АудармаТаңдаулы

ПЕРІШТЕ ПЕРДЕСІ ШЕШІЛГЕН ТҮН…

 

Әңгіме

Қыркүйек келісімен көршінің балалары тегіс мектепке ағылды. Алайда Пазылды әлі жетіге толмады деп оқуға қабылдамай қойды.  Міне соған өзегі өрт боп күйген балақай күні-түні қыстығып жылаумен болды, бойды ыза кернеді. Ызаланбағанда ше?! Әншейінде әлжуаз деп, менсінбей жүрген Натиктың өзі мектепке барды емес пе? Ендеше, әділдік қайда?! Міне осындай ойдан, дәлірек айтсақ, намыстан жылай-жылай екі беті алмадай қызарып, домбығып ісіп кеткен оның осы бір халіне қараудың өзі қандай аянышты еді.

Әлі есінде, беске жаңа толған кезінде көршінің баласы мұны мектепке ертіп апарды. Сол кезде алғаш рет қоңырау дауысын естіген болатын. «Мәссаған, мынау неткен дауыс?!» деп таң қалып еді бала көңіл. Ал сол бір сыңғырлаған сиқырлы үннің ұнап қалғаны соншалық, бір ай бойы достарына мақтанумен болған еді. Және оны қайта есту үшін екі жыл күтті емес пе? Енді міне, сол армандап жүрген мектебіне қабылдамай қойды. Міне, Пазылды жеп бара жатқаны осы ой. Осы үміт. Нақтырақ айтсақ, үміттің үзілгені. Оның ауладағы шаң-топырақтың арасында отыра қалып, көз жасына ерік бергені сол. Жетіге жасы сәл-ақ жетпей қалған жеткіншектің жылаған даусын естіп, тіпті Самая мен Баллы әпкесі де жанұшыра жетіп келді. Алайда екеуінің де балалары мектепке барған болатын. Ендеше, олар Пазылдың жағдайын қайдан ұқсын? Оның соларға ұқсап таңертең ерте тұрып, мектепке барып, қоңырау сыңғырымен бірге өз сыныбына еніп, басқа оқушылармен қатар қол көтеріп, сабақ айтуды армандағанын, сол арманымен бүгін қош айтысқанын қайдан сезінсін?..

Басқа балалар не сезінетінін қайдам, әйтеуір Пазыл үшін мектеп деген бейне киелі мекен ал мұғалімдер сол киелі мекеннің шырақшысы, әулиелер іспетті. Сондықтан да Пазыл көршінің балаларымен уақытты босқа өткізгеннен гөрі, сонда барғанды тәуір көрді.

Атасы мен әжесіне бұл жаңалықты «естірту» үшін Пазыл жылауын одан сайын үдете түсті. Солқ-солқ етіп, ішегін тарта жылап, сенімдірек көріну үшін тіпті арасында екі-үш рет орнынан тұра бере, қайтадан талықсып құлап та алды. Міне, осылайша бір сағаттан аса «өнер» көрсетті. Оның бұл қылығына шыдай алмаған көршілері  келіп, әжесін Пазылды мектепке ертіп баруға көндірді. Бірақ мектепке бару үшін алдымен кітап, дәптер, қаламсап секілді құрал-жабдықтарды сайлап алу керек емес пе? Ал Пазылда мұның бірде-бірі жоқ болатын. Тіпті мектепке ұялмай киіп баратын жібі түзу киімі де жоқ екен ғой! Бірақ жеткіншек үшін олар аса маңызды еместей. мейлі тіпті ол жыртық шәркей, жамау жейде болса да, әйтеуір не кисе де, мектепке барып, қоңырау үнін естіп, партада отырса болды. Ол бір, екіншіден, «ананы әпер, мынаны әпер» дей берсе, әжесі оны қайтадан апарудан айнып қалуы ғажап емес қой?.. Сондықтан да үстіне барын киді де, әжесінің жанына жетіп келді. Әжесі басқа жаққа бұрылып кетер деп қауіптенген жандай, қолынан тас қылып ұстап, мектепке қарай құстай ұшты! Иә-иә, дәл қазір Пазыл өзін аяқ астынан қанат бітіп, көкте қалықтап келе жатқандай сезінді! Жолда кездескен балалардың бірі оған дәптерін, бірі қаламсабын ұсынып, одан сайын көңілін көкке көтерді!

Мектептің алдында оларды Ағамалы ұстаз күтіп алды. Әжесі оған болған жағдайды тәптіштеп тұрып айтып беріп еді. О, тоба, әлгіндей «жасы жетпейді» деген жоқ, Ағамалы ұстаз үндемей, Пазылды өз сыныбына алып кірді де кетті. Міне, осыдан бастап оның мектептегі өмірі басталып кетті.

Алғаш мектеп табалдырығын аттаған әр оқушы солай ойлай ма екен, әлде Пазылдың өзі ғана ма, ол жағы нақты белгісіз ,да мұғалім деген тамақ ішпейтін, артық ауыз сөз айтпайтын әулие деп ойлайтын. Тіпті нан да жемейді деп ойлаушы еді. Сонымен мұғалім деген…

Пазыл терең ойға шомып, алыста қалған балалық шағына қарай саяхаттап кетті. «Ол кезде біз мектепке білім алу үшін баратынбыз. Біліммен қатар, тәрбие де қатар жүргізіліп, адамгершілік қағидалары үйретілетін. Біздің өмірімізде мектептің алатын орны ерекше еді. Жоғарғы сыныптардың бірінде оқып жүрген кезім болатын. Әдебиет пәнінен сабақ беретін Ахмет деген ағайымыз бар еді. Бірде сол кісінің сабағы болып жатқан. Әлдебір шығарманы талдап жаттық. Ол шығармадағы басты кейіпкерді ұятты, әділетті жан ретінде бейнелеген екен. Сол кезде мен мұғалімнен:

– Ұят деген немене? – деп сұрадым.

Артқы қатарда отырған бір оқушы:

— Сол ұят деген нәрсені ешкім ешқашан көзбен көріп, қолмен ұстап көрген емес! – деп жауап берді.

Сол кезде қартаң тартқан ағайымыз ойланып тұрды да:

– Балам, ұят деген нәрсені көзбен көрудің қажеті жоқ. Ол әр адамның ішінде болуы керек. Ұят дегенді бізді сырттай бақылап тұрған бөтен бір адамның ішкі үні деп айтуымызға болады. Сол үнді ести алған әрбір адамның бойында әділдік деген қасиет пайда болады дер едім. Егер сен де сол үнді естісең, бойыңдағы кез келген нәрсеге деген құмарлықты жеңіп, тек өзіңе адал бұйырған сыбағаңды ғана алар едің. Тыйым салынғаннан бас тартып. Өйткені балалар, зұлымдық пен шектен тыс нәпсіқұмарлық ешқашан ешкімге абырой әперген емес. Жалғыз ұят қана – адамның ары да,  абыройы да. Міне, адам бойындағы ұяттың дәрежесін осы қасиеттер арқылы ғана біле аламыз. Қашан да адал, шыншыл адамдар қоғамда үлкен мәртебеге ие болады. Бұл – менің жеке пікірім! – деді ұстаз.

…Бүгінде Пазылдың жасы елуде. Соның жиырма жылында осы аудандағы ең атақты мейрамхананың ұйымдастырушысы болып қызмет етті. Әйтеуір бір білетіні аталған мейрамхананың өзгелерден айырмашылығы, мұнда тек бай, ауқатты адамдар келетін. Оған негіз жоқ емес, себебі бұл жердің мәзірі бай әрі тағамдарының дәмі ауыздан кетпейтін. Содан ба, әлде басқа да себебі бар ма, бір білетіні Пазылдың да абыройы асқақтап тұр еді: келген қонақтар «әй бұл жай бір ұйымдастырушы ғой» демей, онымен жылы амандасып, күле сөйлесіп, тіпті хал-жағдайын сұрап, бәйек болатын. Кейбірі тіпті үстел басына бірге тамақтануға шақырады.

Әсіресе, бұл мейрамханада  әр ай сайын және әр мерекеде жергілікті алты мектептің директоры бас қосып, әсем дастарқан ұйымдастыратын үрдіс бар еді. Олардың бесеуі мектеп директоры болса, алтыншысы интернатты басқаратын. Олар – жай ғана қызметтестер емес, бір-бірімен өте жақын достар. Сондықтан әрқайсысының туған күнін, айтулы мерекелер мен өздерінің білім саласындағы төл мерекелерін де осында атап өту үшін келетін. Бай мәзірге тапсырыс беріп, алаңсыз ішіп-жеп, армансыз тойлайтын. Алтаудың үшеуі еркек, қалған үшеуі әйелдер еді. Үнемі осылай бас қосып, бір-бірімен алаңсыз сырласып, өз «батырлары» туралы майын тамыза әңгімелейтін.

Міне, осындай керемет күндердің бірі болатын. Әдеттегідей алты дос бас қосып, кештің сәнін келтіріп отырған. Кенет солардың бірі Пазылды алдарына жайылған мол дастарқаннан бірге отырып, дәм татуға шақырды. Пазыл олармен бірге отырған бірнеше сағатта неше түрлі әңгімеге қарық болған еді. Ауызға арақ-шарап тиген соң, қызыл тілдің де тиегі ағытыла жөнелетін әдеті емес пе? Міне, мына отырған мектеп басшылары да армансыз ақтарылып, жарыса көсілді. Ана бүйірден: «Осы айда бес мың доллар пайда көрдім!» деген әңгіме естіліп жатты. Мына бүйірден: «Бұл айдағы «қонақтарымызға» алты жүз доллар сыйға кетті!» деген сыр айтылды. «Өй, сен сол «қонақтардың» «үстінен» қарайтын кураторларға кеткен ақшаны неге есептемейсің? Нағыз шығынға батыратын солар!» деп баж етті бірі.

Айтып отырған мектептері қаладағы №515 орта мектеп  осы аудандағы ең үлкен оқу орны саналатын. Онда 3000-нан астам оқушы білім алушы еді. Ол жерде шәкірті үшін барын беріп, білімі мен тәлім-тәрбиесін аямайтын үздік ұстаздар қызмет ететін. Сол ұстаздардың бастамасымен әртүрлі мерекелік іс-шаралар мен ойын-сауық кештері ұйымдастырылып тұратын. Шындығына келгенде, оқушылардың барлығы бірдей білім алуға құмартып, құлшынып тұрмайтын. Бірақ арасында түрлі пәндерден олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, мектептің абыройын асқақтатып жүрген оқушылар да баршылық еді. Солардың осындай нәтижелерінің арқасында бұл мектеп үздіктер қатарында болатын. Жыл сайын осы мектептің бірнеше түлегі жоғарғы оқу орнына емтихан тапсырғанда ең жоғарғы ұпайларға ие болатын. Осының барлығы ұстаздардың еңбегі мен ата-аналардың арқасында деп есептелетін. Мектепті басқару ісімен директордың орынбасары айналысатын. Ал директоры Марат мырза ұжымның жалпы жұмысын қадағалап отыратын. Мектеп ұстаздарының ерен еңбегі мен оқушылардың жоғарғы көрсеткіштері үшін Марат мырза бірнеше рет мақтау грамотасымен марапатталған да. Білім саласының лауазымды қызметкерлері оның басқарушылық қабілетін үнемі алға тартып, жүрген жерлерінде өзге басшыларға үлгі ретінде мақтап отыратын. Міне, дәл осы бір кеште сол жасы елуді еңсерген Марат мырза алаңсыз көсілді дейсің бір. Енді ше, осындай кеш, мынадай достар арасында көсілмегенде, ол қайда көсілмек? Орнынан ыңырана көтерілді де, сол қолын ақ дастарқанға тіреп тұрып:

— Достар, Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып қайтеміз? Жақында менің сүйіктімнің туған күні келе жатыр. Ол менің қарамағымда, мектепте мұғалім болып қызмет етеді. Мен оны өте қатты сүйемін!

Мұны естіген үстел басындағы әйелдер қауымы бір-біріне көз қысып, жымыңдаса қалды. Олардың бұл қылығын байқап қалған Марат мырза да көзін қулана қысып, сөзін жалғады:

— Мен оның әрбір туған күнінде үш жүз доллар сыйға беремін. Әрине, одан артық ақша беруге де шамам жетеді. Бірақ артық шығындалудың қажеті қанша? Міне, туған күн де жақындап қалды. Ал ақшаны қайдан және қалай табуға болады деп ойладым. Сөйтіп басым қатып отырғанда, кабинетіме бір ата-ана кіріп келді. Өзі өте ашулы екен. Баласы физика пәнінде бұзықтық жасап қойған екен. Соған шыдай алмаған мұғалім баласына қол көтеруге мәжбүр болған. Ашудан бұрқ-сарқ қайнаған ата-ана әлгі мұғалімді жерден алып, жерге салып жатыр. Ал мен болсам, сол екі ортада керемет жоспар құрып үлгердім. Ана ата-ананы сабырға келтіріп, үстелге отырғызып алдым да, әлгі айтқанының барлығын қағазға түсіріп, арыз жазып беруін өтіндім. Арызды жазғызып алдым да, ол мұғалімді заң бойынша жазалайтынымды айтып уәде беріп, шығарып салдым. Ол кете салысымен, әлгі физика пәнінің мұғалімін шақырып алып, алдына әлгінде ғана жазылған арызды тастай салдым. Ана байғұстың арызды оқып біткенге дейінгі түрін көрсең, соңына қарай тамағы құрғап, ауа жетпей қысыла бастады. Мен де қарап тұрмай, одан сайын қорқыта бастадым. «Ақымақ, не бүлдіргеніңді білесің бе? Ана бәле жоғарғы жаққа да арыз түсіремін деп қорқытып кетті! Сені жұмыстан қуғанымен қоймай, ол баланы ұрғаның үшін жоғарғы орган адамдарының сені қанша ақшаға шығындататынын білесің бе?» деп айқайладым. Ана сорлының зәресі үшты! Айтарға сөз таппай, жаны қысылды! Қорыққанынан сол жерде жүрек талмасына ұшырай жаздады!

Осы оқиғаны әңгімелеп тұрған Марат мырзаның көздері шоқтай жанып, өз-өзінен шаттанып, мәз болды. Ана байғұс мұғалімнің айлығы шайлығына да жетпейтінін, сол айлықты зарыға күтіп, сол болмашы ақша үшін бір ай бойы тынбай жұмыс істейтінін қаперіне де алатын түрі көрінбейді. Бүкіл отбасын сол айлығымен асырап отырғаны да ойына кіріп шығар емес. Тоқ бала аш баламен ойнаушы ма еді?! Енді ол байғұс мұғалім жар құлағы жастыққа тиместен ақша іздеуге мәжбүр болып шыға келді емес пе?! Мұның барлығы өзіне құрылған қақпан екенін ол сорлы қайдан білсін?! Бар есіл-дерті мына жұмысынан айырылып қалмау ғой. Әрі әлгі баланы ұрғаны үшін өзін өзі мүжіп жеп те барады. Ол бала болса, сотқарлық танытып, мұны мәжбүрлегенін де ұмытып та кетті. Бірақ мына Мараттың сөзіне сенген байғұс физика мұғалімі болған оқиғаның бәріне тек өзін ғана кінәлап, өкініштен өзегі өртенді.  Әйтсе де…

Марат мырза темекінің түтінін құшырлана сорып, оны қайтадан жоғары қарай будақтатқан күйі әңгімесін жалғады:

— Қорыққаннан ба, әлде ызадан ба, ана байғұс күзгі жапырақтай қалтырай бастады. Мына тірлікті үйтіп-бүйтіп шешіп беруімді өтініп, жалынды. Маған керегі де осы еді. Екі мың доллар алып келсең, түк болмағандай жауып тастауға болады дедім.  Байғұстың қорыққаны сонша, арадан екі күн өтті ме, өтпеді ме, әлгі айтылған ақша менің үстелімнің үстінде жатты ғой. Ал мен сосын не істеді дейсіздер ғой? Әлгі бұзық оқушы бар емес пе, соның ата-анасын шақырып алдым да, есіктен кірген бойда қатулы қабақпен қарсы алдым. Сосын қасы алдыма орындыққа отырғызып қойып: «кінәнің бәрін өз балаларыңнан іздеңдер» Оған жалпы қандай тәрбие беріп жатырсыңдар? Егер дәл осы әрекет тағы да қайталанатын болса, айтпады демеңдер, мектептен шығарам да жіберем!» деп жұдырығыммен үстелді қойып қалдым. Нәтижесінеде,  жоқ жерден қалтаға екі мың доллар түсті. Соның шетінен достар боп дастарқан жайып, тойладық. Үш жүз долларын әдеттегідей сүйіктіме сыйладым. Ал әйеліме бірнеше қымбат көйлек пен сәнді туфлилер алып бердім. Мырзалар, көрдіңіздер ме, ақшаны осылай табу керек! Ха-ха-ха!…

Осылай өз ісіне масаттанған Марат мырза қарқылдап күліп алды да, бокалын жоғары көтеріп:

—  Достар, мен бұл тостты бізді жоғарыдан бақылап, бүкіл кемшілігімізге көз жұма қарап, қорғап жүрген ізгі жандар үшін көтергім келеді!

Директорлар өре түрегеліп, жапа-тармағай бокал қағыстырып:

— Өте дәл айтылған тілек! Мұндай тілекке ішпеске болмайды!- деп мәз болды.

Бокалдарын төңкерген соң алдарындағы дәмге қарай ойысты. Бірнеше минуттық тыныштық орнады. Үнсіздікті тағы да Марат мырзаның өзі бұзды, шамасы жаңағы бір оқиғаны өзінің ақша табу шеберлігін паш етуге жеткіліксіз деп тапты-ау, келесі бір әңгімеге көшті:

— Мен мектебімде өз заңымды орнатып, сол заң бойынша ақша тауып жатырмын. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесінде бүкіл ұстаз жиналып, менің кабинетіме келеді. Мен оларды жеке-жеке қабылдаймын. Олардың әрқайсысы менің үйде отырған әйелімді құттықтап, оған арналған сыйлықтарын табыстап кетеді. Ал сыйлықтары қандай дейсіздер ғой? Әр мұғалім елу доллардан жинайды. Және оған қосымша дайындаған сыйлықтары өз алдына. Мәселен, өткен жылы мерекеде олар маған қырық тоғыз қымбат әтір беріп кетті. Оның сегізін әпке-қарындастарыма, әйеліме сыйладым. Ал қалғандарын танысым арқылы дүкендерге өткізіп жібердім. Міне, осылайша мен бір ғана әйелдер күнінің өзінде-ақ қаншама ақшаға ие болып шыға келемін!

Әріптесінің мына әңгімесін естіген №528 орта мектептің директоры Муталик мырза қанаттанып кетті. Бұл кісінің әкесі де сол мектепті ұзақ уақыт басқарған болатын. Онымен бірге қызмет еткен мұғалімдер әлі күнге дейін ол кісіні қатал, тәкаппар, мансапқұмар адам ретінде еске алады. Ол зейнетке шыққан кезде барлығы оның орнына басқа бір мейірімді адам келетін шығар деп үміттенген болатын. Бірақ өкінішке орай, олай болмай шықты. Әкесі өз орнына осы Муталикты қалдырудың бүкіл жолын іздестіріп, ақыры дегеніне жеткен еді. Муталиктың жұмыс істеу әдісінен хабардар мұғалімдер жақсылық атаулыдан күдерін үзуге мәжбүр болды. Ол мектепті қасиетті білім ордасы ретінде емес, ақшаны күреп табатын алтын балық есебінде көретін. Яғни, «қайтсем оқушыларға жақсы білім беріп, тәрбиелі етіп шығарам?» деген жоқ, бар есіл-дерті кімнен қанша пайда түсіруде болды. Сырт қарағанда сондай мәдениетті, тәртіпті жан болып көрінеді, ал шын мәнінде, міне өздеріңіз көріп отырғандай нағыз тұрпайы, өзімшіл, қытымыр, бас пайдасы үшін неше түрлі жауыздыққа баратын сұмпайының нақ өзі болатын. Қарамағындағылармен сөйлескен кезде тіпті алдымда адам отыр-ау деп басын көтеріп те қарамайтын. Соған қарағанда, сірә қасындағы адамның әңгімесін тыңдау қасиеті де дарымаған-ау.  Әлде, өзінше оларды адамсынбай ма… Бірақ сонысына қарай, ұжымда оның  абыройы да жоқ еді. Қол астындағылар тек қорыққаннан сыйлайтындай сыңай татытатын. Қолдарынан келсе, әттең сондай бір күн туа қалса, осы бір жексұрын, ұятсыз немені қызметінде бір күн де ұстамас еді-ау. Тіпті кеткен күні ұжым жабыла тойлауға әзір десек те, артық айтпаған болар едік.

Бәрін қойшы, байғұс білімді, әрі сол білімін шәкіртіне аямай беруді армандайтын нағыз ұстаздар үшін мұндай басшымен бірге қызмет ету азаптың азабы болатын. Әбден жауыр болған байғұстар жаңа басшының келуін зарыға күтіп жүргелі қай заман! Бірақ әзірге олардың бұл ниеті тек қана бос арман болып қалуда. Міне, сол Муталик бокалын жоғары көтере:

— Апырай, әріптес! Сіз не деп тұрсыз? Менің қарамағымдағы ұстаздар ешқашан өзімбілерменге салынып, еркімен кеткен емес! Мен олардың жанын қинаймын десем де болады. Өйтпегенде ше?! Жанды қинамай, мол табысқа жету мүмкін емес! Бауырым, мен Сізге шынымды айтайын, мақсатыма жету үшін кез келген тірлікке баруға дайынмын! Сол жағынан алғанда, осы жердегі ең табысты адам, Сіз емес, мына мен сияқтымын. Егер қаласаңыздар, мен Сіздермен мұның аздаған құпиясымен бөлісе де аламын, — деді.

Жиналғандарға да керегі сол емес пе, «әрине, әрине» десті. Бұл сөз онсызда мақтаншақ Муталиктің қос қолтығына су бүркіп жіберді.

– Мен жаңа оқу жылының басында әр мұғалімге тиісінше он сегіз сағаттан бөліп беремін. Одан артық сағатқа ие болғысы келгендер менің жеке қабылдауыма жазылады, – деп бастады ол әңгімесін, –  сосын өзі үшін сағат сұраған мұғалімдердің әрқайсысынан 200-300 доллар аламын.  Содан соң ғана тағы бес-алты сағат қосып беремін. «Еңбек етсең, емерсің» демекші, осылайша, олар да риза, мен де риза. Солайша, менің оқу жылының басындағы табысымның өзі 5-6 мың долларды құрайды. Бұл тек басы ғана, одан басқа тағы да көптеген пайда табатын жолдарым бар. Айталық, біраз мұғалімнің басын жинаймын да,  олардың сыныбындағы ауқатты отбасынан шыққан балаларының бағасын төмендетіп қоюды тапсырамын. Мәселен, егер «үздік» деген баға алғалы тұрса, «жақсы» немесе «орташа» деген бағаға түсіріп тастайды. Сол кезде олардың ата-аналары екі өкпесін қолға алып, мектепке қарай ұшып жетеді дейсің. Әсіресе, жоғарғы сынып оқушыларының ата-аналары балаларының бағасын көтермелеп беруімді өтініп, безек қағады. Міне, дәл осы ұрымтал сәтті пайдаланып, мен оларға өз «бағамды» айта қоямын. Арасында ұят- аят туралы айтып, мылжыңдайтын ата-аналар да табылады. Ондай жағдайда әлгі оқушының мұғалімін шақырып алып, болашақта дұрыс бағалауын өтінемін. Айта кететін тағы бір жайт бар. Біздегі есепші – менің өз адамым… Ол әр мұғалімнің жалақысынан ай сайын бес-он доллар ұстап қалып отырады. Ол ақша біздің «есепшотымызға» жіберіледі. Әрине, қайтарымсыз. Бұл әдістен Сіздер де хабардар шығарсыздар? Ал ақылы еңбек демалысынан отыз-елу долларға дейін әлгі «есепшотқа» жіберіліп тұрады. Бірде мұғалімдер кеңесі кезінде арамыздағы бір мұғалімсымақ:

– Осы білім саласында жұмыс істеп жүргеніме отыз жыл болды. Бірақ мен мынандай ұятсыз, жексұрын, түкке тұрғысыз адамды бірінші рет көріп тұрмын! Сен адамдық қасиетіңді жоғалтып, тексіз біреуге айналып шыға келдің! Сендей адамды кездестірген емеспін! Сенің үстіңнен қай жерге шағым түсірерімді де білмеймін! Себебі қай жерге қандай шағым түсірсем де, судан ақ, сүттен таза боп шығатыныңды білемін! Менің өзімді кінәлап, жұмыстан қуып шығатыныңды да білемін! Құдай жазаңды берсін! – деп, бетіме былш еткізбесі бар емес пе! Айтарын айтып болды да, жиналыстан шығып, кетіп қалды. Мен мұндай жағдайға тап болам деп, өңім түгілі түсімде де ойлаған емеспін. Онысымен қоймай, жоғарғы жаққа арыз түсірді. Сонда ғана біраз шақшадай басым шарадай болып, ары-бері біраз сандалуыма тура келді. Әр кабинеттің есігін қағып, ит әлекке түстім. Олардың әрқайсысының көмейін толтырамын деп, біраз шығындалдым. Олардың барлығын айтып, бастарыңызды қатырмай ақ қояйын. Қысқасы, үйтіп-бүйтіп, барлығының ауыздарын жауып тастадым ғой. Соңында әлгі мұғалімнің осыдан бір жылдай бұрын қатты күйзеліске душар болып, психикалық ауытқуға ұшырағанын «дәлелдеп» шықтым. Әрине, дәлелдеуге біраз қаражаттың кеткені бесенеден белгілі емес пе… Мен қарамағымдағыларды бір шыбықпен айдайтынымды айтып кетіп едім ғой. Міне, соның пайдасы тап осы кезде тиді. Себебі ол байғұстардың бірде-бірі жұмған ауыздарын ашуға да қорқып, маған қарсы келе алмады. Мен оларды адам құрлы көрмесем де, олар маған қарсы келуге өлердей қорықты. Міне, мен мына бокалды сол ұжымның денсаулығы үшін көтергім келеді! Солар мені қорғап қалмағанда, ендігіде мен темір тордың арғы жағында жатар ма едім?… Муталик осыны айтты да, «болдым» дегендей орнына отыра кетті.

Ал, №632 орта мектептің директоры Сона ханым жымыңдаған күйі әріптестерімен бокал қағыстырып, шарапқа ернін ғана тигізіп, дастарханға қайтадан қоя салды. Достарының бүгінгі көңілсіз әңгімелері оған аса қатты ұнап тұрған жоқ еді. Үстелге шынтағымен сүйеніп, денесін тіктеген күйі екі қолымен бетін басты. Оның бұл қылығын қуаяқ Марат мырза байқап қалып:

– Сона, сенің бізге бірдеңе айтқың келіп тұрған сияқты ғой? – деп отырғандардың бүкіл назарын сонда аудара қойды.

– Құдай ақы, сендердің мына әңгімелерің мені таңғалдырып жатыр! Өз бастарыңа өздерің қиындық туғызардай не көрінді сендерге? Сендермен салыстырғанда, менің шаруам дөңгеленіп, тасым өрге домалап тұр екен ғой! Меніңше, Сіздерде де дәл мендегідей жағдай болуы мүмкін. Тек Сіздер істің көзін таппай жатқан сияқтысыздар. Мәселен, әрбір жаңа оқу жылында менде екі он бірінші сынып болады. Олардың көбісі қосымша сабақ алып, негізгі сабақтарына, яғни мектептегі сабақтарына қатыса бермейді. Мен оқу жылының басында-ақ әр ата-анадан 1000 доллардан жинап аламын. Не үшін? Балаларының болашақта қатыспайтын сабақтары үшін. Егер ол ақшаны бірден тауып бере алмаймыз дейтіндер болса, әр айға бөліп төлеуге жағдай жасаймын. Нағыз керемет табыс көзі емес пе?! Әрине, арасында балалардың сабаққа қатысуын бақылаушылар келіп қалатын кездер болады. Бірақ біз саспаймыз. Одан да құтылатын жолды қарастырып қойғанбыз. Ондай кездері сабаққа қатыспаған оқушыладың орнына оныншы сыныптың балаларын әкеліп, отырғызып қоя саламыз. Мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымен бұл мәселені жақсылап ақылдасып алғанбыз. Тексеріп келгендер кете салысымен, әлгі оныншы сыныптың оқушыларын қайтадан сыныптарына жібере қоямыз. Барлық жерде заң бойынша әрекет ете білу керек. Бақылаушылар да көктен түскен жоқ қой. Он бірінші сыныптың оқушылары сабаққа қатыспайтынынан олар бейхабар деп ойлайсыз ба? Олардың да құлқыны бар дегендей… Бірақ бастысы, маған келген бақылаушылар үнемі риза болып аттанып кетеді.

Жалпы, біздің мектебіміздің Сіздердікінен әжептеуір айырмашылығы бар. Білесіздер ме, біріншіден мектебіміз ең бір көрнекі жерде орналасқан. Әрі көлемі де біраз жерді алып жатыр. Май шелпекке тап болғанымды сезіп, бірден әрекетке көштім. Себебі мен ол әрекетке бармағаныммен, басқа біреу алдымды орап кетер еді. Осыдан біраз жыл бұрын төрт адамды тауып, солардың әрқайсысына бос жатқан жерден төрт сотықтан сатып жібердім. Әрине, өте қымбат ақшаға. Олар да өте ауқатты жандар болатын. Осы жерге көптен бері көз тігіп жүргендіктен, сұраған ақшамды ұстата қойды. Артынша әрқайсысы осы жерге екі-үш қабатты виллаларын салып та үлгерді. Осы күні кабинетімнен сол үйлерге қарап тұрып, көңілім көтеріледі.

Жалпы, қай іске болсын мен мұқият дайындаламын. Құжаттарын да реттеп барып кірісемін. Сол жерлерді сату үшін біраз шенеунікке жолығуға тура келді. Ол жерді сатып алғандар да осал адамдар емес қой. Менің біраз құжатыма көмектері тиіп келеді. Айналамызда әсем виллалар пайда болды. Олардан түскен ақшаға орталықтағы жаңа құрылыстан үш бөлмелі пәтер мен ұлыма қымбат көлік алып бердім. Қазіргі уақытта қаланың әр жерінде екі пәтерім мен екі сауда орталығым бар. Әрине, арасында Сіздер сияқты майда-шүйдемен де айналысатыным бар. Бірақ мен Сіздермен әлгіндей қомақты шаруаларыммен бөлісуді жөн көрдім, – деп біраз насаттанып алды. Алайда, айтарын айтып алып, артынша жанарына үрейлі ұялады. Сөтті де, отырғандарға бір қарап алып,

– Айтпақшы, бұл жерде айтылған әңгіме өз арамызда қалады деп үміттенемін, – деп,  даусын нығырлай аяқтады сөзін.  Содан соң жалма-жан ол қорқынышын жуып-шая, бокалын жоғары көтере:

– Мен бұл тостымды осы ауданның үстінен қарап, бізге барынша жағдай жасап отырған жарылқаушыларымыз үшін  көтергім келеді! Себебі солардың «мырзалығының» арқасында өз басым әлгіндей табысымнан бөлек, биыл мектептің күрделі жөндеуіне бөлінген ақшадан біраз пайда көрдім.

Осы сөзді айтқаны мұң, әлгі отырғандардың бәрі оған «қалайша?» дегендей сұраулы жүзбен жалт қарады. Соған мәз болған Сона қулана жымиып алды да, сөзін одан әрі жалғады:

– Жә, жә, жарайды түсіндім, бұл мақсатқа да қол жеткізу құпияммен  бөлісе кетейін. Сонымен, маусым айында мұғалімдерді жинап алдым да, жазғы демалысқа кетпей тұрып, әрқайсысының өз сыныбының қабырғаларын ақтап, еденін сырлап кетуін тапсырдым. Әрине, өз ақшаларына. Мұғалімдер бұл тапсырмамды мүлтіксіз орындап шықты. Мектеп күрделі жөндеуден өтті ме, өтті. Ендеше, оған бөлінген қаржы қайда кетеді? Әрине, мына менің қалтама. Міне, Сіздер де осылай мақсаттарыңызға жете аласыздар!

Осы сөздерден кейін Сона бокалын түбіне дейін сарқып ішіп қойды.

Сөйтіп еді, мына жақтан манағы мақтаншақ Муталиктің даусы саңқ ете түсті.

– Қымбатты Сона ханым, Сіз бізді олай қатты уайымдамай ақ қойыңыз. Мақсатқа жету жолында біз де Сізден қалыспаймыз. Сондықтан, Сіз бұл жолда жалғыз емессіз – деді. Сөйтті де, жанындағыларға қарап, көзін бір қысып үлгерді.

Араның ұясындай құжынап, бірімен-бірі сөз жарыстырып, «кім ақылды?» дегендей ашыла сайранған ұстаз-сымақтардың арасында №599 орта мектептің директоры Кемран мырза да бар еді. Осы отырыс басталғалы әріптестерін мүлдем жақ ашпай, өзгелерді үнсіз тыңдап отырған тек сол ғана еді. Ондағысы «әулиелігінен» емес, осында отырған барлығының тірлігі өзімен салыстырғанда түкке тұрғысыз екенін білгеннен. Себебі Кемран мырза бүкіл ауданға өзінің заңсыз әрекеттерімен, ойына келгенді істемей тынбайтын ессіз есерлігімен белгілі болатын. Ақшаға құныққаны соншалық, тіпті түйені түгімен жұтуға дейін баратын. Дәл қазір ол бірақ шашын қолымен тарақтап, желкесін уқалаған күйде оң қабағын керіп, өте байсалды қалып таныта қалыпты. Сірә,сонысымен  әріптестерінің алдында өзін тым маңызды да маңғаз етіп көрсеткісі келсе керек. Тамағын жібіту үшін алдындағы шараптан бірнеше рет ұрттап алып, асықпай, маңғаздана орындығынан көтерілді. Әйтсе де, осы тұста ол да көтерілді орнынан.

– Осыдан алты жыл бұрын қазіргі мектебіме басшылыққа сайланғанымды білесіздер. Келе сала мен де мұнда өз заңымды орнатуға кірістім. Соның арқасында қазір барлығы менің қалауым мен заңдарыма бағынады. Біздің мектепте қазіргі таңда 1200 оқушы білім алуда. Мен осы қызметке кіріскен кезде бұл жерде алпыс шақты мұғалім қызмет ететін. Солардың он-он бесі өздерінше менің тәрбиеме көнгісі келмей, қыңырлық танытты. Іштей «Жарайды, кім-кімді жеңетінін уақыт көрсетер. Мен де сендерге көресіні көрсетермін» деп ойладым да қойдым. Сенесіздер ме, бір мектепте 60  мұғалімнің 50-і әйел екен, қалған 10-ы ғана еркектер болатын. Оқу-тәрбие ісі жөніндегі және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларым еркектер екен. Жоғарғы жаққа хабарласып, дереу сол орынбасарларды орнынан алып тастағым келетінін айттым. Олар да келісе кетті. Қуанышым қойныма сыймай, дереу сол шаруаға кірістім. Мұғалімдер кеңесінің екінші отырысында өзіме жағымпазданып жүрген екі әйел мұғалімді босаған орынбасарлық қызметке ұсындым. Әрі олардың біліктілігін көтеруді де қоса ұсындым. Сонымен, әлгі екі ханым сол күннің ертеңіне ақ қызметтеріне кірісетін болды. Ал бұрынғы екі орынбасар менің үстімнен шағымданатындарын айтып, қорқытып кетті. Мен оларға өзімнің басшы ретінде қай қызметке кімді отырғызатынымды өзім шешетінімді ескерттім. Олар да өршелене маған ұят туралы айтып, мылжыңдады. Адамда ұят деген нәрсе болуы керек деді. «Жарайды, мен ақ ұятсыз бола салайын. Ал сендер ұяттарың қысып бара жатса, мұнда мылжыңдап уақыт өткізгенше, сыныптарыңа барып, сабақтарыңа кірісіңдер!» деп кабинетімнен қуып шықтым. Менде мектептегі түрлі үйірмелер мен факультативті сабақтарға бөлінген біраз қаржы сақтаулы тұр еді. Мен енді «Ұстаздар күні» мерекесіне сыйлық алуға деп арнайы ақша жинатуға кірістім. Әрине, ол ақшаны оқушылардың ата-аналары жинап беретіні айдан анық емес пе? Сондықтан мен қызметіме кірісе сала әуелі бұл мектептегі ата-аналардың қызметі туралы ақпарат жинай бастадым. Себебі әр мектепте сабаққа қатыспай, бұзықтық істеп, тәртіпке бағынғысы келмейтін ерке-сылқымдар кездеседі емес пе? Олар сабақ оқып, қиналғысы келмейді. Болашақта ата-анасы кез келген жоғарғы оқу орнына ақшасын төлеп тұрып оқытарына еш күмәнданбайды. Міне, мен сондай балаларды көздедім. Оларға әдейі «екі» деген баға қойғызып, жиналыс ашып, шешуші емтиханды күзде тапсырып тастау керегін ескерттім. Егер сол емтиханнан өтпей қалған жағдайда аттестат ала алмай, келесі жылға қалып қоятындарын айтып қорқыттым.

Келесі күні-ақ әлгі оқушылардың ата-аналары мектепке қарай құстай ұшып жетті. Мен олардың әрқайсысынан 1000 доллардан алып қалдым. Олар үшін мың доллар деген түкке тұрғысыз ақша емес пе? Қолға ақша тиген соң мұғалімдерді шақырып алып, әлгі оқушыларға «екі» емес, «үш» қойып, келесі жылға қалдырмауларын тапсырдым. Ал ата-анасы келіп, менімен жолықпаған бес оқушы бар еді. Оларға аттестат бермей, өздерін келесі жылға алып қалдық. Сол ата-аналардың бірі мектепке келіп, айқай-шу шығарып кетті. «Сендерде ұят деген нәрсе бар ма? Әділдік дегенді ұмытқансыңдар!» деп, ауыздарына келгенді құсып кетті. Мейлі, мен ондай мылжыңдаған әңгімелерді құлағыма да ілмеймін. Қайдағы ұят?! Мен ғана ма екенмін ұяттан безген? Қайда барса, онда барсын! Барлық жерде осындай!

Сонымен мен ары қарай не істеді дейсіздер ғой? Оқушыларды тоғызыншы сыныптан оныншы сыныпқа көшіруде «қатаң заң» орнаттым. Ол заң бойынша, «үштік» бағаға оқитындар үшін оныншы сыныпта орын жоқ деген үкім шығардым. Тоғызыншы сыныпты аяқтағалы тұрған оқушылардың ата-аналарына жиналыс жасап, жаңа заңмен таныстырдым. Әрине, ол байғұстардың қандай күйде болғанын елестетіп отырған шығарсыздар? Менің алдымда құрдай жорғалауларына тура келді.

Бірақ осы жерде айта кететін нәрсе, біздің мектептің оқу үлгерімі керемет деп мақтана алмаймын. Тіпті оқушылардың көбі сауатсыз, білім деңгейі өте төмен еді. Олардың 70 пайызға жуығы мектепке білім алу үшін емес, амалдың жоқтығынан келетін. Ал білім саласында көрсеткіш деңгейінен қалып кетуге тағы да болмайды. Сол үшін көп жағдайда деңгейі өте төмен балаға «үш» деген баға қойып, келесі сыныпқа сүйрелегендей етіп алып барамыз.

Кемран мырзаның осы жүрекжарды әңгімесінің осы тұсына жеткен кезде жанындағы достары қолпаштап:

– Әрине, әрине, онсыз болмайды ғой! – десті.

Кемран мырза бокалға шарабын толтыра құйып алып:

–- Мен осы бокалды біздің кейбір жомарт, өз баласынан ештеңені аямайтын ата-аналарымыз үшін көтергім келеді! Біздің осылай курортта демалып, шетел аралап, мінсіз киініп, керемет дастарқанда бас қосуымыз солардың арқасы емес пе?! Әрі сол ата-аналардың ақылды балаларының денсаулығы үшін де көтергім келеді! Жыл сайын сондай ақылды оқушылар жоғарғы оқу орнына түсіп кету үшін біздің жағдайымызды жасап, құрақ ұшып жүр емес пе? Олардың сол оқуларға түсіп кеткені – бізге де абырой! Біздің мектептің деңгейін тағы бір сатыға көтеруге үлес қосуда! Міне, осындай ақылды адамдар үшін алып қояйық!

Осы сөзден кейін барлығы орындарынан өре түрегеліп, бокалдарын сыңғырлата қағыстырды. Даяшылар да дәл осы сәтті күтіп тұрғандай, түтінге қақталып піскен хош иісті кәуаптарын алып келе қалды.

Осы тұста бокалына толтыра шарап құйған Муталик мырза орнынан тұрып:

– Құрметті әріптестер! Сіздердің денсаулықтарыңыз үшін алып қойғам келеді! Және біз тағы да біраз адамдар үшін бокал қағыстыруды да ұмытпайық. Олар кімдер дейсіздер ме? Біздің барлығымыздың ұжымымызда «көзге көрінбейтін», бірақ заңды түрде штатта бар болып саналатын қызметкерлер бар емес пе? Солай ғой? Мәселен, психолог, балалар бірлестігінің жетекшісі, лаборант дегендер? Оларға тағы да кейбір еден жуушыларды қосыңыз. Міне, осы қызметкерлердің барлығының штаты, аты-жөні бізде тіркелгенімен, ешқашан көзге көрінген де, жұмысына келген де емес. Олардың тағы да қайда, қандай қызмет атқарып жүргенін бір Құдайым білсін. Ең бастысы, сол адамдардың айлық алатын картасы менде сақталады. Осы тұста мен Сіздерге сол қызметкерлердің бірі туралы айта кетейін. Есімі – Нигяр. Ол ханым жұмысқа келмейді. Өзінің жеке бизнесі бар. Байғұстың Түркия, Дубай, Ресей аралап, бизнеспен айналысудан қолы босамайды. Бірақ ол бізде тіркеліп, тұрақты түрде айлығы жүріп тұрады. Яғни, ол айлықтың иесі кім екенін әлгінде айтып кеттім емес пе? Ол ханым барған елдерінен маған сыйлық әкеліп тұруды да ұмытпайды.

№642 орта мектептің директоры Рухсара ханым  Муталик мырзаның әңгімесін мұқият тыңдап отырған. Осы сәтте көзін аудара-төңкере қылымсып, сөзге араласты:

– Құрметті менің әріптестерім! Сіздердің бағанадан бері қозғап отырған әңгімелеріңіздің төркіні маған өте таныс. Себебі Сіздер баяндаған жағдайлар біздің де мектепте айна-қатесіз қайталанып жатқан нәрселер. Бірақ менің қызмет ету тәсілімде кішкене ғана өзгеріс бар екен. Қаласаңыздар, айтып берейін. Менің қарамағымдағы қызметкерлердің ішінде өзіме етене жақын болып есептелетін 6 мұғалімім мен екі еден жуушым бар. Мен олармен өте жақсы қарым-қатынастамын. Бірақ бұл туралы біздің ұжымда ешкім білмейді. Міне, әлгі адамдар арқылы мен ұжымның арасында не болып, не қойып жатқанын тайға таңба басқандай біліп отырамын. Кімдердің мені ұнатып, ұнатпайтынынан да хабардармын. Бұл әдіс менің кадр мәселесін шешуімде ауадай қажет. Мені ұнатпай, маған қарсы әрекет етіп жүрген қызметкерлер туралы құлағдар бола салысымен, олардан құтылудың жолын қарастыра бастаймын. Жақында ғана сондайлардың бірін сылтау тауып, жұмыстан қуып жіберіп, орнына көңіліме жағатын басқа біреуді алдым. Әрине, қомақты сыйақысын қоса алуды да ұмытпадым.

Әр сыныпта болып жатқан жайттардан құлағдар етіп тұратын оқушыларым да бар. Онсыз тағы болмайды ғой. Мен басшы болғандықтан, қызметкерлер ғана емес, оқушылар арасында не болып, не қойып жатқанын біліп тұруым керек емес пе? Сол үшін әр сыныпта осындай тыңшыларым жетерлік. Сол тыңшы оқушылар менің әлгіндегі тыңшы қызметкерлеріммен астыртын, тығыз байланыста. Міне, осылайша мұғалімсымақтар өздері сияқты сатқын шәкірттерді тәрбиелеп, даярлауда.

Рухсара бокалын жоғары көтеріп, әңгімесін жалғады:

– Мен мына бокалды осы жерде отырған барлығымыздың желеп-жебеуші періштеміз Әріп мырзаның денсаулығы үшін көтергім келеді! Барлығымыздың өз бойымызға жетер кемшілігіміз бар. Бірақ Әріп мырза соған қарамастан, ешқайсымызды ренжіткен емес. Тып-тыныш келіп, өз үлесін алып, ым-жымын білдірмей жүре береді. Ол барлығымыз үшін де өте қолайлы, жайлы адам! Сол кісінің денсаулығы үшін!

Директорлар бірауыздан:

— Иә, иә, мына сөздер үшін алып қоймасақ болмайды! Әріп мырза керемет адам! Сондай керемет жанның құрметіне алып қояйық! – десті.

Марат мырзаның көзі бағанадан бері үнсіз отырған Халима ханымға түсіп кетті. Халима ханым мектеп-интернаттың директоры болатын.

– Халима ханым, ендігі сөз кезегі – Өзіңізде! – деді Марат мырза қулана жымиып.

— Иә, бағанадан бері Сіздердің әрбір сөздеріңізді мұқият тыңдап отырдым. Мен басқарып отырған интернатта бар болғаны 200 оқушы бар. Бірақ бұл жағдай менің табысты болуыма еш кедергі келтірмейді. Қалай дерсіздер? Мәселен, мен біздің интернатқа Үкіметтен бөлінген азық-түлік, шаруашылық өнімдерінің 60 пайызын қалаған жеріме сатып жібере аламын. Ал бізге жыл сайын Үкіметтен неше түрлі жиһаз, орындық деген сияқты су жаңа заттар бөлінеді. Мен оған дейін пайдаланған жиһаздарды жарамсыз деп танып, акт толтырамын да, құжат бойынша олардың көзін құртамын. Бірақ ол тек құжат бойынша ғана. Ал былайша оларды лақтырып тастауға мүлдем асықпаймын. Не үшін лақтыруым керек? Олар әлі де бірнеше жылға жарайды емес пе? Міне, сондықтан мен оларды баяғысынша қолдана беремін. Ал жаңа заттарды сатуға қоямын. Ескіден гөрі жаңа зат тез әрі қымбатқа сатылады емес пе?

Сіздер айтқан «тірі өліктер» менде де тіркелген. Сондай жиырма қызметкерім бар. Олардың айлық картасы менде сақталып, ақшалары ай сайын сол жерге түсіп тұрады. Бұл – менің табыс көзімнің әншейін бер жағы ғана. Өздеріңіз білесіздер, «Жетім көрсең, жебей жүр» дейтін ұстаныммен жүретін бай, табысты адамдар жетерлік. Яғни, жетім бар жерде садақа да қатар жүреді емес пе? Сондай ауқатты адамдар әр апта сайын біздің интернетқа қойларын сүйреп әкеліп, құрбандық шалып кетеді. Бір емес, бірнеше кәсіпкер келеді. Ал енді солардың барлығынан қанша келі ет жиналатынын есептеп үлгерген де шығарсыздар? Мен ол етті ойланбастан көршімнің ет дүкеніне өткіземін. Сол еттен түскен ақшаның жетпіс 70 пайызын өзіме алып қаламын. Міне, осылайша мұртымды балта шаппайтын дәрежеде өмір сүріп жатырмын. Алты жыл қатарынан жаңа жылды жанұямызбен бірге шет елдерде қарсы алып келеміз. Біресе Түркия, біресе Дубайда қарсы алғанды ұнатамыз. Ал жазғы демалысты Подмосковьеде немесе Трускавецта өткізіп келеміз.

Міне, бүгін мейрамханада бір үстелде бас қосқан достардың әңгімесінің сарыны осылай болған еді. Және, ең қызығы отырғандар жағалай бір-бірін қолпаштап: «Дұрыс! Жарайсың! Өмірді осылай сүру керек!» деп даурығысып жатты. Осы отырысқа сырттай қарап, бүкіл әңгіменің төркініне қанық адам: «Не деген ұятсыздық! Адамдық қасиетін жоғалтқан тексіздер!» деп жиіркенуі мүмкін ғой?!. Пендені қоя берші, оның барлығын көріп-біліп тұрған бір жоғарғы күшті айтсаңшы?!.

Соны ойлаған Пазыл бір түрлі күй кешті. Себебі әлгіндей қылықты жасау бір бөлек, оны мақтана жыр қылып айтқан адамдардың ортасына неге түстім екен деп өзін іштей кінәлап отыр. Себебі кейде қандай да бір «қылмысты» білуін білгенімен, оған куәгерлік ете алмайтын  жағдайлар болады ғой, мына жағдай тап соның өзі еді. Не біреуге айта алмайды, не оларға «мұның не?» деп айта алмайды. Сондықтан Пазылға қалғаны тек бір нәрсе ғана, ол – терең ойға шому. Әйтсе де сол терең ойдың ішінде ол іштей егесумен отыр еді: «неліктен мынадай адамдар өз нәпсілерін тыя алмайды екен? Әлде ішіп-жеп, өз үлестерін қандай жолмен болса да жымқырып қалу, жемқорлыққа тойымсыздықпен құныға кірісу бұлардың әбден қандарына сіңіп кеткен бе?! Бұлар үшін ешқандай шектеу, шекара деген ұғым қалмағаны ма?. Осындай бассыздықтың, былықтың барлығы анау-мынау емес, мектепте болып жатқаны қалай?! Неге?! Қалай?!» деп жаны шырқыраумен болды. Және ол аздай,  бүгін бірер сағаттың ішінле мына үстел басында естіп- білгендері оның бала кезден бері мектеп туралы қалыптасқан қасиетті ұғымының күл-паршасын шығарды ғой. Пазылға ең ауыр тигені осы болды.

Десе де, естіген-көргенінің барлығын ой сүзгісіне салған Пазыл бәрібір бала кезден өзімен бірге келе жатқан ұғымына, сол бір қасиетті ұғымына соңына дейін адал болып қалуды ұйғарды. Ол  — «бәрібір мектеп – халықтың  болашағы мен мәдениеті, адамгершілігі қалыптасатын киелі орын» деген ұғым болатын. Себебі адамда бір нәрсеге деген сенім болмаса, оның болашағы да бұлыңғыр. Ал Пазыл болашақты, жалпы адамзаттың болашағын осыншалық ластыққа қимайды. «Мұғалімнің бәрі бірдей мыналар секілді қорқау қасқыр, ашкөз хайуан емес, тек бүгін осында жиналғандар ғана ылғи сондай тексіздер» деп ұйғарды ол және соған сенгісі келді де.  Сондай-ақ жігіт ағасы дүниенің бір орнында тұрмайтынын, күні ертең-ақ бұлардың түлкі заманы аяқталып, олардың орнын елінің, халқының ертеңін ойлайтын, нәпсісіне ермейтін ұяты бар адамдар басарына сенді. Сенбеуге хақысы да жоқ еді. Себебі ұят деген нәрсенің біржола өлуі мүмкін емес. Өйткені ол  өлсе, адамдар бір-бірінің ішкі үнін естуден қалады емес пе? Пазылдың есіне сонау бала кездегі Ағамалы ұстаз, оның әдебиеттен сабақ берген Ахмет ұстазынан естіген сөзі түсті. «Ұят дегеніміз – бізді сырттай бақылап тұрған бөтен бір адамның ішкі үні» деп күбірледі содан соң өзіне өзі. Әрине, шарап ішіп, қызара бөртіп қалған әлгі ұстаздардың ешбірі оны естіген де жоқ. Естісе де оларға ол сөз өтпес еді. Тек Пазыл ұят дегеннің не екенін бала кезде санасына құйған ұстазына іштей алғыс айтты. Және мына отырыстың арқасында ол өзінің сол үнді әлі де ести алатынына тағы бір көз жеткізді…

 

 

Фархад Әскеров,

Әзірбайжан Жазушылар Бірлестігінің мүшесі

Аударған: Мәриям ӘБСАТТАР

Осы айдарда

Back to top button
Close
Close