның,

хаты ма?!.)

Азан айтып қойғызған,

Мың періште шақыра!

 

Ескерердей,

елеңі.

Жаббар үнге,

тең еді.

«Мұхаммедтің,

ақ Дінін,

Құдай берді»,

дегені.

 

Шыр айналған,

көбелек.

(Бәйшешекті сақтады…)

Жер бетінен,

шарқ ұрып,

Дауысыңды таппадым!

 

Көк аспанда ақ қыран,

Әуелер,

мың айналым.

Қоңыр Дала сазының,

Сүзіп іштің,

қаймағын!

17 желтоқсан 2018 жыл.

 

Жақсылық

КЕНЕСАРЫ бабамның рухына!

 

«Бір тойым болатыны сөзсіз менің,

Дәл қай күні екенін айта алмаймын…»

Төлеген АЙБЕРГЕН.

Нәпсімді кемерінен,

асқызбаған.

Тәубемді тегенінен,

тасқызбаған.

Қарымыма,

қанағат,

қуат құйып.

Бір жақсылық бұйырар,

Сөзсіз маған!

 

Бір жақсылық адасып,

алыс кетпес,

Амандасар арыстар,

асыл тектес.

Нұрдай жанып,

Бақ қонып,

қыдыр дарып.

Бір күніме бақытты,

Мың күн жетпес!

 

Жақсылықтың,

Гүл-тауын,

Кешсем деймін.

(Кездескен кедергіге,

дес бермеймін)

Іздегені қазақтың,

Менің жоғым.

Жауымның жауыр сөзін,

Ескермеймін!

 

Бір жақсы бұйырады,

Сөзсіз маған!

(Емеспін,

Қаны сұйық,

тексіз балаң!)

Атойлап Айым туып,

Оң жағымнан.

Ғазизымен табысар,

«Бассыз» бабам!

 

27 наурыз 2018 жыл.

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button